39-бап. Судьяның істі қарауға қайта қатысуына жол берілмейтіндігі
1. Бірінші сатыдағы сотта азаматтық істі қарауға қатысқан судья осы істі апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатыларындағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған шешім күшін жойған жағдайда бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, кассациялық немесе қадағалау сатыларындағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісі күшін жойған жағдайда апелляциялық сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
3. Кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатыларындағы соттарда қарауға қатыса алмайды.
4. Кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сотта iстi қарауға қатысқан судья, өзiнiң қатысуымен қабылданған қаулы күшiн жойған жағдайда, аталған сатыларда осы iстi қарауға қайта қатыса алмайды.
5. Қадағалау сатысындағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттарда жаңадан қарау кезінде қатыса алмайды.
6. Істі қадағалау сатысындағы сотта қарауға қатысқан судья осы Кодекстің 386-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда осы істі қарауға қатыса алмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Судьяға қарсылық білдіру үшін негіздер.
1. Егер судья:
1) осы істі мұның алдындағы қарау кезінде куә, сарапшы, маман, аудармашы, өкіл, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы, сот приставы ретінде қатысса;
2) іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің біреуінің туысы болса;
3) істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі не оның әділдігіне негізді күмән туғызатын өзге де мән-жайлар болса, ол істі қарауға қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге тиіс.
2. Істі қарайтын соттың құрамына өзара туыс адамдар кіре алмайды.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 41-бап өзгертілді
41-бап. Прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына қарсылық білдіру үшін негіздер
1. Осы Кодекстің 40-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қарсылық білдіру үшін негіздер прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына да қолданылады.
2. Сонымен қатар сарапшы немесе маман не аудармашы, егер:
1) ол іске қатысушы адамдарға немесе олардың өкілдеріне қызмет жағынан немесе өзгедей тәуелді болса немесе тәуелділікте болып келсе;
2) ол тексеру жүргізіп, оның материалдары сотқа жүгінуге негіз болса не осы азаматтық істі қарағанда пайдаланылса;
3) олардың білікті емес екені байқалса, істі қарауға қатыса алмайды.
3. Прокурордың, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының осы істі мұның алдында қараған кезде тиісінше прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы ретінде қатысуы оларға қарсылық білдіруге негіз болып табылмайды. Адамның іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін ол қайта тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, іс бойынша сараптама жүргізуді оған тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 2006.04.07. № 151-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Қарсылықтар білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдемелер және оларды шешудің тәртібі
1. Осы Кодекстің 40, 41-баптарында аталған мән-жайлар болған кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Сол негіздер бойынша іске қатысатын адамдар қарсылық білдіретінін мәлімдеуі мүмкін.
2. Өздігінен бас тарту мен қарсылық білдіру істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дәлелденіп, мәлімделуге тиіс. Істі қарау барысында өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәлімдеме жасауға қарсы болу (қарсылық білдіру) негіздері сотқа немесе өздігінен бас тартуды (қарсылық білдіруді) мәлімдеуші адамға істі қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда ғана жол беріледі.
3. Істі жеке-дара қараушы судьяға мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сол соттың төрағасы немесе сол соттың басқа судьясы, олар болмаған жағдайда - жоғары тұрған сот судьясы қарайды.
4. Істі соттың алқалы құрамда қарауы кезінде судьялардың біреуі өздігінен бас тартуды (қарсылық білдіруді) мәлімдеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың пікірін тыңдайды және, егер ол түсініктеме бергісі келсе, қарсылық білдірілген судьяның пікірін тыңдайды және қарсылық білдіру туралы мәселені қарсылық білдірілген судьяның қатысуынсыз шешеді. Қарсылық білдіруді жақтаған және оған қарсы дауыстар саны тең болған кезде судья қарсылық білдірілген болып есептеледі. Бірнеше судьяға немесе соттың бүкіл құрамына мәлімделген қарсылық білдіруді нақ сол сот толық құрамында жай көпшілік дауыспен шешеді.
