77. Білім алушылардың әр пәннен оқу жетістіктерінің деңгейі емтиханға жіберу рейтингісінің бағасынан, емтихан бағасынан құралатын қорытынды бағамен айқындалады, олардың сомасы қорытынды бақылау бағасын қалыптастырады. Емтиханға жіберу рейтингісінің бағасы үлгерімді ағымдағы бақылау бағасы мен межелік бақылау бағасынан құралады. Емтиханға жіберу рейтингісінің бағасы пәннен қорытынды білім бағасының 60 %-ын құрайды.
78. Үлгерімді ағымдағы бақылау нәтижелерін есепке алуды оқытушы студенттердің жеке сабақ түрлерін орындау мен тапсыру шамасына қарай силлабусқа сәйкес жүргізеді. Тапсырмаларды орындау студенттердің сабаққа қатысу және үлгерім журналында, сондай-ақ ақпараттық жүйедегі білім алушылардың білімін ағымдағы бақылаудың электрондық тізбесінде тіркеледі.
79. Кешкі және сырттай оқыту нысандарының студенттері емтиханға жіберу рейтингін барлық тиісті тапсырмаларды орындау шартымен белгіленген кесте бойынша емтихан сессиясы басталғанға дейін жинайды.
80. Экстернат нысанында білім алушылар ЖОО құрылымдық бөлімшесінің басшысы бекіткен жеке кесте бойынша емтиханға жіберу рейтингін жинайды.
81. Қорытынды бақылау аралық аттестаттау кезеңінде жүргізіледі. Қорытынды бақылауды бағалау пән бойынша білімді қорытынды бағалаудың 40 %-ын құрайды.
Қорытынды бағалау білім алушы жіберу рейтингісімен қорытынды бақылаудан оң баға алған жағдайда ғана есептеледі.
82. Білім алушы жіберу рейтингісінің қорытынды бақылау бағаларына апелляция жасауға құқығы беріледі. Осы мақсатта университет ректорының бұйрығымен біліктілігі апелляцияланушы пән бейініне сәйкес келетін оқытушылар құрамынан апелляциялық комиссия құрылады.
83. Кәсіптік практика қорытындылары бойынша студенттер тиісті кафедраға есеп тапсырады, оны жетекші мен кеңесші тексереді және кафедра меңгерушісі өкімімен құрылған комиссия алдында қорғайды. Есепті қорғау нәтижелері бағалаудың белгіленген балдық-рейтингілік әріптік жүйесі сараланған сынақпен бағаланады.
Практика бойынша бір жетекшіні тағайындау кезінде (әдетте оқу, оқу-таныстыру, далалық және т.б.) баға көрсетілген білімге сәйкес ұсынылған есепті қорғау қорытындылары бойынша қойылады.
Практика бойынша екі жетекшіні тағайындау кезінде (әдетте оқу, оқу-таныстыру, далалық және т.б.) практика базасынан жетекшісінің үлес салмағы қорытынды бағалауда 40 %-ды құрайтын бағасы мен ЖОО барған жетекшінің қорытынды бағалауда 60 %-ды құрайтын бағасы ескеріле отырып қорытынды баға қойылады.
84. Практикадан өтпеген, практика бағдарламаларын орындамаған, жұмысы туралы теріс пікір алған немесе есепті қорғау кезінде қанағаттанарлықсыз баға алған студенттер теориялық оқытумен қатар келесі академиялық мерзімде немесе жазғы семестр кезеңінде практикаға қайта жіберіледі.
85. Оқу жоспары мен бағдарламалардың барлық талаптарын толық орындаған білім алушылар қорытынды мемлекеттік аттестаттауға жіберіледі.
Білім алушыларды қорытынды аттестаттау - олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім.
Қорытынды аттестаттау тиісті мамандықты игеру процесінде білім алушылардың алған білімдерін, шеберліктерін, дағдылары мен біліктілігін тексеруге бағытталған.
Қорытынды аттестаттау білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына көзделген нысанда жүргізіледі жалпы мамандық бойынша тұтастай немесе жекелеген базалық және/немесе бейіндік пәндер бойынша жалпы мемлекеттік емтихан тапсыру және дипломдық жоба (жұмыс) қорғау.
