2) экономиканың барлық салаларында жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты жұмыстарды орындаудың күрделі (аралас) кәсіптері мен практикалық дағдыларын меңгеруді көздейтін.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді, кәсіптік дағдыларды игеру және бекіту бойынша өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейін беруді көздейді.
3) орта буын мамандарды даярлауды қамтамасыз ететін.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны техникалық және кәсіптік білім берудің интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын жоғары оқу орындарының 1-2-курстарының білім беретін оқу бағдарламаларымен қоса зерделеуді көздейді.
Аралық аттестаттау қорытындысы бойынша (оқытудың әрбір курсынан кейін) білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізген деңгейі (разряды, сыныбы, санаты) беріледі.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға орта буын маманы біліктілігі беріледі.
3. Мәдениет және өнер мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануы қағидаты мен даярлау ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы оқу бағдарламаларының күрделілігі мен берілетін біліктілік деңгейіне байланысты және ол тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта білімі бар азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары жалпы кәсіптік, экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді.
5. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан және кәсіптік практикадан тұрады.
18-бап. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және білім алушылардың ғылым, мәдениет өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскер қатарына шақыруға дейінгі терең даярлықты мамандандырылған мектептерінде іске асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға және дамытуға бағытталған, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсынымдары ескеріле отырып айқындалатын психикалық-физикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктері ескеріледі.
2. Ұзақ уақыт емделуді қажет ететін адамдар үшін, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін жалпы білім беретін арнайы түзеу оқу бағдарламалары әзірленеді және енгізіледі.
3. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген арнайы білім беру ұйымдарында, жалпы білім беретін мектептерде немесе үйде іске асырылады.
20-бап. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары орта білімі бар (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) азаматтар қатарынан техникалық, қызмет көрсету және басқару еңбегінің мамандарын даярлауға бағытталған.
Жалпы орта білімі бар азаматтардың орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын (медицина мамандықтарынан басқа) игеру мерзімі кемінде екі жыл, ал техникалық және кәсіптік білімі бар адамдар үшін - кемінде бір жыл.
2. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны:
1) кәсіптік пәндермен қатар жоғары білім берудің 1-2 курстарының кәсіптік оқу бағдарламаларымен интеграцияланған, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми жаратылыстану пәндерін оқуды;
2) оқыту аяқталғаннан кейін қызмет көрсету және басқару еңбегінің кіші маманы біліктілігін беруді көздейді.
21-бап. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары
1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілікті және (немесе) «бакалавр» академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.
Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтап, «бакалавр» академиялық дәрежесі берілген адамдар біліктілік талаптары жоғары білімі болуды көздейтін лауазымдарды атқара алады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндердің циклін, бейіндеуші пәндердің циклін зерделеуді, сондай-ақ тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.
Жоғары білім берудің кәсіптік білім беретін оқу бағдарламалары мiндеттi құрамдас бөлiктен және таңдау бойынша құрамдас бөлiктен тұратын пәндерді қамтиды. Білім алушылардың таңдауы бойынша құрамдас бөліктен тұратын пәндер әрбір циклде міндетті құрамдас бөлікті пәндерді мазмұндық толықтыруы тиіс.
Жоғары оқу орындары білім беру жүйесін одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталған оқытудың жаңа технологиялары мен әдістері қамтылатын инновациялық білім беретін оқу бағдарламаларын конкурстық негізде әзірлеуге және енгізуге құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру мерзімі мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартымен айқындалады және кемінде 4 жыл болуға тиіс.
4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азаматтар үшін жоғары оқу орындары оқыту мерзімін қысқартуды көздейтін кәсіптік оқу бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Жоғары әскери және арнаулы оқу орындары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиісті мемлекеттiк органның басшысы бекiтетін әскери және өзге де мамандықтар бойынша кәсiптiк бiлiм беретін оқу бағдарламаларын iске асырады.
6. Интернатураның кәсіптік оқу бағдарламасын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекітетін клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
Интернатура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
22-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары
1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогтік даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.
2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны: базалық және бейіндік пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; пракиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
3. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
23-бап. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
2. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына және бағытына қатысты:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) қазіргі заман талаптарына сай келетін кәсіптік біліктілікті дамытуға бағытталған, мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру оқу бағдарламалары болып бөлiнедi.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары іске асыратын қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын оларға катысты мемлекеттік басқару органының функцияларын атқаратын органдар бекітеді.
24-бап. 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
25-бап. Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары
Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізуге, білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге бағытталған.
5-тарау. Білім беру қызметін ұйымдастыру
26-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру ұйымдарына қабылдауға қойылатын жалпы талаптар
1. Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі тиісті үлгідегі оқу орындарына қабылдаудың үлгілік ережесімен белгіленеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ерекше мәртебесі бар білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін олардың өздері дербес айқындайды.
2. Білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарында тұратын барлық балаларды қабылдауды қамтамасыз ететін мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі үлгілік қабылдау ережелерінің негізінде жергілікті атқарушы органдары бекіткен қабылдау ережесімен белгіленеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-1. Конкурстық негізде «Өркен» гранты берілген Қазақстан Республикасының азаматтарын оқуға қабылдауды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жүзеге асырады.
3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау конкурстық негізде азаматтардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары білім алу құқықтарын сақтауға кепілдік беруге және неғұрлым қабілетті және тиісті деңгейдегі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеруге даярлығы бар азаматтарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиіс.
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Дербес білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ұлттық бірыңғай тестілеу рәсімін қолданбастан, аталған ұйымдар айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес оқытудың күндізгі нысаны бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алу үшін Қазақстан Республикасы азаматының конкурстық негізде «Болашақ» халықаралық степендиясын алу құқығы бар.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы берілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуға арналған шарт жасалады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде:
1) «Алтын белгi» белгiсімен марапатталған адамдардың;
2) дербес бiлiм беру ұйымдарының бiлiм туралы құжаттары бар адамдардың;
3) тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздарының басым құқығы бар.
Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердiң, жеңiлдiктері мен кепiлдiктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Білім беру грантын иеленуші оны жоғары оқу орнына қабылдағанға дейін одан бас тартқан жағдайда, білім беру грантын беру туралы куәліктің күші жойылады, ал білім беру гранты белгіленген тәртіппен беріледі.
6. Техникалық және кәсіптік білім алу үшін жоғары техникалық мектептерге оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған шарттармен жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алу үшін жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
8. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде:
1) І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек-балалар арасынан шыққан азаматтар үшін;
2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін;
3) ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін;
5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау үшін квота көзделеді.
9. Арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтарға оқуға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Мамандықтар тізбесі және арнаулы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі үлгілік қабылдау ережелерімен белгіленеді.
10. Рухани (діни) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау орта білімі бар адамдар арасынан құрылтайшы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеу талап етілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарымен оқуға қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
12. Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібін осы Заңмен және қабылдаудың тиісті үлгілік ережелерімен реттелмеген бөлігінде білім беру ұйымдарының құрылтайшысы немесе құрылтайшылары (мемлекеттік басқару органы) белгілейді.
13. Оқуға түскен адамдармен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үлгі нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шарт жасасады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
27-бап. Білім алу нысандары
Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу, экстернат және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады.
28-бап. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесі жұмыстық оқу жоспарлары мен жұмыстық оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу және тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады.
Оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жоспарлары мен бағдарламаларының толық көлемде уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің графигі мен теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарының есебі теориялық және өндірістік оқытудың есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларының оқу сағаттарында орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары білім беру процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және білім алушылардың, тәрбиеленушілердің патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және имандылық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және де халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға тыйым салынады.
4. Оқу-тәрбие процесі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагог қызметкерлердің адамгершілік қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтарды күндізгі бөлімдерінде оқыту уақыты мерзімді әскери қызметті өткеруге теңестірілетін білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін ұйымдастыру тәртібін олардың мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
6. Әскерге шақырылуға дейінгі және шақырылу жасындағы білім алушылардың негізгі орта білім беру базасындағы алғашқы әскери даярлығы - жалпы орта білім берудің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (арнаулы білім беру ұйымдарынан басқа), ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери кафедраларда жүзеге асырылады.
7. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүргізудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.
8. Негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушыларды міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу нысанында немесе мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында жүзеге асырылады.
Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды және оқуын бiтiретiн жылы орта бiлiмнен кейiнгi немесе жоғары бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсуге ниет бiлдiрушiлердi қорытынды аттестаттау ұлттық бiрыңғай тестiлеу нысанында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған жағдайларда ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған, жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында жүзеге асырылады және оқуын бiтiретiн жылы орта бiлiмнен кейiнгi немесе жоғары бiлiм беретiн білім беру ұйымдарына кешенді тестілеу арқылы түсуге мүмкіндік береді.
10. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау:
1) білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды;
2) кәсіптік даярлығының деңгейін бағалауды және біліктілікті беруді қамтиды.
Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшеліктерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
11. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне оқу-тәрбие процесінің барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ білім алушылардың үлгерімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
29-бап. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Білім мен ғылымды интеграциялау, оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:
жалпы орта білім беру ұйымдарында аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында облыстық (қалалық) білім беруді басқару органдарының әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 30-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
30-бап. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту
1. Алты (жеті) жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқытуға мектепалды даярлық түрiнде бес жастан бастап жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегiн болып табылады.
31-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. 1-сыныпқа оқуға балалар алты (жеті) жастан қабылданады.
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беретін ұйымдардың негізгі түрлері мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып табылады.
3. Он алты жасқа дейінгі балаларды орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымы мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келісімімен қабылданады.
32-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы оқу процесі оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.