1. Полигон операторы жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоршаған ортаға әсер етуге мониторинг жүргізу туралы есепті ұсынады.
2. Полигон операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды бақылау мен мониторинг нәтижесінде анықталған қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету туралы хабардар етуге, сондай-ақ қабылданатын түзету шараларының сипаты мен мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге тиіс.
3. Бақылауды, мониторингтеуді және (немесе) талдау жүргізуді аккредиттелген зертханалар орындауға тиіс.
4. Сүзінді мен жерүсті суының сынамасы репрезентативті пункттерде іріктелуге тиіс. Сүзіндіні іріктеуді және оның көлемі мен құрамын өлшеуді жүзеге асыру сүзінді түзілетін учаскенің әрбір пунктінде жеке орындалуға тиіс.
5. Газ мониторингі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының әрбір секциясы үшін жүргізіледі.
6. Іріктеу мен талдауды жүзеге асыру жиілігі әсер етуге экологиялық рұқсатқа қоса берілетін мониторинг бағдарламасында негізделеді.
7. Өлшенетін параметрлер және талданатын заттар орналастырылатын қалдықтардың құрамына қарай түзетіледі.
8. Жерасты суынан алынған сынамалар бойынша талданатын параметрлер осы жердегі сүзіндінің күтілетін құрамына және жерасты суының сапасына негізделуге тиіс. Талдамалық есепке алу үшін параметрлерді таңдау процесінде жерасты суы ағынының жылдамдығы мен бағыты айқындалуға тиіс. Параметрлер су сапасындағы өзгерісті ерте анықтауға кепілдік беру үшін индикативтік көрсеткіштерді қамтуы мүмкін.
356-бап. Полигонды (полигонның бір бөлігін) жабу, рекультивациялау және мониторингтеу рәсімдері
1. Қалдықтарды көму жөніндегі полигонды (полигонның бір бөлігін) экологиялық рұқсат алғаннан кейін ғана жабуға жол беріледі.
2. Қалдықтарды көму жөніндегі полигон (полигонның бір бөлігі) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдары жергілікті жерде қорытынды қарап-тексеруді жүргізіп, полигон операторы ұсынған барлық ақпаратты бағалағаннан және оған полигонды (полигон бір бөлігін) жабудың мақұлданғаны туралы хабар бергеннен кейін ғана жабық деп қарастырылуы мүмкін. Бұл ретте полигон операторы экологиялық рұқсат шарттарын орындаудан босатылмайды.
3. Полигон (полигонның бір бөлігі) жабылғаннан кейін полигон операторы аумақты рекультивациялауды жүзеге асырады және 1-сыныпты полигондар үшін - отыз жыл, 2-сыныпты полигондар үшін - жиырма жыл, 3-сыныпты полигондар үшін бес жыл бойы қоқыс газы мен сүзінділердің шығарындыларына мониторинг жүргізеді. Бүлінген жерді рекультивациялау мен кейіннен мониторинг жүргізуге арналған қаражат полигонның тарату қорынан түседі.
4. Полигондарды рекультивациялау полигон бойындағы қалдықтарды тұрақтандыру, полигон орналасқан аймақтың табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, полигон баурайларын эрозияға қарсы қорғау және көгалдандыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Полигондарды рекультивациялауға қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде белгіленеді.
5. Полигон операторы жобаның шарттарына сәйкес полигонды (полигонның бір бөлігін) рекультивациялауды орындағаннан және орындалған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қатысуымен қабылдау комиссиясының актісімен қабылданғаннан кейін полигон операторы қоршаған ортаға мониторинг жүргізуді тоқтатады.
