Аудиттің болжамды бағыттары, көлемі, жүргізілу сипаты, аудит жүргізу кезінде пайдаланылатын әдістер мен стандарттардың ерекшеліктері сипатталған, өзге ақпарат аудиті бойынша тексеру жоспары аудиторлық ұйымның уәкілетті органмен алдын ала келісуіне жатады.
Аудиторлық ұйым өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындыны уәкілетті органға ұсынады және ол жариялауға жатпайды.
Өзге ақпарат аудитінің нәтижелерін уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолданған кезде ескеруі мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертiлдi (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
9. Аудитті немесе өзге ақпарат аудитін жүзеге асыру үшін банк, ірі қатысушысы банк болып табылатын ұйым, банк холдингі аудиторлық қызмет саласында реттеуді және аудиторлық қызмет пен кәсіби ұйымдардың қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеген, қаржы ұйымдарына міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төмен талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйымды тартады.
Банк, ірі қатысушысы банк болып табылатын ұйым, банк холдингі аудитті немесе өзге ақпарат аудитін жүргізуге шарт жасасқаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органды аудиторлық ұйымды таңдағаны туралы хабардар етеді. Өзге ақпарат аудиті жағдайында банк уәкілетті орган алдында өзге ақпаратқа аудиторлық ұйым болып табылмайтын ұйымның аудиттен өзге тәсілмен тексеру жүргізуі туралы өтінішхат беруге құқылы.
Банктің өтінішхатын уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Өзге ақпарат аудитін жүргізу тәртібіне қойылатын осы бапта белгіленген талаптар өзге ақпаратқа аудиттен басқа өзге тәсілмен тексеру жүргізу тәртібіне қолданылады.
Уәкілетті орган өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны аудиторлық ұйым шығарғанға дейін аудиторлық ұйымға осы баптың 1-1-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғалардың келісімінсіз, құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, осы баптың 1-1-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларды тексеру нәтижелері бойынша ақпаратты және түсіндірмелерді, сондай-ақ банктік және (немесе) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоса алғанда, банктің, ірі қатысушысы банк болып табылатын ұйымның, банк холдингінің қызметіне байланысты, оның ішінде уәкілетті органның уәжді пайымдауына негізделген өзге де ақпаратты беруге құқылы.
Аудиторлық ұйым осы тармақтың бесінші бөлігіне сәйкес уәкілетті орган жіберген ақпаратқа міндетті бағалау мен талдау жүргізеді. Аудиторлық ұйым жүргізілген бағалау мен талдаудың нәтижелерін өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепте немесе аудиторлық қорытындыда қамтылған пікірлер мен тұжырымдарды білдірген кезде пайдаланады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10. Сот өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны жарамсыз деп таныған жағдайда, банк, банк холдингі, өзінде банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылар болып табылатын ұйым аудитті және (немесе) өзге ақпарат аудитін қайта жүргізуге міндетті.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 11-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11. Уәкілетті орган аудиторлық ұйымнан коммерциялық құпияны құрайтын, оның ішінде клиенттер тізбесі жөніндегі мәліметтерді қоса алғанда, ақпаратты талап етуге құқылы. Клиенттер жөніндегі мәліметтер аудиторлық ұйым клиенттерінің келісуімен беріледі.
58-бап. 2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
59-бап. 2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
6-1-тарау. Банкті қайта құрылымдау
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 59-1-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
59-1-бап. Банкті қайта құрылымдау ұғымы
Банкті қайта құрылымдау деп банктің қаржылық жағдайын сауықтыру және жұмыс сапасын жақсарту үшін банкті қайта құрылымдау жоспарының (бұдан әрі - қайта құрылымдау жоспары) негізінде банк іске асыратын әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешені түсініледі.
Осы тараудың ережелері бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және банк болып табылмайтын ұйымның қайта құрылымдауды жүргізуіне қолданылады.
Осы тараудың ережелері банктің уәкілетті органның талабы бойынша активтерді және (немесе) міндеттемелерді қайта құрылымдауды жүргізуіне қолданылмайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 59-2-бап өзгертiлдi (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
59-2-бап. Банкті қайта құрылымдаудың негізі мен қағидаттары
Банкті қайта құрылымдау банктің ақшасының болмауына немесе жеткіліксіз болуына байланысты банктің міндеттемелер бойынша жекелеген кредиторлардың талаптарын орындауға қабілетсіздігіне орай жүзеге асырылуы мүмкін.
