4. Дау (жанжал) медиация тәртібімен реттелмеген жағдайда судья өзі сотта медиация жүргізу кезінде алған дәлелдемелерді іс жүргізуінде іс жатқан судьяға ұсына алмайды.
67-бап. Дәлелдемелердің анықтығы
Егер тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме анық деп есептеледі.
68-бап. Дәлелдемелерді бағалау
1. Әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
2. Осы Кодекстің 16-бабына сәйкес судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
3. Егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды мойындаса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талап қоюшының қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.
4. Екінші тарап ұсынған дәлелдемелердің бұрмалануы туралы өтінішхат мәлімделген жағдайда, осындай мәлімдеме жасаған тұлға дәлелдемелердің бұрмаланғандығы туралы куәландыратын белгілерді көрсетуге міндетті.
Егер дәлелдемені ұсынған тұлға, оның бұрмалануы туралы мәлімдемені негізді деп таныса, сот дәлелдемені жарамды дәлелдемелер қатарынан шығарып тастайды және істі басқа дәлелдемелердің негізінде шешеді.
5. Мән-жайлар, егер оларды растауға құжаттардың көшірмелері ғана ұсынылса, түпнұсқасын ұсыну қажеттігі заң талаптарынан туындаса, анықталды деп есептелмейді.
Егер:
1) құжаттың төлнұсқасы жоғалса және сотқа берілмесе;
2) дауласушы тараптардың әрқайсысы ұсынған осы құжаттың көшірмелері бір-біріне ұқсамаса;
3) құжат төлнұсқасының мазмұнын басқа дәлелдемелердің көмегімен анықтау мүмкін болмаса, сот сонымен қатар құжаттың көшірмесімен немесе өзге де жазбаша дәлелдемелермен ғана расталатын мән-жайларды оның мазмұнын даулаған кезде дәлелденді деп есептей алмайды.
6. Егер іс үшін маңызы бар және екінші тарап жоққа шығармаған мән-жайларды даусыз растайтын, іске қатысты жарамды және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті деп танылады.
69-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету
1. Іске қатысатын және өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну кейіннен мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы сұрай алады.
2. Сот дәлелдемелерді қамтамасыз етуді куәлардан жауап алу, сараптама тағайындау және жүргізу, дәлелдемелерді олардың сақталған жерлерінде қарап тексеру, сот тапсырмасын жіберу және басқа да тәсілдер арқылы жүргізеді.
3. Сотта іс қозғалғанға дейін дәлелдемелерді қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
70-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз іс жүргізуінде іс жатқан сотқа беріледі.
2. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етілуге қажетті дәлелдемелер, осындай қамтамасыз ету қажетті растау немесе теріске шығару үшін істің мән-жайлары, қажет дәлелдемелерді ұсынудың қиындығын куәландыратын деректер көрсетілуге тиіс. Арыз беруден бас тартылған дәлелдемелерді қамтамасыз ету қажет болған іс онда көрсетілуге тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызды қарау нәтижелері бойынша сот ұйғарым шығарады, оған сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша процестік әрекеттерді жасайды не одан бас тартады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды. Шығарылған ұйғарымға қатысты істен бөліп алынған материал жеке шағыммен, прокурордың өтінішхатымен бірге апелляциялық сатыдағы сотқа жіберіледі.
71-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі
1. Дәлелдемелерді қамтамасыз етуді судья істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе істі бірінші сатыдағы сотта қарау кезінде арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүргізеді.
2. Арыз беруші және іске қатысатын басқа да тұлғалар дәлелдемелерді қамтамасыз етудің уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі соттың дәлелдемелерді қамтамасыз етуі бойынша жеке процестік әрекетті жасауына кедергі болып табылмайды.
3. Хаттамалар және қамтамасыз ету тәртібімен жиналған барлық дәлелдемелер бұл туралы іске қатысатын адамдарға хабарлана отырып, істі қарайтын сотқа беріледі.
72-бап. Дәлелдеу міндеті
1. Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғаныс құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелер және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.
2. Осы Кодекстің 29-тарауында көрсетілген істер бойынша дәлелдеу ауыртпалығы актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі.
73-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1.Тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар дәлелдемелерді істі сот талқылауына дайындау сатысында бірінші сатыдағы сотқа ұсынады.
Егер дәлелдемелерді ұсынған тұлғалар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылуы мүмкін.
Тараптардың қолында бар дәлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дәлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды.
2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды. Тұлға істі сот талқылауына дайындау барысында не осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда сот талқылауы барысында ашылған дәлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы.
3. Сот тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға құқылы.
4. Іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Бірінші сатыдағы сот қанағаттандырусыз қалдырған, тарапқа қажетті дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхат апелляциялық сатыдағы соттың алдында апелляциялық шағымда немесе сот отырысында мәлімделуі мүмкін.
5. Дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхатта дәлелдеме, сондай-ақ іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар осы дәлелдемемен анықталатыны немесе теріске шығарылатыны, дәлелдемелерді өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған кезде сот іске қатысатын адамға дәлелдемені алу үшін сұрау салуды береді. Сот талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа дәлелдемені ұсыну үшін соттың тиісті сұрау салуы бар тұлғаның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді тек қана сот талап етуге және тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Талап етілген дәлелдемелерді ұсынбаудың себептері туралы сотқа хабарланбаған, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот белгілеген мерзімде дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғалар осы Кодекстің 9-тарауында белгіленген қағидалар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға тартылады.
8. Әкімшілік жаза қолдану сот талап еткен дәлелдемені иеленген тұлғаны дәлелдемені сотқа ұсыну міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда көрсетілген тұлғалар қылмыстық жауаптылықта болады.
9. Егер тарап сот талап еткен дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұрау салуы бойынша сот белгілеген мерзімде ұсынбаса, онда қамтылған мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп болжанады және ол мойындады деп есептеледі.
10. Төрелік талқылау тараптары төреліктің келісімімен дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіне алады, ол осы баптың төртінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес қаралады.
74-бап. Сот тапсырмалары
1. Істі қарайтын сот іске қатысатын адамның басқа қаладағы немесе аудандағы дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхатын қанағаттандырған жағдайда, тиісті сотқа белгілі бір процестік әрекеттерді жүргізуді тапсырады.
2. Істі қарайтын сот іске қатысатын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарты бар басқа мемлекеттегі дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаттарын қанағаттандырған жағдайда, осы шарттың ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралатын істің мәні, тараптар туралы мәліметтер қысқаша жазылады, анықтауға жататын мән-жайлар, тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі. Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті. Сот тапсырмасы туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
75-бап. Сот тапсырмасын орындау тәртібі
1. Соттың тапсырмасын орындау осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды.
2. Сот тапсырмасын өзіне жолданған сот ол келіп түскен күнінен бастап бір ай мерзімде орындайды.
3. Хаттамалар мен сот тапсырмасын орындау кезінде жиналған барлық материалдар істі қарап жатқан сотқа дереу жіберіледі.
4. Егер іске қатысатын адамдар немесе тапсырманы орындаған сотқа түсініктеме немесе айғақ берген куәлар істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіппен түсініктеме мен айғақ береді.
76-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері
1. Сот жалпыға бірдей белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.
Белгілі бір аумақта, оның ішінде сотқа және іске қатысатын адамдарға кеңінен танымал болуына орай іс бойынша дәлелдеу нысанасына кірмейтін мән-жайлар жалпыға бірдей белгілі деп танылады.
2. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
3. Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған тұлға жасаған іс-әрекеттің азаматтық-құқықтық салдары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың заңды күшіне енген қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның кінәсі осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.
6. Заңға сәйкес анықталған деп болжанған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді.
7. Егер тиісті құқықтық рәсім шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;
2) адамның заңды білуі;
3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;
4) арнайы даярлықтың немесе білімінің бар екенін растайтын құжатты ұсынбаған және арнайы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа мекемені көрсетпеген тұлғада олардың болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.
77-бап. Маманды процестік әрекеттерге қатысуға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсiндiрмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшiн iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы білiмi бар кәмелетке толған адамды маман ретiнде тартуы мүмкiн.
Сот мамандарды тараптың өтінішхаты бойынша да тартуға құқылы. Iске қатысатын тұлғалар сотқа арнаулы бiлiмi бар нақты адамды маман ретiнде тарту туралы өтiнiш жасай алады.
2. Маманды тағайындау туралы - сот отырысы барысында істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда, ал сот отырысы барысында сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылу мақсатын білуге; егер тиісті арнаулы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен процестік әрекетке қатысушыларға сұрақтар қоюға; процестік әрекетке қатысушылардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезіндегі, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезіндегі өзінің әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерін толық әрі дұрыс тіркеп қоюға қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; процестік әрекеттерді жүргізуге қатысуына байланысты өзіне жұмсаған шығыстардың өтемін және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған тұлға: соттың шақыруы бойынша келуге; арнайы білімін, дағдылары мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға; консультациялар беруге; өзі орындаған әрекеттер бойынша түсіндірмелер беруге міндетті. Барлық туындаған мәселелер бойынша маманның қорытындысы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
5. Он жасқа толған кәмелетке толмаған баланың даудың нысанасы бойынша пікірін анықтау жөніндегі процестік әрекеттерді жүргізу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуы міндетті.
6. Педагог және (немесе) психолог кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын азаматтық іс материалдарымен одан сұрау басталғанға дейін танысуға, кәмелетке толмаған адамның даудың нысанасы бойынша пікірін нақтылау үшін төрағалық етушінің рұқсатымен оған сұрақ қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейін сот отырысы хаттамасымен оның сот отырысына қатысуын көрсететін бөлігімен танысуға құқылы.