26-тарау. ТАУ-КЕН ӨНДІРУ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ҚАЛДЫҚТАРЫН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
357-бап. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары ұғымы
1. Осы Кодексте тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары деп пайдалы қатты қазбаларды барлау, өндіру, өңдеу және сақтау процесінде түзілетін, оның ішінде аршылған, жанасқан жыныстар, шаң, кенеусіз (кондицияланбаған) кен, карьер және шахта суын механикалық тазалау тұнбасы, байыту қалдықтары мен шламдары түсініледі.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін пайдалы қатты қазбаларды өңдеу - олардан пайдалы құрамдастарды алу мақсатында, оның ішінде көлемін өзгерту (ұсақтау, ұнтақтау), сыныптау (сұрыптау), сепарациялау және сілтісіздендіру, байыту, сондай-ақ бұрын орналастырылған тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қайтадан өңдеу арқылы пайдалы қатты қазбаларға қатысты қолданылатын механикалық, физикалық, биологиялық, термиялық немесе химиялық процестерді немесе олардың үйлесімін қамтиды, бірақ балқытуды, термиялық қайта өңдеу процестерін (әктасты күйдіруден басқа) және металлургиялық процестерді қамтымайды.
2. Энергетикалық өндірістердің қалдықтары (күл мен күлшлактар) осы Кодекстің мақсаттары үшін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары деп танылмайды.
3. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару жөніндегі қатынастарға осы Кодекстің 23 және 24-тарауларының ережелері осы тараудың ережелеріне қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады. Осы Кодекстің 25-тарауының талаптары тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын ұзақ мерзімді немесе тұрақты сақтау объектілеріне қолданылмайды.
4. Осы тараудың талаптары пайдалы қатты қазбаларды барлауды, өндіруді, өңдеуді және сақтауды жүргізу кезінде түзілетін, осындай операциялардың тікелей нәтижесі болып табылмайтын қалдықтарға қолданылмайды.
358-бап. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару осы Кодекстің 329-бабында белгіленген сатылық қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген жобалау құжатында айқындалған және экологиялық рұқсаттың шарттарына сәйкес келетін арнайы белгіленген орындарда жүзеге асырылуға тиіс.
3. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын арнайы белгіленген орындардан тыс жинап қоюға тыйым салынады.
4. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары болып табылмайтын басқа да қалдық түрлерімен араластыруға немесе бірге жинап қоюға, сондай-ақ, егер бұл экологиялық рұқсат шарттарында тікелей көзделмесе, тау-кен өндіру өнеркәсібі қалдықтарының алуан түрлерін араластыруға немесе бірге жинап қоюға тыйым салынады.
5. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің бұрын жинап қойылған қалдықтарын қайта өңдеу нәтижесінде түзілген тау-кен өндіру өнеркәсібі қалдықтарының қауіптілік дәрежесі бастапқы қалдықтардың қауіптілік дәрежесіне қарағанда неғұрлым жоғары болмауға тиіс.
6. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын көму осы Кодекстің ережелері, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары және санитариялық-эпидемиологиялық нормалар ескеріле отырып, бекітілген жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.
359-бап. Қалдықтарды жинап қою объектілерін жобалауға, салуға және пайдалануға қойылатын талаптар
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қалдықтарды жинап қою объектісі деп тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қатты немесе сұйық пішінде не ерітінді немесе суспензия түрінде жинап қоюға немесе он екі айдан асатын мерзімге ұзақ мерзімді сақтау арналған арнайы белгіленген орын түсініледі.
