Берiлу жазбасында ипотека куәлiгi жөнiнде құқықтар берiлетiн тұлғаның аты-жөнi (атауы) дәлме-дәл және толық көрсетiлуi тиiс. Ипотека куәлiгіндегі бланкiлiк берiлу жазбасы жарамсыз болып саналады.
Берiлу жазбасына ипотека куәлiгiнде көрсетiлген кепiл ұстаушы, ал егер бұл жазба бастапқы болып табылмаса - алдыңғы жазбада көрсетiлген ипотека куәлiгiнiң иесi қол қоюға тиiс.
2. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтардың басқа тұлғаға берiлуi онымен бiрге негiзгi мiндеттемелер бойынша құқықтардың да осы тұлғаға берiлгенiн бiлдiредi.
Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiне негiзгi мiндеттеме бойынша кепiл ұстаушының құқықтары мен кредитордың құқықтарын қоса, оның мазмұнынан туындайтын барлық құқықтар тиесiлi.
3. Егер осы ипотека куәлiгiне құқықтары ондағы берiлу жазбаларының үздiксiз қатарына негiзделсе, ипотека куәлiгiнiң иесi заңды болып саналады.
Егер ипотека куәлiгiнің берiлу жазбаларын жасаған тұлғалардың қайсыбiрiнiң иелiгiнен қолды болуы немесе осы тұлғаның еркiнен тыс басқа бiр ретпен шығып қалғаны дәлелденiп, бұл туралы ипотека куәлiгiнiң иесi оны сатып алған кезде бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, оның иесi заңсыз болып саналады.
4. Ипотека куәлiгiнiң басқа тұлғаларға кейiннен берiлуiне тыйым салатын ондағы жазбалар жарамсыз деп танылады.
17-бап. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды қалпына келтiру
1. Жоғалтып алған ипотека куәлiгi бойынша құқықтарды сот iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен қалпына келтiредi.
2. Егер жоғалтып алған ипотека куәлiгiнде жасалған барлық берiлу жазбалары түгел анықталса, кепiл ұстаушы үшiншi тұлғаға берген ипотека куәлiгi бойынша құқықтар қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
3. Сот шешiмiнiң негiзiнде кепiл берушi оған «көшiрме» деген белгi соғып, ипотека куәлiгiнiң көшiрмесiн бередi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
18-бап. Ипотека куәлiгiн кепiлге беру
1. Ипотека куәлiгiнiң заңды иесiнiң мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етуде ипотека куәлiгiн кепiлге беру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ипотека куәлiгiн кепiлге берумен қамтамасыз етiлген мiндеттеме орындалмаған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы негiзгi мiндеттеме бойынша құқықтардың осы Заңның 16-бабында көзделген тәртiппен, шарттармен және салдарлармен өзiне берiлуiн талап етуге хақылы. Бұл құқықтарды беруден бас тартылған жағдайда ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мұндай құқықтардың өзiне ауыстырылуын сот тәртібімен талап ете алады.
3. Ипотека куәлiгi бойынша құқықтар өзiне берiлген немесе сотпен ауыстырылған ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы ипотека куәлiгi мен негiзгi мiндеттеменiң шарттарына сәйкес ипотеканың мәнiнен айыпақы өндірiп алуға хақылы.
Ипотеканы өткізу нәтижесiнде алынған сома ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысының борышын өтеуге, қалған сомасы жылжымайтын мүлiктi кепiлге берген тұлғаға осы Заңның 36-бабының талаптары ескерiлiп берiледi.
4. Ипотека куәлiгiнiң кепiл ұстаушысы мен ипотека куәлiгiн кепiлге берушiнiң келісімiмен ипотека куәлiгiнде ипотека куәлiгiнiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасын түскен ақшадан ұстап қалу үшiн ипотека куәлiгiн белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн сатуға кепiл ұстаушыға құқық беретiн арнайы кепiлдiк берiлу жазбасы жасалуы мүмкiн.
