20-бап. Кәсiподақ мүшелерi құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру
1. Кәсiподақтар өз мүшелерiнiң, сондай-ақ шарттық негізде өздерінің мүдделерін білдіруге уәкілеттік берген қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
Жүргiзiлетiн қоғамдық бақылауға жұмыс берушiнің тарапынан қарсы іс-қимылдың жасалуына және кедергi келтірілуіне жол берілмейді.
2. Кәсіподақтар өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауға тұрақты негізде қатысады.
3. Кәсіподақтың уәкілетті өкілі өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына кіреді.
4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында кәсіподақтар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитеттің (комиссияның) құрамына тепе-теңдік негізде кіреді.
21-бап. Кәсiподақтардың талаптар қоюы, ереуiлдер, бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткiзу
1. Кәсiподақтар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiнде айқындалған тәртіпті сақтай отырып және жағдайларда талаптар қоюға құқылы.
2. Егер татуластыру рәсiмдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткiзiлмесе, сондай-ақ жұмыс берушi татуластыру рәсiмдерінен жалтарған не дауды шешу барысында қол жеткiзiлген келiсiмдi ол орындамаған жағдайларда, кәсiподақтар ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдай алады.
Бұл ретте, қызметкерлерді сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға шақыруға тыйым салынады.
3. Кәсiподақтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ереуілдер, бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастырады және өткiзеді.
4. Кәсiподақтар бiрлескен наразылық акцияларын өткiзу үшiн өздерiнiң күш-жiгерiн бiрiктiрiп, басқа кәсiподақтармен және қызметкерлер топтарымен ынтымақтастық белгiсi ретiнде осындай акциялар өткiзе алады.
22-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызметті жүзеге асыру
Кәсiподақтардың бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастыру және олардың қызметі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
23-бап. Кәсiподақтардың ақша қорлары
Кәсiподақтар өзінің және тартылған қаражат есебiнен кәсiподақтардың жарғылық мiндеттерi мен мақсаттарын іске асыруға бағытталған іс-шараларды қаржыландыруға арналған әлеуметтiк-экономикалық мақсаттағы ақша қорларын қалыптастыра алады.
24-бап. Мемлекеттiң әлеуметтiк саясатын қалыптастыруға кәсiподақтардың қатысуы
Кәсiподақтар жұмыссыздыққа қарсы күрес және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыстан босатылатын қызметкерлердi қорғау жөнiндегi бағдарламаларды, ең төмен күнкөрiс деңгейін белгiлеу және оны сақтау, кірістерді индекстеу, жалақының, зейнетақылардың, стипендиялардың және жәрдемақылардың ең төмен деңгейiн арттыру жөнiндегi іс-шараларды қоса алғанда, өз мүшелерiн әлеуметтiк қорғау жөніндегі жоспарлар мен бағдарламаларды әзiрлейдi, оларды тиiстi мемлекеттiк органдарға ұсыныстар ретiнде енгiзедi.
25-бап. Кәсiподақтар қызметiнiң кепiлдiктерi
1. Мақсаты кәсiподақтарды қандай да бiр органдарға және ұйымдарға тiкелей немесе жанама бағындыру немесе олардың құқықтарын шектеу болып табылатын, сондай-ақ кәсiподақтардың осы Заңда және жарғыда көзделген қызметіне кедергi келтіретін кез келген әрекеттерге тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушілер (бірлестіктер, қауымдастықтар, одақтар) кәсiподақ органына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалатын ақпаратты қоспағанда, кәсіподақ мүшелерiнiң құқықтарын қорғауға байланысты мәселелер бойынша ақпарат ұсынуға міндетті.
3. Келісімдерде немесе ұжымдық шартта көзделген жағдайларда, жұмыс беруші кәсіподаққа мәдени-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын ұйымдастыруға ақша аударады.
4. Сайланбалы қызметке сайлану нәтижесінде жұмыстан босатылған адамдардың сайланбалы қызметіндегі жұмыс кезеңіне жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
26-бап. Кәсіподақ органдарына сайланған және негізгі жұмысынан босатылмаған адамдарға кепілдіктер
1. Негізгі жұмысынан босатылмаған, сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелері өздері мүшелерi болып табылатын кәсiподақ органының уәжді пікірінсіз тәртiптiк жазаға тартылмайды. Негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысы (төрағасы) жоғары тұрған кәсіподақ органының уәжді пікірінсіз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды.
