Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны және бұзушылықтарды күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.
Индустриялық аймақтың қатысушысы көрсетілген бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда, индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шарттың және (немесе) жер учаскесін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартының бұзылатыны туралы кемінде он жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
5. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысының Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде жер учаскесін меншігіне сатып алуға құқығы бар.
35-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты тарату
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ осы индустриялық аймақтың құрылу мерзімі өткен соң таратылады.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың жұмыс істеу мерзімі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осындай индустриялық аймақ құру туралы тиісті шешімінде айқындалады.
2. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылғаннан кейін осындай индустриялық аймақ қатысушыларының Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы мен шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін беру үшін көзделген шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және негіздерде жер учаскелерін сатып алуға құқығы болады.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылған кезде республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы жылжымайтын мүлік объектілерін және (немесе) онымен байланысты ғимараттарды (құрылысжайларды) салуды аяқтамаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын үш жылдан аспайтын мерзімге береді.
3. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ таратылған кезден бастап осындай индустриялық аймақтың қатысушыларымен жасалған қызметті жүзеге асыру туралы шарттар өз қолданысын тоқтатады.
Таратылатын индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес таратылуға жатады.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 35-1-баппен толықтырылды
35-1-бап. Ерекше индустриялық аймақ мәртебесінен айыру
1. Ерекше индустриялық аймақ мәртебесінен айыру:
1) жергілікті атқарушы органның;
2) ерекше индустриялық аймақтың меншік иесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы орган ерекше индустриялық аймақ мәртебесінен айыру туралы шешімді:
1) адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жағдайларында;
2) ерекше индустриялық аймақтың меншік иесі ерекше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасында айқындалған міндеттемелерді орындамаған жағдайларда қабылдайды.
3. Ерекше индустриялық аймақ мәртебесінен айырылған жекеше индустриялық аймақ осы Заңға сәйкес жалпы негіздерде қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.
5-тарау. БІРЫҢҒАЙ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫ
36-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығы
1. Бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
2. Бірыңғай үйлестіру орталығының міндеттері арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, ілгерілету және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды тиімді және тұрақты дамыту мақсаттарында бірыңғай үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы.
4. Бірыңғай үйлестіру орталығы өз қызметінде уәкілетті органға есеп береді.
Бірыңғай үйлестіру орталығының басшылығын уәкілетті орган тағайындайды және босатады.
37-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыреті
Бірыңғай үйлестіру орталығының құзыретіне:
1) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларын тіркеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын қаржыландыру және дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қатысушыларымен (акционерлерімен), басқарушы компанияларымен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасасу;
2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
3) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) сенімгерлік басқару;
4) арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
5) тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлікті беру;
6) индустриялық аймақтардың бірыңғай тізілімін жүргізу;
7) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
8) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін мониторингтеу;
9) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының даму стратегиясында қаланған нысаналы индикаторларға қол жеткізуін мониторингтеу;
10) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және ілгерілету бойынша қызметтер көрсету, оның ішінде:
басқару, ішкі бизнес-процестер моделі мен корпоративтік құжаттарды әзірлеу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына ендіру;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту стратегиясын, арнайы экономикалық аймақтар үшін жобаларды іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыруды жоспарлау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қаржыландыру жоспарларын әзірлеу (бюджетті жасау және шоғырландыру) бойынша ұсынымдарды (ұсыныстарды) тұжырымдау;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қызметкерлерін оқыту;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу бойынша нарыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына консультация беру;
нысаналы маркетинг жүргізу;
жобаларға талдау жүргізу;
отандық арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды халықаралық нарықта ілгерілетуді қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының қызметін ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету;
арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға әлеуетті инвесторларды тартуға жәрдем көрсету;
11) уәкілетті органның стратегиялық құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жәрдем көрсету жатады.
6-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ
АЙМАҚТАРДЫ БАСҚАРУ
38-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақты құру туралы қаулысы қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс.
2. Арнайы экономикалық аймақ құрылған жағдайда:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы басқарушы компанияның құрылтайшылары бола алады.
Басқарушы компания Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда басқарушы компания шығарған жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басқарушы компаниялардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) мемлекетке беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган құрылуына мемлекеттік емес заңды тұлға қатысатын арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шартты жасасады.
5. Мұндай басқарушы компания функцияларды тиісінше орындау жөніндегі шарт шеңберінде өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, уәкілетті орган шартты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес бұзуға құқылы.
6. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы құрылтайшысының шешімі бойынша бірнеше арнайы экономикалық аймақта бір басқарушы компанияның жұмыс істеуіне жол беріледі.
7. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақты басқаруды бір мезгілде жүзеге асыра алады.
8. Басқарушы компанияның бірінші құрылтай жиналысы (құрылтай шартына қол қою, жалғыз құрылтайшының шешімін шығару) Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқарушы компанияны құруға мемлекеттің қатысуы туралы шешімі қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізілуге (жүзеге асырылуға) тиіс.
9. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың орналасқан жері бойынша «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тіркеледі.
10. Акционерлер (қатысушылар) басқарушы компанияның директорлар кеңесінің (байқаушы кеңесінің) құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған адамдар қатарынан, лауазымы бойынша директорлар кеңесінің басқарушы компанияны стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі комитетін басқаратын (байқаушы кеңестің төрағасы болып табылатын) тәуелсіз директорды (байқаушы кеңестің мүшесін), сондай-ақ бірыңғай үйлестіру орталығы ұсынған адамдар қатарынан тәуелсіз директорды (байқаушы кеңесінің мүшесін) сайлайды.
11. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясымен шарт жасасады, оның шеңберінде соңғысы өзіне арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау және шешуші көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдайды.
12. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы құрылған немесе айқындалған күнінен бастап екі ай ішінде уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақтың жылдық нысаналы индикаторларды қамтитын, үш жылдық кезеңге арналған даму стратегиясын бекітеді.
Бұл стратегия арнайы экономикалық аймақтың даму динамикасы ескеріле отырып, әрбір үш жыл сайын қайта бекітілуге жатады.
Арнайы экономикалық аймақтың кейіннен тартылған басқарушы компаниялары өз қызметін арнайы экономикалық аймақтың бұрын бекітілген даму стратегиясына сәйкес жүзеге асырады.
39-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функциялары
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларына:
1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
2) арнайы экономикалық аймақтың басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын қатысушыларына және қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға), кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға), уақытша пайдалануға (жалға) немесе уақытша кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беру;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің салынған объектісі мемлекеттік меншікке берілген жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптес болып табылатын арнайы экономикалық аймақ қатысушысының пайдасына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын иеліктен шығару;
3) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасасу және бұзу;
4) арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жыл сайынғы есептері негізінде, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы есептілікті ұсыну;
5) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту;
6) инфрақұрылым объектілерін салу және арнайы экономикалық аймақтардың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
7) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
8) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі үшін қабылдау орындарын ұйымдастыру;
9) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
10) арнайы экономикалық аймақта жаңа өндірістерді құру бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізу;
11) арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізу;
12) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын, өтініш берушілерді, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларын ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының, өтініш берушілердің, арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мемлекеттік органдар, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру;
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) арнайы экономикалық аймақта өнеркәсіптік-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту;
14) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларымен, өтініш берушілермен, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларымен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл жасасу мен жұмыс жүргізу және осы қағидатты іске асыру шеңберінде, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған кезде мемлекеттік органдармен және өзге көрсетілетін қызметтерді алған кезде өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мүдделерін білдіру;
15) коммуналдық, логистикалық және сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу;
17) бизнес-жоспарларды, техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы және өзге де жобалау құжаттамасын әзірлеу бойынша қызметтер көрсету;
18) арнайы экономикалық аймақтың аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру және арнайы экономикалық аймақтың қатысу шыларына осындай көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
19) арнайы экономикалық аймақтың аумағын абаттандыру және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
20) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына консалтингтік және маркетингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
21) арнайы экономикалық аймақтың аумағында тұрғызылатын инфрақұрылым және кәсіпкерлік қызмет объектілері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыру және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функциялар жатады.
40-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын басқару үшін адамдарды іріктеу
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құрған жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы экономикалық аймақты құру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және бірыңғай үйлестіру орталығымен бірлесе отырып өткізген конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша тағайындалады.
2. Конкурстық комиссияның оң шешімі конкурстық іріктеуден өткен адаммен еңбек шартын жасасуға негіз болып табылады.
Конкурстық комиссияның оң шешімі болған жағдайда, Бірыңғай үйлестіру орталығы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде басқарушы компанияның директорлар кеңесінің отырысына конкурстық іріктеуден өткен адамды басқарушы компанияның басшысы лауазымына тағайындау туралы ұсыныс енгізеді.
Басқарушы компанияның директорлар кеңесі (жалғыз қатысушының немесе қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен) конкурстық іріктеуден өткен адаммен еңбек шартын жасасу туралы шешім қабылдайды, онда оның қызметінің шешуші көрсеткіштері қамтылуға тиіс.
3. Қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеу арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының басшысымен еңбек қатынастарын тоқтатуға негіз болып табылады.
4. Басқарушы компанияның бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, уәкілетті орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, мұндай басқарушы компаниямен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
41-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларының құқықтары мен міндеттері
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін, салықтық және өзге де жеңілдіктерді пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда белгіленген тәртіппен басым қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
3) қызметті жүзеге асыру туралы шартта бірыңғай технологиялық процеске кіретін және арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары мен басым қызмет түрлеріне сәйкес келетін қызмет түрлерін айқындауға;
4) басым қызмет түрлерін жүзеге асыру процесінде қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлғаларды тартуға;
5) қосалқы қызмет түрлерін айқындауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
1) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.
42-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеуді:
арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары тұрақты түрде, қызметті жүзеге асыру туралы шартты орындау шеңберінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бастапқы құжаттамасы, сондай-ақ жыл сайынғы есептері негізінде;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары есептілік нысанында ұсынатын ақпарат, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары туралы ақпарат негізінде осы Заңға сәйкес жүргізеді.
43-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру
Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания ұсынатын көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы;
2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) және қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беруден түсетін кірістер;
4) жарғылық капиталды толықтыру ретінде енгізілген қаражат;
5) бюджет қаражаты;
6) басқарушы компанияның қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
Осы баптың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы жарғылық капиталға қатысу үлесінің (акцияларының) жүз пайызы мемлекетке тиесілі арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына қатысты ғана қолданылады.
7-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫ БАСҚАРУ
44-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру
1. Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік индустриялық аймақты құру туралы шешімі қолданысқа енгізілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс. Жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын қоспағанда, индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі - республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы - республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
3) осы Заңға сәйкес жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшылары бола алады.
3. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында индустриялық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкер шілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
4. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басқарушы компаниялардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) мемлекетке беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.