7. Он жастан асқан балаға сауал қою педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен жүргізіледі. Балаға сауал қою уақытында оның заңды өкілдері соттың хаттамалық ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкін. Заңды өкілдері отырыс залына қайта оралғаннан кейін оларға баланың пікірінің мазмұны хабарлануға және оған сұрақтар қоюға мүмкіндік берілуге тиіс. Даудың нысанасы бойынша баланың пікірі анықталғаннан кейін ол сот отырысы залынан шығарылады.
8. Инвестициялық дауларды қараған кезде сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңес мамандарының қорытындысын сұратуға құқылы.
78-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іс бойынша дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдарды сот, тараптар, сондай-ақ сарапшы және маман өздерінің осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін атқаруы кезінде пайдалана алады.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маманды шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға, егер ол:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми негізделген болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беріледі деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері, мұндай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынатын анықтамамен немесе тиісті процестік әрекеттің хаттамасымен не сот отырысының хаттамасымен тіркеп қойылады. Анықтамада немесе хаттамада ғылыми-техникалық құралдардың атауы, оларды қолданудың шарттары мен тәртібі, осы құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдалану нәтижелері көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға иелік ету осы Кодекстің 96 және 98-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
79-бап. Іске қатысатын адамдардың түсініктемелері
1. Іске қатысатын адамдардың іс үшін маңызы бар өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады.
Көрсетілген тұлғалардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.
2. Бір тараптың өзінің талаптарын немесе қарсылықтарын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы алдыңғы тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Егер фактіні мойындау жазбаша арызда баяндалған болса, ол іске қоса тіркеледі.
3. Сот фактілерді мойындауды, егер олар істің шындығында болған мән-жайларын жасыру мақсатында не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылдырудың әсерінен жасалғандығына күдігі болса, оларды қабылдамайды, бұл туралы сот шешімінде көрсетіледі. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негіздерде дәлелденуге тиіс.
80-бап. Куәның айғақтары
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған кез келген адам куә бола алады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.
2. Куәны шақыру туралы өтінішхат берген адам сотқа оның тегін, атын, әкесінің атын және тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, осы куәдан жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.
3. Куә ретінде:
1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда, өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақтар беруге қабілетсіз адамдар;
2) өкілдің немесе қорғаушының міндеттерін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өкілдер, қорғаушылар;
3) шешім немесе үкім шығару кезінде істің мән-жайларын талқылау үстінде кеңесу бөлмесінде туындаған мәселелер туралы - судья;
4) өзінің мiндеттерiн орындауға байланысты өзіне белгiлi болған мән-жайлар туралы - төрешi, алқаби;
5) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - медиатор, медиацияны жүргізген судья;
6) тәубаға келу үстінде өздеріне сырын ашқан адамдардан оларға белгілі болған мән-жайлар туралы - діни қызметшілер;
7) заңда көрсетілген басқа да тұлғалар жауап алуға жатпайды.
4. Адам сотта өзіне, жұбайына (зайыбына) және қатары заңмен айқындалатын жақын туыстарына қарсы куә айғақтарын беруден бас тартуға құқылы.
81-бап. Куәның міндеттері мен құқықтары
1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақтар беруге міндетті.
2. Егер куә ауруының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның болған жерінде жауап алуы мүмкін.
3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақтар беруден бас тартқаны үшін куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылықта болады.
4. Куәның сотқа шақырылуына байланысты шығыстарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығыстар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
82-бап. Сот сараптамасын тағайындау
1. Сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Тараптың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың жазбаша дәлелдеменің бұрмалануы туралы арызы бойынша сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы.
5. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес арнайы ғылыми білімді иеленген өзге де адамдарға біржолғы тәртіппен тапсырылуы мүмкін.
6. Іске қатысатын адамдар соттан сот сараптамасы ісін жүргізуді қажетті арнайы ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
Соттың біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту туралы талабы көрсетілген адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысатын әрбір тұлға сарапшының алдына қойылуға тиіс сұрақтарды сотқа ұсынуға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін сот айқындайды. Сот ұсынылған сұрақтарды қабылдамауды сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда уәждеуге міндетті.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдарды бермесе, сотқа беру мүмкін емес немесе қиындық келтіретін, өзіне тиесілі объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша осы тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына қарай, анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бөлік өзгертілді
9. Сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, сарапшыға осы Кодекстің 91-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді.
Сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда соттың атауы; сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сарапшылар алдына қойылған мәселелер; іс материалдары мен сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, объектілерді толық немесе ішінара жою, зерттеу барысында олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі; оны жүргізу үшін ақы төлеуді жүргізуге тиіс тараптың атауы көрсетіледі. Соттың сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымы ол жіберілген және өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.