7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жағдайларда жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережелері деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарына қолданылмайды.
2. Салық органында бақылау-касса машинасын есептен шығару:
1) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары бойынша - фискалдық деректер операторының мәліметтері;
2) деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналары бойынша - бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтініш негізінде жүзеге асырылады.
3. Аппараттық-бағдарламалық кешенді қоспағанда, деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есептен шығару үшін оны пайдалану жері бойынша салық органына:
1) бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтініш;
2) салық органының пломбасы орнатылған фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасы;
3) нөмірленген, тігілген, лауазымды адамның қолымен және салық органының мөрімен куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектері кітабы;
4) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы ұсынылады.
4. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есептен шығару үшін салық төлеуші салық органына бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады және «Салық инспекторының жұмыс орны» модуліне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
5. Салық органы бақылау-касса машинасын есептен шығаруды:
1) фискалдық деректер операторының мәліметтерін;
2) бақылау-касса машинасын салық органында есептен шығару туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
170-бап. Мемлекеттік тізілім
1. Уәкілетті орган бақылау-касса машиналарының модельдерін мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) енгізу (алып тастау) арқылы мемлекеттік тізілімді жүргізеді.
2. Бақылау-касса машиналарының модельдерін мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) енгізу (алып тастау) тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 171-бап өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
171-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, сақтау және салық органдарына беру тәртібі
Деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдауды, сақтауды, сондай-ақ оларды салық органдарына беруді фискалдық деректер операторы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте уәкілетті орган фискалдық деректер операторын тізбеге (тізбеден) қосу (алып тастау) арқылы фискальдық деректер операторларының тізбесін жүргізеді.
Фискалдық деректер операторын тiзбеге (тізбеден) қосу (алып тастау) тәртібін, сондай-ақ фискальдық деректердің әлеуеттi операторына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын уәкiлеттi орган ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша айқындайды.
20-тарау. САЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ НЫСАНДАРЫ
172-бап. Қазақстан Республикасында өндірілген немесе Қазақстан Республикасына импортталған акцизделетін тауарларды бақылау
1. Салық органдары акцизделетiн тауарларды өндiрушiлердiң, олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалардың, борышкердің мүлкiн (активтерiн) өткiзу кезінде банкроттықты және оңалтуды басқарушылардың осы бапта айқындалған акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн таңбалау, акцизделетiн тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағында орын ауыстыру тәртiбiн сақтауы бөлiгiнде, сондай-ақ акциздiк бекеттер орнату арқылы акцизделетiн тауарларға бақылауды жүзеге асырады.
2. Шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнімі - есепке алу-бақылау маркаларымен, темекі бұйымдары - акциздік маркалармен таңбалануға жатады.
3. Таңбалауды акцизделетiн тауарларды өндiрушiлер мен импорттаушылар, борышкердiң мүлкiн (активтерiн) өткiзу кезінде банкроттықты және оңалтуды басқарушылар жүзеге асырады.
4. Мынадай алкоголь өнiмi - есепке алу-бақылау маркаларымен және темекi бұйымдары акциздiк маркалармен:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспортталатын;
2) бажсыз сауданың кедендiк рәсімімен орналастыруға арналған, бажсыз сауда дүкендерінің иелері Қазақстан Республикасының аумағына әкелетiн;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелудің (рұқсат берудің) және уақытша әкетудің кедендік рәсімдерінде әкелінетін, оның ішінде жекелеген даналарда жарнама жасау және (немесе) демонстрациялау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін;
4) кедендік транзиттің кедендік рәсімінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізілетін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізілетін;
5) Қазақстан Республикасының аумағына жиырма бір жасқа толған жеке тұлға - үш литрден аспайтын шекте әкелетін (жөнелтетін) алкоголь өнiмi, сондай-ақ он сегiз жасқа толған жеке тұлға екі жүз сигареттен немесе елу сигарадан (сигарилладан) немесе темекiнiң екі жүз елу грамынан аспайтын шекте не көрсетілген бұйымдарды жалпы салмағы екі жүз елу грамнан аспайтын ассортиментте әкелетiн (жөнелтетін) темекi мен темекi бұйымдары мiндеттi таңбалауға жатпайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалауға жататын акцизделетін тауарлардың акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларынсыз, сондай-ақ белгіленбеген үлгідегі және (немесе) сәйкестендіруге келмейтін маркалары бар акцизделетін өнімді сақтау, өткізу және (немесе) тасу түріндегі айналымына тыйым салынады.
6. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарларды жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалау уәкілетті орган айқындайтын мерзімдерде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасына алкоголь өнімінің импортын жүзеге асыратын тұлға Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалануы туралы міндеттемесін ұсынады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Импорттаушының Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін ұсынылады.
9. Импорттаушы Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін ұсынбаған жағдайда импорттаушыға есепке алу-бақылау маркалары берілмейді.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша салу арқылы, сондай-ақ импорттаушының таңдау бойынша мынадай тәсілдердің кез келгені:
1) банк кепілдігі;
2) кепілгерлік;
3) мүлік кепілі арқылы қамтамасыз етіледі.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Ақшаны уақытша орналастыру шотын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 12-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның ақшаны уақытша орналастыру шоты Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттауды жүзеге асыратын тұлғаның ақша салуына арналған.
Ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша салу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Импорттаушы ақшамен қамтамасыз етілген, Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін орындамаған кезде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бес жұмыс күні өткен соң ақшаны уақытша орналастыру шотынан ақшаны бюджет кірісіне аударады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның ақшаны уақытша орналастыру шотына салынған ақшаны қайтару (есепке жатқызу) импорттаушының Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін орындағаны туралы есебі ұсынылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
15. Осы бапқа сәйкес:
1) шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнiмiн - есепке алу-бақылау маркаларымен және темекi бұйымдарын акциздiк маркалармен таңбалау (қайта таңбалау) қағидаларын, сондай-ақ акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларының нысанын, мазмұнын және қорғау элементтерiн уәкілетті орган бекiтедi;
2) акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларын алу, есепке алу, сақтау, беру және импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнiмiн импорттау кезiнде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы мiндеттемесiн, есебiн ұсыну қағидаларын, сондай-ақ осындай мiндеттеменi есепке алу тәртiбi мен қамтамасыз ету мөлшерiн уәкілетті орган бекiтедi;
3) акциздік бекеттің қызметін ұйымдастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
4) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 24-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
4) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлеріне ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу қағидалары акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
16. Салық органдары этил спирті мен алкоголь өнімін (сырадан және сыра сусынынан басқа), бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынын және темекі бұйымдарын өндіруді жүзеге асыратын салық төлеушінің аумағына акциздік бекеттер орнатады.
17. Акциздік бекеттің орналасқан жерін және жұмыскерлерінің құрамын, оның жұмыс регламентін салық органы айқындайды.
Акциздік бекет жұмыскерлерінің құрамы салық органы лауазымды адамдарының арасынан қалыптастырылады.
18. Акциздік бекеттегі салық органының лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың өндірісі мен айналымын реттейтін заңнамасының талаптарын салық төлеушінің сақтауын;
2) акцизделетін тауарлардың тек қана өлшеуіш аппараттары арқылы бөлінуін және (немесе) босатылуын немесе есепке алу аспаптары арқылы өткізілуін (құйылуын), сондай-ақ осындай есепке алу аспаптарының пломбаланған түрде пайдаланылуын;
3) салық төлеушінің акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін таңбалау тәртібін сақтауын;
4) дайын өнімнің, есепке алу-бақылау маркаларының немесе акциздік маркалардың қозғалысын бақылауды жүзеге асырады.
19. Акциздік бекеттегі салық органының лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, акцизделетін тауарларды өндіру, сақтау және өткізу үшін пайдаланатын салық төлеушінің әкімшілік, өндірістік, қойма, сауда, қосалқы үй-жайларын зерттеп-қарауға;
2) акцизделетін тауарларды өткізу кезінде қатысуға;
3) салық төлеушінің аумағынан (аумағына) шығып бара жатқан (кіріп келе жатқан) жүк көлік құралдарын қарап-тексеруге құқылы.
20. Акциздік бекеттегі салық органы лауазымды адамының акциздік бекеттің қызметін ұйымдастыру тәртібінде көзделген өзге де құқықтары бар.
173-бап. Трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау
Салық органдары мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылауды Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырады.