5. Қарсылық білдіруді қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы ұйғарым шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарымға келіспеушілік туралы дәлелдер аппеляциялық, кассациялық шағымдарына немесе сот актісін сот қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы өтініштерге, наразылыққа енгізілуі мүмкін.
6. Прокурордың, сарапшының, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының өздігінен бас тартуы (қарсылық білдіруі) туралы мәселені істі қарайтын сот шешеді.
7. Өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәселе соттың ұйғарымымен шешіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 43-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
43-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдемені қанағаттандырудың салдары
1. Істі жеке-дара қараушы судья қарсылық білдірген (өздігінен бас тартқан) жағдайда бұл істі сол сотта басқа судья қарайды. Егер іс жүргізуінде жатқан сотта судьяны ауыстыру мүмкін болмаса, жоғары тұрған сот арқылы іс басқа бірінші сатыдағы сотқа беріледі.
2. Облыстық немесе оған теңестірілген сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында істі қарау кезінде судья өздігінен бас тартқан не қарсылық білдірген не соттың барлық құрамы қарсылық білдірген жағдайда, істі сол соттағы басқа судья немесе басқа құрамдағы судьялар қарайды.
3. Егер облыстық немесе оған теңестірілген сотта өздігінен бас тарту немесе қарсылықтар білдіру қанағаттандырылғаннан кейін не осы Кодекстің 39-бабында аталған себептермен осы істі қарау үшін соттың жаңа құрамын құру мүмкін болмаса, облыстық немесе соған теңестірілген сот іс бойынша тараптар болса, ол қаралатын сот ұйғарымы үшін іс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілуге тиіс.
5 тарау. Іске қатысушы тұлғалар
44-бап. Іске қатысушы тұлғалардың құрамы
Тараптар: дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар, дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, прокурор, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, ұйымдар немесе осы Кодекстің 56 және 57-баптарында көзделген негіздер бойынша процеске қатысатын жекелеген азаматтар, сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен мүдделі адамдар (осы Кодекстің 289-бабы) іске қатысушы тұлғалар болып танылады.
45-бап. Азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі
Азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі) материалдық құқық субъектілері болып табылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 46-бап өзгертілді
46-бап. Азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі
1. Сотта құқықтарын өз іс-әрекеттерімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарда және ұйымдарға толық көлемде болады.
2. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша прокурорды тартуға міндетті.
3. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
4. Заңда көзделген жағдайларда, азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік, әкімшілік және өзге де құқық қатынастарынан және тапқан табысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістеріне билік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың өз құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта өз басы қорғауға құқығы бар. Кәмелетке толмағандарға көмек көрсету үшін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін мұндай істерге қатысуға тарту соттың қалай шешуіне байланысты.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 47-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
47-бап. Іске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Іске қатысушы тұлғалардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтініш жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтініштері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқығы бар. Олар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс.
2. Іске қатысушы адамдар, орындалмауы азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда көзделген салдарларды туғызатын жағдайда, өздерінің іс жүргізу міндеттерін атқарады.
3. Іске қатысатын адамдар сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында өтініш жолдауға құқылы.
48-бап. Тараптар
1. Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады. Өз мүдделерін немесе талап қойылған мүдделерді көздеп талап қоюшы азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады. Өздеріне қуыным талабы қойылған азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
2. Заңда көзделген жағдайларда заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
3. Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге заң бойынша құқығы бар адамдардың өтініші бойынша мүдделері қозғалып іс басталған адамға сот пайда болған процесс туралы хабарлайды және ол адам сотқа талап қоюшы ретінде қатысады.
4. Азаматтық процесте мемлекет бір тарап болуы мүмкін.
5. Тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойынына алады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес, корпоративтік дауға қатысушы тараптар әрбір нақты құжатты көрсетпей, іске қатысты құжаттарды бір-бірінен сұратуға құқылы.
