Екі саяси партия үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысатын әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын партияның тізімі алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізімді қалыптастырған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын саяси партия кемінде бір мандат алады.
4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргізілген әрекеттерден кейін бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудің нәтижесінде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлігіне (қалдығына) ие болған партиялық тізімдерге бір-бірден беріледі. Ең көп қалдық тең болған кезде бұрын тіркелген партиялық тізімге артықшылық беріледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезінде бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындылары бойынша жеті пайыздық кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі.
5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
6. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиісті аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.
Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады.»;
46) 112 және 113-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«112-бап. Мәслихаттар депутаттарын тіркеу
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы сайланған мәслихаттар депутаттарын тіркейді.
2. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтініштері бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерін анықтау кезінде осы Конституциялық заңды бұзушылық орын алса, мәслихат депутаттарын сайлауды жарамсыз деп тани алады және мәслихат депутаттарын тіркеуден бас тарта алады. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясының осы шешіміне қабылданған күнінен бастап он күн ішінде партиялық тізімді ұсынған саяси партия сотқа шағым жасай алады, сот он күн мерзімде шешім қабылдайды.
113-бап. Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды өткізу
Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау осы Конституциялық заңда мәслихаттар депутаттарын кезекті сайлау үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы айқындайды.»;
47) 116-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;
48) 118-баптың 6-тармағы 3) тармақшасының бесінші абзацындағы «өзін тіркегенге» деген сөздер «тіркеу мерзімі аяқталғанға» деген сөздермен ауыстырылсын;
49) 119-баптың 1-тармағындағы «тіркелген күннен бастап» деген сөздер «тіркелгенге дейін» деген сөздермен ауыстырылсын:
50) 121-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күнге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне екіден кем кандидат тіркелген жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы сайлау мерзімін өз шешімімен ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.»;
51) мынадай мазмұндағы 130-1-баппен толықтырылсын:
«130-1-бап. Мәслихаттар депутаттарын сайлау мерзімдері Мәслихаттардың депутаттарын пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайлау осы Конституциялық заңда көзделген негіздер басталған кезде, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін болады.
Көрсетілген мерзімге дейін осы Конституциялық заңның тиісті нормалары бұрынғы редакцияда қолданылады.»;
52) 133-бапта:
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«19-баптың 3-тармағының қолданысы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, мүшелері және оның аппаратының қызметкерлері өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады.
Сайлау комиссиясының төрағасы сотта және басқа да мемлекеттік органдарда комиссияның мүдделерін білдіреді, сондай-ақ сайлау комиссиясының мүдделерін білдіру жөніндегі өкілеттікті тиісті сенімхат беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы.»;»;
екінші бөліктің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) 104-бапта:
1-1-тармақ тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«1-1. Партиялық тізімге енгізілген кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне кірістер мен мүлік туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістері мен мүлкі туралы мәліметтер ұсыну жөніндегі талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн ішінде ұсынуға міндетті.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы тармақтың;
2-тармақтың 5) тармақшасы тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларациялар тапсырғаны жөніндегі анықтамалары;» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы тармақшаның;
6-тармақтың 3-1) тармақшасының бірінші бөлігі тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«3-1) мынадай жағдайларда:
партиялық тізімге енгізілген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларация тапсыру кезіне кандидат немесе оның жұбайы (зайыбы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адам өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізген;
сот партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы бөліктің;».
2. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 11, 72-құжат; 2008 ж., № 13-14, 53-құжат; 2012 ж., № 12, 82-құжат; 2015 ж., № 20-І, 107-құжат; 2017 ж., № 21, 103-құжат):
1) 1-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу - алтын түстес.»;
2) 2-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258-ІІІ
Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы маусымның 29-ы.
№ 162-VІ