174-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын бақылау
1. Салық органы мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, ол өткізілген жағдайда ақшаның бюджетке толық және уақтылы түсуін, сондай-ақ мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде беру тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
175-бап. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау
1. Салық органдары осы бапта айқындалған тәртіппен уәкiлеттi мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
Уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, сондай-ақ салық органдарына мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, салық органдарына мүлік, көлік құралдары салығы, жер салығы және төлемдер бойынша мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша салық органдарының бақылауды тағайындау туралы шешiмi (бұдан әрі - шешім) уәкiлеттi мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - уәкілетті мемлекеттік органдар) қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшiн негiз болып табылады, онда мынадай деректемелер:
1) шешiмнiң салық органдарында тiркелген күнi мен нөмiрi;
2) уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы және сәйкестендiру нөмiрi;
3) бақылауды тағайындау негiздемесi;
4) салық органдарының бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарының осы бапқа сәйкес бақылауды жүзеге асыруға тартылатын мамандарының лауазымы, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) бақылауды жүзеге асыру мерзiмi;
6) бақылау кезеңі;
7) бақылауды жүзеге асыру мәселелері;
8) уәкiлеттi мемлекеттік органның шешiммен танысқаны және оны алғаны туралы белгiсi қамтылады.
Шешім бақылауды жүзеге асыру басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Салық органдарының шешiмде көрсетiлген лауазымды адамдары, осы бапқа сәйкес бақылау жүргiзуге тартылатын өзге де адамдар және уәкiлеттi мемлекеттік органдар бақылауға қатысушылар болып табылады.
Уәкiлеттi мемлекеттік органдар бақылауды жүзеге асыру кезінде салық органдарының бақылауды жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуына, салық органдарының лауазымды адамдарын салық салу объектілерін зерттеп-қарауға жіберуге жәрдем көрсетеді.
Бұл ретте уәкiлеттi мемлекеттік органдарды бақылау салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердiң бір түрi бойынша да, бірнеше түрi бойынша да бір мезгiлде жүргiзiлуi мүмкiн.
Құжаттар мен мәліметтер алуға, сондай-ақ салық салу объектілерін зерттеп-қарауға кедергi келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамдарын бақылауды жүзеге асыру үшін жібермеу туралы акт жасалады.
Салық органдарының лауазымды адамдарын бақылауды жүргізу үшін жібермеу туралы актiге - бақылауды жүзеге асыратын салық органының және уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары қол қояды. Көрсетiлген актiге қол қоюдан бас тартқан кезде уәкілетті мемлекеттік орган бас тарту себебiне жазбаша түсiнiктеме беруге мiндеттi.
Уәкілетті мемлекеттік орган шешімнің данасын (көшірмесін) алған күн немесе уәкілетті мемлекеттік органның шешім данасына қол қоюдан бас тартуы туралы акт жасалған күн бақылау жүргiзудiң басталуы болып есептеледi.
Уәкілетті мемлекеттік орган шешімінің данасына қол қоюдан бас тартқан жағдайда, салық органының бақылау жүргiзетiн жұмыскерi куәгерлердi (кемінде екеу) тарта отырып, қол қоюдан бас тарту туралы акт жасайды. Бұл ретте қол қоюдан бас тарту туралы актiде:
1) жасалған орны мен күнi;
2) салық органының акт жасаған лауазымды адамының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
3) тартылған куәгерлердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке куәлiгiнiң нөмiрi, тұрғылықты жерiнiң мекенжайы;
4) шешімнің нөмiрi, күнi, уәкілетті мемлекеттік органның атауы, оның сәйкестендiру нөмiрi;
5) шешім данасына қол қоюдан бас тартудың мән-жайлары көрсетiледi.
Уәкілетті мемлекеттік органның шешімді алудан бас тартуы салықтық бақылаудың күшін жоюға негіз болып табылмайды.
3. Бақылауды жүргiзу мерзiмi уәкiлеттi мемлекеттік органға бақылауды тағайындау туралы шешiм табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Бақылауды тағайындаған салық органы көрсетiлген мерзiмдi елу жұмыс күнiне дейiн ұзартуы мүмкiн.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін бақылау жылына бір реттен жиі жүзеге асырылмайды.
4. Бақылау жүргiзу мерзiмiнiң өтуі уәкiлеттi мемлекеттік органға салық органының құжаттарды ұсыну туралы талаптарын табыс ету күнi мен уәкiлеттi мемлекеттік органның бақылауды жүргiзу кезiнде сұратылатын құжаттарды ұсыну күнi арасындағы, сондай-ақ салық органының басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы аумағында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға сұрау салуды жiберу күні мен көрсетілген сұрау салу бойынша мәлiметтер мен құжаттарды алу күні арасындағы уақыт кезеңiне тоқтатыла тұрады.