Тараптар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды бір-бірінен сұрата алмайды.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 49-бап өзгертілді
49-бап. Талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгеру, талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану, бітімгершілік келісім, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Талапкер талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайту немесе азайту істі мәні бойынша қарау аяқталғанға дейін жазбаша арыз беру арқылы жүргізіледі. Талап қоюдан бас тартуға бірінші сатыдағы сот шешім қабылдағанға дейін жазбаша арыз беру арқылы жол беріледі. Жауапкер талап қоюды мойындауға құқылы, бұл жөнінде одан қолхат алынады. Тараптар істі татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, оларға тараптар қол қояды және оларды сот бекітеді.
2. Соттың өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негіздемесін өзгертуге құқығы жоқ. Егер бұл іс-әрекет заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын,бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
50-бап. Іске бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің қатысуы
Талапты бірнеше талап қоюшы бірлесіп қоюы немесе оның бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес болады. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне тапсыра алады.
51-бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Сот істі дайындау үстінде немесе бірінші сатыдағы сотта оны қарау кезінде талап бойынша жауап беруге тиісті емес адамға талап қойылып отырғанын анықтаса, істі тоқтатпай талап қоюшының өтініші бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және қарау басынан бастап жүргізіледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот істі ұсынылған талап қою бойынша қарайды.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа талап қою арқылы бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін процеске кірісе алады. Олар талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 53-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
53-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі шыққанға дейін талап қоюшы немесе жауапкер жағында іске кірісе алады. Олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінішімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін. Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау не бітімгершілік келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады.
54-бап. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы
1. Даулы немесе шешіммен белгіленген құқық қатынастарынан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайларда (азаматтың қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапқа жол беру, борышты ауыстыру және материалдық құқық қатынастарындағы тұлғалардың басқа да өзгеру жағдайы) сот ол тарапты оның құқық мирасқорлығымен ауыстырады. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.
2. Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 55-бап өзгертілді
55-бап. Прокурордың сот ісін жүргізуге қатысуы
1. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және өзіне бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы бұл заңда көзделген, прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда, сондай-ақ прокурордың бастамасы бойынша қозғалған, мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, жұмысқа қайтадан алу, жалақыны өндіріп алу, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша міндетті.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін процеске өз бастамасы бойынша немесе соттың бастамасы бойынша қатысуға құқылы.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері соттың қарауға белгіленген барлық істер туралы уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделердi қорғау туралы талап қойып, арыз беріп сотқа жүгінуге құқылы. Әлеуметтік саладағы шектелмеген адамдар тобының еңбек, тұрғын үй және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғау үшін прокурор мүдделі адамның өтінішіне және арызына қарамастан талап қоюы мүмкін.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері қозғалмаса, онда сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
5. Талап қойған прокурор, бітімгершілік келісім және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін талап қоюдан бас тартуы ол тұлғаны істің мәнісі бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
6. Сот қарайтын дауда талап қоюшы немесе жауапкер ретінде прокуратура органдарының мүддесін білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
56-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар олардың өтінуімен басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып сотқа жүгіне алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қойылуы мүмкін.
2. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, үшінші тұлғалардың құқықтарына қысым жасалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 57-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
57-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы
1. Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін бірінші сатыдағы сот істі мәні бойынша қарауды аяқтағанға дейін өз бастамасы бойынша, іске қатысатын адамдардың бастамасы бойынша, сондай-ақ соттың бастамасы бойынша процеске қатыса алады.
2. Осы бапта көрсетілген органдар өз өкілдері арқылы осы Кодекстің 47-бабында көзделген іске қатысушы адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.
6-тарау. Сотта өкілдік ету
58-бап. Істі өкілдер арқылы жүргізу
1. Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
2. Ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар береді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
59-бап. Тапсырма бойынша өкілдік ету
Мына адамдар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың қызметкерлері - осы заңды тұлғалардың істері бойынша;
3) кәсіптік одақтардың уәкілетті адамдары - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
5) заңмен, жарғымен немесе ережемен басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
6) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
7) іске қатысатын адамдардың өтінуімен сот рұқсат еткен, жоғары заңгерлік білімі бар басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 60-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
60-бап. Сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар
1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда сотта өкіл бола алмайды.
2. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды.