2) осы Кодекстің 462-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларға акциздер мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ескертпе.
Тауар номенклатурасы Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының кодымен және (немесе) тауардың атауымен айқындалады.
52-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӨНДІРІЛЕТІН, ӨТКІЗІЛЕТІН АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
464-бап. Салық салу объектісі
1. Мыналар акциз салынатын объект болып табылады:
1) акциз төлеуші өзі шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялар:
акцизделетін тауарларды өткізу;
акцизделетiн тауарларды алыс-беріс негiзінде қайта өңдеуге беру;
алыс-берiстік, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды қайта өңдеу өнiмi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беру;
жарғылық капиталға жарна;
акцизделетін тауарларды заттай нысанда пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын төлеу есебіне беру жағдайларынан басқа, акцизделетiн тауарларды заттай ақы төлеген кезде пайдалану;
өндіруші өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне жүзеге асыратын акцизделетiн тауарларды тиеп-жөнелту;
өндiрушiнің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары үшін және акцизделетін тауарларды өздері өндіруі үшін пайдалануы;
өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыруы;
2) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзу;
3) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзу;
4) мүліктік массаны, тәркiленген және (немесе) иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзу;
5) акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы;
6) акцизделетін тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағына импорты.
2. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы акцизделетін тауарларды өткізу ретінде қаралады.
3. Мыналар акциз салудан босатылады:
1) егер осы Кодекстiң 471-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспорты;
2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) этил спиртi мен алкоголь өнімін өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын квоталар шегiнде:
тиісті қызмет түріне лицензиясы болған жағдайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін;
өз қызметін бастағаны туралы белгіленген тәртіппен хабарлаған мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына берілетін этил спирті;
3) жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалауға жататын, осы Кодекстің 172-бабының 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарлар, егер аталған тауарлар бойынша акциз бұрын төленсе;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген медициналық мақсаттағы құрамында спирті бар өнім (бальзамдардан басқа).
465-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетiн тауарларды алушыға тиеп-жөнелту (беру) күнi операция жасалған күн болып табылады.
2. Өндiрушi өзi өндiрген акцизделетiн тауарларды өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелер желiсi арқылы өткiзген жағдайда, тауарларды заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелеріне тиеп-жөнелту күні операция жасалған күн болып табылады.
3. Алыс-беріс шикізаты болып табылатын акцизделетін тауарларды беру кезінде көрсетілген тауарларды мердігерге (қайта өңдеушіге) беру күні операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын, осы Кодекстің 462-бабының 5) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауарларды дайындау кезінде Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген құжатта көрсетілген тапсырыс берушіге дайындалған акцизделетін тауарларды беру күні операция жасалған күн болып табылады. Тапсырыс берушіге меншік құқығында немесе қабылдап алу-беру актілерімен расталған өзге заңды негіздерде тиесілі мұнайды автомобиль және (немесе) теміржол цистерналарына құю не құбыржол бойымен өнім берушінің резервуарына немесе құю станциясына айдау арқылы заттай түрдегі акцизделетін тауарларды іс жүзінде тиеп-жөнелту дайындалған акцизделетін тауарларды беру деп түсініледі.
Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына әкетілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінген акцизделетін алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу мерзімі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес айқындалады және алыс-беріс шикізаты есепке қабылданған және (немесе) тиеп-жөнелтілген күннен бастап екі жылдан аспайды.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеудің белгіленген мерзімінен асып кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мөлшерлемелер бойынша шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес қайта өңдеу өнімінің болжалды көлемі акциз салу объектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге әкелу (әкету) жүзеге асырылған жағдайда қайта өңдеу өнімдерін әкету (әкелу) туралы міндеттеме, сондай-ақ оны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде орындау ұсынылады.
4. Акцизделетiн тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары және акцизделетін тауарларды өзі өндіруі үшін пайдаланған кезде көрсетілген тауарларды осындай пайдалануға беру күні операция жасалған күн болып табылады.
5. Өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлар өндіріс мекенжайынан орын ауыстырған кезде акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыру күні операция жасалған күн болып табылады.
6. Акцизделетін тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген жағдайда, бүлінген акцизделетін тауарларды есептен шығару туралы акт, акциздік маркаларды, есепке алу-бақылау маркаларын есептен шығару және жою туралы акт жасалған күн немесе оларды өндірістік процесте одан әрі пайдалану туралы шешім қабылданған күн операция жасалған күн болып табылады.
Акцизделетiн тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған жағдайда, акцизделетiн тауарлар, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады.
7. Акцизделетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорты кезінде салық төлеуші импортталған акцизделетін тауарларды есепке қабылдаған күн операция жасалған күн болып табылады.
Бұл ретте осы бөлімнің мақсаттары үшін импортталған акцизделетін тауарлар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес кіріске алынған күн осындай тауарлар есепке қабылданған күн болып табылады.
466-бап. Салықтық база
Акцизделетін тауарлар бойынша салықтық база өндірілген, өткізілген акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі (саны) ретінде айқындалады.
Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отыны бойынша салықтық база берілген акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі (саны) ретінде айқындалады.
467-бап. Әртүрлi мөлшерлемелер белгiленген жағдайда спирттің барлық түрiне және шарап материалына салық салу ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 463-бабының 3-тармағына сәйкес спирттің барлық түрiне және шарап материалына әртүрлi акциз мөлшерлемелері белгiленген жағдайда, салықтық база сол бiр мөлшерлемемен салық салынатын операциялар бойынша жеке айқындалады.
2. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер базалық мөлшерлемеден төмен акцизбен сатып алған спирт пен шарап материалын этил спиртін және (немесе) алкоголь өнiмiн өндіруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде, осы спирт пен шарап материалы бойынша акциз сомасы қайта есептелуге және алкоголь өнiмiн өндiрушiлер болып табылмайтын тұлғаларға өткізілетін спирттің барлық түрi мен шарап материалы үшiн белгiленген акциздің базалық мөлшерлемесі бойынша бюджетке төленуге жатады. Акцизді қайта есептеуді және төлеудi спиртті немесе шарап материалын алушы жүргiзедi.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi емдiк және фармацевтикалық препараттар шығару және медициналық қызметтер көрсету үшiн сатып алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Емдiк және фармацевтикалық препараттарды өндірушілер мен спирттi акцизсiз алған мемлекеттiк медициналық мекемелер осы спирт бойынша акциз төлеушiлер болып табылады.
468-бап. Акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және импортталатын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін акцизделетiн тауарлар бүлiнген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленедi.
Осы ереже одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны бүлiнген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаттары үшiн:
1) тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің), оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында нашарлауы акцизделетiн өнiмнiң бүлiнуi деп түсініледі;
2) оның салдарынан тауардың, оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында жойылуы немесе ысырабы болған оқиға акцизделетiн тауардың жоғалуы деп түсініледі.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен акцизделетін тауарлардың ысырабы, сондай-ақ өндірушінің нормативтік және техникалық құжаттамасында регламенттелетін нормалар шегіндегі ысыраптар жоғалу болып табылмайды.
469-бап. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлiнуi, жоғалуы
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген, жоғалған кезде акциз мәлімделген ассортимент мөлшерінде төленеді.
Осы Кодекстің 172-бабына сәйкес алкоголь өнімін таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның ішінде ұрланған) есепке алу-бақылау маркалары бойынша акцизді есептеу маркада көрсетілген сауыттың (ыдыстың) көлеміне қолданылатын белгіленген мөлшерлемелер негізге алына отырып жүргізіледі.
2. Темекі бұйымдарының импорты кезінде берілген акциздік маркалар, есепке алу-бақылау маркалары бүлiнген, жоғалған кезде төленген акциз сомалары мынадай:
1) акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған;
2) бүлiнген акциздік маркаларды, есепке алу-бақылау маркаларын салық органдары есептен шығару және жою туралы актінің негiзiнде қабылдаған жағдайларда қайта есептеуге жатады.
3. Темекі бұйымдарына берілген акциздік маркалар бүлiнген, жоғалған кезде мынадай:
1) акциздік маркалардың бүлінуі, жоғалуы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған;
2) бүлінген акциздік маркаларды салық органдары есептен шығару және жою туралы актінің негізінде қабылдаған жағдайларда акциз төленбейді.
470-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткiзуге жатқызу өлшемшарттары
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын қабылдауға және оларды одан әрi өткiзу үшiн, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
1) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өндiрушi;
2) өзіне меншік құқығында тиесілі алыс-беріс шикізатын оларды одан әрі өткізу мақсатында қайта өңдеу нәтижесінде бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) және (немесе) дизель отынын алған мұнай беруші;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебінде тұрған және Қазақстан Республикасының аумағына меншікті бензинін (авиациялық бензиндi қоспағанда) және (немесе) дизель отынын одан әрi өткiзу мақсатында әкелуді жүзеге асырған салық төлеушi өнім берушілер болып табылады деген шартпен пайдалануға міндеттенсе, аталған акцизделетiн тауарларды өткiзу көтерме саудада өткiзу саласына жатқызылады.
Көтерме саудада өткізу саласына бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын одан әрі өткізу үшін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне тиеп-жөнелту де жатады.
2. Бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзу саласына осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнім берушілер жүзеге асыратын мынадай операциялар жатады:
1) мұнай өнімдерін өндірушінің алыс-беріс шикізаты мен материалдарынан дайындалған бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын тұлғаларға олардың өндiрiстiк мұқтаждары үшiн өткiзуі, сондай-ақ беруі;
2) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын жеке тұлғаларға өткiзу;
3) өндiрiлген немесе одан әрi өткiзу үшiн сатып алынған бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өзiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалану.
471-бап. Акцизделетiн тауарлар экспортын растау
1. Акцизделетін тауарлар экспортын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:
1) экспортталатын акцизделетiн тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт);
2) акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгiсi бар тауарларға арналған декларация немесе кеден органы растаған оның көшiрмесi.
Акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде магистральдық құбыржолдар жүйесiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмiн қолдана отырып әкеткен жағдайда, кедендік декларациялауды жүргiзген кеден органының белгісі бар тауарларға арналған толық декларация экспортты растау болады;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткiзу пунктiнде орналасқан кеден органының белгiсi бар тауардың iлеспе құжаттарының көшiрмелерi.
Акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде магистральдық құбыржолдар жүйесiмен әкеткен жағдайда тауардың iлеспе құжаттары көшiрмелерiнің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актiсi ұсынылады;
4) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашылған Қазақстан Республикасындағы банктік шоттарына акцизделетiн тауарларды өткізуден түсетін түсімнің іс жүзінде түскенін растайтын төлем құжаттары мен банктің үзінді көшiрмесi.
2. Акцизделетiн тауарлардың Қазақстан Республикасы акцизделетiн тауарлар экспортын акцизден босатуды көздейтiн халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді қоспағанда) экспорты кезінде Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан экспорттың кедендік рәсімінде әкетілген, акцизделетiн тауарлар импортының елінде ресiмделген тауарларға арналған декларация акцизделетiн тауарлар экспортын растайтын қосымша құжат болып табылады.
3. Акцизделетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына экспорты кезінде осы Кодекстің 464-бабының 3-тармағына сәйкес акциз төлеуден босатудың негізділігін растау үшін салық төлеуші орналасқан жері бойынша салық органына акциз бойынша декларациямен бір мезгілде осы Кодекстің 447-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоспағанда, осы Кодекстің 447-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
Бұл ретте салық төлеуші акциз бойынша декларацияны қоспағанда, көрсетілген құжаттарды салық органына операция жасалған күннен бастап күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде ұсынуға құқылы.
4. Салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзінде әкету туралы хабарламасы бар электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да акцизделетін тауарлар экспортын растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
5. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткiзу осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, мұндай өткiзуге Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарларды өткiзу үшiн осы бөлімде айқындалған тәртiппен акциз салынуға жатады.
6. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімдер өткен соң расталған жағдайда, осы баптың 5-тармағына сәйкес төленген акциз сомалары осы Кодекстің 101 және 102-баптарына сәйкес есепке жатқызуға және қайтаруға жатады.
Бұл ретте акцизделетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына экспортқа өткізуді растамауға байланысты есепке жазылған өсімпұлдың төленген сомасы қайтаруға жатпайды.
472-бап. Акциз сомасын есептеу
Акциз сомасын есептеу белгiленген акциз мөлшерлемесін салықтық базаға қолдану арқылы жүргiзiледi.
473-бап. Салықтық базаны түзету
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салықтық база акцизделетін тауарды қайтару жүргізілген салықтық кезеңде түзетіледі.
Осы бапқа сәйкес салықтық базаның мөлшерін түзету түзетуге жататын акциз сомасы бөлек жолмен бөліп көрсетілген қосымша шот-фактураның, сондай-ақ акцизделетін тауарды қайтару үшін негізді растайтын екіжақты актілердің және шартта (келісімшартта) көрсетілген қайтару жағдайларының туындағанын растайтын басқа да құжаттардың негізінде жүргізіледі.
Акцизделетін тауарларды өндіріс мекенжайына өндірушіге қайтарған кезде салықтық базаның мөлшерін түзету, егер өндіруші акцизделетін тауарлардың өндіріс мекенжайынан орнын ауыстырған, бірақ оларды өткізбеген жағдайда, өндірушінің тауарларға ілеспе құжаттарының негізінде жүргізіледі.
Акцизделетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импорты кезінде салықтық базаныың мөлшерін түзету осы Кодекстің 459-бабының 1, 2, 3 және 4-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 462-бабының 3) тармақшасында көрсетілген акцизделетін тауар бойынша салықтық базаны, егер осындай акцизделетін тауар бойынша лицензияда көрсетілген өндірістің мекенжайынан өндіруші жүзеге асырған оның орын ауыстыруына байланысты бұрын акциз төленген жағдайда, акцизделетін тауарды өндіруші экспортқа өткізілген акцизделетін тауар көлеміне түзетеді.
Осы тармақта көзделген салықтық базаны түзету осындай акцизделетін тауар экспортқа өткізілген салықтық кезеңде жүргізіледі.