19-бап. Ипотека куәлiгiнiң күшiн тоқтату
1. Ипотека куәлiгiнiң күшi:
1) одан туындайтын құқықтар жүзеге асырылған ретте;
2) ол кепiл берушiге ерiктi берiлген ретте;
3) егер одан туындайтын талаптар негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорларға негiзгi мiндеттеменi орындау мерзiмi басталғаннан кейiн бiр ай өткенге дейiн қойылмаса;
4) ипотеканың мәнi жоғалған жағдайда тоқтатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 3 және 4-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша ипотека куәлiгiнiң күшi тоқтатылған жағдайда ипотека куәлiгi иесiнiң негiзгi мiндеттеменi орындау құқықтары сақталады.
4-тарау. Ипотеканы өткізу
20-бап. Ипотеканы өткізу жолдары
Борышқор негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы өз талаптарын:
1) ипотеканы сот тәртібімен өткізу;
2) егер бұл заң актілерінде немесе ипотека шартында не тараптардың кейiнгi келісімiнде көзделген болса, ипотеканы соттан тыс тәртiппен өткізу;
3) осы Заңның 32-бабына сәйкес сауда-саттық өткiзiлген жоқ деп жарияланған жағдайда кепiлге берiлген мүлiктi өз меншiгiне көшiру арқылы қанағаттандыруға хақылы.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
21-бап. Ипотеканы сот тәртібімен өткізу
1. Ипотеканы сот тәртібімен өткізу кепiл ұстаушының қуынымы бойынша сот шешiмiне сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiктi сату iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен ашық сауда-саттықта сату арқылы жүргiзiледi.
2. Егер борышқор жол берген негiзгi мiндеттеменi бұзушылық аса мардымсыз болса және осының салдарынан кепiл ұстаушының қойған талаптарының мөлшерi кепiлге берiлген мүлiктiң құнына анық сәйкес келмесе, ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген мүлiктен айыпақы өндiрiп алуға рұқсат берiлмеуi мүмкiн.
3. Ипотека шарты бойынша кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндiрiп алу туралы шешiм қабылдаған кезде сот мыналарды анықтап, шешiмiнде көрсетуге тиiс;
1) оны сату аяқталғаннан кейiн айқындалатын жылжымайтын мүлiктi сақтау және өткізу жөніндегі шығыстар сомасын қоспағанда, кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан кепiл ұстаушыға төленуi тиiс барлық сомаларды; проценттiк ара қатынаста есептелетiн сомалар үшiн сыйақы есептелетiн сома, сыйақының мөлшерi және ол есептелуге тиiс кезең;
2) құнынан кепiл ұстаушының талаптары қанағаттандырылатын, ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымалы мүлiк;
3) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктi өткізу кезiнде бастапқы сату бағасы;
4) егер олар қажет болатын болса, жылжымалы мүлiктi өткiзiлгенге дейiн сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;
4. Кепiл ұстаушының өтiнiшi бойынша дәлелдi себептерi болса, сот кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктен айыпақы өндірiп алу туралы шешiмде оның iске асырылуын, егер:
1) ипотека шарты бойынша ол қандай жылжымайтын мүлiктi кепiлге бергенiне қарамастан, кепiл осы азаматтың кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруымен байланысты болмаған жағдайда, кепiл берушi азамат болып табылса;
2) ипотеканың мәнi ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердiң құрамындағы жер учаскесi болып табылса бiр жыл мерзiмге дейiн кейiнге қалдыруға хақылы.
Кепiлге берiлген жылжымалы мүлiктi өткізудi кейiнге қалдыру тараптардың негiзгi мiндеттеме жөніндегі құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды және борышқорды кредитордың кейiнге қалдырылған мерзiмде ұлғайған шығындарын, оған тиесiлi сыйақы мен айыпты өтеуден босатпайды.
Егер кепiл берушi өзiне берiлген кейiнге қалдыру мерзiмiнiң шегiнде кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандырған болса, сот кепiл берушiнiң мәлімдеуі бойынша бұл шешiмдi өзгертедi.
5. Ипотеканы өткізудi кейiнге қалдыруға мынадай жағдайларда:
1) егер ол кепiл ұстаушының қаржы жағдайын елеулi түрде нашарлатуға әкелуi мүмкiн болса;
2) егер кепiл берушiге немесе кепiл ұстаушыға қатысты оны банкрот деп тану туралы iс қозғалса, жол берiлмейдi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Ипотеканы өткізудi тоқтату
Үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын борышкер және (немесе) кепiл берушi кепiл нысанасын сату өткiзiлгенге дейiн кез келген уақытта кепіл ұстаушының талаптарын, оларды ипотекалық шарт талаптарына сәйкес қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде орындап, оған қатысты өндіріп алуды және оның өткiзiлуiн тоқтатуға құқылы. Осы құқықты шектейтiн келісім жарамсыз болады.
