Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) олардың мердігерлері уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін осындай келісімшарттарда көзделген жауаптылықта болады.
2. Уран өндіруге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмыстарын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі ретінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және оларды өндірушілерді бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушылар немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін пайдаланатын, уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібіне сәйкес жасалатын және пайдаланылатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Уранға қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы операторды уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайды және ол:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеуді;
2) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.
5. Уранға қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі заңды тұлға болып табылады, ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік топтамасын иелену және пайдалану құқығын уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Жер қойнауын пайдаланушылар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың бір жылдық (бір қаржы жылына) және орта мерзімдік (бес қаржы жылына) бағдарламаларын уран өндіру саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы ретінде күнтізбелік бір жылға жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орташа мерзімдік бағдарламасы ретінде бес жылға дейінгі кезеңге жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін, жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
180-бап. Жер қойнауын пайдаланушының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді және уран өндіруді жүргізу кезіндегі есептілігі
Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы мынадай есептерді:
1) геологиялық есепті;
2) Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық қорлары туралы жария есептілігінің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес дайындалған құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебін;
3) келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;
4) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру бойынша жүргізілген операциялар, оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
5) уранды өндіру бойынша жүргізілген операциялар және оларға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
6) кадрлардағы жергілікті қамту туралы есепті;
7) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;
8) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар туралы есепті;
9) уран өндіру бойынша есепті;
10) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ олардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
11) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есепті ұсынуға міндетті.
Осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 3) - 5) тармақшаларында көзделген есептер құзыретті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 6) - 11) тармақшаларында көзделген есептер уран өндіру саласындағы уәкілетті органға өзі бекітетін нысандар және тәртіп бойынша ұсынылады.
181-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіруге арналған келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдаланушыға уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) құзыретті орган осы Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылуын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган уран өндіруге арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ оның белгіленген мерзімде тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттерін мынадай:
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану келісімшартында белгіленген қаржылық міндеттемелерді есептілік жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып, жер үсті тұтастығын бұзумен байланысты уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының уран өндіруге арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген міндеттемелер бойынша - үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органға жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға осындай ұзартудың себептерін негіздей отырып, уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Құзыретті орган жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісім беретіндігі туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде уран өндіруге арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою анық мүмкін болмаған жағдайда құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
26-тарау. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарЫ
182-бап. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ережелер
1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы және кен орнын игеру жобасы уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаты болып табылады.
2. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы шарт негізінде тартатын жобалау ұйымы жасайды.
3. Жобалау құжаттарының мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссиясы (орталық комиссия) геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жүзеге асырады.
4. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
5. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында және игеру жобасында өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, шамамен көлемі және оларды жүргізу мерзімдері, сондай-ақ пайдаланылатын технологиялық шешімдер сипатталады.
6. Жобалау құжаттарында көзделген уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемі мен мерзімдерін өзгертуге осындай жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін жол беріледі.
7. Егер бекітілген жобаларда айқындалған физикалық көрсеткіштер жыл сайын кен орнын игерудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттарының өзгеруінсіз бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгертілсе, егер көрсетілген көлемдер осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған, бекітілген жобада игерудің бүкіл кезеңі ішінде бекітілген жобалау көлемдерінен өсу қорытындысымен ауытқыса, бекітілген жобаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар жобалары жасалмайды.
Жобалау құжаттары жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес жасалады.
8. Жобалар мемлекеттік экологиялық сараптамаға және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптамаға жатады.
9. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір үш жыл сайын құзыретті органға игеру жобасының көрсеткіштеріне сәйкес жобалық шарттардың орындалуын талдауды сараптамаға жіберуге міндетті.
183-бап. Уран кен орнын әзірлеу жобасы
1. Кен орнын әзірлеу жобасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінде жасалады.
2. Кен орнын әзірлеу жобасы қорларды толық даярлау кезеңіне әзірленеді.
3. Кен орнын әзірлеу жобасында мыналар қамтылуға тиіс:
1) құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебі;
2) жер қойнауын ұтымды пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
3) уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың орындалу мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпарат;
4) кен орнын әзірлеудің бүкіл кезеңіне уран өндірудің жыл сайынғы болжалды көлемі.
184-бап. Жобалау құжаттарын орындаудың мониторингі
1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобаларын жер қойнауын пайдаланушының орындауын мониторингтеу осы жобаны жасаған жобалау ұйымының жыл сайынғы авторлық қадағалау жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.
