Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары учаскесінің қорларын жерасты суларының мемлекеттік есебіне алу үшін осы қорлар туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негіз болып табылады.
Жерасты суларын өндіру Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
90-бап. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу бойынша есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша мерзімді геологиялық есептер ұсынып отыруға міндетті.
2. Мерзімді геологиялық есептер жыл сайын өткен күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың іс жүзіндегі кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есеп көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін оның иеленушісі болып табылатын тұлға лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті ұсынуға міндетті.
4. Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
5. Осы бапта көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға ол бекітетін нысан бойынша ұсынылады.
91-бап. Геологиялық ақпаратқа арналған құқық
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның иеленушісі өзі геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратқа еркін билік етуге құқылы.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратты лицензия мерзімі аяқталған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның пайдалануына өтеусіз беруге тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган алынған геологиялық ақпаратты оны алған күннен бастап бес жыл өткен соң (құпиялылық мерзімі) ашады.
92-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия:
осы Кодекстің 89-бабы 4-тармағының ережелері бұзылған;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және мерзімдерде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру үшін қол қою бонусын төлемеген жағдайларда жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Бұзушылық анықталған кезде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушы анықталған бұзушылықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, оларды жойғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Лицензияның қолданысы жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кейін тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап қайтарып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды дереу тоқтатуға және геологиялық зерттеу учаскесінің аумағынан ондағы барлық құрылысжайларды, материалдарды және жабдықтарды алып кетуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап лицензияның қайтарып алынуын сот тәртібімен даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шығарған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
VII БӨЛІМ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
15-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру және оны тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру
93-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы берілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген тұлға:
1) таратылу (заңды тұлғалар үшін), қайта ұйымдастырылу (заңды тұлғалар үшін) немесе банкроттық сатысында болмауға тиіс;
2) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша өтелмеген берешегі болмауға тиіс;
3) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алған жағдайда, - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты болуға тиіс.
2. Барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты бар екенін растауға арналған осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай құжаттардың бірі:
1) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындауды қаржыландыруға тұлғаның қабілеттілігін растайтын, өтініш иесінің өтінім берілген жылдың алдындағы жыл үшін бухгалтерлік балансының көшірмесі;
2) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті мөлшерде өз қаражатының (екінші деңгейдегі банктен өтініш иесінің шотының жай-күйі туралы анықтама) немесе тартылған қаражатының (қарыз (кредит) шарты, өзге де шарт) болуы туралы құжаттамалық деректер ұсынылады.
3. Теңіздегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін тұлғаның, осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптармен қатар, Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңының аумағында немесе Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде теңізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің оң тәжірибесі болуға тиіс.
Заңды тұлға үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талап, осындай заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) кемінде жиырма бес пайызы тікелей тиесілі болатын тұлғаның тиісті тәжірибесі болған кезде орындалған деп танылады.
94-бап. Аукцион өткізуге арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлға осы Кодекстің 96-бабында белгіленген талаптарға сәйкес көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукцион өткізуге құзыретті органға жазбаша өтініш береді.
2. Аукцион өткізуге өтініш ол құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 95-бабының 1-тармағына сәйкес аукцион өткізу туралы хабарламаны жариялайды не мынадай негіздер бойынша:
1) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілуі мүмкін жер қойнауы учаскесінің шегіндегі аумақ ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілмесе не мұндай аумаққа сәйкес келмесе;
2) егер өтініш иесі өтініш бергенге дейін үш жыл ішінде аукцион өткізуге басқа өтініш берсе, бірақ аукционның қатысушысы ретінде тіркелмеген болса;
3) осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 2) - 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аукционға қатысуға берілген өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Аукцион өткізуге өтініш қабылданған жағдайда, өтініш иесі аукционға қатысуға жіберілді деп танылады.
3. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды құзыретті орган ұйымдастырады және осы Кодекске сәйкес көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар өткізу жөніндегі комиссия өткізеді.
95-бап. Аукцион өткізу шарттары
1. Аукцион өткізу туралы және оны өткізу шарттары туралы хабарлама қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға жіберіледі.