86. Білім алушыларды қорытынды аттестаттауда баға мемлекеттік аттестаттау комиссиясының барлық мүшелерінің пікірін және балдық-рейтингілік әріптік жүйе бойынша игерілген білімді ескере отырып қойылады.
87. Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау бағасы ғылыми жетекші пікірін, рецензент пікірін және қорғау нәтижелерін ескере отырып, қойылады.
Қорытынды аттестаттаудың әрбір нысаны бойынша балдық-рейтингілік әріптік жүйе бойынша жеке баға қойылады.
88. Қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша білім алушыға тиісті академиялық бакалавр дәрежесі тағайындалады және жоғары білім туралы диплом беріледі.
89. Студенттің бір жылғы академиялық үлгерім деңгейі кредиттер мен пән бойынша қорытынды баға туындылары сомасының оқытудың ағымдағы кезеңі ішіндегі кредиттер сомасына қатынасы ретінде есептелетін орташа балл (GPA) түрінде айқындалады.
90. Жазғы емтихан сессиясын өткізгеннен кейін факультет деканаттары кейіннен мәліметтерді офис тіркеушіге жібере отырып топтар, сондай-ақ мамандықтар мен оқыту курстары бойынша орташа академиялық рейтинг (немесе GPA деңгейі) бойынша студенттер мен оқу топтарын ранжирлеуді жүргізеді.
91. Офис тіркеушісі факультеттер ұсынған академиялық рейтинг туралы деректерді, оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелерін қорытындылай отырып, факультеттерді ранжирлеуді жүргізеді, ЖОО бойынша үздік студенттер мен үздік академиялық топтарды айқындайды және осы ақпаратты ЖОО-ның веб-сайтына орналастырады.
ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі
92. Ғылыми-зерттеу қызметі білім мен ғылымның ықпалдасуын қамтамасыз етуге, осы негізде ғылыми-білім беру процесін,бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті ұлттық инновациялық жүйенің нәтижелілігі мен тиімділігінің маңызды элементі ретінде дамытуға бағытталған.
Іргелі, ізденгіштік, қолданбалы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен инновациялық қызметтер (бұдан әрі - ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ)) ЖОО-ның құрылымдық бөлімшелерінде жүзеге асырылады.
Профессорлық-оқытушылық құрам жеке жұмыс жоспарына сәйкес негізгі жұмыс уақытында өз қызметінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде ғылыми-зерттеу жұмысын орындайды.
93. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу жұмысы:
1) іргелі, ізденгіштік, қолданбалы ғылыми-зерттеушілік, тәжірибелік-құрастырушылық жұмыстарды және инновациялық қызмет жүргізуді;
2) ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушылардың ғылыми зерттеулері мен шығармашылық қызметі арқылы жаңа білімдерді алуды;
3) жоғары білімді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеуді және әзірлеуді;
4) ЖОО оқу процесіне оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеу мен енгізуді;
5) ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесіне және өндіріске енгізуді;
6) өз ғылыми мектептерін қалыптастыруды және дамытуды, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына белсенді тартуды;
7) әзірлемелерді коммерциялау және ғылымды көп қажет ететін және бәсекеге қабілетті техника мен технологиялар трансферті;
8) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;
9) тартылған қаражат пен инновациялық қызметті пайдалану есебінен зерттеулер мен әзірлемелердің қаржылық негізін кеңейтуді;
10) білім алушылардың ҒЗЖ-сын ұйымдастыруды және жетекшілік етуді қамтиды.
94. ЖОО-ның ғылыми қызметі мамандар даярлау процесінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу және ғылыми процестер бірлігі:
студенттерді республикалық бюджет, басқа бюджеттер, бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен орындалатын ғылыми-зерттеу және жобалық-құрастырушылық жұмыстарға қатысуға тарту;
ғылыми және ғылыми-өндірістік бөлімшелер базасында белсенді оқу жұмысының, дипломдық және курстық жобалаудың, оқу және өндірістік практиканың, студенттерді мақсатты даярлаудың және мамандар даярлаудың басқа да әралуан нысандарын жүргізу;
оқу және ғылыми процестерді компьютерлендіру, біртұтас ақпараттық ортаны қалыптастыру және студенттердің информатиканың заманауи әдістері мен құралдарын игеруі есебінен қамтамасыз етіледі.
95. Ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіруді ғылыми жұмыс жөніндегі проректор (басшының орынбасары) жүзеге асырады.
Аталған бөлімшелер ҒЗЖ перспективалық және ағымдағы жоспарларын, есептілік нысандарын әзірлейді, ЖОО ҒЗЖ тізілімін жүргізеді, ғылыми-зерттеу қызмет нәтижелерін қорытындылайды, оларды жинақтайды.
96. ҒЗЖ орындау нәтижелері бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер жасалады. Есепте мазмұндалған деректердің дұрыстығына ҒЗЖ жетекшілері мен орындаушылар жауапты болады.
97. ЖОО-ның халықаралық қызметі жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық жасау бағдарламасының, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асыру, бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру, ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, оқытушылық кадрлармен алмасу және студенттік ұтқырлықты дамыту шеңберінде жүзеге асырылады.
ЖОО қызметін ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
98. ЖОО-ның ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі білім беру қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады.
99. ЖОО-ның ақпараттық ресурстары қалыптастырылған идеялар мен білімдерді, әртүрлі деректерді, олардың жинау әдістері мен құралдарын, ақпарат көздері мен тұтынушылары арасындағы сақтау мен алмасуды білдіреді.
Ақпараттық ресурстар кез-келген тасымалдағыштағы білім беру бағытындағы (басқарушылық, оқу, ғылыми, оқу-әдістемелік) толық мәтіндік, фактографиялық және библиографиялық деректер базасын; анықтамалық-іздестіру жүйелерін; оның ішінде дәстүрлі және электронды кітапханалық каталогтар мен картотекаларды; жергілікті қолжетімділіктегі электронды ресурстарды; білім беруші ақпаратты жасауды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз ететін бағдарламалық құралдарды; ақпаратты тарату арналарын; білім беру мақсатты ретінде пайдаланылатын коммуникация құралдарын қамтиды.
100. Кітапхана қоры ақпараттық ресурстардың құрамдас бөлігі болып табылады және оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетті, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.
Жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру білім алушылардың электронды кітапханаларда орналастыратын халықаралық дереккөздерді қоса алғанда, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетке, оқу, ғылыми, ақпараттық деректер базасына, еркін қол жеткізумен қамтамасыз етіледі.
Оқу және ғылыми әдебиеттер қоры келтірілген студенттер контингентіне қатынасы бойынша оқытудың толық циклында басылымның кемінде 140 бірлігін құрауы тиіс. Бұл ретте қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдар оқыту тілі бойынша білім алушылар контингентіне барабар болуы тиіс. Кітапхана қоры әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі пәндер бойынша соңғы 5 жылда шығарылған, жаратылыстану, техникалық, ауыл шаруашылығы пәндері бойынша - соңғы 10 жылда шығарылған негізгі оқу әдебиетінен тұрады. Цифрлы тасымалдағыштардағы оқу әдебиеттерімен қамтылу мамандықтың оқу жоспарының базалық және бейіндік пәндерінің (әскери мамандықтардан басқа) кемінде 40 %-ын құрайды.
101. Оқу-әдістемелік әдебиеттерге оқу-әдістемелік құралдар, әдістемелік құралдар, дидактикалық, көрнекі құралдар, оқу-әдістемелік әзірлемелер - пәнді оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулықтар немесе ұсынымдар, зертханалық, курстық, дипломдық және басқа да жазба жұмыс түрлерін орындау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар, оқу пәндері бойынша анықтамалық құралдар мен басылымдар жатады.
102. ЖОО кітапханасының ғылыми қоры мамандарды даярлау бағыттары мен мамандықтарына зерттеу саласын қамтитын монографиялық, ғылыми және ғылыми-өндірістік сипаттағы кітаптар тізбесін қамтиды.
Ғылыми қорға сондай-ақ энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар, түсініктемелер, бағдарлама бойынша оқытылатын әдеби шығармалар, нормативтік құқықтық актілер, мерзімді басылымдар, оның ішінде білім беру ұйымдарының хабаршылары, ғылыми еңбектердің, оқыту бейініне сәйкес келетін халықаралық конференциялардың жинақтары кіреді.
103. Оқу әдебиетінің өз басылымдары оқу құралдарын, оқу-әдістемелік құралдарды қамтиды.