2. Кен орындарын әзірлеу жобаларын жер қойнауын пайдаланушының орындауын мониторингтеу мыналарды:
1) осындай жобаны жасаған жобалау ұйымының жыл сайынғы авторлық қадағалауын;
2) кемінде үш жылда бір рет орындалатын уран кен орнын әзірлеудің талдауын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
3. Уран кен орнын әзірлеуді авторлық қадағалауды және талдауды жүргізуге қойылатын талаптар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленеді.
4. Авторлық қадағалау кезінде әзірлеуді бақылау жасауда алынатын ағымдағы геологиялық ақпарат пайдаланылады, ал қадағалау нәтижелері хабарлама тәртібімен құзыретті органға ұсынылатын жыл сайынғы есеп түрінде баяндалады.
5. Авторлық қадағалау бойынша жыл сайынғы есепте мыналар:
1) іс жүзінде қол жеткізілген технологиялық параметрлер мәндерінің жобалау мәндеріне сәйкестігі;
2) іс жүзіндегі және жобалау көрсеткіштерінің арасындағы алшақтықтардың және (немесе) жобалау шешімдерін орындамаудың себептері;
3) кен орнын әзірлеу жобасы бойынша - жобалау шешімдеріне қол жеткізу және әзірлеу жүйесін игеруде анықталған кемшіліктерді жою бойынша және (немесе) жекелеген жобалау шешімдері мен кен орнын әзірлеу жобасының көрсеткіштерін өзгерту қажеттілігін айқындау үшін әзірлеудің кезектен тыс талдауын жүргізу бойынша ұсынымдар көрсетіледі.
6. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарын әзірлеу қағидаларында осы Кодексте көзделген сараптамаларды жүргізу қажеттігінсіз жобалау құжаттарының жекелеген көрсеткіштерін жобалау ұйымы авторлық қадағалау шеңберінде шамалы (жиырма пайыздан аз) түзетуі мүмкін болатын жағдайлар белгіленеді, ал жобалау құжатына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар хабарлама тәртібімен құзыретті органға жіберіледі.
7. Кен орнын әзірлеуді талдау кен орнын әзірлеу жүйесін жетілдіру қажеттілігін анықтау нысанасына арналған әзірлеу процесінде геологиялық, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа зерттеулер нәтижелерін кешенді зерделеуді білдіреді.
8. Уран кен орны әзірленуін талдауды жер қойнауын пайдаланушы тартатын, тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы жүргізеді және жер қойнауын пайдаланушы талдауды хабарлама тәртібімен құзыретті органға жібереді.
9. Кен орнын әзірлеу жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы уран кен орнын әзірлеуді талдау нәтижелері бойынша негізді тұжырым болған кезде кен орнын әзірлеудің іс жүзіндегі және жобалау көрсеткіштері арасында едәуір (жиырма және одан көп пайыз) алшақтықтар болған жағдайда талдау нәтижелері кен орнын әзірлеу жобасының мемлекеттік сараптамасы үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен орталық комиссияның қарауына жатады.
10. Орталық комиссия уран кен орнын әзірлеуді талдау бойынша оң қорытынды қабылдаған жағдайда жобалау шешімдері мен осындай талдаудың көрсеткіштері кен орнын әзірлеу жобасына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеу, бекіту және оларға мемлекеттік сараптама жүргізу кезеңіне жобалау шешімдері мен кен орнын әзірлеу жобасының көрсеткіштері ретінде бағаланады, ол бір жылдан аспауға тиіс.
ІХ БӨЛІМ. ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАРДЫ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
27-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды барлау
185-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша оның иесінің пайдалы қатты қазбалар кен орындарын іздестіруді және одан әрі өндіру үшін олардың ресурстарын және қорларын бағалауды қамтитын пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар.
186-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия берілетін аумақтар
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасында айқындалатын аумақтарда беріледі.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны:
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа тұлғаның келісімінсіз, оның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағы шегінде;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағы шегінде;
4) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған басқа лицензия бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлау учаскесінің аумағына толық немесе ішінара жататын блокқа қатысты;
5) пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің аумағына толық немесе ішінара жататын блокқа немесе пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге өтініш бар аумаққа қатысты;
6) пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына толық немесе ішінара жататын блокқа қатысты беруге жол берілмейді.
Барлауға арналған лицензия осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген аумаққа жатпайтын блоктың бір бөлігіне берілуі мүмкін.
Блоктың бір бөлігін барлауға арналған лицензиядан алып тастау үшін негіз болған осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар тоқтатылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша блоктың осы бөлігі лицензияға енгізілуі мүмкін.
187-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беру туралы өтініш
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға құзыретті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беруге өтініште көрсетілетін аумақ екі жүз блоктан артық болмауға тиіс.
3. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын заңды және жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) барлау аумағын құрайтын және өтініш иесі пайдалануға беруді сұрайтын жер қойнауы учаскесін айқындайтын блокты (блоктарды) көрсету.
Өтініште көрсетілген барлау аумағы, егер осы Кодекстің 186-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда блоктың бір бөлігін қамтыса, лицензияның шарттарын айқындау мақсаттары үшін өтінішті қарау кезінде аталған блок толық болып есептеледі.
4. Өтінішке мынадай құжаттар:
1) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) сұралып отырған жер қойнауы учаскесінде өтініш иесі жүргізуге ниет етіп отырған барлау жөніндегі жұмыстардың жазбаша сипатталған түрлері, әдістері, тәсілдері, жылдар бойынша болжалды жүргізу мерзімдері мен көлемдері;
4) егер сұралатын учаскеде немесе оның бөлігінде тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын болса, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия беруге мұндай тұлғаның келісімі;
5) өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға қаржылық және кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттар;
6) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы толық немесе ішінара елді мекендердің жерлеріне және оларға іргелес бір мың метр қашықтықта жатқан аумаққа тиесілі болса, жергілікті халықты осы Кодекстің 25-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісім;
7) өтініш иесінің республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің жоқ екендігі туралы, өтініш берген күннің алдындағы күннен күнтізбелік он күннен ерте берілмеген салық органынан анықтама қоса беріледі.
5. Өтініш иесінің барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті қаржылық мүмкіндігінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың бірі:
1) лицензия беруге өтініш берілетін күннің алдындағы бір ай ішінде сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға қажетті ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті мөлшерде ақшаның тұрақты болуын (қалдығын) растайтын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің кез келгенінде өтініш иесі ашқан банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме;
2) ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қарыздың нысаналы мақсаты ретінде өтініш иесінің пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі қызметін қаржыландыру, сондай-ақ сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға талап етілетін ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті қарыз сомасы (қаржыландыру) расталатын, қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған аудиторлық есеппен бірге өтініш иесі активтерінің мөлшері сұралатын лицензия қолданысының алғашқы жылында барлауға ең төмен шығыстардың шамасына оның міндеттемесінен асатын лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік жылға дайындалған өтініш иесінің қаржылық есептілігі;
4) Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы таныған рейтингтік агенттіктің өтініш иесіне өтініш берілген күннің алдындағы жыл ішінде құзыретті орган айқындайтын ең төменгі рейтингтік бағадан төмен болмайтын рейтингтік баға беру туралы хаты ұсынылады.
Егер өтініш иесінің қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде қаржы ұйымы болып табылмайтын тұлға (қаржыландыратын) қарыз беруші болатын ақша қарызы шартының (алдын ала қарыз шарты) немесе қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмесі ұсынылса, өтінішке қосымша осы тұлғада осы тармақтың 1), 3) немесе 4) тармақшаларында көзделген қаржылай мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттардың бірі қоса беріледі.
6. Өтініш иесінің барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растау үшін мынадай құжаттардың кез келгені:
1) штатында маманның болуы туралы анықтама немесе геология немесе геофизика саласындағы маманмен жасалған қызметтер көрсету шартының көшірмесі;
2) мердігер ұйыммен жасалған қызметтер көрсету шартының немесе өтініш иесіне барлауға арналған сұралатын лицензия берілген жағдайда осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын, штатында осы тармақтың 1) тармақшасында санамаланған мамандардың бірі бар оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмесі ұсынылады.
Егер өтініш иесінің кәсіби мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат ретінде мердігер ұйыммен қызметтер көрсету шартының немесе осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес өтініш иесі тағайындайтын оператордың қызметтер көрсету шартының көшірмелері ұсынылса, өтінішке қосымша тартылатын ұйымның (оператордың) штатында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мамандардың бірінің болуы туралы анықтама немесе тиісті маманмен қызметтер көрсету шартының көшірмесі қоса беріледі.
7. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелері нотариалдық куәландыруға тиіс.
8. Өтініш қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Өтінішке қоса берілетін шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
9. Өтінішті беру кезі құзыретті органға өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және ол есепке алынуға жатады.
10. Берілген өтініш туралы мәліметтер құзыретті органның интернет-ресурсында өтініш берілген күннен бастап екі күн ішінде орналастыруға жатады және олар мыналарды:
1) өтініш иесінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауын;
2) өтініш иесі пайдалануына беруді сұраған жер қойнауы учаскесін айқындайтын блок (блоктар) кодын;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақытын қамтуға тиіс.
188-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Құзыретті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны қарайды және лицензияны береді не лицензияны беруден бас тартады.