2. Арыз негізді болған жағдайда сот өз шешімінде нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөліктерін акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп таниды, бұл туралы шешімнің қарар бөлігінде көрсетіледі.
3. Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы, егер жарамсыз деп танылған нормативтік құқықтық акт бұрын сол бұқаралық ақпарат құралында жарияланса, сот шешімі туралы сот белгілеген мерзімде хабарлама жариялауға міндетті екенін көрсетеді.
4. Нормативтік құқықтық акті тұтастай немесе оның жекелеген бөлігін жарамсыз деп таныған сот шешімі осы актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін, дау айтылған нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына қолданылған азамат және белгісіз адамдар тобы үшін міндетті болып есептеледі. Оның преюдициялық күші бар және нормативтік құқықтық актінің заңдылығы туралы басқа азаматтар оның сот тексеруінің объектісі болмайтын бөлігінде ғана қайтадан дауласа алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 29-тараудың тақырыбы өзгертілді
29-тарау. Прокурордың органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгінуі
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 286-бап өзгертілді
286-бап. Наразылықтың қабылданбауына байланысты прокурордың жүгінуі
1. Заңға сәйкес келмейтiн нормативтiк құқықтық актiге және (немесе) жеке қолданылатын құқықтық актiге, сондай-ақ мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерiне прокурордың наразылығын заңсыз акт шығарған немесе заңсыз әрекеттер жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамаған жағдайда, прокурор наразылық білдірiлген актiнi немесе әрекеттердi заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнедi. Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелері туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны қараудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі.
2. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық келтірілген актінің күшін сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.
287-бап. Прокурордың арызын сотта қарау
1. Сот прокурордың арызын он күн мерзімде қарайды.
2. Прокурордың арызы оның қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қаралады.
3. Сот отырысына наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған орган басшысының, лауазымды адамның немесе оның өкілінің келмеуі прокурордың арызын қарауға кедергі бола алмайды, алайда сот бұл адамның келуі міндетті деп тануы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 288-бап өзгертілді
288-бап. Прокурордың арызы бойынша соттың шешімі
1. Сот прокурор арызының негізді екендігін анықтай отырып, өтінішті қанағаттандыру және нормативтік құқықтық актіні, жеке қолданылатын құқықтық актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы шешім шығарады.
2. Егер сот наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңға және органның немесе лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiне сәйкес деп таныса, ол арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
4-бөлімше. Ерекше іс жүргізу
30-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 2005.23.02 № 33-III; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара); 2009.10.07. № 178-IV (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.08.04. № 266-IV (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 289-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) ; 2012.17.02. № 564-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 289-бап өзгертілді
289-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер
1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
3) азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы;
3-1) кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы;
4) азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
4-1) қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
5) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы;
5-1) заңды тұлғаларды оңалту туралы;
5-2) заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту туралы;
6) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
7) азаматтық хал актілері жазуларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
8) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға шағымдар бойынша;
9) бағалы қағаздар көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
10) бала асырап алу туралы;
11) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік іс-әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;
11-1) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы;
2009.10.07. № 178-IV ҚР Заңымен 289-баптың бірінші бөлігі 12) тармақшамен толықтырылды
12) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы істер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
290-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31-38-тарауларында белгіленген алыныстармен және толықтырулармен қоса талап қою ережелері бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз беруші мен мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
2. Егер істі ерекше іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде соттың қарауына жататын құқық туралы дау туындаса, сот істі талап қою тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады. Іс талап қою тәртібімен оның қозғалу орны бойынша қаралады. Арыз беруші мен басқа да мүдделі адамдарға осы Кодекстің 150, 151-баптарында көзделген талаптарды сот белгілеген мерзімде орындау қажет екендігі түсіндіріледі. Мүдделі адамдардың қарсылықтары болған жағдайда сот істі аумақтық сотта қарау ережелері бойынша басқа соттың қарауына беруі мүмкін.
3. Сот ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда арыз қаралмай қалдырылады, ал мүдделі адамдарға олардың жалпы негіздерде талап қою құқығы түсіндіріледі.
31-тарау. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау
291-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуы;
3) тууды, бала асырап алуды, некелесуді, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу;
4) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспорттарды, жеке куәліктерді және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамдікі екендігі;
5) мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету;
6) жазатайым жағдай;
7) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болу оқиғасын тіркеуден бас тартқан жағдайда адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуы;
8) мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орны;
9) егер заңдарда оларды анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, басқа да заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істерді қарайды.
292-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар
Сот арыз берушінің осы фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған жағдайда, не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін емес болған кезінде ғана заңдық маңызы бар фактілерді анықтайды.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 293-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
293-бап. Арыз беру
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша арыз арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілетін, бұған жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілетін жылжымайтын мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету фактісі қосылмайды.
294-бап. Арыздың мазмұны
Арызда арыз берішінің қандай фактіні және қандай мақсатпен анықтау қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
295-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
Соттың шешімі фактіні растайтын құжат болып табылады, ал мемлекеттік органдар тіркеуге тиісті фактіге қатысты алғанда оны тіркеу немесе ресімдеу үшін негіз болып табылады, бұл орайда сол органдар беретін құжаттарды ауыстырмайды.
32-тарау. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 296-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
296-бап. Арыз беру
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы арыз оны берушінің тұрғылықты жеріндегі не хабар-ошарсыз кеткен азаматтың соңғы мәлім болған тұрғылықты жеріндегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі.
2. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қамқоршы және қорғаншы орган мен басқа да мүдделі адамдардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
297-бап. Арыздың мазмұны
Арызда оны берушіге азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау қандай мақсат үшін қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ азаматтың хабар-ошарсыз кетуін растайтын мән-жайлар не хабар-ошарсыз кеткен адамның қаза табу қаупін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым жағдайдан қайтыс болды деп жорамалдауға негіз болатын мән-жайлар айтылуға тиіс. Әскери қызметшілер немесе соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөнінде арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.
298-бап. Судьяның арыз қабылдағаннан кейінгі іс-әрекеттері
1. Судья істі соттың қарауына әзірлеу кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан ол туралы бар мәліметтерді сұрайды.
2. Судья арыз қабылдағаннан кейін іс қозғалғаны туралы арыз берушінің есебінен жергілікті газетте жарияланым беру туралы ұйғарым шығарады. Жарияланымда мыналар болуға тиіс:
1) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болған деп жариялау туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берушінің атауы және оның тұрғылықты жері (егер арыз заңды тұлғалардан келіп түссе, орналасқан жері);
3) жоқ адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған жері мен соңғы жұмыс орны;
4) азаматтың жүрген жерін білетін адамдарға жарияланым берілген күннен бастап үш ай мерзімде сотқа ол туралы хабарлауды ұсыну.
3. Арызды қабылдағаннан кейін судья қамқоршы және қорғаншы органға жоғалып кеткен азаматтың мүлкін күзету мен басқару үшін қамқоршы тағайындауды ұсына алады.
299-бап. Прокурордың қатысуы міндеттілігі
Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы істерді сот міндетті түрде прокурордың қатысуымен қарайды.
300-бап. Сот шешімдерінің салдары
1. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкі орналасқан жерде осы мүлікке қамқоршы тағайындауға негіз болып табылады.
2. Азаматты қайтыс болды деп жариялаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органының азаматтың қайтыс болуы туралы жазуды азаматтық хал актілерін жазу кітабына енгізуге негіз болып табылады.
301-бап. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың келу немесе жүрген жерін анықтау салдары
Хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азамат келген немесе оның жүрген жері анықталған жағдайда сот жаңа шешіммен өзінің бұрын шығарған шешімінің күшін жояды. Бұл шешім мүлікке қамқоршылық жасауды алып тастауға және азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы оның қайтыс болуы туралы жазбаны жоюға негіз болып табылады.
33-тарау. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 302-бап өзгертілді
302-бап. Арыз беру
1. Азаматты спиртті ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге құнығуы салдарынан әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Психикалық науқастану немесе психиканың бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы салдарынан азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс сотта онымен бірге тұратынына қарамастан отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының (ата-анасының, балаларының, аға-інілерінің, апа-қарындастарының), прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесінің арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
3. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қамқоршы белгілеу (тағайындау) жолымен әрекет қабілеттілігі шектеулі, әрекетке қабілетсіз адамның да, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың да мүдделерін қорғау мақсатында қозғалады.
4. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арыз сол азамат тұратын жердегі, ал егер адам психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесіне жатқызылса, сол мекеме орналасқан жердегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 303-бап өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
303-бап. Арыздың мазмұны
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арызда спиртті ішімдіктерге немесе «есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге құнығып кеткен адамның өз отбасына материалдық жағынан ауыр жағдай жасайтындығын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арызда өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбеуі немесе не істегенін білмеуі салдарынан азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы болуын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 123-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 304-бап өзгертілді
304-бап. Судьяның ресми өкіл-адвокат тағайындауы
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арыз қабылданғаннан кейін судья процесте қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды.
2. Ресми өкіл-адвокаттың заңды өкіл өкілеттігі болады. Заңға сәйкес мұндай адвокаттың заң көмегі бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 305-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
305-бап. Азаматтың психикалық хал-жайын анықтау үшін сараптама тағайындау
1. Судья азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы туралы деректер жеткілікті болған жағдайда істі соттың қарауына әзірлеу тәртібімен оның психикалық жай-күйін анықтау үшін сот-психикалық сараптама тағайындайды.
2. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қозғалған адам сараптамадан өтуден көрінеу жалтарған жағдайда сот психиатрдың қатысуымен өтетін сот отырысында азаматты сот-психиатриялық сараптама мәжбүрлеп жіберу туралы ұйғарым шығара алады.
3. Сот психиатриялық сараптаманы психиатриялық стационарларда жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасының сот сараптамасы туралы заңнамасында белгіленген.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 306-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
306-бап. Арызды қарау
1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы істі сот, егер азаматтың денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, оның өзінің, прокурордың және қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің қатысуымен қарайды.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі сот қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің және прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы ісі қаралып жатқан азамат, егер денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, сот отырысына шақырылуы мүмкін.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден арыз беруші босатылады.
