Бұл ретте құн өсiмi мынадай тәртіппен айқындалады:
1) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген мүлікті өткiзу кезінде - мүлікті өткiзу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретiнде;
2) акцияларды және қатысу үлестерiн өткiзу кезінде - осы Кодекстiң 228-бабына сәйкес.
Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы осы тармақтың мақсатында жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды.
2. Осы баптың және осы Кодекстің 288, 341, 645 және 654-баптарының мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкінің акциялар (қатысу үлестері) өткізілетін немесе дивидендтер төленетін күнге заңды тұлға активтерінің құнындағы үлесі оның (олардың) акцияларын немесе оған (оларға) қатысу үлестерін дивидендтер төлейтін немесе оның (оған) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкінің құны (құндары) сомасының осындай заңды тұлға активтерінің жалпы құнына арақатынасы ретінде айқындалады.
Осы баптың және осы Кодекстің 288, 341, 645 және 654-баптарыныңмақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкінің қатысу үлестері өткізілетін күнге консорциумға қатысушылар активтерінің жалпы құнындағы үлесі оның (олардың) акцияларын немесе оған (оларға) қатысу үлестерін оған (оларға) қатысу үлестері өткізілетін консорциумға қатысушылар иеленетін жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкінің құны (құндары) сомасының осындай қатысушылар активтерінің жалпы құнының сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.
Жер қойнауын пайдаланушы (оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай) мүлкінің құны мыналардың баланстық құны деп танылады:
1) дивидендтер төлейтін немесе акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін, осындай жер қойнауын пайдаланушыдағы қатысу үлесі;
2) дивидендтер төлейтін немесе оның (оған) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін, осындай жер қойнауын пайдаланушы шығарған акциялар.
Дивидендтер төлейтін немесе оның (оған) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға активтерінің жалпы құны деп осындай заңды тұлғаның барлық активтерінің баланстық құнының сомасы танылады.
Активтердің баланстық құны дивидендтер төлейтін немесе оның (оған) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлғаның немесе оған қатысу үлестері өткізілетін консорциум қатысушыларының осындай заңды тұлға немесе осындай консорциум құрылған мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған және бекітілген:
1) дивидендтер төленген немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығы сатып алушыға берілген күнге;
2) дивидендтер төленген немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығы сатып алушыға берілген күнге жеке қаржы есептілігі болмаған кезде - дивидендтер төленетін немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығы сатып алушыға берілетін күннің алдындағы соңғы есепті күніне жеке қаржы есептілігінің деректері негізінде айқындалады.
3. Осы Кодекстің 645-бабы 9-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген кірістерді қоспағанда, бейрезиденттің осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістері осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.
4. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мыналарды көрсете отырып, осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алу-сату жөніндегі мәміле туралы мәліметтерді уәкілетті органға ұсынады:
1) сәйкестендіру нөмірі және (немесе) резиденттік еліндегі оның аналогы және көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) өткізетін және сатып алатын заңды тұлғаның атауы және (немесе) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
2) көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алу бағалары;
3) жасалған мәміле бойынша кірісті төлеу күні;
4) мәміле жасасқан жылдың алдындағы соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, сатып алушының алдыңғы қызметі туралы мәліметтер;
5) мүлікті өткізетін тұлғаның басқа тұлғалармен үлестестігі туралы мәліметтер (тікелей немесе жанама қатысу мөлшері).
5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзырет шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан мәліметтер алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды өзіне сатылы тұрғыда тікелей бағынысты салық органына бір мезгілде хабарлай отырып, осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органына жібереді.
6. Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органы осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай заңды тұлғаға акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алушы туралы, сондай-ақ мұндай акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алу бағасы туралы мәліметтерді жіберуге міндетті.
7. Акцияларды, қатысу үлестерін, жылжымайтын мүлікті өткізетін тұлға сатып алушы салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті.
Салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжат ұсынылмаған жағдайда, өткізу құны төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.
8. Төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстау және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік кіріс төлейтін салық агентіне жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесінің, сондай-ақ қызметі осы Кодекстің немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімшесінің болуына немесе болмауына қарамастан, салық агенті деп танылады.
9. Салық агенті болып табылатын бейрезидент осы Кодекстің 76-бабында айқындалған тәртіппен салық органында салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.
10. Төлем көзінен табыс салығын салық агенті кіріс төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидентке кіріс төлеу кезінде ұстайды.
11. Салық агенті болып табылмайтын тұлғадан осы баптың 1-тармағында көрсетілген құн өсімі түрінде кіріс алатын бейрезидент осы Кодекстің 646-бабында белгіленген мөлшерлемені осындай кіріс сомасына қолдану арқылы табыс салығын есептеуді дербес жүргізеді.
12. Табыс салығының сомасын бюджетке аударуды салық агентi осы Кодекстiң 647-бабында белгiленген мерзiмдерде жүргiзедi.
Осы баптың 11-тармағына сәйкес есептелген табыс салығын бюджетке аудару салықтық есептілікті ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық есептілікті салық агенті осы Кодекстің 648 және 657-баптарында белгіленген мерзімдерде өзінің Қазақстан Республикасындағы тіркелу есебі орнындағы салық органына ұсынады.
Табыс салығын осы баптың 11-тармағына сәйкес есептейтін бейрезиденттер табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекстің 315 немесе 659-баптарында белгіленген мерзімде тапсырады.
13. Табыс салығын жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлға салық агентiнiң (салық төлеушінің) қаражаты есебiнен төлеуi мүмкiн. Бұл ретте табыс салығын осындай резидент-заңды тұлға салық агентінен (салық төлеушіден) табыс салығының сомасы алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмейтін мерзімде бюджетке аударуға тиіс. Бейрезиденттiң кірістерінен төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық есептілікті осындай резидент-заңды тұлға салық агентінен (салық төлеушіден) табыс салығының сомасы алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей резидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
Салық агентi (салық төлеуші) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлғаға аударған табыс салығының сомасы осындай резидент-заңды тұлғаның кірісі деп танылмайды.
14. Салық агентi (салық төлеуші) осы баптың 12 және 13-тармақтарының ережелерін қолданбаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлғаның осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде бейрезидент үшiн құн өсiмiнен түсетін кірістерден табыс салығын төлеудi өз қаражаты есебiнен дербес жүргiзуге құқығы бар.
Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген резидент-заңды тұлға осы тармаққа сәйкес табыс салығын төлеген кезде өзінің тұрған жеріндегі салық органына бейрезиденттің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық есептілікті осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Бұл ретте бейрезидент үшiн төленген салық сомасы жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындаған кезде шегерiмге жатқызылмайды.
15. Салық агентi (салық төлеуші), осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлға осы баптың 10, 12, 13 және 14-тармақтарының ережелерін қолданбаған жағдайда, мұндай міндеттемені орындау осы Кодекстің 13 және 14-тарауларында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
73-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗМЕТТІ ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ
651-бап. Салық салынатын кірісті айқындау
1. Егер осы Кодекстің осы бабында және 653-бабында өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау, тұрақты мекемесінің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеу осы Кодекстің осы бабының және 224 - 293, 299 - 315-баптарының ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің жылдық жиынтық кірісін Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап алынған (алынуға жататын), осындай тұрақты мекеменің қызметімен байланысты кірістердің мынадай түрлері:
1) осы Кодекстің 644-бабының 1-тармағында көзделген, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кірістер;
2) осы Кодекстің 226-бабының 1-тармағында көрсетілген, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасына енгізілмеген кірістер;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден, оның ішінде жұмыскерлер немесе басқа да жалданған персонал арқылы алынған кірістер;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегі құрылымдық бөлімшелерінің кірістерін қоса алғанда, осы бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі арқылы жүзеге асырылатын қызметіне ұқсас немесе біртектес Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырудан алатын кірістері құрайды.
Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің жылдық жиынтық кірісіне:
1) осы Кодекстің 644-бабы 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында айқындалған кірістер;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің осындай бейрезидент-заңды тұлғаның бас кеңсесі немесе басқа құрылымдық бөлімшелері алдындағы міндеттемелері бойынша халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасына сәйкес туындайтын оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі қосылмайды.
3. Бейрезидент кәсіпкерлік қызметті Қазақстан Республикасындағы өзінің тұрақты мекемесімен бірлесіп орындалатын бір жобаның немесе байланысты жобалардың шеңберінде Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де жүзеге асыратын жағдайда, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзі соның тұрақты мекемесі болып табылатын бейрезидент-заңды тұлғаға қарамастан әрекет ететін болса, ол алуы мүмкін кіріс осындай тұрақты мекеменің кірісі болып есептеледі.
4. Бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі өндірген тауарларды бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде орналасқан басқа құрылымдық бөлімшесі өткізетін болса, егер ол осындай немесе осы сияқты қызметпен дәл сондай немесе ұқсас жағдайларда айналысатын оқшауланған және жекелеген заңды тұлға болса және өзі соның тұрақты мекемесі болып табылатын бейрезидент-заңды тұлғаға қарамастан әрекет ететін болса, ол алуы мүмкін кіріс бейрезидент-заңды тұлғаның осындай тұрақты мекемесінің кірісі деп танылады.
5. Осы бапты қолдану мақсатында бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің кірісі Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының нормалары ескеріле отырып айқындалады.
6. Осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылмайтын шығыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 644-бабы 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында айқындалған кірістерді алуға бағытталған шығыстарды қоспағанда, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістерді алумен тікелей байланысты шығыстар, олардың Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тыс жерлерде жұмсалғанына қарамастан, шегерімге жатады.
7. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
1) осы бейрезидент-заңды тұлғаның меншігін немесе зияткерлік меншігін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін төленетін роялти, гонорарлар, алымдар және басқа да төлемдер;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге көрсеткен қызметтері үшін кірістер;
3) осы бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге берген қарыздары бойынша сыйақылар;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметінен кірістер алуымен байланысты емес шығыстар;
5) құжатпен расталмаған шығыстар;
6) бейрезидент-заңды тұлғаның осы Кодекстің 662-бабының 2-тармағында айқындалған, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырумен байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары түрінде ұсынылған соманы тұрақты мекемеге шегерімге жатқызуға құқығы жоқ.
8. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің осындай бейрезидент-заңды тұлғаның бас кеңсесі немесе басқа құрылымдық бөлімшелері алдындағы міндеттемелері бойынша халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес туындайтын теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырманың сомасынан асып кетуі бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің шегеріміне жатқызылмауға тиіс.
652-бап. Таза кіріске салық салу тәртібі
Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісіне 15 пайыз мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынады.
Таза кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 300-бабына сәйкес шегетін залалдар сомасына азайтылған, салық салынатын кіріс,
алу
осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында немесе 2-тармағында белгіленген мөлшерлемені осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 300-бабына сәйкес шегетін залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірісті көбейту арқылы есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы.
2. Корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі.
3. Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға таза кірісіне корпоративтік табыс салығын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейінгі күнтізбелік он күн ішінде тұрақты мекеменің орналасқан жеріндегі бюджетке төлеуді жүргізеді.
653-бап. Жекелеген жағдайларда кірістерге салық салу тәртібі
1. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістерді, сондай-ақ осы Кодекстің 651-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында және 3-тармағында көрсетілген кірістерді төлеуді жүзеге асыратын салық агенті бір мезгілде мынадай:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесімен, бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесімен филиал, өкілдік ашпай жасасқан келісімшарт болмаған;
2) өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бейрезидент-заңды тұлғаның филиалы, өкілдігі, бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі филиал, өкілдік ашпай жазып берген шот-фактура болмаған жағдайларда көрсетілген кірістерден корпоративтік табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және аударуды 20 пайыз мөлшерлеме бойынша шегерімді жүзеге асырмай жүргізеді.
Салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығы аталған бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің салықтық міндеттемелерін өтеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға тұрақты мекеменің құрылуына алып келген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап корпоративтік табыс салығын осы Кодекстің 651 және 652-баптарына сәйкес ретроспективті тәртіппен есептейді және көрсетілген кірістерді қоса отырып, осындай тұрақты мекеменің орналасқан жеріндегі салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсырады.
Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы осы тармаққа сәйкес осындай бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасына азайтылады. Азайту салық агентінің салықты ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Осы тармаққа сәйкес бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасы мен Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы арасындағы оң айырма қоса алғандағы келесі он салықтық кезеңге ауыстырылады және осы салықтық кезеңдердің бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын біртіндеп азайтады.
2. Осы Кодекстің 76-бабының талаптарын бұза отырып, салық төлеуші ретінде салық органдарында тіркелмеген бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен алатын кірістеріне 20 пайыз мөлшерлеме бойынша шегерімдерді жүзеге асырмастан, төлем көзінен корпоративтік табыс салығын салуға жатады.
Осы Кодекстің 76-бабында белгіленген мерзімді бұза отырып, салық төлеуші ретінде салық органдарында тіркелген, тұрақты мекеме арқылы қызметті жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға салық салу объектілерін және тұрақты мекеме құруға алып келген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап ретроспективті түрде туындаған салық салуға байланысты объектілерді салықтың тиісті түрлері бойынша бастапқы ұсынылатын декларацияларда көрсетуге, салық агентінің салықтық міндеттемелерінен басқа, салықтарды төлеу бойынша туындаған салықтық міндеттемелерін есептеуге және орындауға міндетті.
Бұл ретте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап оны салық органында тіркеген күнге дейінгі кезең үшін осындай бейрезидент-заңды тұлға есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы көрсетілген кезеңге осындай бейрезидент-заңды тұлғаның кірісінен осы тармаққа сәйкес төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасына азайтылады.
Азайту салық агентінің салықты ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
74-тарау. БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ
654-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық салудан босатылған кірістері
Бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері салық салуға жатпайды:
1) сыртқы сауда қызметі жөніндегі келісімшартқа байланысты Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген қызметтерді қоспағанда, осы сыртқы сауда қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар берумен байланысты төлемдер;
2) борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезінде олар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылардың резидент-сатып алушылар төлеген сомалары;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде осындай дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
4) егер осы баптың 3) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаға төленетіндерді қоспағанда, бір мезгілде мынадай:
дивидендтерді есепке жазу күніне салық төлеушінің дивидендтер төленетін акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның дивидендтер төленетін кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның активтері құнында жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі дивидендтер төлеу күніне 50 пайыздан аспауы талаптары орындалған кездегі дивидендтер.
Егер, осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғаны қоспағанда, дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға есептелген корпоративтік табыс салығын қызмет бойынша, оның ішінде осындай азайту көзделген инвестициялық келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша 100 пайызға азайтуды жүргізген жағдайда, онда осы тармақшаның ережелері мынадай тәртіппен қолданылады:
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасындағы 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақшада көзделген осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасындағы 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақшада көзделген осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады.
Осы тармақшаның ережелері резидент - заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын кіріс;
резидент - заңды тұлға өзінің құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірістің бір бөлігі;
құрылтайшы, қатысушы жарғылық капиталға салым ретінде енгізген мүлікті қоспағанда, резидент - заңды тұлға таратылған кезде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерін пропорционалды азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту кезінде, сондай-ақ құрылтайшы, қатысушы резидент - заңды тұлғадағы қатысу үлесін алып қойған кезде мүлікті бөлуден түсетін кіріс түрінде алынған дивидендтерге ғана қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.