3. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан оның әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
4. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, егер осы іс-әрекет Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған жағдайларда және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса және Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болса, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады.
9-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру
1. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгiленбесе, ұстап беруге жатпайды.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн.
3. Ешкімді де шет мемлекетке, егер сол мемлекетте оған азаптау, зорлық-зомбылық, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету немесе жазалау қатері бар деп пайымдауға айтарлықтай негіздер болса, сондай-ақ өлім жазасын қолдану қаупі жағдайында, егер Қазақстан Республикасының шарттарында өзгеше көзделмесе, ұстап беруге болмайды.
2-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
10-бап. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық ұғымдары
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
2. Осы Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
3. Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.
4. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген, формальды түрде, қандай да бiр іс-әрекеттiң белгiлерi бар, бірақ маңызы жағынан болмашы болғандықтан, қоғамға қауiп төндірмейтін әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
11-бап. Қылмыс санаттары
1. Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлiнедi.
2. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылады.
3. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
4. Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылады.
5. Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
12-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы
1. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады. Қылмыс және қылмыстық теріс қылық өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
2. Егер адам бұрын жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталған не заңда белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет жасалған деп танылмайды.
3. Жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық, яғни бiр пиғылмен және бiр мақсатпен ұштасып, тұтас алғанда бiр қылмыстық құқық бұзушылықты құрайтын, құқыққа қарсы бiрқатар бiрдей іс-әрекеттерден тұратын қылмыстық құқық бұзушылық бiрнеше рет жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмайды.
4. Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
5. Қылмыстық теріс қылықтардың бірнеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда, адамның жасаған қылмыстық теріс қылықтары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң қылмыстық теріс қылықтарды бiрнеше рет жасағаны үшiн жаза көзделетiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша сараланады.
13-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы
1. Осы Кодекстiң түрлi баптарында немесе баптарының бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде адам, егер осы іс-әрекеттердiң белгiлерi осы Кодекстiң бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Осы Кодекстiң екi немесе одан да көп бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгiлерi бар бiр әрекет (әрекетсiздiк) те қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстардың мұндай жиынтығы кезінде адам, егер бiр іс-әрекеттiң белгiлерi осы Кодекс бабының басқа іс-әрекет үшiн неғұрлым қатаң жазаны көздейтiн нормасында қамтылмаған болса, әрбiр жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстің тиiстi баптары бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
3. Егер дәл сол бір іс-әрекет осы Кодекстiң тиiстi баптарының жалпы және арнайы нормаларының белгiлерiне сәйкес келсе, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.
14-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы
1. Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
2. Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп адамның:
1) егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса, ауыр қылмыс жасағаны;
2) егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, аса ауыр қылмыс жасағаны танылады.
3. Он сегiз жасқа дейінгі адамның жасаған қылмыстары үшін сотталғандық, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе жойылған сотталғандық қылмыстардың қайталануын және қылмыстардың қауіпті қайталануын тану кезінде есепке алынбайды.
4. Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы осы Кодексте көзделген негiздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады.
15-бап. Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтiргенi (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргенi (107-баптыңекiншi бөлiгі), зорлағаны (120-бап), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерi (121-бап), адам ұрлағаны (125-бап), халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны (173-бап), әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны (174-бап), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қолсұғушылық (177-бап), Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қолсұғушылық (178-бап), диверсия (184-бап), ұрлық (188-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), тонау (191-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), қарақшылық (192-бап), қорқытып алушылық (194-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезiнде автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алғаны (200-баптыңекiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi), ауырлататын мән-жайлар кезiнде бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдiргенi (202-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi), терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), адамды кепiлге алғаны (261-бап), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны немесе оларды басып алғаны (269-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (273-бап), қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқырғаны не қорқытып алғаны (291-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде бұзақылық жасағаны (293-баптың екінші және үшiншi бөлiктері), тағылық (294-бап), есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқырғаны не қорқытып алғаны (298-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлағаны (314-баптың екiншi бөлiгi) және көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз еткені (350-бап) үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген жасқа толған болса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiміне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.
16-бап. Есi дұрыс еместiк
1. Осы Кодексте көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.
17-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаған не оларға ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жай ретiнде есепке алады және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады.
18-бап. Масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
Алкогольдi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
19-бап. Кiнә
1. Адам өзінің кiнәсi анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері (әрекеттері немесе әрекетсіздігі) және оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Объективтi айып тағуға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi.
3. Іс-әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылық үшін кiнәлi деп танылады.
4. Абайсызда жасалған іс-әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
20-бап. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Тiкелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей пиғылмен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн алдын ала болжап білген болса, осы зардаптардың орын алуын қаламаса да, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама пиғылмен жасалған деп танылады.
21-бап. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиістi ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлылықпен жасалған деп танылады.
22-бап. Кiнәнiң екi нысанымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылық
Егер қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде заң бойынша неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын және адамның пиғылында болмаған ауыр зардаптар келтiрiлсе, мұндай зардаптар үшiн қылмыстық жауаптылық, егер адам олардың туындау мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз менмендiкпен оларды болдырмауға болады деп есептеген немесе егер адам бұл зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжап білмеген, бiрақ алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болған жағдайларда ғана туындайды. Тұтас алғанда, мұндай қылмыстық құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.
23-бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру
1. Егер әрекеттерді (әрекетсiздiкті) және қоғамға қауiптi туындаған зардаптарды жасаған адамның пиғылында болмаған болса, ал мұндай іс-әрекетті абайсызда жасағаны және қоғамға қауiптi зардаптар келтiргенi үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық көзделмесе, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
2. Егер іс-әрекет жасаған адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптiлiгiн ұғынбаған болса және iстiң мән-жайлары бойынша ұғына алмаған болса не қоғамға қауіпті зардаптардың туындауы мүмкiн екенiн алдын ала болжап білмеген болса және iстiң мән-жайлары бойынша оларды алдын ала болжап білуге тиiс болмаса немесе біле алмаған болса, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады. Егер іс-әрекет жасаған кезде қоғамға қауiптi зардаптардың туындауын алдын ала болжап білген адам бұған жеткiлiктi негiздерде оларды болғызбауға болады деп есептеген болса не өзiнiң психикалық-физиологиялық қасиеттерiнiң қысылтаяң жағдайлар талаптарына немесе жүйке-психикалық ауыртпалықтарға сәйкес келмеуi салдарынан осы зардаптарды болғызбауға шамасы келмеген болса да, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
24-бап. Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу
1. Тікелей пиғылмен жасалған, қылмыс құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды iздестiру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыс адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа дайындалу деп танылады.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
3. Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады.
4. Ауырлығы орташа қылмысқа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
5. Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмысқа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасала отырып туындайды.
25-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық
Егер адам жасаған іс-әрекетте осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады.
26-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту
1. Адамның дайындалу әрекеттерiн тоқтатуы не осы іс-әрекетті жасауға тiкелей бағытталған әрекеттердi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам оны ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы іс-әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және біржолата бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам, егер оның іс жүзінде жасаған іс-әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана, қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы және оған айдап салушы мемлекеттiк органдарға хабарлауымен немесе өзге де қолданылған шараларымен орындаушының осы құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, бұл адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күні бұрын уәде берген жәрдемінен бас тартса немесе көрсетiлген көмектiң салдарын жойса, көмектесушi қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмауға әкеп соқпаса, онда олардың қолданған шараларын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.
27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымы
Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады.
28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi
1. Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушi орындаушымен бірге қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен
қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам,
сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың жауаптылығы
1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.