2. Мемлекеттік қызметші сот шешімімен мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған жағдайда бұл лауазымнан осы негіз бойынша шығарылған адам үш ай ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ішкі конкурстарға қатысуға құқылы.
3. Мемлекеттік органнан қылмыс жасағаны үшін сотталуына байланысты қызметтен шығарылып, кейіннен ақталған және тиісінше мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған мемлекеттік қызметшілерге жұмыста мәжбүрлі түрде болмаған уақыты үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиян өтеледі.
4. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтірілген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттік органның есебінен толық көлемде өтелуге тиіс.
Қызметтен заңсыз шығарылған мемлекеттік қызметшілер біліктілік талаптарына сай келген жағдайда мемлекеттік қызметке бұрынғы (олардың келісімімен - соған тең) мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылады және қызметтен заңсыз шығарылғаннан кейін қол жеткізе алмаған барлық құқықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл кезең мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.
63-бап. Аттестаттау
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттау тәртібін, оның мерзімдерін және аттестатталатын мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттауды өткізу үшін құрамына кемінде бес адам кіруге тиіс аттестаттау комиссиясы құрылады. Аттестаттау комиссиясын төраға басқарады.
3. Аттестаттау қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
1) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және мемлекеттік лауазымын жоғарылатуға ұсынылады;
2) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді;
3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және мемлекеттік лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және қызметтен шығаруға ұсынылады.
4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға ұсынылады.
5. Аттестаттаудан өтпеген және (немесе) мемлекеттік органдарда өзге де, оның ішінде төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарда мемлекеттік қызметті жалғастырудан бас тартқан мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға тиіс.
6. Аттестаттау қорытындысы бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымын жоғарылату жоғары тұрған бос мемлекеттік әкімшілік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылдаған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымға ұсынуға, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіз болып табылады.
8. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа аттестаттау комиссиясының шешіміне қатысты шағым жасай алады.
64-бап. Мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту
1. Мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның шешімі бойынша шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдай алады. Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарға орналаса алмайды және лауазымды адамдар бола алмайды.
Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның келісімі бойынша белгілейді. Мемлекеттік органдар қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауаптылық мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары уәкілетті органмен бірлесе отырып айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруінен өтуге тиіс.
3. Шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
65-бап. Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы уәкілетті органының мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған, шетелдік және халықаралық ұйымдар қатысатын бастамаларға, бағдарламалар мен жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
Халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарды қамтиды:
1) мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу;
2) мемлекеттік қызметшілерді шет елдерде оқыту;
3) шетелдік мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды Қазақстан Республикасында оқыту;
4) мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру.
66-бап. Мемлекеттiк қызметті өткерудiң өзге де мәселелерi
Мемлекеттiк қызметті өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарында, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде регламенттеледі.
12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
67-бап. Мемлекеттік қызметті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Мемлекеттік қызметті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен мемлекеттік бюджеттің қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
68-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына «Б» корпусының кадр резервінде болудың бір жылдық мерзімі өткенге дейін конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.
2. 2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
2016.20.12. № 33-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 8, 50-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 23-і.
№ 416-V