Экологиялық рұқсатта лимиттер белгілеу жəне қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақыны қолдану мақсаттары үшін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою және ұзақ мерзімді сақтау қалдықтарды көмуге теңестіріледі.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісін жобалау, салу (реконструкциялау), пайдалану және басқару кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) қалдықтарды жинап қою объектісін орналастыру орнын таңдау кезінде осы Кодекстің талаптары, сондай-ақ геологиялық, гидрологиялық, гидрогеологиялық, сейсмикалық және геотехникалық шарттар ескеріледі;
2) қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада:
топырақтың, атмосфералық ауаның, ызасудың және (немесе) жерүсті суының ластануын болғызбауды, ластанған су мен сүзіндіні тиімді жинауды қамтамасыз ету;
судан немесе желден туындаған эрозияны азайтуды қамтамасыз ету;
қалдықтарды жинап қою объектісінің физикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету;
3) ландшафтқа залалдың барынша азайтылуын қамтамасыз ету;
4) қалдықтарды жинап қою объектісін жабуға (жоюға) және топырақ қабатын рекультивациялауға арналған шараларды қабылдау;
5) қалдықтарды жинап қою объектісін білікті персоналдың үнемі мониторингтеуі және қарап-тексеруі үшін, сондай-ақ қалдықтарды жинап қою объектісі жұмыс істеуінің тұрақсыздығы немесе судың немесе топырақтың ластануы анықталған жағдайда шаралар қабылдау үшін жоспарлар әзірленуге және жағдай жасалуға тиіс;
6) қалдықтарды жинап қою объектісі жабылғаннан кейін қоршаған ортаны мониторингтеу кезеңіне арналған іс-шаралар көзделуге тиіс.
Осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген мониторингке қатысты мәліметтер мен құжаттар рұқсат беру құжаттамасымен бірге сақталуға тиіс.
3. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоршаған ортаға әсер етуді мониторингтеу туралы жыл сайынғы есепті ұсынады.
4. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қалдықтарды жинап қою объектісінің физикалық немесе химиялық тұрақтылығына ықпал етуі мүмкін кез келген мән-жайлар мен қоршаған орта үшін мониторингтеу процесінде анықталған кез келген елеулі жағымсыз салдарлар туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды қырық сегіз сағат ішінде хабардар етуге, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті түзету шараларын қабылдауға міндетті.
Осы тармақта көзделген міндеттемелер қалдықтарды жинап қою объектісі жабылғаннан кейін мониторингтеу кезеңіне қолданылады.
5. Қалдықтарды жинап қою объектісін салу, жабу және бүлінген жерді оңалту мақсаттары үшін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын ашық немесе жерасты тау-кен қазындыларына салу мынадай:
1) қалдықтарды жинап қою объектісінің физикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету;
2) осы Кодекстің талаптарына сәйкес топырақтың, жерүсті және жерасты суының ластануын болғызбау;
3) осы тараудың талаптарына сәйкес мониторинг жүргізу талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
360-бап. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасы
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы осы Кодекстің 335-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларға сəйкес қалдықтардың түзілуін, қалпына келтірілуін барынша азайту және жою үшін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті.
2. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасы осы Кодекске сәйкес әзірленетін және бекітілетін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі ақпараттық-техникалық анықтамалықтарға сәйкес ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалану қажеттігі ескеріле отырып әзірленеді.
3. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасының мақсаттары:
1) қалдықтардың түзілуін және олардың қауіптілігін болғызбау немесе төмендету;
2) тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қалпына келтіруді бұл экологиялық талаптарға сәйкес келген жағдайларда қайта өңдеу, қайтадан пайдалану арқылы ынталандыру;
3) қысқа және ұзақ мерзімді перспективада қалдықтарды қауіпсіз жоюды, атап айтқанда:
жабылған қалдықтар жинап қою объектісін мониторингтеудің, бақылаудың және оларды басқарудың ең төмен деңгейін немесе оларға қажеттіліктің болмауын болжайтын;
қалдықтарды көмуден ұзақ мерзімді жағымсыз салдарларды болғызбауға немесе төмендетуге бағытталған;
бөгеттер мен жердің бетінен шығып тұратын үйінділердің ұзақ мерзімді геотехникалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін жобалаудың тиісті нұсқасын таңдау арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
4. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасы экологиялық рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады және қалдықтарды жинап қою объектісін пайдалану шарттарында және (немесе) жинап қойылатын қалдықтардың түрінде, сипатында елеулі өзгерістер болған жағдайда әрбір бес жыл сайын қайта қарауға жатады. Өзгерістер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның бекітуіне жатады.
5. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару бағдарламасы сатылық қағидатына сәйкес әзірленеді және түзілетін және (немесе) үшінші тұлғалардан алынатын қалдықтардың көлемі мен құрамы, оларды жинақтау, жинау, тасымалдау, залалсыздандыру, қалпына келтіру және жою тәсілдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ қалдықтардың түзілуін қысқарту, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін ұлғайту бойынша ұсынылатын шаралардың сипаттамасын қамтуға тиіс.
361-бап. Судың жай-күйінің нашарлауын, ауа мен топырақтың ластануын болғызбау
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарымен жұмыс істеген кезде:
1) қалдықтарды жинап қою объектісін пайдалану кезеңінде және ол жабылғаннан кейін сүзінділердің құрамындағы ластағыш заттарды қоса алғанда, сүзінділердің, жинап қойылатын қалдықтардың түзілу әлеуетін бағалау, қалдықтарды жинап қою объектісінің су балансын айқындау;
2) сүзіндінің түзілуін және жерүсті немесе жерасты суының және топырақтың ластануын болғызбау немесе барынша азайту;
3) ластанған су мен сүзіндіні оларды ағызу үшін қажетті деңгейге дейін жинау және тазалау арқылы судың ластануын болғызбау үшін осы Кодексте белгіленген экологиялық талаптарды сақтау міндетті.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы шаң мен газдың шығарылуын болғызбау немесе азайту үшін шаралар қабылдауға міндетті.
3. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын су жайылуы мүмкін ашық немесе жерасты тау-кен қазындыларына қайта орналастырған кезде қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы су мен топырақ жай-күйінің нашарлауын болғызбау немесе барынша азайту жөнінде қажетті шаралар қабылдауға тиіс.
4. Егер жинағыш тоғанда цианид болса, оператор сұйық қалдықтағы цианид концентрациясының ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалана отырып, ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін төмендетілуін қамтамасыз етуге тиіс.
362-бап. Ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинақтау жөніндегі қызметті бастар алдында қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеуге міндетті.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы осындай бағдарламаны енгізу және оның іске асырылуын бақылау мақсатында жауапты қызметкерді тағайындайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ірі экологиялық оқиғаларға ден қоюдың сыртқы жоспарын әзірлейді, онда осындай оқиғалар туындаған жерден тыс қолданылатын іс-шаралар көзделеді. Қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ірі экологиялық оқиғаларға ден қоюдың сыртқы жоспарын әзірлеу үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
4. Ірі экологиялық оқиға басталған кезде қалдықтарды жинап қою объектісінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге және барлық қажетті ақпаратты беруге, сондай-ақ осындай оқиғаның адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зардаптарын барынша азайту және нақты немесе ықтимал экологиялық залал дәрежесін бағалау үшін жәрдем көрсетуге міндетті.
363-бап. Қалдықтарды жинап қою объектісін жабу және жабылғаннан кейінгі кезеңдегі мониторингтеу
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою объектісін немесе оның бір бөлігін жабу кезінде мұндай объектіні жапқаннан кейінгі кезеңде мониторинг жүргізу жөніндегі міндеттемелердің мерзіммен шектелмейтіні ескеріле отырып, осы Кодекстің 356-бабының ережелері қолданылады.
2. Қалдықтарды жинап қою объектісін жабу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру, бүлінген жерді рекультивациялауды және кейіннен мониторингті жүргізу «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
364-бап. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қою объектілерін түгендеу
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қысқа мерзімді немесе орта мерзімді перспективада қоршаған ортаға елеулі жағымсыз салдарлар келтіретін немесе халықтың өміріне және (немесе) денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қатер төндіретін тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары жинап қойылатын жабық (пайдаланудан шығарылған, жойылған) және қараусыз (иесіз) объектілердің тізілімін жүргізуді ұйымдастырады.
2. Тізілім осы Кодекстің 340-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ұсынатын деректер негізінде кезеңділікпен, бірақ жылына бір реттен сиретпей жаңартылуға жатады.
3. Көрсетілген тізілім оны жүргізуге жауапты тұлғаның, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми сайттарында ашық қолжетімділікте орналастырылады.
27-тарау. КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
365-бап. Коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Коммуналдық қалдықтар деп мынадай тұтыну қалдықтары түсініледі:
1) өзгелермен қатар қағаз бен картонды, шыныны, металдарды, пластмассаны, органикалық қалдықтарды, сүректі, тоқыманы, қаптаманы, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтарды, батареялар мен аккумуляторларды қоса алғанда, үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары;
2) егер аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса, осындай қалдықтар.
Коммуналдық қалдықтарға өндіріс, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық аулау, септиктер мен кәріз желілері, сондай-ақ сарқынды судың тұнбасын қоса алғанда, тазарту құрылысжайлары қалдықтары, пайдаланудан шығып қалған көлік құралдары немесе құрылыс қалдықтары кірмейді.
Тұтыну қалдықтарына адамның тыныс-тіршілік әрекеті нәтижесінде түзілген қалдықтар, өзінің тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан өнімдер және (немесе) бұйымдар, олардың қаптамасы және агрегаттық жай-күйіне қарамастан жарамдылық не пайдалану мерзімі біткен, сондай-ақ меншік иесі өз бетінше физикалық түрде құтылған не тұтыну қалдықтарының қатарына құжатпен аударған өзге де заттар немесе олардың қалдықтары жатады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекіту;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру арқылы іске асырады.
3. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) өз құзыреті шегінде коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны бекіту;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту;
3) халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту арқылы іске асырады.
4. Аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастыру және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсыну;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі объектілерді салуға және (немесе) орналастыруға, оның ішінде контейнер алаңдарын және қайталама шикізатты қабылдау пункттерін жайластыру үшін жер учаскелерін бөлу;
4) коммуналдық қалдықтарды жою және көму жөніндегі объектілерді салуды қамтамасыз ету;
5) осы Кодекске, коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеуге бақылауды, сондай-ақ коммуналдық қалдықтардың түзілу көлемдерін төмендетуге, оларды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға дайындау деңгейін арттыруға және көмуге жататын коммуналдық қалдықтардың көлемін қысқартуға бағытталған іс-шаралар мен экономикалық құралдарын әзірлеуді, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асыру;
6) коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын бекіту;
7) халық үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін әдістемеге сәйкес есептелген тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсыну;
8) тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын субъектілер арасында тарифті бөлу тәртібін айқындау;
9) коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды, оның ішінде қалпына келтірілгенге немесе жойылғанға дейін тасымалдау мен жинақтауды көздейтін, оларды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыру;
10) коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін қажетті инфрақұрылымды құруды және оның жұмыс істеуін, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтамасыз ету;
11) коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету;
12) коммуналдық органикалық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компостерлеу арқылы ынталандыру;
13) тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтардың санын сәйкестендіру мақсатында коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру, оның ішінде қайта өңдеу және жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін халықты тіркеу туралы мәліметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету;
14) бөлек жинауды қоса алғанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың, кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің ұтымды жүйесі туралы халыққа хабар беру;
15) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерінің иелері үшін қалдықтарды әкету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру арқылы іске асырады.
5. Ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) комуналдық органикалық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компостерлеу арқылы ынталандыру;
2) коммуналдық қалдықтарды тұрақты әкетуді ұйымдастыру;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
4) коммуналдық қалдықтарды санкциясыз жағуды болғызбау және олардың жолын кесу арқылы іске асырады.
6. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштары (электрондық және электр жабдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті құрамдастар) бөлек жиналуға және арнайы бейімделген кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуге тиіс.
366-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік
1. Инфрақұрылымды жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту мен пайдалану және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, көму, кездейсоқ қоқыстарды жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру (бұдан әрі - тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.