5. Бақылау мерзiмiн тоқтата тұру (қайта бастау) кезінде салық органдары уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлама жібереді, онда мынадай деректемелер:
1) бақылауды жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы хабарламаның салық органында тiркелген күнi мен нөмiрi;
2) салық органының атауы;
3) тексерiлетiн уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы және сәйкестендiру нөмiрi;
4) тоқтатыла тұрған (қайта басталған) бұйрықтың күні мен тіркеу нөмірі;
5) бақылауды тоқтата тұру (қайта бастау) қажеттігінің негіздемесі;
6) бақылауды жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы хабарламаны табыс ету және алу күні туралы белгі көрсетіледі.
Бақылау мерзімін, кезеңін ұзарту, тоқтата тұру және (немесе) бақылауға қатысушылардың тізімін өзгерту кезінде шешімге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қосымша шешім ресімделеді.
6. Бақылау аяқталған соң салық органының лауазымды адамы бақылау актiсiн жасайды, онда:
1) бақылау жүзеге асырылған жер, бақылау актiсi жасалған күн;
2) салық органының атауы;
3) салық органының бақылауды жүргiзген лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
4) уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы, сәйкестендiру нөмiрi және мекенжайы;
5) уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының және лауазымды адамдарының тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
6) келiсiмiмен және қатысуымен бақылау жүзеге асырылған уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
7) алдыңғы бақылау туралы және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәлiметтер;
8) жүргiзiлген бақылау нәтижелерi;
9) басқа да мемлекеттік органдардың бақылауды жүзеге асыруға тартылатын мамандарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетіледі.
7. Уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы бақылау актісінің данасына қол қоюдан бас тартқан жағдайда, салық органының бақылауды жүзеге асыратын жұмыскерi куәгерлердi (кемінде екеу) тарта отырып, қол қоюдан бас тарту туралы акт жасайды. Бұл ретте қол қоюдан бас тарту туралы актiде:
1) жасалған орны мен күнi;
2) салық органының акт жасаған лауазымды адамының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
3) тартылған куәгерлердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi, тұрғылықты жерi;
4) шешімнің нөмiрi, күнi, уәкілетті мемлекеттік органның атауы, оның сәйкестендiру нөмiрi;
5) шешім данасына қол қоюдан бас тартудың мән-жайлары көрсетiледi.
8. Бақылаудың нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар болған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап шығарады.
Салық органы уәкiлеттi мемлекеттiк органға бақылау актiсiнде көрсетiлген бұзушылықтарды осы мемлекеттік органның жою қажеттiгi туралы қағаз жеткізгіште жiберген хабарламасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап (бұдан әрi - талап) деп танылады. Талап нысанын уәкілетті орган белгiлейдi.
Талапта:
уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы;
сәйкестендiру нөмiрi;
талапты жiберу үшiн негiз;
талап жiберiлген күн;
уәкiлеттi мемлекеттік орган бюджетке өндiрiп алуға жататын сома көрсетiледi.
Талап тексерілетін уәкiлеттi мемлекеттік органның бірiншi басшысына (бірiншi басшыны алмастыратын адамға) бақылау актiсi табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей, жеке өзіне қолын қойғызып не жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсiлмен жiберiлуге тиiс.
Талапты уәкiлеттi мемлекеттік орган табыс етілген (алынған) күнінен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде орындауға тиіс.
9. Бақылау нәтижелерi бойынша анықталған салықтық берешек сомаларын өндiрiп алуды салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы үшiн жауапты уәкiлеттi мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
10. Уәкiлеттi мемлекеттік органдар салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, сондай-ақ мәліметтердің салық органдарына анық және уақтылы ұсынылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
176-бап 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
176-бап. Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу тәртібінің сақталуын бақылау
Салық органдары:
1) Қазақстан Республикасының аумағымен тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндеттеме мынадай мерзімдерде:
1) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағымен алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде - тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту басталған күннен кешіктірілмей;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына:
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан әкелу кезінде - тауарлар еркін айналысқа шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелу кезінде - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннің алдындағы күннен кешіктірілмей;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде - тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту басталған күннен кешіктірілмей туындайды.
Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндеттеме қолданылатын тауарлардың тізбесін, сондай-ақ ресімдеу тәртібі мен олардың құжат айналымын уәкілетті орган белгілейді.
4-БӨЛІМ. ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІНЕ ЖӘНЕ САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ШАҒЫМ ЖАСАУ
21-тарау. ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАҒА ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