2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілетін соттың, органның (лауазымды адамның) атауы;
2) арыз беруші тұлға туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер бұлар бар болса); заңды тұлғалар үшін - атауы, орналасқан жері, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі мен күні, телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер олар бар болса);
3) арыз иесі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхат берген актіні қабылдаған соттың, органның (лауазымды адамның) атауы; осы актінің қабылданған күні;
4) арыз берген тұлғаның талабы; осы Кодекстің 852-бабында көзделген және бұл мән-жайдың ашылғанын немесе анықталғанын растайтын құжаттарға сілтеме жасай отырып, арыз берушінің пікірі бойынша қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселені қоюға негіз болып табылатын жаңадан ашылған мән-жай;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Арызға:
1) жаңадан ашылған мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арыз беруші қайта қарау туралы өтінішхат берген қаулының көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) адамның арызға қол қою өкілеттіктерін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
856-бап. Арызды соттың, органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіне қабылдау
1. Нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды сақтай отырып, қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берілген арыз тиісті соттың, органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселе ол түскен күннен бастап үш тәулік ішінде шешіледі.
3. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарылады, онда арызды қарау бойынша отырыс өткізудің күні мен орны көрсетіледі.
4. Ұйғарымның көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі.
857-бап. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қайтару
1. Тиісті соттың судьясы, уәкілетті органның лауазымды адамы, егер арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 855-бабында белгіленген қағидаларды бұза отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаттың болмауын немесе арыз берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз берушіге қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берген арызын қайтарып береді.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады.
Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса берілетін құжаттармен бірге оның шығарылған күнінен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
3. Арызды қайтару туралы ұйғарымға шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.
858-бап. Арыз беру үшін мерзімді есептеу
Арыз беру үшін мерзім:
1) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда - іс үшін едәуір маңызы бар мән-жайлар ашылған күннен бастап;
2) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - сот үкімінің заңды күшіне енген күнінен бастап;
3) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - қайта қаралатын қаулы негізделген сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісі заңды күшіне енген күнінен бастап;
4) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы қаулыны қабылдау күнінен бастап есептеледі.
859-бап Арызды қарау
Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды сот, орган (лауазымды адам) отырыста қарайды. Арыз беруші және іске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
860-бап. Соттың, уәкілетті органның (лауазымды адамның) істі қайта қарау туралы қаулысы
1. Сот, орган (лауазымды адам) қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырады және қаулының күшін жояды не қайта қараудан бас тартады.
2. Соттардың, органдардың (лауазымды адамдардың) қаулының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша күшін жою туралы және қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартуы туралы шешіміне белгіленген тәртіппен шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Қаулының күші жойылған жағдайда, сот, орган (лауазымды адам) істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
48-тарау. Ақтау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу
861-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның кiнәсiздiгiн тану арқылы ақтау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкілеттік берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) осы Кодекстiң 741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша, өзіне қатысты iстi тоқтату туралы қаулысы шығарылған тұлға кiнәсiз деп есептеледi және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шектеулер қоюға болмайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілген судья, орган (лауазымды адам) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаны кінәсіз деп тану және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан бұзылған жеке басының мүліктік емес және мүліктік құқықтарын қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті.
862-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілген соттың, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлғалар
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) кiнәсiна қарамастан, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолдану салдарынан тұлғаға келтiрiлген зиян республикалық бюджеттен толық көлемде өтеледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеттіруге:
1) осы Кодекстiң 745-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың;
2) егер іс бойынша iс жүргiзу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап тоқтатылмаса, iс бойынша іс жүргізу өздеріне қатысты басталмауға тиiс, ал басталғаны осы Кодекстiң 741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға жататын тұлғалардың құқығы бар.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттіру құқығы белгіленген тәртіппен оның мұрагерлерiне өтеді.
4. Егер іс бойынша iс жүргiзу процесінде тұлғаның ерiктi түрде өзiне-өзi айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сөйтіп осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдардың басталуына ықпал еткенi дәлелденсе, оған зиян өтелуге жатпайды.
5. Осы баптың қағидалары осы баптың екiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, тұлғаға қолданылған әкiмшiлiк жазаның және басқа да әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларының ескiру мерзiмдерiнiң өтуiне, әкiмшiлiк жауаптылықты жоятын немесе әкiмшiлiк жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
863-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың мүлiктiк зиянды толық көлемде өтеттіруге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтiрiлген құқықтарын қалпына келтiруге құқығы бар.
864-бап. Зиянды өтеттіру құқығын тану
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген судья немесе орган (лауазымды адам) тұлғаны толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдап, оның зиянды өтеттіру құқығын тануға міндетті. Iстi тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға тапсырылады не поштамен жiберiледi. Бір мезгілде оған зиянды өтеу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жiберiледi. Залалды өтеттіру құқығы бар қайтыс болған адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер болмаған кезде, олар әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) жүгiнген күнінен бастап бес тәуліктен кешiктiрілмей оларға хабарлама жiберiледi.