Екінші және үшінші бөліктердің қолданысы кепілге қойылған жылжымайтын мүлік сот тәртібінен тыс өткізілген ипотекалық шарттарды қоспағанда, бұрын жасалған ипотекалық шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
Егер сот тәртібінен тыс сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру бірінші рет жарияланған күнге дейін борышкер - жеке тұлға және (немесе) үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын кепiл берушi кепіл нысанасын сатып алу бағасы кепіл ұстаушының талаптарын іс жүзінде қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде кепіл ұстаушының талаптарын жабатын сатып алушының кепіл ұстаушыға кандидатурасын ұсынса, осы тұлғаның артықшылықпен сатып алу құқығы болады. Бұл жағдайда кепіл ұстаушы кепіл нысанасын сатудан бас тартпауға тиіс.
Кепіл нысанасын артықшылықпен сатып алу құқығы бар адам кепіл ұстаушыға өзінің кандидатурасы сатып алушы ретінде ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өзі ұсынған сатып алу бағасын төлемеген кезде, кепіл ұстаушы осы Заңда белгіленген тәртіппен соттан тыс сауда-саттық өткізеді.
23-бап. Ипотеканы өткізуге байланысты шығыстарды өтеу
Ипотеканы өткізуге байланысты кепiл ұстаушының тартқан шығыстары оған кепiлге берiлген мүлiктiң құнынан өтеледi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткізу рәсiмi
1. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткізу рәсiмi сенiм бiлдiрілген адам ұйымдастыратын кепiлге қойылған мүлiкке сауда-саттық өткізу арқылы жүргiзiледi.
2. Сенім бiлдiрiлген адамды тараптар ипотека шартында айқындайды. Егер сенiм бiлдiрілген адам ипотека шартында айқындалмаса, оны кепiл ұстаушы тағайындайды.
3. Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға:
1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа адамның немесе органның келісімi талап етілген және осындай келісім алынбаған;
2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
3) ортақ меншiктегi және оның меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келісім бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
Төртінші және бесінші тармақшаларының қолданысы кепілге қойылған жылжымайтын мүлік сот тәртібінен тыс өткізілген ипотекалық шарттарды қоспағанда, бұрын жасалған ипотекалық шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
4) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл ұстаушының ипотекалық шарт тіркелген жердегі орган тіркеген және осы Заңның 26-бабының 7-1) тармақшасында белгіленген мерзімде берілген кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өткізуді соттан тыс тәртіппен жүргізуден жазбаша түрде бас тартуы болған;
5) жеке тұлға микроқаржы ұйымымен (кредиттік серіктестікпен) жасасқан микрокредит (кредит) беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын тұрғын үй және (немесе) тұрғын үй орналасқан жер учаскесі ипотеканың нысанасы болып табылған жағдайларда жол берiлмейдi.
Аталған жағдайларда кепiлге қойылған мүлiкті өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 25-бап өзгертілді
25-бап. Соттан тыс сауда-саттық жүргiзуге қойылатын талаптар
1. Сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн мынадай рәсiмдер орындалуға тиiс:
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) сенiм бiлдiрген тұлға негiзгi мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарлама жасап, оны ипотека тіркелген органда тiркейдi және оны кепiл берушiге тапсырады. Хабарламаны тiкелей беру мүмкiн болмаған жағдайда, ол кепiл берушiге оның ипотека шартында көрсетiлген мекен-жайы бойынша тапсырыстық хатпен жiберiледi;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны және жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл беруші ипотека тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша бас тартуды бермегені туралы хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде, бiрақ аталған хабарлама кепiл берушiге осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес тапсырылған немесе жiберiлген кезден бастап күнтізбелік отыз күннен ерте болмағанда, сенiм бiлдiрген тұлға кепiлге берiлген мүлiкке сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама жасап, оны ипотека тіркелген органда тiркейдi, кепiл берушiге, сондай-ақ кепiл ұстаушыға тапсырады немесе кепіл шартында көрсетілген мекенжай бойынша тапсырыс хатпен жібереді және осы Заңның 28-бабына сәйкес сауда-саттық туралы ресми хабарландыру жариялайды;
3) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәттен бастап сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiкке қатысты барлық мәмiлелерге тыйым салынады, ал егер мәмiлелер жасалған болса, олар жарамсыз деп танылады;
4) сауда-саттық туралы құлақтандыру алғаш рет жарияланған сәт пен оның өткiзiлу сәтiне дейiн кемiнде он күн өтуге тиiс.
2. Негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама алғаннан кейiн кепiл берушi ипотеканы өткізуге негiздердiң жоқтығы жөнiнде қуыныммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Кепiл берушi сол сияқты осы Заңның 21-бабының 4-тармағында көзделген шарттарға орай ипотеканы өткізудi кейiнге қалдыру туралы шағыммен сотқа жүгiнуге хақылы.
Қуыныммен (арызбен) сотқа жүгiну осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген мерзiмнiң өтуiн тоқтата тұрады.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 26-бап өзгертілді
26-бап. Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарламаның мазмұны
Мiндеттемелердiң орындалмағаны туралы хабарламада мынадай деректер болуға тиiс:
1) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) орындалмаған мiндеттемелердiң қысқаша баяны;
4) негiзгi мiндеттеменiң қорытылған жиынтығы;
5) кепiлге берiлген жылжымайтын мүлiктiң жорамалды сатылуына дейiн кепiл берушi төлеуге тиiс барлық өзге де алымдар, шығындар және шығыстардың қорытылған жиынтығы;
6) барлық берешектердiң хабарлама алынған сәттен бастап отыз күн iшiнде толық өтелуi туралы ұсыныс;
7) ипотеканың мәнi болып табылатын жылжымайтын мүлiкке сауда-саттық өткізудiң мүмкiндiгi туралы ескерту;
7-1) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл берушінің ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша түрде бас тартқаны туралы хабарламаны тапсырған немесе тапсырыс хатпен жіберген кезден бастап күнтізбелік жиырма бес күн ішінде беру құқығы туралы талап;
8) сенiм бiлдiрген тұлғаның аты-жөнi (атауы), тұрағы (мекен-жайы).
27-бап. Сауда-саттық өткізу туралы хабарламаның мазмұны
Сауда-саттық өткізу туралы хабарламада мынадай деректер болуға тиiс:
1) кепiл берушiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
2) кепiл ұстаушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
3) орындалмаған мiндеттемелердiң қысқаша баяны және ипотеканы өткізу есебiнен қанағаттандырылуға тиiс кепiл берушiнiң кепiл ұстаушының алдындағы барлық берешектерiнiң жалпы сомасы;
4) ипотеканың мәнi болып табылатын және сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүліктің атауы, сыны мен сипаттамасы;
5) сауда-саттықты өткізудiң уақыты мен орны;
6) сенiм бiлдiрген тұлғаның аты-жөнi (атауы), тұрағы (мекен-жайы) және телефон нөмiрi.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 28-бап өзгертілді
28-бап. Сауда-саттық туралы құлақтандыру және оны жариялау
1. Сенім бiлдiрілген адам сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он күн бұрын жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының аумағында таратылатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде сауда-саттық туралы хабарландыру жариялайды.
2. Сауда-саттық туралы құлақтандыруда мынадай деректер болуға тиiс;
1) сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiктiң атауы, сыны мен сипаттамасы;
2) жылжымайтын мүлiктiң дәл орны;
3) егер ол сауда-саттық шарттарында көзделген болса, сауда-саттыққа қатысушының кепiлдi жарнасының сомасы;
4) сатып алу бағасын төлеудiң тәртібі мен мерзiмi;
5) сауда-саттықты өткізу уақыты мен орны;
6) сауда-саттықты өткiзетiн сенiм бiлдiрiлген тұлғаның аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы), анықтамалар мен төлем деректемелерi үшiн берiлетiн оның телефон нөмiрi.
Егер бұл мүмкiн болса және оған ешқандай кедергi болмаса, сауда-саттыққа шығарылатын жылжымайтын мүлiктiң нақ өзiнiң көрнектi тұсына сауда-саттық туралы құлақтандырудың бiр данасы оны өткізуден кемiнде он күн бұрын iлiнiп қойылады.