4. Арыз берген отбасы мүшелерінің, жақын туыстардың, азаматты әрекетке қабілетсіз деп көрінеу негізсіз таныту мақсатымен теріс пиғылды әрекет жасағанын анықтаған сот олардан барлық сот шығындарын өндіріп алады.
307-бап. Арыз бойынша соттың шешімі
1. Егер азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тануға негіздердің болмау фактісін анықтаса, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
2. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекет қабілеттілігі шектеулі азаматқа қорғаншы тағайындауына негіз болып табылады.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекетке қабілетсіз азаматқа қамқоршы тағайындауына негіз болып табылады.
4. Қамқоршы және қорғаншы орган әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз азаматқа тиісінше қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғаны туралы сотқа он күн мерзім ішінде хабарлауға тиіс.
308-бап. Азаматты әрекетке қабілетті деп тану
1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 27-бабының екінші тармағында көзделген жағдайда сот азаматтың өзінің, оның отбасы мүшесінің, қорғаншының, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық диспансердің арызы бойынша азаматтың әрекет қабілеттілігі шектеулі екенінің күшін жою туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде оған белгіленген қорғаншылық күшін жояды.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 26-бабының үшінші тармағында көзделген жағдайларда сот қамқоршының, психиатриялық емдеу мекемесінің, отбасы мүшесінің, прокурордың, психиатриялық (психоневрологиялық) мекеменің, қамқоршы және қорғаншы органының арызы бойынша сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысы негізінде сауыққан немесе денсаулығы едәуір жақсарған адамды әрекетке қабілетті деп тану туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қамқоршылық күшін жояды.
2010.23.11. № 354-IV Заңымен 33-1-тараумен толықтырылды
33-1- тарау. Кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы істер бойынша іс жүргізу
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 308-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
308-1-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына және ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру
1. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы өтінішті баланың тұрғылықты (болатын) жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа қорғаншылық және қамқоршылық органы не ішкі істер органы жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында береді.
2. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы өтініште мән-жайлар баяндалуға және арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу үшін заңмен көзделген негіздердің бар екендігі туралы және кәмелетке толмаған баланың оны көрсетілген білім беру ұйымдарында ұстауға және оқытуға кедергі келтіретін ауруының жоқ екендігі туралы куәландыратын құжаттар ұсынылуға тиіс.
308-2-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтінішті қарау
1. Сотқа кәмелетке толмаған бала, оның заңды өкілдері, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, сондай-ақ соттың қалауы бойынша өзге де адамдар шақырылады.
2. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтінішті қарауға прокурордың қатысуы міндетті болып табылады.
3. Өтініш беруші кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға жіберу туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден босатылады.
308-3-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтініш бойынша сот шешімі
1. Судья кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтінішті мәні бойынша қарап, шешім шығарады, ол бойынша өтініш қабылданбайды не қанағаттандырылады.
2. Өтінішті қанағаттандыру туралы шешім кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына не ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру үшін негіз болып табылады.
3. Кәмелетке толмаған баланың арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына келу мерзімі шешім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
34-тарау. Азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы істер бойынша іс жүргізу
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 309-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
309-бап. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу
1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арызды прокурор психиатриялық мекеме орналасқан жердегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында береді.
2. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеу тәртібімен жатқызу үшін заңда көзделген негіздер көрсетілуге тиісті арызға психиатр дәрігерлер комиссиясының психиатриялық стационарға болу қажеттігі туралы дәлелді қорытындысы қоса тіркеледі.
310-бап. Арыз беру мерзімі
1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арыз психиатр-дәрігерлер комиссиясы азаматты психиатриялық стационарға жатқызу қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезден бастап 72 сағат ішінде беріледі.
2. Істі қозғай отырып, судья сонымен қатар азаматтың психиатриялық стационарда болу уақытын арызды сотта қарауға қажетті мерзімге ұзартады.
311-бап. Арызды қарау
1. Азаматты мәжбүрлеу тәртібімен психиатриялық стационарға жатқызу туралы арызды судья іс қозғалған кезден бастап бес күн ішінде қарайды. Егер психиатриялық мекеме өкілінен алынған мәліметтер бойынша ол адамның психикалық хал-жайы оған психиатриялық мекеме үйінде жүргізілген сот отырысына жеке қатысуға мүмкіндік беретін болса, азаматтың өзін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы іс бойынша сот отырысына жеке қатысуға құқығы бар.
2. Істің қозғалуына бастамашы болған психиатриялық мекеме өкілінің және ауруханаға жатқызу туралы мәселесі шешіліп жатқан адамның өкілінің арызды қарауға қатысуы міндетті.
312-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Судья арызды мәні бойынша қарай келіп, шешім шығарады, онда арыз қабылдамай тасталады не қанағаттандырылады.
2. Арызды қанағаттандыру туралы шешім азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызуға және заңда белгіленген мерзімде оны психиатриялық стационарда одан әрі ұстауға негіз болып табылады.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 34-1-тараумен толықтырылды; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 34-1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
34-1-тарау. Қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істерді қарау
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 312-1-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 312-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
312-1-бап. Қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істерді қарау