46-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША ЕСЕПКЕ ЖАТҚЫЗУ
400-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, солар үшін төлеуге жататын және мыналарда:
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда - қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп және өнім беруші салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып, мынадай құжаттардың бірінде:
шот-фактураны жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактурада немесе жол жүру билетінде (қағаз жеткізгіште, электрондық билетте, электрондық жол жүру құжатында);
жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңде алынған мерзімді баспасөз басылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өнімінің құнына тура келетін бөлікте осы Кодекстің 414-бабында сәйкес жазып берілген шот-фактурада;
мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығару кезінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жазып берген шот-фактурада көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады. Қосылған құн салығының сомасы мынадай формула бойынша, бірақ осы тауарларды мемлекеттік материалдық резервке беру кезінде төленген салық сомасынан аспайтындай болып айқындалады:
ҚҚС = ҚШТ х МҚҚС / (100 % + МҚҚС), мұнда:
ҚҚС - қосылған құн салығының сомасы;
ҚШТ - қосылған құн салығы салынатын шығарылатын тауарлардың құны;
МҚҚС - тауарлар шығарылған күнге қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесі;
2) тауарлар импортталған жағдайда - Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген тауарларға арналған декларацияда, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және кедендік рәсімнің шарттарына сәйкес қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай немесе тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (өтініштерде) көрсетілген салық сомасымен сәйкес келетін, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай;
3) бейрезидент берген және осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының айналымы болып табылатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда - қосылған құн салығы бойынша декларацияда, бірақ төлем құжатында немесе салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша берген және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген салық сомасынан аспайтындай;
4) осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлға қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған жағдайда - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге меншік құқығында болатын тауарлар бойынша, осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының біріне сәйкес осындай сома расталған жағдайда, осындай тұлға осы Кодекстің 215-бабының 4-тармағына сәйкес жасаған салықтық тіркелімде көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
Осы тармақшаның ережелері қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға алған тауарларға қатысты қолданылмайды.
2. Жеке тұлға олар бойынша шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлеушінің шығыстары деп танылған және осы Кодекстің 244-бабына сәйкес қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар ретінде шегерімдерге жатқызылуға тиіс көрсетілетін қызметтерді алған жағдайда, қосылған құн салығын осындай төлеушінің осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының талаптарын сақтаған кезде аталған көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу үшін бірнеше негіз болған кезде қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу неғұрлым ерте болатын негіз бойынша бір рет жүргізіледі.
4. Осы Кодекстің 401-бабына сәйкес айқындалған дәл сол салықтық кезеңде осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген жағдайлар басталған кезде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшері осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген алып тастау, ұлғайту немесе азайту ескеріле отырып айқындалады.
5. Қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін, салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты тарату декларациясы берілген салықтық кезеңде қосылған құн салығының асып кету сомасына азайтуға жатады.
6. Осы баптың ережелеріне сәйкес келмейтін қосылған құн салығының, сондай-ақ осы Кодекстің 402-бабында көрсетілген қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
401-бап. Қосылған құн салығын есепке жатқызу күні
1. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алу күні;
2) осы Кодекстің 400-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын шот-фактураны немесе өзге де құжатты жазып беру күні.
Осы тармақтың мақсаттары үшін түзетілген болып табылмайтын шот-фактуралар есепке алынады.
Егер электрондық нысанда жазып берілген шот-фактурада қағаз жеткізгіште жазып беру күні көрсетілсе, онда осы тармақтың мақсаттары үшін осындай күн шот-фактураны жазып беру күні болып танылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 2 - 6-тармақтарында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
2. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде осы Кодекстің 102 және 103-баптарында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүргізілген кедендік ресімдеу күні немесе импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.
3. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады:
1) бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде осы Кодекстің 102 және 103-баптарында айқындалған тәртіппен есепке жатқызуларды жүргізу арқылы салықты төлеу есебіне жүзеге асыру күні;
2) қосылған құн салығы бойынша декларацияда осындай салық есептелген салықтық кезеңнің соңғы күні.
4. Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
5. Қосымша шот-фактура бойынша, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осындай шот-фактураны жазып беру күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
6. «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр және (немесе) жылу энергиясын, жүйелік көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымды жасау күні тура келетін салықтық кезеңде есепке алынады.
402-бап. Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы
1. Мыналарды:
1) егер қосылған құн салығын төлеуші осы Кодекстің 407 және 409-баптарына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу арқылы әдісін қолданса, салық салынбайтын айналым мақсатында пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
2) негізгі құралдар ретінде есепке алынған (есепке алынатын) жеңіл автомобильдерді;
3) мыналар:
есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта осындай құжатты жазып берген тұлғаның және (немесе) осындай құжат жазып берілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірі көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;
шот-фактурада құжатты жазып беру күні, шот-фактураның нөмірі, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы, салық салынатын айналымның мөлшері туралы деректер көрсетілмеген;
шот-фактура осы Кодекстің 412-бабының талаптарына сәйкес куәландырылмаған;
шот-фактура осы Кодекстің 412-бабының талаптарын бұза отырып, қағаз жеткізгіште жазып берілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
4) төлемнің мерзімділігіне қарамастан, азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемі қосылған құн салығы ескеріле отырып, қолма-қол есеп айырысу арқылы жүргізілген және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлемді жасау күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асып кететін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
5) қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
6) осы Кодекстің 252 және 253-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банктегі арнайы депозиттік шотта орналастырылған тарату қорының қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
7) осы Кодекстің 291-бабының 1-тармағында айқындалған дербес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген, өздері алған нысаналы салым немесе осындай нысаналы салымның қаражатынан өтеусіз негізде қаржыландыру есебінен сатып алған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы деп танылады.
2. Мыналар:
1) комиссионерден - комиссия шартының талаптарына сәйкес келетін талаптармен комитент үшін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы;
2) экспедитордан - көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін осындай шарт бойынша міндеттерді орындау кезінде тасымалдаушыдан және (немесе) басқа да өнім берушілерден сатып алынған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылмайды.
3. Тұрғын ғимаратты салуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған тұрғын ғимаратты салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетін қызметтер бойынша қосылған құн салығын осы Кодекстің 410-бабында көрсетілген мақсаттар үшін салықтық тіркелімде бөлек есепке алады және декларацияда:
тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігін өткізу немесе жалға беру жағдайы басталғанға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай тұрғын ғимарат пайдалануға қабылданғанға дейін көрсетеді.
Мұндай қосылған құн салығы одан әрі осы Кодекстің 410-бабында айқындалған тәртіппен есепке алынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін мұндай құрылыс объектісі немесе оның бір бөлігі аяқталмаған құрылыс объектісі түрінде өткізілген кезде осындай өткізу күніне бөлек есепке алынатын қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызуға рұқсат етілген, осы Кодекстің 410-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалатын қосылған құн салығының сомасына азайтылады.
403-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан алып тастау
Бұрын есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
1) шот-фактураны және (немесе) өзге де құжатты жазып беру әрекетін (әрекеттерін) сот жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасады деп таныған мәміле (операция) бойынша;
2) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша;
3) қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіз болып табылатын құжатта қате көрсетілген сома бөлігінде;
4) сот осындай салық төлеушіден тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде алынғанын анықтаған мәмілелерді қоспағанда, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) мұндай заңды тұлғаның заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған тіркелуіне (қайта тіркелуіне) және (немесе) қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруына қатысы болмаған, осы Кодекстің 85-бабы 6-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес салық органының шешімі негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алынған салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған мәмілелер бойынша алып тастауға жатады.
Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасынан осы бапта көзделген алып тастау ол үшін декларацияда қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы ретінде танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
404-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Осы бапта және осы Кодекстің 405-бабында белгіленген жағдайларда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту немесе азайту есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету болып табылады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Есепке жатқызуға жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту өздері бойынша қосылған құн салығы бұрын есепке жатқызуға жатқызылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша мынадай жағдайларда
1) болуына байланысты салық төлеуші осы Кодекстің 407 және 408-баптарына сәйкес пропорционалды әдісті қолданған салық салынбайтын айналымның мақсатында пайдаланылғандарды қоспағанда, салық салынатын айналым мақсатынсыз пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша;
2) өздері бүлінген, жоғалған жағдайда (төтенше жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда) тауарлар бойынша жүргізіледі. Бұл ретте тауардың бүлінуі тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, соның салдарынан аталған тауар салық салынатын айналымның мақсаттары үшін пайдаланылмайды. Соның салдарынан тауар жойылған немесе ысырап болған оқиға тауардың жоғалуы деп түсініледі. Салық төлеушi табиғи кемудің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалары шегiнде шеккен тауарлар ысырабы жоғалу болып табылмайды;
3) табиғи монополия субъектісі шеккен нормативтен тыс ысыраптар бойынша;
4) жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүлік бойынша;
5) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне беретін пайдалы қазбалардың көлемдері бойынша;
6) осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жүргізіледі.
3. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жүргізіледі.
Осы Кодекстің 383-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ұлғайту немесе азайту салық салынатын айналымның мөлшерін ұлғайту немесе азайту жағына қарай түзетуге байланысты, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші жазып берген қосымша шот-фактурада көрсетілген қосылған құн салығының сомасы мөлшерінде жүргізіледі.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осындай жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргiзiледi.