29-бап. Сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу
1. Сауда-саттықты сенiм бiлдiрiлген тұлға ұйымдастырып, өткiзедi.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгетрілді (бұр.ред.қара)
2. Сауда-саттық елдi мекенде (қалада, ауданда, поселкеде, ауылда) мүлiк орналасқан жерде өткiзiледi.
3. Сауда-саттық аптаның кез келген күнi 9-дан 18 сағатқа дейiнгi уақытқа тағайындалады.
30-бап. Сауда-саттыққа қатысушылар
Сауда-саттыққа кепiл берушi мен кепiл ұсынушыны қоса, кез келген заңы тұлғалар мен азаматтардың қатысуға хақы бар.
Сенім бiлдiрiлген тұлға сауда-саттыққа қатыспайды.
31-бап. Кепiлдiк жарна және сатып алу бағасын төлеу
1. Сауда-саттық басталар алдында сенiм бiлдiрген тұлға әрбiр сауда-саттыққа қатысушыдан кепiлдiк жарнасын енгiзудi немесе жорамал сатып алу құнын оның төлеуге қабiлеттi екенiн растайтын өзге де дәлелдердi талап етуге хақылы. Сауда-саттық аяқталар алдында сенiм бiлдiрген тұлға ақырғы бағаны ұсынған сауда-саттыққа қатысушыдан осы соманы толық көлемде қолма-қол ақшамен, банк чегi түрiнде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де есеп айырысу жолдарымен дереу енгiзудi не сауда-саттық аяқталғаннан кейiн сауда-саттық туралы құлақтандыруда көрсетілген жолдармен және мерзімде аталған бағаны оның төлеуге қабiлеттiлiгiнің дәлелдерiн талап етуге хақылы.
2. Сатып алушы дереу төлем жасаудан бас тартқан не оның сауда-саттық туралы құлақтандыруда көзделген мерзiмде төлем жасау мүмкiндiгiне дәлелдi болмаса, ол сауда-саттыққа қатысушылар құрамынан шығарылады да, сауда-саттық жалғастырылады деп саналады. Оны жалғастыру мүмкiндiгi болмаған, сондай-ақ сауда-саттықта сатып алған мүлiкке сатып алушы төлем жасамаған жағдайда, осы Заңда белгiленген тәртiппен өткiзiлетiн жаңа сауда-саттық тағайындалады.
3. Сауда-саттыққа қатысушы кепiл ұстаушы кепiлдiк жарнасын енгiзуден, сондай-ақ сауда-саттықты ұтқан жағдайда - негiзгi мiндеттеме сомасы шегiнде сатып алу бағасын төлеуден босатылады.
4. Қатысушылардың кепiлдiк жарналары сауда-саттық аяқталғаннан кейiн қайтарылуға тиiс. Сауда-саттықты ұтқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу бағасының есебiне жатқызылады.
Сауда-саттықты ұтқан, бiрақ сатып алу бағасын төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы сенiм бiлдiрген тұлғаның қарамағында қалады және ол бұны осы Заңның 28-бабында белгiлеген тәртiппен пайдаланады.
08.11.00 ж. № 96-II; 03.03.03 ж. № 427-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялау
1. Сенім бiлдiрiлген тұлға, егер:
1) сауда-саттыққа бiр ғана сатып алушы келсе;
2) сауда-саттықта ұтқан тұлға сатып алу бағасын белгiленген мерзiмде енгiзбесе, сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдаяттардың бiрi орын алса, келесi күнi сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялануға тиiс.
3. Бiр ғана сатып алушы қатысқандықтан, сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған кезде кепiл ұстаушы мүлікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қорытындысы негiзiнде сот шешiмiмен немесе сенiм бiлдiрген тұлғамен белгiленген ағымдық бағалау құны бойынша кепiлге берiлген мүлiктi өз меншiгiне айналдыруға немесе жаңа сауда-саттық тағайындауды талап етуге хақылы.
Осы баптың 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген негiздер бойынша сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланғаннан кейiн он күн iшiнде кепiл ұстаушы кепiлге берiлген жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын жасасу арқылы сатып алуға хақылы.
Бұл ретте ипотека шарты тоқтатылады.
Мұндай келісімге сатып алу-сату туралы ережелер қолданылады, бұл ретте ипотека шарты тоқтатылады.
4. Жаңа саудаласу туралы құлақтандыру осы Заңның 28-бабына сәйкес жарияланады.
33-бап. Сотқа жүгiну құқығы
Кепiл берушi, сондай-ақ егер ол кепiл берушi болып табылмаса, негiзгi мiндеттеме бойынша борышқор сауда-саттық өткізудiң рәсiмi бұзылған жағдайда жылжымайтын мүлiк орналасқан жердегi сотта оның нәтижелерiн 3 ай iшiнде даулауға хақылы.
Қуыным жасау арызын беру сауда-саттық нәтижесiнен туындайтын iс-әрекеттiң жасалуын тоқтатпайды.
34-бап. Жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға беру
Сауда-саттық аяқталып, сатып алушы ақырғы және өзiнен талап етiлген басқа да барлық төлемдердi енгiзгеннен кейiн сенiм бiлдiрiлген тұлға оған сауда-саттықта жылжымайтын мүлiктi сатып алғаны туралы құжатты тапсырады, онда мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) сауда-саттықты өткізудiң негiзi;
2) оны өткізудiң орны мен уақыты;
3) сауда-саттықта сатып алынған мүлiктiң атауы, сыны мен сипаттамасы, оның орналасқан жерi;
4) кепiл берушi - мүлiктiң бұрынғы иесiнiң аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
5) сатып алушының аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы);
6) сатып алушы төлеген сатып алу бағасы;
7) сауда-саттықты өткiзген сенiм бiлдiрiлген тұлғаның аты-жөнi (атауы) және тұрағы (мекен-жайы).
Сауда-саттықта жылжымайтын мүлiктiң сатып алынғаны туралы құжат сенiм бiлдiрiлген тұлғаның қойылған қолымен бекітіледi.
Егер сенiм бiлдiрiлген тұлға заңды тұлға болып табылса, оның өкiлiнiң қойған қолы осы заңды тұлғаның мөрiмен расталады; егер сенiм бiлдiрiлген тұлға жеке тұлға болса, оның қойған қолы нотариалдық тәртiппен расталады.
35-бап. Кепiл берушiнiң жылжымайтын мүлiктi беруден бас тартуы
Кепiл берушi сатып алушыға ол сауда-саттықта сатып алған жылжымайтын мүлiктi беруден, тұрғын үй-жайды босатқысы келмегенiн қоса, бас тартқан жағдайда, сатып алушы мүлiк орналасқан жердегi сотқа жүгiнуге хақылы.
Бұл ретте туындаған барлық сот шығыстарын кепiл берушi ипотеканы өткізуден алған қаражатының есебiнен өтейдi.
36-бап. Сауда-саттықтан түскен түсiмдi бөлу
Сенім бiлдiрiлген тұлға сауда-саттықтан түскен түсiмдi мынадай басымдық ретiмен:
1) сауда-саттықты өткізудiң шығындары мен шығыстарын өтеуге;
2) ипотекамен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме үшiн төлем жасауға;
3) қайталама кепiл және аударым кепiлiмен қамтамасыз етiлген, мерзiмi өткен мiндеттемелердi, сондай-ақ заң актілерінде белгiленген кезек ретiмен басқа да жылжымайтын мүлiк ауыртпалықтарын төлеуге;
4) кепiл берушiге қалған соманы қайтаруға арнап бөледi.
5-тарау. Ипотеканы тоқтату
ҚР 03.03.03 ж. № 427-II Заңымен 37-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
37-бап. Ипотеканы тоқтатудың негiздерi
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, ипотека Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 322-бабында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады. Жылжымайтын мүлік ипотекасын негізгі міндеттемені орындауға, ипотека мәніне айыпақы өндіріп алуға және өзге де негіздерге байланысты тоқтатуды мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Ипотекалық шартты жасасу кезiне қарай негiзгi мiндеттеменi толық қамтамасыз ететiн кепiлге берiлген мүлiк негiзгi мiндеттеменiң сомаларынан төмен бағамен соттан тыс тәртiппен сатылған кезде, сондай-ақ осындай мүлiк кепiл ұстаушының меншiгiне көшкен кезде, ипотеканың тоқтатылуымен бiр мезгiлде негiзгi мiндеттеме де тоқтатылады.
38-бап. Осы Заңның күшi
Осы Заң 1996 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi