2. Куәнi, жәбiрленушiнi жалған айғақтар беруге, сарапшыны жалған қорытынды беруге немесе аудармашыны қате аударма жасатуға мәжбүрлеу, сол сияқты аталған адамдарды айғақтар беруден жалтаруға осы адамдарды немесе олардың жақындарын бопсалаумен, өлтiру, денсаулығына зиян келтiру, мүлкiн жою қатерін төндірумен ұласқан мәжбүрлеу - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, аталған адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып жасалған іс-әрекеттер - алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не аталған адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш қолданып жасалған, сол сияқты сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптауға байланысты іс-әрекеттер - екі жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
423-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізу деректерiн жария ету
Жариялауға жол берілмейтіндігі туралы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен ескертiлген адамның сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерiн жария етуi, егер ол прокурордың немесе сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның келiсуiнсiз жасалған болса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
424-бап. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария ету
1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария ету, егер бұл іс-әрекеттi аталған мәлiметтер оның қызметтiк жұмысына байланысты сенiп тапсырылған немесе белгiлi болған адам жасаса, -
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топтың мүдделеріне орай жасалған дәл сол іс-әрекет -
алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
425-бап. Тізімдеме жасалған немесе тыйым салынған не тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты заңсыз әрекеттер
1. Тізімдеме жасалған, тыйым салынған немесе билік етуге шектеу қойылған мүлiктi осы мүлiк сенiп тапсырылған адамның жасаған ысырап етуi, иелiктен шығаруы, жасыруы немесе заңсыз беруi, сол сияқты кредиттік ұйым қызметшісiнiң тыйым салынған не шығыс операциялары тоқтатыла тұрған ақша қаражатымен (салымдармен) банк операцияларын жүзеге асыруы - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соттың үкiмi немесе қаулысы бойынша тәркiлеуге жататын мүлiктi жасыру немесе иемденiп алу, сол сияқты мүлiкке тәркiлеу тағайындау туралы заңды күшiне енген сот үкiмiн немесе қаулысын орындаудан өзге де жалтару - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
426-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу
1. Жазасын өтеп жүрген немесе алдын ала қамауға алынған адамның бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашуы - үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп;
3) қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып
жасалған дәл сол іс-әрекет - үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қашқан кезiнен бастап жетi күн мерзiмде қамауға алу немесе күзетпен ұстау орнына өз еркiмен қайтып оралған адам, егер ол өзге жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаса және егер қашуы осы баптың екiншi бөлiгiнің 2) және 3) тармақтарында көзделген әрекеттермен ұштаспаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 427-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
427-бап. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден жалтару
Бас бостандығынан айыру орнынан тысқары жерге қысқа мерзiмге шығуға рұқсат етiлген сотталған адамның шығу мерзiмi бiткеннен кейiн, сол сияқты айдауылсыз жүріп-тұру құқығын пайдаланатын не қадағалауда жүрген сотталған адамның бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын одан әрi өтеуден жалтару мақсатында түзеу мекемесiне қайтып оралмауы -
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамның, сондай-ақ алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған сотталған адамдардың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өздеріне қолданудан жалтаруы -
бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
428-бап. Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау
1. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамның қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына қаскөйлікпен бағынбауы - екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет - төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастыру, сол сияқты күш қолданумен немесе өзіне қандай да бір қасақана зиян келтірумен ұштасқан не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан топтасып бағынбауға қатысу - бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
429-бап. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу
1. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қатысты оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында күш қолдану қатерін төндіру - екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдарға, өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану -
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен не өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданып жасалған іс-әрекеттер - жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме қызметкерінің не оның жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының өміріне оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында қол сұғу - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
430-бап. Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау
1. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау - үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыс жасау кезінде өндiрiп алу сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген он мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын іс-әрекеттер, сол сияқты олардың орындалуына кедергі жасау - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасаған және сот үкімі шығарылғанға дейін берешегінің бүкіл сомасын өтеген адамға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
431-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтару
Қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетімен тастап кетуінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейiн қадағалаудағы адамның таңдап алған тұрғылықты жерiне, демалыс және мереке күндерін есептемегенде, бес тәулік ішінде бармауынан көрінген, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтару - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
432-бап. Қылмысты жасырып қалу
Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу - алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы жасаған қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалғаны үшiн адам қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
433-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру
1. Уәкілетті лауазымды адамның анық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызбен немесе хабарламамен жүгінген адамға қатысты алдау, азғыру, қорқыту немесе өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттер арқылы не аталған адамның өтінішін кез келген өзге тәсілмен жою немесе жасыру арқылы қылмыстық теріс қылықты немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты тіркеуден қасақана жасыруы - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр қылмысты жасыруға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) аса ауыр қылмысты жасыруға не ауыр зардаптарға әкеп соққан;
2) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған іс-әрекеттер - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адам немесе уәкілетті мемлекеттік органның басшысы жасаған не сол адамдардың нұсқауымен жасалған іс-әрекеттер - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
434-бап. Қылмыс туралы хабарламау
Дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау - алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ дiни қызметшiлер тәубе үстінде өздерiне сенiп сырын ашқан адамдардың жасаған қылмыстары туралы хабарламағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
435-бап. Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның жәнеазаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау
1. Адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процесте адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сол сияқты жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін өзге де бұзу, егер бұл іс-әрекеттер адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына немесе заңды мүдделеріне, заңды тұлғалардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
436-бап. Азаматтың алқаби міндетін орындауына кедергі жасау
Азаматтың алқаби міндетін орындауына лауазымды адамның кедергі жасауы - бір жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
18-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 437-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
437-бап. Бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау
1. Қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірген бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан бас тарту, сол сияқты бастықтың белгiленген тәртiппен берiлген бұйрығын бағыныштының өзгедей қасақана орындамауы -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алпыс тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан нақ сол iс-әрекеттер -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екiншi бөлiктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған iс-әрекеттер -
бес жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған iс-әрекеттер -
он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасымен жазаланады.
5. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметке ұқыпсыз қарау не адал қарамау салдарынан бұйрықты орындамау -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не тоқсан тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, соғыс уақытында, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған iс-әрекет -
үш жылдан он жылға дейінгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
438-бап. Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу
1. Бастыққа, сол сияқты өзiне жүктелген әскери қызмет
мiндетін орындайтын өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы мiндеттердi бұзуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы мәжбүрлеу - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекет - үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi
1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер - үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
440-бап. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын жәбiрленушiнi ұрып-соғудан, денсаулығына жеңiл зиян келтіруден немесе өзге де күш қолданудан көрінген не оның абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіруге немесе қорлауға байланысты бұзу - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген:
1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
3) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
4) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған іс-әрекеттер - төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер - сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 441-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
441-бап. Бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету
1. Бейбiт уақытта жасалған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсiз себептермен мерзiмiнде келмеу, егер өз бетiмен болмау бір айдан ұзаққа созылса, -
екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, егер өз бетiмен болмау бiр тәулiктен ұзаққа созылса, -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезiнде жасалған, бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету, егер өз бетiмен болмау бір тәулiктен ұзаққа созылса, -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Ұзақтығына қарамастан, соғыс уақытында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету -
он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген iс-әрекеттi жасаған әскери қызметшi, егер бұл iс-әрекет ауыр және өзге де мән-жайлардың тоғысу салдарынан болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
442-бап. Қашқындық
1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қызмет бабымен сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қашқындық - үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшiні, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
443-бап. Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту
1. Әскери қызметшiнiң аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр болмасын зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сол сияқты әскери қызметті атқарудан бас тартуы - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған дәл сол іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
444-бап. Жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу