2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау, алдын алу шараларын іске асыру және ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің профилактикасы мақсаттарында ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етеді, онда мыналар:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті және қатерлерді анықтау мен талдау, шабуылдарға қарсы іс-қимыл жасау және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын тергеп-тексеру жөніндегі іс-шараларды мониторингілеу;
2) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты жинау, шоғырландыру және сақтау;
3) ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты талдау;
4) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын өзге де талаптар көзделеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Банктер ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің бар-жоғы туралы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсынады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.
Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты беру тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Қазақстан Республикасының қаржылық және (немесе) төлем жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде, ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасының елеулі екендігі туралы шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ақпарат, оның ішінде банктік құпияны құрайтын ақпаратты жіберуге құқылы.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-2-тараумен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2-тарау. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жөніндегі шаралар
61-6-бап. Банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу
1. Уәкілетті орган мынадай белгілердің кез келгені болған кезде банкті өз депозиторларының және кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына (бұдан әрі - қаржылық жағдайы орнықсыз банк) жатқызады:
1) меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттері мәндерінің және оның мөлшерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндерден төмен деңгейге дейін төмендеуі;
2) банкте ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты банктің кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және міндеттемелер бойынша ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауы;
3) банктің қаржылық және өзге де есептілігінде анық көрсетілуі банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін бұзуына және (немесе) кредиторлардың ақшалай міндеттемелерін және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарын орындамауына алып келетін фактілерді (мәмілелерді) уәкілетті органның анықтауы;
4) уәкілетті органның бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру шеңберінде банк қызметінде банктің тұрақты жұмыс істеуіне және (немесе) оның депозиторларының және (немесе) кредиторларының мүдделеріне және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың жасалуына алып келуі мүмкін кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді анықтауы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Уәкілетті органның банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы шешімі қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде банктің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізіледі және аталған тұлғалардың таратуына жатпайды.
3. Уәкілетті орган банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызған жағдайда, осы Заңның 45-1-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайына бағалау (талдау) жүргізуге құқылы.
Уәкілетті органның банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызу туралы шешімінде көрсетілген күннен бастап банк пайданы бөлу, дивидендтерді төлеу, ірі қатысушылар және (немесе) банк холдингтері алдында кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау туралы, сондай-ақ жалақы төлеу мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдер қабылдауға құқылы емес.
4. Қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызылған банк және оның ірі қатысушылары, банк холдингі оның қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасына және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келтіру арқылы банктің қаржылық жағдайын жақсарту, тәуекелдерді барынша азайту бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шаралар және оларды әрбір тармақ бойынша іске асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар банк әзірлеген және уәкілетті органға мақұлдау үшін ұсынған қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарында айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шараларды іске асыру және банктің қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатында болу мерзімдері он екі айдан аспауға тиіс және банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктердің санатына жатқызғаннан кейін оның қаржылық жағдайының жақсару фактілері болған жағдайда, уәкілетті орган оны бір рет он екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
Уәкілетті орган қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар уәкілетті органды жоспарда белгіленген мерзімдерде оны орындау нәтижелері туралы хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі.
Қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары белгіленген мерзімде ұсынылмаған, уәкілетті орган оны мақұлдамаған немесе ол орындалмаған кезде, уәкілетті орган қаржылық жағдайы орнықсыз банкке, оның ірі қатысушыларына, банк холдингіне осы Заңның 45-1-бабында көзделген бір немесе бірнеше қадағалап ден қою шарасын қолданады.
Қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсыну және уәкілетті органның оны мақұлдау тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген белгілер жойылған жағдайда, уәкілетті орган осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзім ішінде банкті қаржылық жағдайы орнықсыз банктердің санатынан алып тастайды.
61-7-бап. Банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу
1. Банк осы Заңның 61-6-бабының 4-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң банктің қаржылық жағдайының орнықсыздығы белгілерін жоймаған жағдайда, уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызуға міндетті.
2. Уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша банкті осы Заңның 61-6-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен бұрын төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы шешім қабылдауға құқылы:
1) банк өзін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына жатқызғаннан кейін банктің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауына алып келетін операциялар (мәмілелер) жасауы, оның ішінде:
банктің өз нәтижесінде банк активтері сапасының едәуір нашарлауы орын алатын мәмілелер жасасуы, оның ішінде активтерді, кепіл нысаналарын банк үшін нашар жаққа қарай сату, алмастыру және егер алмастырудың салдарлары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса);
банктің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, өздерінің нәтижесінде банк залал шегетін нарықтық емес шарттарда мәмілелер жасасуы, сондай-ақ осы Заңның 40-бабының талаптарын және (немесе) уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолдану арқылы белгілеген шектеулерді бұза отырып, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалармен мәмілелер жасасуы;
банктің басқа депозиторлар және (немесе) өзге кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді толық немесе ішінара орындауын мүмкін етпеуге алып келетін міндеттемелерді банктің қабылдауы;
мүлікті өтеусіз не салыстырымды экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас мүлік бағасына қарағанда банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын бағамен не негіздері болмаса да, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып беру (оның ішінде уақытша пайдалануға беру);
2) банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нормативтік мәндердің үштен бірінен төмен деңгейге дейін төмендету түрінде оларды бұзу;
3) ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты банктің он жұмыс күні ішінде депозиторлар мен кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды орындамауы;
4) төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде (қатарынын күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамау;
5) банктің осы Заңның 46-бабында көзделген қаржылық жағдайды жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды орындамауы.