Аукционға қатысуға мүдделі тұлғалардың қатысуға өтініш берудің түпкілікті мерзімінен кешіктірмей аукционды өткізу тәртібімен байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) оны өткізу күні мен уақыты;
2) қатысуға өтініштер беру мерзімі;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы аукционға шығарылатын жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) нұсқау және оның қысқаша сипаттамасы;
4) жер қойнауы жөніндегі операциялар түрі;
5) аукционға қатысу үшін жарна мөлшері және оны төлеу үшін банк деректемелері;
6) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда - барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптар, сондай-ақ олардың бағалану құны;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген әрбір блок үшін ең төменгі қол қою бонусының мөлшері негізге алына отырып айқындалған қол қою бонусының бастапқы мөлшері;
8) өндіру кезеңіндегі қазақстандық кадрларды оқытуға арналған шығыстар мөлшері;
9) өндіру кезеңіндегі Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшерi;
10) өндіру кезеңіндегі өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
11) жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту жөніндегі ең төмен міндеттемелер;
12) жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін берілетін жер учаскілеріне тіркелген құқықтар туралы ақпарат;
13) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын берген жағдайда - осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген талаптарды көрсету;
14) жер қойнауын пайдалануға келісімшарт бойынша барлау кезеңінің немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс.
Аукционды өткізу күні аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзім аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірілмеуге тиіс.
3. Бұрын жер қойнауын пайдалануға келісімшарт тоқтатылған жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізілген жағдайда, аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) егер жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға берілген болса:
сенімгерлік басқарушыға сенімгерлік басқару шартына сәйкес келтірілген шығындарды өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, оған сыйақы төлеу;
осы Кодекстің 107-бабы 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілген мүліктің құнын бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары;
2) осы Кодекстің 119-бабының 19-тармағында көзделген жағдайларда - бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге және бағалауға кеткен шығындарын өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарты;
3) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының қамтамасыз ету мөлшері туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
4. Аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілетін мерзім аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап екі айды құрайды.
5. Аукционға қатысу жарнасының мөлшерін құзыретті орган аукционды дайындауға, өткізуге және оның қорытындысын шығаруға, тартылатын сарапшылардың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығындар құнын негізге ала отырып айқындайды.
6. Аукционға қатысу жарнасы қайтарылуға жатпайды.
96-бап. Аукционға қатысуға арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға мүдделі тұлға құзыретті органға осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес өтініш жібереді.
2. Аукционға қатысуға арналған өтініште:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәлімет, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
3) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
4) аукцион өткізу туралы хабарламада белгіленген жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша:
1) өтініш иесінің хабарламада көрсетілген жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттарының орындалуын қамтамасыз ету міндеттемесі;
2) өтініш иесінің аукционға қатысу үшін жарна төлегендігі туралы құжат;
3) өтініш иесінің осы Кодекстің 93-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;
4) өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісінше куәландырылған құжаттар;
5) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
97-бап. Аукционға қатысуға арналған өтінішті қарау тәртібі
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
2. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінішті қабылдайды және өтініш иесін аукционға қатысуға жібереді не оны қабылдаудан бас тартады.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда, егер:
1) өтініш аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзімнен кеш берілген болса;
2) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сай келмесе;
3) өтініш иесі осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
4) өтініш бергенге дейін құзыретті орган үш жыл ішінде өтініш иесімен немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғамен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатса;
5) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын өтініш иесінің құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған басқа келісімшарт бойынша міндеттемелерді бұзушылықтары жойылмаған болса;
6) бұрын өтініш иесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционның жеңімпазы болып айқындалса, бірақ қол қою бонусын төлемеген болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілмесе;
8) өтініш иесі анық емес мәліметтер ұсынса;
9) өтініш иесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, оның ішінде келісімшарт шеңберінде құқықтар шоғырланған және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқықтары шоғырланған жағдайда, өтінішті қабылдаудан бас тартады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 3), 4), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырады.
5. Өтінішті қабылдаудан бас тарту, осы баптың 3-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бас тарту себептерін көрсетуді қамтуға тиіс.
98-бап. Аукциондар өткізу жөніндегі комиссия
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукциондар өткізу, жеңімпаздарға көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін конкурстардың жеңімпазын айқындау мақсатында құрылған, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
2. Комиссияның құрамын құзыретті орган бекітеді.
3. Комиссияны төраға басқарады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
4. Комиссияның отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
5. Комиссияның негізгі міндеттері мыналар:
1) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін аукциондар өткізу;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін аукционға қатысушылар арасынан жеңімпазды айқындау.
6. Комиссияның:
1) аукцион жеңімпазын айқындауға;
2) осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша аукционды өткізбей тастауға не аукцион өтпеді деп тануға;
3) отырыстарда комиссия мүшелерін, мемлекеттік органдар, ұйымдар өкілдерін, өзге тұлғаларды тыңдауға;
4) қажет болған жағдайда тиісті салалардың мамандары арасынан сарапшылар тартуға құқығы бар.
99-бап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 4-тармағының редакцияда қолданылады
99-бап. Аукцион өткізу
1. Егер осы Кодекстің 95-бабында көрсетілген мерзімдерде аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмеген және (немесе) егер өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі жіберілмеген жағдайларда (аукцион өткізуге өтініш берген тұлғадан басқа), аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілген мерзім аяқталған не аукционға қатысуға өтініштерді қарау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукцион өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда аукцион өткізуге өтініш берген тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасасу үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
Аукционды өткізбеу туралы ақпарат комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
2. Аукционға оған қатысуға жіберілген және аукцион қатысушысы ретінде тіркелген өтініш иелері қатысады.
3. Аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні аукцион өткізіледі.
4. Құзыретті орган аукцион өткізу күнінен кемінде он жұмыс күні бұрын аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелеріне аукцион өткізу күні және уақыты туралы хабарлайды.
5. Аукцион көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсын пайдалану арқылы, құзыретті орган бекітетін тәртіппен электрондық нысанда өткізіледі.
100-бап. Аукцион қорытындысын шығару және көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасау
1. Қол қою бонусының неғұрлым жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
2. Аукцион нәтижелері ол өткізілген күні жарияланады және комиссияның барлық қатысқан мүшелері және аукцион жеңімпазы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың көшірмесі аукцион жеңімпазына табыс етіледі.
Аукционның нәтижелері олар шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
3. Аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) қол қою бонусын төлейді;
2) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге өз тарапынан қол қойылған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, аукцион жеңімпазы барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қосымша әзірлейді және оны барлауға және өндіруге келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген барлау кезеңі белгіленеді. Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
Егер аукционның жеңімпазы аукционға қатысуға өтініш беру кезеңінде жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту бойынша ең төмен міндеттемені ұсынған болса, ұсынылған міндеттемелер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған немесе өндіруге арналған келісімшартта бекітіледі.
4. Құзыретті орган аукцион жеңімпазынан келісімшартты және қол қою бонусын төлегенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде онымен көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасады және аукцион жеңімпазына оның қол қойылған бір данасын жібереді.
5. Егер аукцион жеңімпазы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемесе және (немесе) өз тарапынан қол қойылған, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, жер учаскесі қайтадан аукционға шығарылады.
101-бап. Аукцион өтпеді деп тану тәртібі мен негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион, егер аукцион өткізілетін күні екіден кем қатысушы тіркелсе, өтпеді деп танылады және қайталама аукцион өткізілмейді.
Егер аукционға қатысушы ретінде тіркелген жалғыз тұлға аукцион өткізуге өтініш берген тұлға болып табылса, мұндай тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасау үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
2. Аукционды өтпеді деп тану комиссияның барлық қатысқан мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарлама хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымында жариялануға жатады.
102-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды сот қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Мыналар аукционды жарамсыз деп тану үшін негіздер болып табылады:
1) осы Кодексте белгіленген, аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен аукцион өткізу қағидаларын бұзу;