Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.
7. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауына болады.
8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады және олар төлемақы алынбастан, танысу үшін мүдделі тұлғаларға қолжетімді болуға тиіс.
9. Білікті әлеуетті өнім берушілердің тізілімі - мемлекеттік сатып алу саласындағы тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
10. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.
13-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері
1. Мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірі:
1) конкурс (ашық конкурс, біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс, екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс);
2) аукциондарда;
3) баға ұсыныстарын сұрату;
4) бір көзден алу;
5) тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
2. Тапсырыс беруші осы Заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындайды.
3. Мемлекеттік сатып алу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады.
4. Тапсырыс беруші өзінің филиалының (өкілдігінің) қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жылдық көлемін негізге ала отырып, тапсырыс берушінің атынан осындай мемлекеттік сатып алуды тапсырыс берушінің филиалы (өкілдігі) тікелей жүзеге асырған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсілін айқындауға құқылы.
5. Жаңарту тәртібімен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтар тізбесінде тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес келетін тауарлар болған жағдайда, тапсырыс беруші ең алдымен осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жаңарту тәртібімен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сатып алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Бұл ретте көлік шығыстары, оның ішінде тауарды тиеуге-түсіруге байланысты шығыстар тапсырыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.
Жаңарту тәртібімен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының тізбесін мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган қалыптастырады және ол мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады.
14-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді қолдану
1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға, тиісінше шетелдік әлеуетті өнім берушілер орындайтын жұмыстарға, көрсететін қызметтерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда және шарттарда ұлттық режим қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі ерекше жағдайларда, екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып тастауды белгілеуге құқылы.
3. Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік сатып алу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
16-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталымен интеграцияланған дерекқорына енгізілген отандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы ақпаратты ескере отырып, есептілікті жинау, қорыту және талдау қағидаларын бекітеді;
3) мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын бекітеді;
4) мемлекеттік сатып алу веб-порталы жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды, оның ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады, қажет болған кезде мемлекеттік сатып алуға қатысушылар ұсынған есептік деректердің, материалдар мен ақпараттың анықтығын тексереді;
6) мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқанға дейін, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс берушілер мен конкурстық комиссиялардың (аукциондық комиссиялардың) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қабылдаған шешімдерінің күшін жою туралы шешім қабылдайды;
7) уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саладағы уәкілетті органдар әзірлейтін және бекітетін үлгілік конкурстық құжаттамаларға (аукциондық құжаттамаларға) сәйкес мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін айқындайды;
8) мемлекеттік сатып алу саласында өз қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекітеді;
9) мемлекеттік сатып алу саласындағы тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
10) мемлекеттік сатып алуға қатысушылардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;
11) сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17-бап. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктері
Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор:
1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамытуды, қолдауды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамыту бойынша жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік сатып алу субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану бойынша өтеусіз негізде қызметтер көрсетеді;
4) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеуі мәселелері бойынша өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсетеді;
5) мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;
7) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті субъектілермен өзара іс-қимыл жасайды;
8) анықтамалықты енгізе отырып, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын енгізуді және оны қолдауды жүзеге асырады.
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ӨТКІЗУДІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ
18-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
2. Бақылау объектілері:
1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, конкурстық комиссия (аукциондық комиссия), сараптама комиссиясы, сарапшы;
2) өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлескен атқарушылар ретінде тартатын тұлғалар;
3) тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғалар;
4) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор болып табылады.
3. Уәкілетті орган тексерулерді мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:
1) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның), сараптама комиссиясының, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасап әлеуетті өнім беруші, конкурсқа не аукционға қатысушы, өнім беруші не олардың уәкілетті өкілі жазбаша өтініш бергенде жүзеге асырады. Мұндай шағымды қарау осы Заңның 47 және 48-баптарында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады;
2) құқық қорғау органдарының қаулылары келіп түскен кезде;
3) тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы алынған ақпаратты талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган бақылау іс-шараларын, оның ішінде камералдық бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған кезде мынадай шаралар қабылдайды:
1) бақылау объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама, хабарлама жібереді;
2) міндеттемелері тиісті түрде орындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған бақылау объектілерінің кодтары мен шоттары бойынша, сондай-ақ бақылау объектілерінің банк шоттары (корреспонденттікті қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің құрамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жасау (әрекетсіздігі) фактісі анықталған кезде, уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.
6. Уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
19-бап. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу
1. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы ақпаратты жинау, қорыту, талдау, жүйелеу және бағалау негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеуді уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы және ондағы қамтылған ақпарат негізінде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті жібереді.
4. Мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті дайындау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
4-тарау. КОНКУРС ТӘСІЛІМЕН МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
20-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурстық құжаттамада лоттарға міндетті түрде бөле отырып, көрсетілген тәсілмен бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге құқылы.
Біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамада біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
2. Тауарды беретін кемінде бес орын болған жағдайда, конкурс тәсілімен өткізілетін лотта тауарды беретін бірнеше орынды көрсетуге жол беріледі.
3. Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып, конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және (немесе) беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
4. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.
5. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысады.
Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға білікті әлеуетті өнім берушілер тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер қатысады.
21-бап. Конкурстық құжаттама
1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған конкурстық құжаттаманың электрондық нысаны негізінде қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді.
2. Конкурстық құжаттамада осы Заңның 9-бабында белгіленген біліктілік талаптарынан басқа, мыналар:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері;
2) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларын көрсете отырып, техникалық өзіндік ерекшелігі қамтылуға тиіс. Бұл ретте техникалық өзіндік ерекшелік Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс. Қажет болған кезде техникалық өзіндік ерекшелікте нормативтік-техникалық құжаттама көрсетіледі.
Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама қамтылуға тиіс;
3) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлемі;
4) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету орны;
5) тауарды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзімдері, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беру;
6) төлем шарттары және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы;
7) бағадан басқа өлшемшарттар, соның негізінде конкурс жеңімпазы, оның ішінде әрбір осындай өлшемшарттардың салыстырмалы мәні және шартты бағаны есептеу өлшемшарты айқындалады;
8) конкурстық баға ұсынысының мазмұнына қойылатын талаптар, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларынан басқа, қосылған құн салығының сомасы шегеріле отырып, оларды тасымалдау мен сақтандыру, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеу шығыстарын, сондай-ақ тауарларды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттарында көзделген өзге де шығыстарды көрсету;
9) конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы көрсетілуге тиіс валюта немесе валюталар және оларды салыстыру мен бағалау мақсатында шартты бағаны бірыңғай валютаға сәйкес келтіру үшін қолданылатын бағам;
10) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес, конкурсқа қатысуға өтінімдерді, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасау және ұсыну тіліне қойылатын талаптар;
11) конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары, оның мазмұны мен түрлері;
12) әлеуетті өнім берушінің өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін конкурсқа қатысуға өз өтінімін өзгерту немесе қайтарып алу құқығын көрсету;
13) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсыну тәртібі, тәсілі және соңғы мерзімі және конкурсқа қатысуға өтінімдердің талап етілетін қолданылу мерзімі;
14) конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау тәртібі;
15) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашу күні және уақыты;
16) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашу, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру рәсімдерінің сипаты;
17) алда болатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуда тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атынан өкілдік етуге уәкілетті өкілдері туралы мәліметтер;
18) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету шарттары, түрлері, көлемі және оны енгізудің тәсілі;
19) конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген сомалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Конкурстық құжаттамада өткізілетін мемлекеттік сатып алудың шарттары туралы әлеуетті өнім берушілерге неғұрлым толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін басқа да қосымша мәліметтер қамтылуы мүмкін.
3. Конкурстық құжаттамада осы Заңда көзделмеген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілер санының шектелуіне алып келетін, оның ішінде мыналарға:
1) әлеуетті өнім берушілерге кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптар белгілеуге;
2) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға, мыналарды:
негізгі (орнатылған) жабдықтарды, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;
тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау және лизинг нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда;
тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, нұсқаулардың болуына қатысты мемлекеттік сатып алу талаптарын белгілеуге тыйым салынады.
4. Неғұрлым сапалы тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті ұсынатын конкурсқа қатысушыны айқындау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада конкурстық баға ұсынысына әсер ететін мынадай өлшемшарттарды:
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) әлеуетті өнім берушіде:
өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс тәжірибесінің;
Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес, ұсынылатын тауарларға ерікті сәйкестікті растау жүргізілгенін растайтын құжаттың;
ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес сапа менеджментінің сертификатталған жүйесінің (сертификатталған жүйелерінің);
Қазақстан Республикасының аумағында қалдықтардан алынған қайталама шикізат тауарына ерікті сертификаттау жүргізілгенін растайтын құжаттың;
ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес қоршаған ортаны басқару менеджментінің сертификатталған жүйесінің (сертификатталған жүйелерінің) және (немесе) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес экологиялық таза өнім стандартына сәйкестікті растаудың болуын;
2) тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларын және (немесе) сатып алынатын тауарларды пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстарды көздеуге міндетті.
Конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттардың салыстырмалы мәнін есептеу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы немесе мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада Қазақстан Республикасының аумағында қалдықтардан алынған қайталама шикізат қолданыла отырып өндірілген, осы баптың 4-тармағына сәйкес растайтын құжаты бар тауарға басымдық көздеуге міндетті.
5. Конкурстық құжаттаманың жобасын тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам, не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, жауапты хатшы өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды адам бекітеді.
Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы әзірлеген конкурстық құжаттаманың жобасын мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам бекітеді.
22-бап. Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау
1. Конкурстық құжаттаманы бекітудің міндетті талабы әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылауы болып табылады.
Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей тапсырыс берушіге, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыға жіберілуі мүмкін.
Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер болмаған кезде конкурстық құжаттаманы бекіту туралы шешім қабылданады.
2. Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ескертулер болған кезде конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) конкурстық құжаттаманың жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
2) конкурстық құжаттаманың жобасына ескертпелерді қабылдамай, оларды қабылдамау себептерінің негіздемелерін көрсетеді;
3) конкурстық құжаттаманың ережелеріне түсінік береді.
Көрсетілген шешімдер қабылданған күннен бастап конкурстық құжаттама бекітілді деп есептеледі.
Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы тармақтың бірінші бөлігінде және осы баптың 1-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталына конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың мәтінін орналастыруға міндетті.
Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасы конкурстық құжаттаманың жобасына келіп түскен ескертулер мен олар бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
3. Әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынатын күннің соңғы мерзімі конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың мәтінін орналастырған күннен бастап кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс.
4. Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің шешіміне осы Заңда айқындалған тәртіппен шағымдануға болады.
5. Осы баптың талаптары мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алуға;
2) конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама қамтылатындықтан, жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.