3. Функциялары қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар және жұртшылықтың өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің мүшелері бола алады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің қарауына:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру мәселелерін талқылау;
2) экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларының жобаларын қарау жатады.
95-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысуы қоғамдық тыңдаулар өткізу жолымен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде мүдделі жұртшылықтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беріледі.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы берілгенінен кейін ол бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің интернет-ресурсында орналастырылуға және орналастырылған күнінен бастап кемінде отыз жұмыс күні ашық қолжетімділікте болуға тиіс.
4. Мүдделі жұртшылық мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтуға құқылы.
96-бап. Қоғамдық тыңдаулар өткізу
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру басталғанға дейін немесе жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдауларды өткізу міндетті болып табылады.
Қоғамдық тыңдаулар мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізу процесі басталғанға дейін аяқталған жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізуге арналған өтініш немесе экологиялық рұқсат беруге арналған өтініш қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама шеңберіндегі қоғамдық тыңдаулар қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес өткізіледі.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3. Экологиялық рұқсатты беруден бас тарту (осы Кодекстің 87-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда) немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы алынғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік экологиялық сараптамаға арналған өтініш қайтадан берілген кезде мынадай:
1) егер қайтадан берілетін өтініште және (немесе) қоса берілетін құжаттарда қоғамдық тыңдауларда бұрын қаралмаған, белгіленіп отырған қызметке осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағында көзделген елеулі өзгерістер болжанған;
2) егер бұрын өткізілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасында осындай қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған жұртшылықтың ескертпелері және (немесе) ұсыныстары болған;
3) егер қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібіне қойылатын талаптарының бұзылуына жол берілген жағдайларды қоспағанда, қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу талап етілмейді.
97-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезіндегі келіспеушіліктерді қарау тәртібі
1. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезіндегі келіспеушіліктер келіссөздер арқылы не сот тәртібімен қаралады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық сараптама мәселелері бойынша келіспеушіліктерді мүдделі тараптардың кез келген өтініш жасауы бойынша келіссөздер арқылы қарайды.
2-параграф. Қоғамдық экологиялық сараптама
98-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманы коммерциялық емес ұйымдар құратын сараптама комиссиялары ерікті негіздерде жүргізеді.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама кез келген қызметті адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қоғамдық мүдделердің сақталуы тұрғысынан қарайды.
3. Жеке және заңды тұлғалар қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы бола алады.
99-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы
1. Коммерциялық емес ұйым қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы болып танылады, оның атынан қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарлама беріледі және сараптама комиссиясының қызметін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының:
1) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғадан қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қажетті құжаттар мен материалдарды сұратуға;
2) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу үшін сараптама комиссиясын құруға;
3) мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, жеке және заңды тұлғаларға қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын ұсынуға құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) осы Кодекстің талаптарына сәйкес қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыруға;
2) жұртшылықтың қоғамдық экологиялық сараптаманың барысы мен нәтижелері туралы хабардар етілуін және қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын дайындау кезінде қоғамдық пікірдің ескерілуін қамтамасыз етуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысының жұртшылық үшін жариялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
100-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылары
1. Қаралатын мәселе бойынша ғылыми және (немесе) практикалық білімі бар және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы осындай сараптаманы жүргізуге тартқан жеке тұлға қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Мыналар:
1) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаның өкілі;
2) ықтимал әсер ету туралы есепті жасаушының өкілі;
3) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғамен немесе ықтимал әсер ету туралы есепті жасаушымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда тұратын жеке тұлға;
4) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғамен немесе ықтимал әсерлер туралы есепті жасаушымен шарттық қатынастарда тұратын заңды тұлғаның өкілі қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы бола алмайды.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы оны жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы берген тапсырмаға сәйкес қатысады.
4. Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысының қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу кезінде қоғамдық экологиялық сараптаманың объектісі бойынша ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса беріледі.
5. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы:
1) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманың объектісі бойынша қорытынды тұжырымдарының объективтілігі мен негізділігін, сондай-ақ мүдделі жұртшылықтан қоғамдық экологиялық сараптама объектісі бойынша ескертулер мен ұсыныстардың ескерілуін қамтамасыз етуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдардың сақталуын және мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына жол бермеуге міндетті.
101-бап. Қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаның құқықтары мен міндеттері
1. Қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаның:
1) белгіленіп отырған және жүзеге асырылатын қызмет бойынша құжаттамада қамтылған, заңмен қорғалатын құпия мәліметтердің қорғалуына;
2) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алуға және ақпаратқа қолжетімділікке ие болуға;
3) қоғамдық экологиялық сараптама шеңберінде өткізілетін қоғамдық тыңдауларға және өзге де іс-шараларға қатысуға;
4) қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына өз түсіндірмелері мен комментарийлерін ұсынуға құқығы бар.
2. Қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлға:
1) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қажетті құжаттар мен материалдарды;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысында жазылған ұсынымдарға жазбаша жауапты ұсынуға міндетті.
102-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыратын және (немесе) жүргізетін коммерциялық емес ұйымдардың өз қаражаты;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
103-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарлама
1. Сараптаманы ұйымдастырушының қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарламасы жіберілген жағдайда, ол жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарламаны оны ұйымдастырушы аумағында экологиялық сараптама объектісінің қызметі белгіленіп отырған жергілікті атқарушы органдарға береді.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарламада мыналар көрсетілуге тиіс:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының атауы, заңды мекенжайы;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының жарғысында көзделген қызметтің сипаты;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың сараптама комиссиясының құрамы туралы мәліметтер;
4) қоғамдық экологиялық сараптаманың объектісі туралы мәліметтер;
5) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізудің жиырма бес жұмыс күнінен асыруға болмайтын мерзімі.
4. Қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге, егер:
1) бұрын осы объектіге қатысты қоғамдық экологиялық сараптама екі рет жүргізілген болса;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманың объектісі мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтыса;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының жарғысында осы коммерциялық емес ұйымның қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу жөніндегі қызметі көзделмесе, жол берілмейді.
104-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелері қоғамдық экологиялық сараптаманың ұсынымдық сипатта болатын қорытындысы түрінде ресімделеді.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысында мыналар қамтылуға тиіс:
1) экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының атауы мен заңды мекенжайы;
2) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) немесе толық атауы, қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің атауы және тұрған жері;
3) жергілікті атқарушы органға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы хабарлама жіберу туралы мәліметтер;
4) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері;
5) қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттардың тізбесі, сондай-ақ оны жүргізу процесінде пайдаланылған өзге де құжаттардың тізбесі;
6) қоғамдық экологиялық сараптаманың сараптама комиссиясы мүшелерінің құрамы;
7) қоғамдық экологиялық сараптама нәтижелерінің баяндалуы;
8) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы айқындаған қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу жөніндегі тапсырманың сипаттамасы;
9) қоғамдық экологиялық сараптама процесінің, оның ішінде жұртшылықпен, қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғамен және өзге де мүдделі тараптармен өзара іс-қимылдың сипаттамасы;
10) қоғамдық экологиялық сараптаманың тұжырымдары.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың тұжырымдарында қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды қамтылуға тиіс.
4. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының уәкілетті өкілі, сараптама комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды.
5. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы:
1) бұрын қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы тиісті хабарлама жіберілген жергілікті атқарушы органға;
2) осы объектінің мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асыратын немесе оған қатысты экологиялық рұқсат берген органға;
3) қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаға;
4) қоғамдық экологиялық сараптаманың объектісін іске асыру туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік органдарға;
5) бұқаралық ақпарат құралдарына жіберіледі.
105-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелерін пайдалану
1. Қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлға қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын алған күннен бастап бір ай мерзімде онда қамтылған тұжырымдар мен ұсынымдарды қарауға және өз комментарийлерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, сондай-ақ қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға жіберуге міндетті.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде қаралуға тиіс. Мұндай қарау нәтижелері қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберілуге тиіс.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы жергілікті атқарушы органдардың, қаржы ұйымдарының және қызметі қоғамдық экологиялық сараптама объектісі болып табылатын тұлғаның шешімдер қабылдауы кезінде, тиісті қызметін іске асыру кезінде де ескерілуі мүмкін.
4. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелері жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға немесе жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға), күрделі жөндеуге, аяқталмаған объектілерді консервациялауға және өз ресурсын игерген объектілерді кейіннен кәдеге жаратуға (бұзуға) арналған жобаларға (жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде де ескерілуі мүмкін.
9-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РҰҚСАТТАР
106-бап. Жалпы ережелер
1. Экологиялық рұқсат - дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қоршаған ортаға жағымсыз әсерді жүзеге асыру құқығын куәландыратын және қызметті жүзеге асырудың экологиялық шарттарын айқындайтын құжат.
Экологиялық шарттар деп Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген, осындай қызметке қолданылатын экологиялық талаптардың, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыларда қамтылған тұжырымдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында I және II санаттағы объектілерді салуға және пайдалануға қойылатын жеке-дара талаптар түсініледі.
Экологиялық рұқсаттарға қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталмаған шарттарды енгізуге тыйым салынады.
2. Экологиялық рұқсат алған оператор, сондай-ақ объектінің операторы І немесе ІІ санаттағы тиісті объектіні салу, реконструкциялау немесе пайдалану кезінде оның аумағында жекелеген жұмыстарды орындау және (немесе) жекелеген қызметтерді көрсету үшін тартқан жеке және заңды тұлғалар осындай экологиялық рұқсаттың шарттарын сақтауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Мұндай жеке және заңды тұлғалардың I немесе II санаттағы тиісті объектінің аумағында жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтерді көрсету үшін жеке экологиялық рұқсат алуы талап етілмейді.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Экологиялық рұқсат І және ІІ санаттардағы әрбір жеке объектіні пайдалануға және (немесе) І және ІІ санаттардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын, І және ІІ санаттардағы рекультивациялау және (немесе) жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге беріледі.
4. Қазақстан Республикасында экологиялық рұқсаттардың мынадай түрлері беріледі:
1) кешенді экологиялық рұқсат;
2) әсер етуге арналған экологиялық рұқсат.
5. I және II санаттағы объектілерді тиісті экологиялық рұқсатсыз салуға және пайдалануға тыйым салынады.
6. Осы Кодекске сәйкес ластағыш ретінде айқындалған заттардың шығарындыларын қоспағанда, парниктік газдардың шығарылуы экологиялық рұқсаттардың нысанасы болып табылмайды.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Экологиялық рұқсат:
ІІІ және ІV санаттардағы объектілер І немесе ІІ санаттағы объектінің өнеркәсіптік алаңы шегінде орналастырылатын және онымен технологиялық тұрғыдан байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, оларды салу және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін;
қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектінің санатын айқындау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес ІІІ немесе ІV санатқа жатқызылған құрылыс-монтаждау жұмыстары мен рекультивациялау және (немесе) жою жөніндегі жұмыстарды І немесе ІІ санаттағы объектінің өнеркәсіптік алаңы шегінде жүргізу үшін талап етілмейді.
ІІІ санаттағы объектілерді пайдалану жөніндегі қызмет осы Кодекстің 110-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация берілген жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
Экологиялық рұқсаттар беру, қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсыну қағидаларын (бұдан әрі - экологиялық рұқсаттар беру қағидалары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен экологиялық рұқсаттар мен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың тізілімін жүргізеді.
107-бап. Объектінің операторы ауысқан кезде экологиялық рұқсаттың және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияның қолданылуы
1. Объектіні иеліктен шығару немесе оны өзгедей заңды түрде пайдалануға басқа тұлғаға беру, объектінің операторын бөліну, бөлу немесе біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру нәтижесінде объект операторы ауысқан, немесе әмбебап құқықтық мирасқорлықтың басқа да жағдайларында, бұрын берілген экологиялық рұқсат немесе ұсынылған қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация өз күшін сақтайды және объектінің жаңа операторы үшін міндетті болады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап он жұмыс күн ішінде жаңа оператор қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы Кодекстің 108-бабына сәйкес экологиялық рұқсатты қайта ресімдеуге өтініш беруге міндетті.
108-бап. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу тәртібі
1. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу:
1) экологиялық рұқсат берілген объект операторының атауы өзгерген, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген;
2) осы Кодекстің 107-бабында көрсетілген жағдайларда, бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
2. Экологиялық рұқсатты қайта ресімдеу рұқсатты қайта ресімдеуге арналған өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша экологиялық рұқсат қайта ресімделген жағдайда, өтінішке объект операторының ауысуын растайтын құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
109-бап. Экологиялық рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу) және оның күшін жою
1. Экологиялық рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру және одан айыру (кері қайтарып алу) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Экологиялық рұқсатты берген орган объект операторының тиісті жазбаша өтінішін алған күннен бастап немесе жаңа экологиялық рұқсат қолданысқа енгізілген күннен бастап экологиялық рұқсаттың күшін жояды.
110-бап. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация
1. ІІІ санаттағы объектілерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар (бұдан әрі - декларант) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынады.
2. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық құжат нысанында ұсынылады.
3. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және мекенжайы (тұрған жері) немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері;
2) объектінің атауы және қысқаша сипаттамасы;
3) негізгі қызмет түрі, өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен көлемі;
4) ластағыш заттар шығарындыларының декларацияланатын саны, қалдықтардың (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) саны мен түрлері;
5) белгіленіп отырған қызмет үшін - III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен берілген күні.
4. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация:
1) белгіленіп отырған қызмет басталар алдында;
2) негізгі өндірістердің технологиялық процестері, ластағыш заттар мен стационарлық көздер, қалдықтар (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) шығарындыларының сапалық және сандық сипаттамалары елеулі түрде өзгерген жағдайда - қызметті жүзеге асыру басталғаннан кейін ұсынылады.
5. Ластағыш заттар мен стационарлық көздер, қалдықтар (түзілетін, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін) шығарындыларының сапалық және сандық сипаттамалары елеулі түрде өзгерген жағдайда, декларант тиісті елеулі өзгерістер енгізілген күннен бастап үш ай ішінде қоршаған ортаға әсер ету туралы жаңа декларацияны ұсынуға міндетті.
6. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияның нысаны және оны толтыру тәртібі экологиялық рұқсаттар беру қағидаларында белгіленеді.
2023.02.10. № 31-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынбағаны және (немесе) осы декларацияда қамтылған анық емес ақпаратты бергені үшін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8. Жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жібереді.
1-параграф. Кешенді экологиялық рұқсат
111-бап. Кешенді экологиялық рұқсат туралы жалпы ережелер
1. I санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттың болуы міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген өзге де объектілердің операторлары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті технологиялық процесс немесе өндіріс саласы үшін ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындылар болған кезде ерікті түрде кешенді экологиялық рұқсат алуға құқылы.