Банкті қайта құрылымдау мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген кері кезектілігіне сәйкес банктің депозиторлары мен кредиторларының құқықтарын және мүдделерін сақтау;
2) талаптарды қанағаттандырудың осы Заңның 74-2-бабында көзделген бір кезегінде тұрған депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын және мүдделерін тең сақтау.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 59-3-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
59-3-бап. Банкті қайта құрылымдаудың жалпы шарттары
1. Осы Заңның 59-2-бабында көрсетілген қайта құрылымдау үшін негіздеме туындаған кезден бастап банк директорлар кеңесінің отырысын өткізуге құқылы, онда банкті қайта құрылымдау туралы шешім қабылданады.
2. Банк директорлар кеңесінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешімі қабылданған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде директорлар кеңесінің банкті қайта құрылымдау туралы шешімін уәкілетті органға жібереді.
3. Уәкілетті орган директорлар кеңесінің банкті қайта құрылымдау туралы шешімін алғаннан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде банкті қайта құрылымдау мәселелері жөнінде банкпен жазбаша келісім жасасады.
4. Банк қайта құрылымдау жоспарының жобасын уәкілетті органға табыс етеді. Ескертпелер мен ұсыныстар болған жағдайда уәкілетті орган банктен қайта құрылымдау жоспарының жобасын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және қайта құрылымдау жоспарының пысықталған жобасын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.
5. Банк Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құрылымдау туралы сотқа жүгінеді. Соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап және оны жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген шектеулер қолданылады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Банк соттың қайта құрылымдау туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиісті хабарландыру жариялау арқылы депозиторларға, кредиторларға және өзге де клиенттерге қайта құрылымдау туралы хабарлайды.
Банк соттың қайта құрылымдау туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.
7. Банк соттың банкті қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап:
1) сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттарының немесе банктің мүлкін иеліктен шығару туралы өзге де мәмілелердің орындалуын, қарыз беру туралы шарттар мен кредиттік тәуекелі бар басқа да қаржыландыру түрлерін жасасуды тоқтата тұруға
2) банк міндеттемелерінің орындалуын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы
8. Банк соттың қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешімінде көзделген мерзімде банк кредиторларымен келіссөздер жүргізу және олардың қайта құрылымдау жоспарын мақұлдауына қол жеткізу мақсатында олардың алдындағы міндеттемелерді қайта құрылымдау көзделетін банк кредиторларының жиналысын шақырады.
Қайта құрылымдау жоспарының мақұлдауына қол жеткізу үшін міндеттемелер қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банк міндеттемелері көлемінің кемінде үштен екісі үлесіне тиетін кредиторлардың келісімі талап етіледі.
Банкті қайта құрылымдау банк кредиторлары қайта құрылымдау жоспарын осы тармақта көзделген тәртіппен мақұлдаған жағдайда қайта құрылымдау жоспарына сәйкес қайта құрылымдау көзделетін кредиторлар алдындағы банктің барлық міндеттемелеріне қатысты жүргізіледі.
9. Банк қайта құрылымдау жоспарын кредиторлар мақұлдаған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар мақұлдаған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға жібереді не осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторларының мақұлдауын алмаған жағдайда банкті қайта құрылымдауды жүргізудің мүмкін еместігі туралы уәкілетті органға хабарлайды.
Уәкілетті орган егер қайта құрылымдау жоспарының шарттары уәкілетті органға бұрын жіберілген қайта құрылымдау жоспары жобасының шарттарынан өзгеше болған жағдайда қайта құрылымдау жоспарын пысықтауды талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертпелері мен ұсыныстарын ескеруге және осы баптың 8-тармағында көзделген тәртіппен банк кредиторлары мақұлдаған, пысықталған қайта құрылымдау жоспарын уәкілетті органға қайтадан табыс етуге міндетті.
10. Осы баптың 9-тармағында көзделген талаптарды орындағаннан кейін банк қайта құрылымдау жоспарын сотқа бекітуге ұсынады.
11. Қайта құрылымдау жоспары мынадай ақпаратты:
қайта құрылымдауды жүргізудің тәртібі мен мерзімін;
қайта құрылымдалатын активтер мен міндеттемелердің тізбесін;
қайта құрылымдау шеңберінде өткізілетін іс-шараларды;
активтер мен міндеттемелерді қайта құрылымдаудан алынатын болжамды қаржылық нәтижелерді;
қызметте қолданылатын шектеулерді қамтуға тиіс.
Банк конгломератының қатысушысы болып табылатын банктің қайта құрылымдау жоспарында, көрсетілген ақпараттан басқа, банкті қайта құрылымдаудың банк конгломератының басқа қатысушыларына ықпалының болжамды нәтижелер қамтылуға тиіс.
12. Қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда тоқтатылады.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-тармақ жаңа редакцияда
13. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда, қайта құрылымдау жоспарына енгізілген банк міндеттемелері орындалды деп есептеледі, соттардың, төреліктің осындай міндеттемелер жөніндегі шешімдері бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 13-1-тармақпен толықтырылды
13-1. Банктер соттың қайта құрылымдауды тоқтату туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін алған күннен кейінгі күннен кешіктірілмейтін мерзімде оны корреспондент-банктерге жібереді.
14. Банк қайта құрылымдау жоспарында белгіленген тәртіппен және жазбаша келісімімен банктің жүргізілген қайта құрылымдалуы туралы, оның ішінде қайта құрылымдау жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы ақпаратты уәкілетті органға береді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 15-тармақ өзгертiлдi (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15. Уәкілетті орган банктің қайта құрылымдау жоспарын орындауы жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын қадағалауды жүзеге асырады.
Банкті қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде уәкілетті орган банкке және (немесе) оның ірі қатысушыларына, банк холдингіне, банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілері бар тұлғаларға осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолдануға құқылы.
16. Банктің сот бекіткен қайта құрылымдау жоспарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қайта құрылымдауды жүргізу кезеңінде банк ұйымдардағы қатысу сомасын (абсолюттік мәнде) өсіре алмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) ІІ-бөлімнің тақырыбы өзгертілді
II Бөлiм. Банктердің және банк холдингтерінің құқықтық мәртебесiн өзгерту және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң шарттары
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
7-тарау. Банктердi және банк холдингтерін ерiктi түрде қайта құру
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 60-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 60-бап өзгертілді
60-бап. Банктерді (банк холдингтерін) ерiктi түрде қайта ұйымдастырудың жалпы шарттары
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Банктерді (банк холдингтерін) ерiктi түрде қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту, айналдыру) уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң (қатысушылардың) жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
Банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында қайта ұйымдастыру тәртібі осы Заңның 4-2-тарауында белгіленеді.
2. Осы банк (банк холдингі) акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысы шешiмiнiң болуы банкті (банк холдингін) ерiктi түрде қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу үшiн уәкiлеттi органға өтiнiш беруге негiз болып табылады.
3. Банкті (банк холдингін) ерiктi қайта ұйымдастыруға уәкiлеттi органның рұқсатын алу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тiркелуге тиiс:
а) банктің (банк холдингінің) жоғары органының оны қайта ұйымдастыру туралы шешiмi;
б) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастырудың көзделiп отырған шарттарын, түрлерiн, тәртiбi мен мерзiмдерiн сипаттайтын құжаттар;
в) банктің (банк холдингінің) ол қайта ұйымдастырылғаннан кейiнгi және (немесе) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғалардың есеп айырысу балансын қоса, қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішхатқа қайта ұйымдастырылатын банктердің атқарушы органдарының бірінші басшылары қол қойған біріктіру туралы шарт қоса берілуге тиіс.
4. Банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiштi уәкiлеттi орган оны қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
5. Қайта ұйымдастырылатын банк (банк холдингі) қайта ұйымдастыру жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алған күннен бастап екі апта ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде банктің интернет-ресурсында тиісті хабарландыруды жариялау жолымен өзінің барлық депозиторларына, клиенттеріне, корреспонденттеріне және қарыз алушыларына алда тұрған өзгерістер туралы ақпарат беруге міндетті.
6. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу немесе қайта тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес жүргiзiледi.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың талаптары мынадай талаптардың бірі орындалған:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингінің, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаның шыққан елінің қаржылық қадағалау органының көрсетілген Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болған;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді;
2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 60-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
60-1-бап. Банктерді ерікті түрде қайта ұйымдастыру ерекшеліктері
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Банкті басқа банкке біріктірген кезде, біріктірілетін банктің акцияларын әрбір банктің директорлар кеңесі оны алдын ала мақұлдағаннан кейін қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында бекітілетін акцияларды айырбастау коэффициенті негізінде айқындалатын санда өз акцияларын біріктірілетін банктің акционерлері арасында орналастыру (өткізу) арқылы өзіне біріктірілу жүзеге асырылатын банк сатып алады. Бүл ретте «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 83-бабының біріктірілетін қоғамның акцияларын сату бағасына және өзіне біріктіру жүзеге асырылатын қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасына қатысты ережелері (оның ішінде қоғам органдарының осы бағаларды айқындауы, қарауы және бекітуі жөніндегі ережелер) қолданылмайды.
2. Осы Заңның 60-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, біріктіру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге уәкілетті органның рұқсатын алу туралы өтінішхатқа «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңға сәйкес қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында қабылданған шешім негізінде атқарушы органдардың бірінші басшылары қол қойған біріктіру туралы шарт қоса берілуге тиіс.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3. Біріктірілетін банктің кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелері бірігу жүзеге асырылатын банкке берілгеннен кейін осындай кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды, оның ішінде депозиторлардың берілген банк шоттарын жүргізуді бірігу жүзеге асырылатын банк жүзеге асырады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4. Біріктірілетін банк бірігу жүзеге асырылатын банкке депозиторлар алдындағы міндеттемелерді банктік қызмет көрсету шарттарына қосымша келісімдер жасамастан, біріктірілетін банкте ашылған олардың банк шоттарымен (жеке сәйкестендіру кодтарын сақтай отырып), олар бойынша ақша қозғалысының тарихымен, банк шоттарын ашу және жүргізу кезінде қалыптастырылған дерекнамамен, банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптармен және міндеттемелерді беру кезінде депозиторлардың біріктірілетін банктегі банк шоттары бойынша ауыртпалықтарымен бірге беруге құқылы.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
5. Бірігу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банк шоттарының деректемелерінің (оның ішінде, біріктірілетін банк берген жеке сәйкестендіру кодтарының) сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу мерзімінің шеңберіндегі қажетті мерзімде депозиторлардың бірігу жүзеге асырылатын банкке берілген банк шоттары бойынша нұсқауларды оларда көрсетілген, депозиторлардың біріктірілетін банк берген жеке сәйкестендіру кодтарымен, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын біріктірілетін банктің тиісті деректемелерімен орындауға құқылы. Мұндай нұсқауларды орындау біріктірілетін банктің корреспонденттік шоты пайдаланыла отырып жүргізіледі. Бірігу жүзеге асырылатын банк біріктірілетін банктің банктік ақпараттық жүйесін пайдалануға құқылы.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
6. Қайта ұйымдастыру рәсімінің шеңберінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілетін банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді бірігу жүзеге асырылатын банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Банкті қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу шеңберіндегі қажетті мерзім ішінде өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банктік шоттарына Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жеке сәйкестендіру кодтарын береді және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 24-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген тәртіппен, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 24-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген салық төлеушілердің банктік шоттары бойынша жеке сәйкестендіру кодтарының өзгергені туралы хабардар етеді.
Банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындауға қабылданған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға, депозиторлардың банктік шоттары бойынша ауыртпалық салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, депозиторлардың өздеріне қойылған орындалмаған талаптар бар банктік шоттарының жеке сәйкестендіру кодтарын өзгерткеннен кейін:
өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозитордың банктік шотына талапты (банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) жіберген немесе депозиторлардың банктік шоттары бойынша ауыртпалықтар салған тұлғаны (органды) депозитордың банктік шоты деректемелерінің, оның ішінде жеке сәйкестендіру кодының өзгергені туралы хабардар етеді;
депозитордың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған орындалмаған талаптарды өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк қосылатын банктің деректемелерін (атауын, банктік сәйкестендіру кодын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін) өзіне қосылу жүзеге асырылатын банктің тиісті деректемелеріне, сондай-ақ депозитордың жеке сәйкестендіру кодын осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес банктік шотқа берілген депозитордың тиісті жеке сәйкестендіру кодына түзете отырып, депозиторлардың осындай банк ашқан банктік шоттарынан орындайды;
депозитордың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған, банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындалмаған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың орындалмаған шешімдерін (қаулыларын) өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк олардың қосылатын банкке келіп түсуінің күнтізбелік кезектілігін сақтай отырып және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен, депозиторлардың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк ашқан банктік шоттарынан орындайды.
Өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банктік шоттарына қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және міндеттемелері осы банкке өткен банктік қызмет көрсету шарттарының талаптарына сәйкес жүргізеді.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 61-бап өзгертiлдi