5. Осы баптың 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында белгіленген жағдайларда, сатып алынған, салынған, жасалған тауарлар бойынша, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбай, сол күнге бухгалтерлік есептің деректері бойынша тауарлардың баланстық құнына түзетуді жүзеге асыру күніне қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесін қолдану арқылы айқындалатын қосылған құн салығы сомасының мөлшерінде жүргізіледі.
6. Егер өткізу бойынша осындай айналым жасалғанға дейін қосылған құн салығы есепке жатқызылған бөлінетін жер учаскесінің бір бөлігін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру жөніндегі өткізу бойынша айналым осы Кодекстің 409-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын осы Кодекстің 396-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылған болып табылған жағдайда, онда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осындай жер учаскесіне тура келетін қосылған құн салығының сомасына жүргізіледі, ол мынадай формула бойынша айқындалады:
ҚҚСтүз = ҚҚСеж/ Sжер х Sжал, мұнда:
ҚҚСтүз - қосылған құн салығын түзету сомасы;
ҚҚСеж - бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығының сомасы;
Sжал - жер учаскесі бөлінгенге дейін оның жалпы алаңы;
Sжер - иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету құқығын беру бойынша айналымы осы Кодекстің 409-бабына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын осы Кодекстің 396-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын жер учаскесінің алаңы.
7. Осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 372-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, осы бапта көзделген түзету жүргізілмейді.
8. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы осы бапта көзделген түзету ескеріле отырып, теріс мәнге ие болуы мүмкін.
405-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша, міндеттемелерді есептен шығару кезінде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомаларын түзету
1. Егер сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттеменің бір бөлігі немесе бүкіл мөлшері осы Кодекстің 230-бабына сәйкес күмәнді болып танылса, онда осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары негізінде бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығынан басқа, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын күмәнді міндеттеменің мөлшеріне сәйкес келетін мөлшерде осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бұрын есепке жатқызылатын деп танылған қосылған құн салығының сомасына азайту жағына қарай түзету жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету мынадай:
орындау мерзімі айқындалған, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі аяқталған күннен кейінгі;
орындау мерзімі айқындалмаған, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жөніндегі міндеттеме бойынша тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету күнінен бастап есептелетін үш жылдық кезең өткен салықтық кезеңде жүргізіледі.
2. Егер есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы азайту жағына қарай түзетілгеннен кейін қосылған құн салығын төлеуші тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуді жүргізген жағдайда, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын ақы төлеу жүргізілген салықтық кезеңде ақы төлеу сомасына сәйкес келетін мөлшерде аталған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша салық сомасына ұлғайту жағына қарай түзету жүргізіледі.
3. Осы Кодекстің 229-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайларда, осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілмеген міндеттемелер есептен шығарылған кезде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту жағына қарай түзету бұрын есепке жатқызылатын деп танылған, осындай міндеттеменің құрамында төлеуге жататын қосылған құн салығы сомасының мөлшерінде жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету осындай жағдайлар басталған кезеңде жүргізіледі.
4. Егер сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша міндеттеме әділет органдарының банкрот деп танылған қосылған құн салығын төлеушіні-өнiм берушiні Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау туралы шешімі шығарылған күнге толық немесе ішінара қанағаттандырылмаған жағдайда, онда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын азайту жағына қарай түзету, егер мұндай түзету осы баптың 1-тармағына сәйкес жүргізілмесе, бұрын есепке жатқызылатын деп танылған, осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төлеуге жататын қосылған құн салығының сомасы мөлшерінде жүргізіледі. Осы тармақта көзделген түзету әділет органдарының көрсетілген шешімі шығарылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
5. Осы бапта көзделген түзету олар бойынша түзету жүргізілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші жазып берген шот-фактурада көрсетілген, қосылған құн салығының мөлшерлемесі бойынша жүргізіледі.
406-бап. Түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы салықтық кезең үшін мынадай тәртіппен есептеледі:
осы Кодекстің 400-бабына сәйкес айқындалған, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы,
алу
осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген, есепке жатқызылатын қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы,
қосу
осы Кодекстің 404-бабының 3-тармағында және 405-бабының 2-тармағында көзделген, есепке жатқызылатын қосылған құн салығын ұлғайту жағына қарай түзету сомасы.
2. Осы бапқа сәйкес айқындалған, түзету ескеріле отырып, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы теріс мәнге ие болуы мүмкін.
407-бап. Есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомаларын айқындау әдістері
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы баптың 3-тармағында көрсетілгеннен басқа қосылған құн салығын төлеуші есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасын мынадай әдістердің бірімен:
пропорционалды әдіспен;
салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын бөлек есепке алуды жүргізу арқылы айқындайды.