Бұл ретте осындай түзету ескеріле отырып, салықтық базаның теріс мәні болуы мүмкін.
474-бап. Салықтан шегеру
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 472-бабына сәйкес есептелген акциз сомасын осы бапта белгiленген шегерулерге азайтуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес басқа акцизделетін тауарларды өндіру үшін негізгі шикізат ретінде пайдаланылған акцизделетін тауарлар бойынша Қазақстан Республикасында төленген акциз сомалары шегеруге жатады.
3. Мыналар:
1) акцизделетiн тауарларды сатып алған немесе Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде Қазақстан Республикасының аумағында;
2) өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін;
3) акцизделетін алыс-беріс шикізатынан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомалары шегеруге жатады.
Спирттің барлық түріне, шикі мұнайға, газ конденсатына акциз сомалары шегеруге жатпайды.
4. Шегеру салық кезеңiнде акцизделетiн тауарлар дайындауға іс жүзінде пайдаланылған акцизделетiн шикiзат көлемi негізге алынып есептелген акциз сомасына жүргізіледі.
5. Акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу кезінде төленген акциз сомасын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) акцизделетін шикізатқа төлем жасалғанын растайтын төлем құжаттары немесе бақылау-касса машинасының чектері қоса берілген кіріс-кассалық ордерге түбіртек;
3) акцизделетін шикізат беруге тауар-көлік жүкқұжаттары;
4) акциз сомасы бөлек жолмен бөліп көрсетілген шот-фактура;
5) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
6) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
6. Өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін төленген акциз сомаларын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акциздің бюджетке төленгенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
2) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
3) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
7. Акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағына импорттаған кезде Қазақстан Республикасында төленген акциз сомасын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) кедендік декларациялау кезінде акциздің бюджетке төленгенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған кезде импортталатын акцизделетін шикізатқа тауарларға арналған декларация немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған кезде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш;
4) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
5) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
8. Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін алыс-беріс шикізатынан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомасы да мынадай құжаттар болған кезде шегеруге жатады:
1) акцизделетін алыс-беріс шикізатының меншік иесі мен қайта өңдеуші арасындағы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу туралы шарт;
2) акцизделетін алыс-беріс шикізаты меншік иесінің акцизді бюджетке төлегенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізатты беруге арналған жүкқұжат немесе қабылдап алу-беру актісі.
9. Акцизделетін тауарларды өндірушілер акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған немесе импорттаған кезде төлеген акциз сомалары осы шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарлар үшін есептелген акциз сомасынан асып кеткен жағдайда, мұндай асып кету сомасы шегеруге жатпайды.
475-бап. Акциз төлеу мерзімдері
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, акцизделетін тауарларға арналған акциз есепті салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей бюджетке аударылуға жатады.
2. Алыс-беріс шикiзаты мен материалдардан өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бойынша акциз өнім тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға берiлген күнi төленедi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген шикi мұнайды, газ конденсатын өнеркәсiптiк қайта өңдеуге беру кезінде акциз олар берiлген күнi төленедi.
4. Шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, осы Кодекстiң 462-бабының 2) тармақшасында белгiленген акцизделетiн тауарларға акциз есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейiн төленедi.
5. Салық органдарының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша акциздің төлену фактісін тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште тиісті белгі қою арқылы растауы не растаудан уәжді бас тартуы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
476-бап. Акциз төленетін жер
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, акциз төлеу салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүргiзiледi.
2. Бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын акциз төлеушiлер акцизді салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша төлейдi.
3. Акцизделетін тауарлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған жағдайда акциз төлеу акциз төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша жүргізіледі.
477-бап. Салық төлеушiлердiң құрылымдық бөлiмшелер, салық салуға байланысты объектілер үшiн акциз есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер салықтық кезең ішінде жасаған акциз салынатын операциялар бойынша акциздің есеп-қисаптары (бұдан әрі бөлім бойынша - акциз бойынша есеп-қисап) жеке-жеке жасалады.
Акциз бойынша есеп-қисап негізінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз сомасы айқындалады.
2. Акциз төлеушілер заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша салық органдарына акциз бойынша есеп-қисапты осы Кодекстің 478-бабында белгіленген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
Бір салық органында тіркелген салық салуға байланысты бірнеше объектісі бар акциз төлеушілер барлық объектілер үшін акциз бойынша бір есеп-қисап ұсынады.
3. Ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері, салық салуға байланысты объектілер үшiн акциз төлеудi акциз төлеушi заңды тұлға тiкелей өзiнiң банктік шотынан жүргізедi немесе ол заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне жүктеледi.
4. Дара кәсіпкерлер салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз бойынша есеп-қисапты салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша ұсынады.
478-бап. Салықтық кезең және акциз бойынша салық декларациясы