2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттың орындалуын қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік органды айқындауды;
3) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттарға қатысу тиімділігіне тұрақты талдау жүргізуді;
4) трансшекаралық рәсімдерді жүзеге асыруды қамтуы мүмкін.
23-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
414-бап. Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту кінәлі адамдарды олар жол берген Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою міндетінен босатпайды.
415-бап. Экологиялық дауларды шешу
1. Экологиялық даулар деп Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуға немесе бұзу тәуекеліне байланысты туындайтын даулар түсініледі.
2. Экологиялық даулар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен реттеуге жатады.
24-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
416-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекстің 418-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 1, 1-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 11-12, 55-құжат; № 18, 84-құжат; № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3, 7-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 129-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 3, 27-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 10-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-I, 141-құжат; № 22-II, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 1, 2-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 56, 57-құжаттар; № 8-II, 71, 72-құжаттар; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 7, 14-құжат; № 9, 17-құжат; № 12, 34-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 7, 37-құжат; № 19-20, 86-құжат; № 21-22, 91-құжат; № 23, 103-құжат; 2020 ж., № 10, 46-құжат; № 12, 61-құжат; 2020 жылғы 10 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергетика, көлік және мемлекеттік наградалар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
417-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
418-бап. Өтпелі ережелер
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2024 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді.
Сапаның экологиялық нормативтері бекітілгенге дейін тиісті қатынастарды реттеу кезінде сапаның экологиялық нормативтерінің орнына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтер, сондай-ақ табиғи ресурстар жай-күйінің нормативтері Қазақстан Республикасының табиғи ресурстардың тиісті түрі жөніндегі заңнамасына (Қазақстан Республикасының су, орман, жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасына) сәйкес белгіленген болса, осындай нормативтер қолданылады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары олардың қолданылу мерзімі ішінде өз күшін сақтайды. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қолданыстағы оң қорытындылары бар белгіленіп отырған қызмет жобаларына қатысты осы Кодекстің ережелеріне сәйкес қоршаған ортаға әсер етуді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметке әсер ету скринингін жүргізу талап етілмейді.
2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсаттың негізінде пайдаланылатын І санаттағы объектінің операторы осындай кешенді экологиялық рұқсаттың берілуіне негіз болған мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында белгіленген, ластағыш заттардың шекті жол берілетін шығарындылары мен төгінділерінің нормативтерін, қалдықтарды орналастыру нормативтерін түзетуді осы Кодекске сәйкес эмиссиялар нормативтерінің жобасын, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасын әзірлеу арқылы жүзеге асыруға құқылы. Осындай эмиссиялар нормативтерінің жобалары, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобалары осы Кодекстің 87-бабының мақсаты үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектілері болып табылады. Осындай жобалар бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы беріледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жобалау құжаттарында негізделетін шығарындылардың, төгінділердің және қалдықтарды көмудің жалпы жылдық лимиттері 2021 жылғы 1 шілдеге дейін кешенді экологиялық рұқсаттың берілуіне негіз болған мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында белгіленген тиісті жалпы жылдық нормативтерден (лимиттерден) аспауға тиіс.
3. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген объектілердің немесе 2021 жылғы 1 шілдеге дейін өздеріне қатысты мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары берілген, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес арнайы табиғат пайдалану субъектілері болып танылған, пайдалануға берілмеген объектілердің операторлары тиісті объектілерді осы Кодекстің ережелеріне сәйкес І, ІІ, III және IV санаттарға жатқызу мақсатында 2021 жылғы 1 тамыздан кешіктірмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш беруге міндетті.
Осы Кодекстің талаптарына сәйкес өтініштің нысанын, оны қарау және объектінің санатын айқындау тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Осы Кодекстің кешенді экологиялық рұқсаттың міндетті болуы туралы талаптары 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген І санаттағы объектілерге және 2021 жылғы 1 шілдеге дейін жобалары бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген, пайдалануға берілмеген І санаттағы объектілерге қолданылмайды.
Осы Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсатты ерікті түрде алу жағдайларын, сондай-ақ осы тармақтың үшінші бөлігінде, осы баптың 5 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген I санаттағы объектілерге қатысты әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың болуы міндетті болып табылады. I санаттағы осындай объектілер үшін әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттар беруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жобаларында 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың немесе кешенді ведомстводан тыс сараптаманың қолданыстағы оң қорытындысы жоқ, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген объектілерді реконструкциялау белгіленіп отырған жағдайда, оларға кешенді экологиялық рұқсат алу міндетті болып табылады. І санаттағы объектіні реконструкциялау деп объектіні кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу арқылы оның мақсатын, техникалық және технологиялық сипаттамаларын немесе пайдалану шарттарын елеулі өзгерту түсініледі.
5. 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсаттар, оның ішінде соларда көрсетілген технологиялық үлестік нормативтер, қолданылуының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкес болған жағдайда, 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін күшін сақтайды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың қолданыстағы салалары бойынша қажетті білімі мен тәжірибесі бар ішкі және сыртқы сарапшыларды тарта отырып, экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде 2021 жылғы 1 шілдеге дейін берілген кешенді экологиялық рұқсаттардың шарттары бойынша ең үздік қолжетімді технологияларді енгізу бағдарламаларын толық іске асыру қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелердің ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкестігіне бағалауды жүзеге асырады. Осындай бағалау нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кешенді экологиялық рұқсаттың қолданылуының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды шығарады. Мұндай қорытынды шығарылғанынан кейін бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялануға жатады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кешенді экологиялық рұқсаттың қолданылуының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларға сәйкес еместігі туралы қорытынды шығарған күннен бастап алты ай ішінде I санаттағы объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен осындай кешенді экологиялық рұқсатқа мерзімі алты жылдан аспайтын бағдарламадағы өзгерістерді келіседі.
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро функцияларын жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты ұйымы 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың барлық саласы бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды әзірлеуді қамтамасыз етеді.
Елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелерін пайдалана отырып, сарқынды суларды тазартуға немесе басым түрде елді мекендерді энергиямен жабдықтау мақсатында жылу және (немесе) электр энергиясын өндіруге арналған, жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектілерге қатысты ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды әзірлеу кезінде осындай объектілердің техникалық және технологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көрсетілген I санаттағы объектілерде енгізу үшін ең үздік қолжетімді техникалардың техникалық және экономикалық қолжетімділігін негіздейтін экономикалық және әлеуметтік жағдайлары қосымша ескерілуге тиіс.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2023 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей қолданылуының барлық саласы бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекітуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекіткенге дейін объектілердің операторлары кешенді экологиялық рұқсат алған және технологиялық нормативтерді негіздеген кезде Қоршаған ортаның ластануын кешенді бақылау және болғызбау жөніндегі Еуропа бюросы шеңберінде әзірленген, қолдануының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарға, сондай-ақ қолданылуының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекіту туралы Еуропа комиссиясының шешімдеріне сілтеме жасауға құқылы.
Осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген кешенді экологиялық рұқсаттар оларда белгіленген технологиялық нормативтер қолдануының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бекітілген қорытындыларда белгіленген ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерге сәйкес келген жағдайда жарамды болады және қолданылу мерзімі ішінде өз күшін сақтайды.
8. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап І немесе II санаттағы объектілерге жатқызылған объектілерде қызметін жүзеге асыратын операторлар 2021 жылғы 1 шілдеге дейін алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар, эмиссиялар нормативтері (бұдан әрі - рұқсаттар мен құжаттар) осындай рұқсаттар мен құжаттардың қолданылу мерзімі өткенге дейін не осы Кодекске сәйкес экологиялық рұқсат алынған күнге дейін қолданылады.
9. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген және осы баптың 3-тармағына сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап III санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынуға міндетті.
10. Осы баптың 3-тармағына сәйкес:
IІІ санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың, эмиссиялар нормативтерінің қолданысы - осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация берілген күннен бастап тоқтатылады;
IV санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың, эмиссиялар нормативтерінің қолданысы - 2021 жылғы 1 шілдеге бастап тоқтатылады.
11. Стационарлық көздің және (немесе) жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектіде орналасқан стационарлық көздер жиынтығының осы Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде) және (немесе) технологиялық нормативтерді сақтауы мүмкін болмаған кезде кешенді экологиялық рұқсатқа қосымша ретінде он жылдан аспайтын мерзімге экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы келісіледі. Осындай I санаттағы объектіге қатысты экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау кезеңіне кешенді экологиялық рұқсат алуға өтініш берілген күнге қолданыста болатын экологиялық рұқсатқа және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына (ол болған кезде) сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады. Осы Кодекстің 119-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда мұндай эмиссиялар нормативтері экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында көзделген қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңімен төмендету көрсеткіштері ескеріле отырып қолданылады. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңімен төмендетудің әрбір тиісті көрсеткішіне қол жеткізілгеннен кейін мұндай көрсеткіш оператор үшін міндетті норматив болады.
Стационарлық көздің және (немесе) жұмыс істеп тұрған I немесе II санаттағы объектіде орналасқан стационарлық көздер жиынтығының осы Кодекске сәйкес әсер етуге арналған экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде) сақтауы мүмкін болмаған кезде әсер етуге арналған экологиялық рұқсатқа қосымша ретінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары келісіледі. Осындай объектіге қатысты қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау кезеңіне әсер етуге арналған экологиялық рұқсат алуға өтініш берілген күнге қолданыста болатын экологиялық рұқсатқа және мемлекеттік экологиялық сараптаманың (ол болған кезде) қорытындысына сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының қолданылу кезеңінде объектінің операторы қол жеткізуге тиіс қоршаған ортаға теріс әсер етуді төмендету көрсеткіштері және осындай көрсеткіштерге кезең-кезеңімен қол жеткізу графигі қамтылуға тиіс. Қоршаған ортаға теріс әсер етуді кезең-кезеңімен төмендетудің әрбір тиісті көрсеткішіне қол жеткізілгеннен кейін мұндай көрсеткіш оператор үшін міндетті норматив болады.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мерзімі әсер етуге экологиялық рұқсат беру мерзіміне сәйкес келуге тиіс және ұзартылуға жатпайды.
Осы Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін және (немесе) технологиялық нормативтерді сақтау тиісті эмиссиялар нормативтеріне, технологиялық нормативтерге қол жеткізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектінің операторы үшін міндетті болады.
Осы Кодекске сәйкес әсер етуге арналған экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін сақтау тиісті эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап оператор үшін міндетті болады.
Осы бапта жұмыс істеп тұрған объектілер деп осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген объектілер түсініледі.
12. Тиісті экологиялық рұқсатқа қосымша болып табылатын бекітілген графикке сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап I санаттағы объектілер үшін - он жыл немесе II санаттағы объектілер үшін үш жыл ішінде пайдаланудан түпкілікті шығарылуға жататын I немесе II санаттағы объектілерге қатысты 2021 жылғы 1 шілдеге қолданыста болатын қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес І немесе II санаттағы объектілерді пайдаланудан шығару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезеңіне қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларына эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды енгізу және экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу талап етілмейді.
13. Осы Кодекстің 22-бабының 5-тармағы 3) тармақшасының мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2024 жылғы 1 шілдеден кешіктірілмейтін мерзімде тиісті нұсқаулық-әдістемелік құжаттарды, оның ішінде ауыр металдар мен жойылуы қиын органикалық ластағыштардың эмиссияларын есептеу әдістемесін бекітеді.
14. Осы Кодекстің міндетті стратегиялық экологиялық бағалауды жүргізуге қатысты ережелері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
15. Жұмыс істеп тұрған І санаттағы объектілерге қатысты осы Кодекстің 147-бабының 5 және 6-тармақтарында белгіленген мерзімдер 2021 жылғы 1 шілдеден басталады.
16. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген объектілерге қатысты осы Кодекстің эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі жүйесінің міндетті болуы туралы талабы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
17. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары берілген металлургиялық бөліністің қалдықтарын көмудің жұмыс істеп тұрған полигондарына қатысты осы Кодекстің 353-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талаптарын полигон шекарасынан тұрғын және рекреациялық аймақтарға, су объектілеріне, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге және елді мекендерге дейінгі қашықтықты, жерасты, жерүсті суларының және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің болуын ескеру бөлігінде қолдану 2036 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады.
2021 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары берілген тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қоюдың жұмыс істеп тұрған объектілеріне, металлургиялық бөліністің қалдықтарын жинақтау орындары мен көму полигондарына қатысты осы Кодекстің 238-бабы 5-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларының талаптарын елді мекендерде орналастыруға тыйым салу, су объектілері мен олардың су қорғау аймақтарына, ызасудың тұру деңгейіне қатысты орналастыру, сүзуі әлсіз топырақтың, жергілікті жерде беткейдің және инженерлік сүзуге қарсы қорғаудың болуы бөлігінде қолдану 2036 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген қалдықтардың полигондары мен жинап қою объектілерін реконструкциялауға (кеңейтуге) қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізілгеннен, экологиялық рұқсат алынғаннан (кешенді экологиялық рұқсат болған кезде - оны қайта қарағаннан) кейін және оператордың қоршаған ортаға әсер етуге мониторинг жүргізу туралы міндеттемесі ескеріле отырып, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету анықталған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен осындай әсер етуді болғызбау мақсатында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қосымша шаралар келісілгеннен кейін жол беріледі.
18. 2021 - 2025 жылдар аралығындағы кезеңге арналған көміртегі бюджеті 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін әзірленеді және бекітіледі.
2022 - 2025 жылдар аралығындағы кезең 2021 жылғы 1 шілдеден кейін бекітілетін алғашқы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының кезеңі болып табылады.
19. Қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері осы Кодекстің 336-бабының 1-тармағына сәйкес лицензияны 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін алуға міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 20-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
20. Осы Кодекстің 319-бабының 5-тармағы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін Алматы жəне Астана қалаларының аумағында ғана қолданылады деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 2 қаңтар
№ 400-VІ
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-қосымша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2021 жылғы 2 қаңтардағы
№ 400-VI ҚРЗ Қазақстан
Республикасының
Экология кодексіне
1-қосымша
1-бөлім. Қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу міндетті болып табылатын
белгіленіп отырған қызмет түрлері мен объектілердің
тізбесі
1. Энергетика:
1.1. мұнай өңдеу зауыттары (шикі мұнайдан жағармай материалдарын ғана өндіру жөніндегі кәсіпорындарды қоспағанда);
1.2. газ өңдеу зауыттары;
1.3. өнімділігі тәулігіне 500 тонна және одан көп болатын газдандыруға және көмір мен битумдық тақтатастарды сұйылтуға арналған қондырғылар;
1.4. күйдіру немесе графиттеу арқылы көмірді немесе электрографитті жоғары температурада карбондау (құрғақ айдау) арқылы көміртегін өндіруді қоса алғанда, тас көмірді немесе битумдық тақтатастарды термиялық немесе химиялық қайта өңдеу жөніндегі қондырғылар;
1.5. жылу қуаттылығы 300 мегаватт (МВт) және одан көп болатын жылу электр станциялары және отынды жағуға арналған басқа да қондырғылар;
1.6. атом электр станциялары және басқа да атом реакторлары, оларға осындай электр станцияларын немесе реакторларды бөлшектеу немесе пайдаланудан шығару (барынша қуаттылығы 1 киловатт (кВт) тұрақты жылу жүктемесінен аспайтын, бөлінетін және жаңартылатын материалдарды өндіруге және конверсиялауға арналған зерттеу қондырғыларын қоспағанда) кіреді;
1.7. сәулеленген ядролық отынды қайта өңдеуге арналған қондырғылар;
1.8. мыналарға:
1.8.1. ядролық отын өндіруге немесе байытуға;
1.8.2. сәулеленген ядролық отынды немесе жоғары радиоактивті қалдықтарды өңдеуге;
1.8.3. сәулеленген ядролық отынды түпкілікті жоюға;
1.8.4. тек қана радиоактивті қалдықтарды түпкілікті жоюға;
1.8.5. сәулеленген ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды өндіріс объектісі аумағының шегінен тыс басқа жерлерде тек қана ұзақ мерзімді (10 жылдан да астам кезеңге жоспарланған) сақтауға арналған қондырғылар.
2. Жер қойнауын пайдалану:
2.1. мұнай мен табиғи газды коммерциялық мақсаттарда өндіру, бұл ретте алынатын көлемі мұнайға қатысты тәулігіне 500 тоннадан және газға қатысты тәулігіне 500 мың м3 асады;
2.2. карьерлер және 25 га асатын аумақта пайдалы қатты қазбаларды ашық өндіру немесе 150 га асатын аумақта шымтезек алу;
2.3. жер қойнауынан алынған пайдалы қатты қазбаларды бастапқы қайта өңдеу (байыту);
2.4. асбест өндіру жөніндегі объектілер;
2.5. осы бөлімде көрсетілген бүлінген жерлерді және жер қойнауын пайдаланудың басқа да объектілерін рекультивациялау жөнінде жұмыстар жүргізу.