Әдістемелік әдебиеттің өз басылымдары әдістемелік ұсыныстарды, оқу пәндерін оқыту, игеру, оқу жұмыстарының жекелеген түрлерін орындау бойынша нұсқаулар мен құралдарды қамтиды.
104. ЖОО оқу-ғылыми ақпараттық активтерін жинау, жинақтау, сақтау, шығару процестері білім беру ұйымдары кітапханаларының жұмысы жөніндегі әдістемелік материалдарға сәйкес жүзеге асырылады.
105. Арнайы мемлекеттік органдардың оқу орындарын (әскери) қоспағанда, ЖОО-ларда интернет ресурсты, ақпараттық-білім порталын, оқытудың кредиттік технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ЖОО жергілікті желілерінде орналасқан ақпараттық-білім ресурстарының жиынтығын және ЖОО-ның кез келген компьютерінен Интернетке жолақты және жоғары жылдамдықта барлық ақпараттық ресурстарға қол жетімділікті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тармақталған компьютерлік желіні қамтитын жоғары технологиялық ақпараттық-білім беру ортасы құрылуы тиіс.
106. Ақпараттық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету білім алушылардың өзіндік жұмысына дәйекті ден қоюды күшейте отырып жүзеге асырылады.
107. Тиісті дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, спорт залдарының және оның қызметін қамтамасыз ететін және оған меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі шеберханалар мен басқа да үй-жайлардың болуы ЖОО қызметінің міндетті шарты болып табылады.
108. ЖОО-ның екі ауысымнан оқыту нысандары бойынша оқу сабақтарын жүргізу үшін қажетті дәрісханалық қоры мен қосалқы үй-жайлары болуы тиіс.
109. Білім беру оқу бағдарламаларын іске асыру үшін ЖОО-ның арнайы мақсаттағы оқу кабинеттері (компьютерлік сыныптар, лингафонды кабинеттер және басқа), сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу-ғылыми процесті сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тапсырмалардың әралуан түрлерімен, бағдарламалық құралдармен, оқу жұмыс жоспарларымен және бағдарламалармен, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларымен және басқа да құжаттамалармен қамтамасыз етілген заманауи оқу-зертханалық жабдықтары болуы тиіс.
110. Ғимараттың оқу алаңы, дәрісхана қоры, оқу және ғылыми зертханалар, оқу кабинеттері, спорт залдары, кітапханалар, шеберханалар мен ЖОО-ның қызметін қамтамасыз ететін басқа да үй-жайлары қолданыстағы санитариялық нормалар мен қағидалар талаптарын қанағаттандыруы тиіс.
111. Бір студентке оқу алаңының нормасы ЖОО типіне байланысты белгіленеді және кемінде 6 м2 болуы тиіс.
112. Үй-жай алаңдары үй-жай мақсаттылығына байланысты, оқу сабақтарының түрлеріне, студенттер мен қызметкерлер санына, оқу сабақтарының ауысымдылығына сәйкес белгіленеді.
Студенттердің есептік саны күндізгі оқу нысаны студенттерінің ең көп саны бойынша және сырттай оқу нысаны студенттерінің 10 % саны бойынша қабылданады.
113. Спорт залдарының жалпы алаңы (олардың жанындағы қосалқы ғимараттарды, бассейндер мен жеңіл атлетикалық манеждерді есептемегенде) бір студентке кемінде 1,0 м2 қабылдануы тиіс.
114. ЖОО-ның білім алушылар контингенті мен айқындалатын мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша айқындалатын мөлшерден кем емес оқыту құнына қарай, білім алу жағдайларын қамтамасыз ететін қаржылық ресурстары болады.
115. Қаржылық ресурстар көздері білім беру және ғылыми гранттардан алынған бюджеттік қаражат, ақылы негізде білім беруден, ғылыми және басылым өнімдерін сатудан түсетін қаражат, демеушілік көмек және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен тыйым салынбаған қызметтің өзге түрлерін жүзеге асырудан алынған өзге де көздері болады.
116. ЖОО-лардың білім беру қызметіне арналған шығыстары мамандар даярлаудың бағыттары, оқыту нысандары (күндізгі, кешкі, сырттай), тиісті нормативтік құжаттардағы білім беруге арналған шығыстарды айқындайтын ақшалар және заттай нормалар бөлінісінде студенттер контингентіне қарай айқындалады.