3. Егер осы Заңның 61-8-бабында көзделген реттеу жөнінде қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша банк өзін осы баптың 2-тармағында көрсетілген, төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу негіздерін жойса және меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерін сақтаса, уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктердің санатынан алып тастайды.
61-8-бап. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар
1. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу деп осы бапта көзделген және банктің қаржылық жағдайын сауықтыруға және (немесе) қызметін тоқтатуға бағытталған шараларды қабылдау түсініледі.
Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша осы бапта көзделген бір немесе бірнеше шараны қолданады.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шаралар:
1) банк операцияларын жүзеге асырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету;
2) қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерінің туындауын және таралуын болғызбау;
3) мемлекеттік бюджеттің төлемге қабілетсіз банкті реттеуге арналған шығыстарын барынша азайту;
4) депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
3. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген кезектілігіне сәйкес төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларының құқықтарын және мүдделерін сақтау;
2) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген бір кезегінде тұрған депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін тең сақтау;
3) төлемге қабілетсіз банкті мәжбүрлеп тарату кезіндегі жағдайлармен салыстырғанда оған төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдануға байланысты төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторлары жағдайының нашарлауына жол бермеу;
4) осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шығыны ең аз шараны таңдау.
4. Уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған жағдайда, төлемге қабілетсіз банкке мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін қолданады:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
2) төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығын немесе бір бөлігін басқа банкке (басқа банктерге) беру;
3) тұрақтандыру банкін құру және төлемге қабілетсіз банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін осы тұрақтандыру банкіне беру;
4) төлемге қабілетсіз банкті кейіннен мәжбүрлеп тарата отырып, барлық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айыру.
5. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесі үшін жүйелік тәуекелдер әкелетін банк төлемге қабілетсіз банк болып табылған;
2) төлемге қабілетсіз банкке мемлекеттік қолдау ұсыну осы баптың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды тиімді қолдануға мүмкіндік берген жағдайда жүзеге асырылады.
6. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) төлемге қабілетсіз банктің меншікті капиталы;
2) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау арқылы төлемге қабілетсіз банктің төлемге қабілетсіз банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып табылатын кредиторлар алдындағы міндеттемелері есебінен залалдар жабылғаннан кейін жүзеге асырылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне әкелетін төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ осындай банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы туралы мәселелерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің қарауына алдын ала шығарады.
7. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолданудың алдында банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа да ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайы бағалануға (талдануға) тиіс.
8. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың келісімін алмастан, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларын, борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады, сондай-ақ оны уәкілетті орган және төлемге қабілетсіз банк өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.
61-9-бап. Банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызудың және төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараны қолданудың салдарлары
1. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды іске асыру үшін осы Заңның 62 - 67-баптарында көзделген тәртіппен банкті консервациялау режимін енгізуге және банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті (банкті уақытша басқарушыны) тағайындауға құқылы.
2. Уәкілетті орган консервациялау кезеңінде депозиторлар мен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға мораторий енгізуге құқылы, оның қолданылу мерзімі ішінде:
1) төлемге қабілетсіз банктің барлық міндеттемелері бойынша тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) есепке жазу тоқтатылады және төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін басқа жауаптылық шаралары қолданылмайды;
2) мыналарға:
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстармен;
төлемге қабілетсіз банктің пайдасына келіп түсетін ақшаны есепке жатқызумен;
бұрын төлемге қабілетсіз банктің клиенттері болып табылған тұлғалардың жабық шоттарына келіп түсетін ақшаны қайтарумен;
төлемге қабілетсіз банк өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін алдында жауапты болатын жеке тұлғаларға төленетін төлемдермен;
еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті төлеу жөніндегі, жалақыдан ұсталған алименттер мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу жөніндегі есеп айырысулармен;
төлемге қабілетсіз банк клиенттерінің салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төлеуімен;
осы Заңның 61-11 және 61-12-баптарында көзделген операцияны жүргізумен;
төлемге қабілетсіз банктің мәмілелерін осы Заңның 61-13-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға байланысты шығыстармен байланысты жағдайларды қоспағанда, төлемге қабілетсіз банк клиенттерінің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады;
3) кредиторлардың талаптары бойынша төлемге қабілетсіз банктің банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алу туралы талаптарды, оның ішінде даусыз тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптарды орындау, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банктің мүлкіне өндіріп алуды қолдану тоқтатыла тұрады;
4) мораторий енгізілгенге дейін берілген атқарушылық құжаттарды қоспағанда, төлемге қабілетсіз банктен борыштарды өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау тоқтатыла тұрады.
3. Осы Заңда көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау немесе тоқтату;
2) төлемге қабілетсіз банк банкрот болған жағдайда немесе банктің банкроттығына тең келетін оқиға ретінде саралануы мүмкін басқа оқиға басталған кезде осы банктің депозиторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау бойынша шарттардың және (немесе) бағалы қағаздар эмиссиясы проспектілерінің талаптарын іске асыру;
3) кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша төлемге қабілетсіз банктің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алуы үшін негіз болмайды.
61-10-бап. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау
1. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау, оған:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін толығымен не ішінара есептен шығару;
2) төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау, оның ішінде банкті осы Заңның 61-7-бабының 2-тармағында көрсетілген төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу негіздерін жою және меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін сақтау үшін төлемге қабілетсіз банктің жарияланған жай акцияларының санын уәкілетті орган айқындаған мөлшерде көбейту;
3) міндеттемеге қызмет көрсету бойынша төлемдердің орындалуын уақытша тоқтата тұруды қоса алғанда, төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша мерзімдерді және (немесе) пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту жөніндегі бір немесе бірнеше шараны қолдану арқылы төлемге қабілетсіз банктің қаржылық жағдайын сауықтыру бойынша шаралар кешенін білдіреді.
2. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау осы Заңның 74-2-бабында белгіленген кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кері кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Мыналар:
1) төлемге қабілетсіз банктің өз талаптары осы Заңның 74-1-бабына сәйкес таратудың конкурстық массасының құрамына енгізілмейтін тұлғалар алдындағы міндеттемелері;
2) төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның осы Заңның 74-2-бабына сәйкес бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші кезектерде қанағаттандырылуға жататын міндеттемелері, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның төлеуіне жататын кепілдік өтемі мөлшерінде депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелері мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жатпайды.
4. Төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау кезінде:
1) төлемге қабілетсіз банк акционерлері жалпы жиналысының төлемге қабілетсіз банктің акцияларын қосымша шығару туралы шешімі талап етілмейді;
2) төлемге қабілетсіз банктің акционерлеріне төлемге қабілетсіз банктің акцияларын артықшылықты сатып алу құқығы берілмейді;
3) осы Заңның 16-бабы 2-тармағының, 17-бабы 2 және 5-тармақтарының және 17-1-бабының талаптары қолданылмайды.
5. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
61-11-бап. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция
1. Уәкілетті органның шешімі бойынша, осы бапта көзделген төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) (бұдан әрі - сатып алушы-банк) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) консервациялау сатысында жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері осы Заңның 74-2-бабында көзделген кредиторлар талаптарын қанағаттандыру кезектілігі сақтала отырып, сатып алушы-банкке беріледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сатып алушы-банкке төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығы немесе бір бөлігі және міндеттемелерінің барлығы немесе бір бөлігі берілуі мүмкін.
Сатып алушы-банкке бір кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелерді беру кезінде төлемге қабілетсіз банктің активтері жеткіліксіз болған жағдайда, бұл міндеттемелер кредиторлардың қанағаттандырылуға жататын талаптарының сомасына пропорционалды түрде беріледі.
Төлемге қабілетсіз банктің жеке тұлғалардың кепілдік берілетін депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы-банкке толық көлемде берілуге тиіс.
Егер сатып алушы-банкке берілетін кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері төлемге қабілетсіз банк мүлкінің мөлшерінен асып кеткен жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым пайда болған айырманы арнайы резерв қаражатының есебінен толтыруға міндетті.
Осы тармақтың төртінші бөлігіне сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым беретін қаражаттың мөлшері кепілдік өтем ретінде төлеуге жататын, Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын сомадан аспауға тиіс.
4. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (банкті уақытша басқарушының) төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беруді жүзеге асыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу:
1) төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуін талап етпейді. Бұл ретте жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін айтарлықтай маңызы жоқ деп танылады;
2) төлемге қабілетсіз банк төлемге қабілетсіз банктің депозиторларымен және кредиторларымен, борышкерлерімен, сондай-ақ өзге де тұлғалармен (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) жасаған шарттарға шарттың жаңа тарапын көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді;
3) сатып алушы-банктің төлемге қабілетсіз банк депозиторларымен жаңа банктік шот шарттарын жасасуын талап етпейді. Бұл ретте сатып алушы-банк депозиторларды жеке сәйкестендіру кодтарының өзгергені туралы хабардар етуге міндетті.