2. Заңды тұлға таратылған не жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған жағдайлардан басқа кезде, негізгі жұмысынан босатылмаған, сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан босатуға осы адамдар мүшесі болып табылатын кәсіподақ органының уәжді пікірі ескеріле отырып, еңбек шартын бұзудың жалпы тәртібі сақталған кезде жол беріледі. Заңды тұлға таратылған не жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған жағдайлардан басқа кезде, негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысы (төрағасы) жоғары тұрған кәсіподақ органының уәжді пікірінсіз жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан босатылмайды.
3. Тәртіптік жаза қолдану және осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған адамдармен еңбек шартын бұзу туралы жұмыс берушінің актісін шығарған кезде кәсіподақ органының уәжді пікірін ескеру Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүргізіледі.
4. Ұжымдық шарттарда кәсіподақ органдарының сайланбалы және басқа мүшелері үшін басқа кепілдіктер де көзделуі мүмкін.
5. Кәсіподақ органдарының мүшелерi өз мүшелерiнiң мүдделеріне орай қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн кәсiподақ оқуы, кәсiподақтар шақыратын съездерге (конференцияларға), сондай-ақ олардың пленумдарының, төралқаларының жұмысына делегаттар ретiнде қатысуы уақытында негізгі *жұмыстан босатылады. Босату шарттары және ақы төлеу тәртiбi ұжымдық шарттарда және келiсiмдерде көзделедi.
5-тарау. КӘСIПОДАҚ ОРГАНДАРЫ ЖӘНЕ МҮШЕЛІК КӘСIПОДАҚ ЖАРНАЛАРЫ
27-бап. Кәсіподақ органдарының өкiлеттiктерi
1. Кәсіподақ мүшелері кәсіподақ жарғысында айқындалған тәртіппен кәсiподақ органдарын сайлауға немесе оларға сайлануға құқығы бар.
2. Кәсіподақ органдарының өкілеттіктері кәсіподақ жарғысында айқындалады.
3. Ұжымдық шарттарға және келісімдерге сәйкес кәсіподақ органдары мен жұмыс берушілер ұйымдардағы еңбек, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді шешеді.
28-бап. Кәсiподақ органдарының қызметі үшін материалдық жағдайлар
1. Кәсiподақ органының материалдық жағдайлары жарғының, ұжымдық шарттың немесе келiсiмнің негiзiнде айқындалады.
2. Кәсiподақ мүшелерінің өздерi кәсіподаққа берген мүлiкке және мүшелік жарналарға құқықтары жоқ.
29-бап. Мүшелік кәсiподақ жарналары
1. Кәсiподақ ұйымның қызметiне нұқсан келтiрмей, жұмыс және оқу орны бойынша мүшелік кәсiподақ жарналарын жинауға құқылы.
2. Тараптардың келісуі бойынша және кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлердің жазбаша өтініштері болған кезде жұмыс беруші айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей, қызметкерлердің жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын кәсіподақтың шотына аударады.
3. Мүшелік кәсіподақ жарналары кәсіподақтың меншігі болып табылады.
6-тарау. КӘСIПОДАҚТАРДЫҢ МЕНШIГI, ОЛАРДЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТI
30-бап. Кәсiподақтардың меншiгi
1. Кәсiподақтардың меншiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған, сатып алынған немесе оған берілген мүлік құрайды.
2. Мыналар:
1) мүшелік кәсіподақ жарналары;
2) ерікті жарналар және қайырмалдықтар;
3) Қазақстан Республикасы заңдарында тыйым салынбаған өзге де түсімдер кәсіподақ меншігін қалыптастыру көздері болып табылады.
3. Кәсiподақтар өздерiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкті кәсіподақ мүшелерінің мүдделеріне орай иеленедi, пайдаланады және оған билiк етедi.
4. Кәсiподақтар мемлекеттiң, жұмыс берушiлердiң, басқа да заңды тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, өз кезегiнде олар кәсiподақтардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.
5. Кәсіподақтардың қаржылық қызметі олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Кәсiподақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметi
Жарғылық мақсаттарға қол жеткiзу үшін кәсiподақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
33-бап. Өтпелі ережелер
Кәсіподақтар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес құрылтай құжаттарына және ұйымдық құрылымдарына өзгерістер енгізуге міндетті.
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Кәсiптiк одақтар туралы» 1993 жылғы 9 сәуiрдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., № 8, 200-құжат; 1995 ж., № 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы маусымның 27-і.
№ 211-V