865-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғаларға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақылардың, өзге де қаражаттар мен кірістердің;
2) судья қаулысының негiзiнде заңсыз тәркiленген мүлiктiң өтелуін қамтиды. Мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде оның құны қайтарылады;
3) iстi шешуге уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшін өндіріп алынған айыппұлдардың; процестік шығындар мен заңсыз әрекеттерге байланысты тұлға төлеген өзге де сомалардың;
4) заң көмегi көрсетілгені үшiн тұлға төлеген сомалардың;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тарту салдарынан келтiрiлген өзге шығыстардың өтелуiн қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 603-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаларды әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау орындарында ұстауға жұмсалған сомаларды, іс бойынша iс жүргiзуге байланысты процестік шығындарды, сол сияқты осы тұлғалардың әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау кезiнде қандай да бір жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянның өтемiн төлеуге жататын сомалардан шегерiп тастауға болмайды.
3. Осы Кодекстiң 823-бабында көрсетілген құжаттардың көшiрмесiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде, осы Кодекстiң 862-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған тұлғалар iстi тоқтату, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүлiктiк зиянды өтеу туралы талаппен жүгiнуге құқылы. Егер iстi жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жiберiледi. Егер судья қараған iстi жоғары тұрған сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисапты сұратып ала отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейін инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жүргізу туралы қаулы шығарады. Егер iстi сот тоқтатса, көрсетілген әрекеттердi iстi қараған судья жүргiзедi.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшiрмесi төлем жүргізуге мiндеттi органдарға беру үшiн тұлғаға тапсырылады немесе жіберіледі. Төлем жасау тәртiбi заңнамада айқындалады.
866-бап. Моральдық зиян салдарларын жою
1. Тұлғаны ақтау туралы шешiм қабылдаған орган (лауазымды адам) келтiрiлген зиян үшiн одан жазбаша нысанда ресми кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай түрде өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беріледі.
3. Егер тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, онда осы тұлғаның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның туыстарының немесе прокурордың талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр ай iшiнде бұл туралы қажеттi хабар жасауға мiндеттi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың талап етуi бойынша өзінің заңсыз шешiмдерiнiң күшi жойылғаны туралы жазбаша хабарды он тәулік ішінде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жерiне жiберуге мiндеттi.
867-бап. Талаптар қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жүргізу туралы талаптарды осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалар осындай төлемдер жүргізу туралы қаулыны алған кезден бастап бiр жыл iшiнде қоюы мүмкін.
2. Өзге де құқықтарды қалпына келтiру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтiру тәртiбi түсiндiрiлетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай iшiнде қойылуы мүмкiн.
3. Осы мерзiмдер дәлелдi себептермен өткiзiп алынған жағдайда, бұлар мүдделi тұлғалардың арызы бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қалпына келтiруіне жатады.
868-бап. Заңды тұлғаларға зиянды өтеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерiмен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды мемлекет толық көлемде және осы тарауда белгiленген мерзiмдерде қалпына келтіруге тиіс.
869-бап. Құқықтарды талап қою тәртiбімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не тұлға қабылданған шешiммен келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгiнуге құқылы.
49-тарау. Әкімшілік жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеттері бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
870-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутатына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнің тиiстi Палатасының келiсуiнсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам депутаты болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиісті Палатасына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, сондай-ақ депутатты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры енгізген ұсынуға Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиісті Палатасының шешімі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген мерзімдерде шығарылады.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, iс бойынша одан әрi iс жүргiзу осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм берсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң бұл шарасын депутатқа қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға келiсiм бермеген жағдайда, іс бойынша iс жүргiзу осы негiзбен тоқтатылуға жатады.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы күштеп әкелуге келiсiм бермесе, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң өзге де шаралары қолданылады.
8. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
871-бап. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутаттығына кандидатқа қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ олар Президент, Парламент депутаты ретінде тіркелгенге дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының келiсуінсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту туралы ұсынуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында енгiзедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры енгізген ұсынуға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының уәжді шешімі ол түскен күннен бастап он тәулік ішінде шығарылады.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
872-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің Төрағасына немесе мүшесiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келiсуiнсiз күштеп әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшелерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
873-бап. Судьяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Судьяны Республиканың Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсуiнсiз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз қамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Судьяны сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, судьяны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн іс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 813-бабында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Судъяға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзумен аяқталған істі осы іс жүргізуді жүзеге асырған орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры арқылы сотқа береді.
874-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын өз өкiлеттiктері мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсуiнсiз күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолдануға әкеп соғатын әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iсті сотқа жiберер алдында, Бас Прокурорды әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешер алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алғаннан кейiн iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 819-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сот тәртiбiмен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараудың заңдылығын қадағалауды оның бiрiншi орынбасары жүзеге асырады.
6. 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
875-бап. Судьяның Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауы
1. Iстi қарау әкiмшiлiк жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеттері бар адамдардың iстерi бойынша іс жүргiзу ерекшелiктерiмен жалпы қағидалар бойынша жүргiзiледi.
2. Егер судья iстi қарағанға дейiн Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында аталған мемлекеттiк органдардың күштеп әкелуіне келiсiм беруден бас тартылған болса немесе мұндай келiсiм сұралмаса, судья осы Кодекстiң 870-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес көзделген тәртiппен күштеп әкелуге келiсiм беру туралы ұсыну жасап, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шарасы ретiнде күштеп әкелуді қолдануға құқылы.
876-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан дипломатиялық иммунитеті бар адамдар