2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға;
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
15) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуды қолдануға жол берілмейді.
Сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке азаматтық сот ісін жүргізу барысында осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін.
Сот орындаушысының банктік шоттардың нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты, банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу туралы прокурор санкциялаған қаулысында сол соманың шегінде тыйым салынатын ақша сомасы көрсетіледі.
Сот орындаушысының прокурор санкциялаған қаулысы банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.
4. Егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
5. Сот орындаушысының мүліктен өндіріп алу жөніндегі әрекеттерді жасауына кедергі келтіру, сот орындаушысының тыйым салынған мүлікке билік етуге немесе оны пайдалануға тыйым салуын бұзу, сондай-ақ тыйым салынған мүлікке қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Борышкердің банктік шотындағы ақшасына атқарушылық санкцияны, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуді ескере отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті сомада тыйым салынады.
Егер инкассолық өкім негізінде ақшаны өндіріп алу толық көлемде жүргізілген жағдайда, инкассолық өкім орындалған атқарушылык іс жүргізу шеңберінде бүдан бүрын салынған тыйым алып тасталды деп есептеледі, ал тыйым салу туралы қаулы оның бастамашысына қайтарылуға тиіс.
63-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүлiкке тыйым салу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттік тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
Егер мүлік борышкерге тиесілі болмаса, онда ол сот орындаушысына тыйым салынған мүліктің тиесілігін белгілейтін қажетті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот орындаушысы мүліктің борышкерге тиесілі екеніне көз жеткізіп, мүлікті тізімдемеге енгізеді, өндіріп алудың мөлшеріне қарай бүкіл мүлікке немесе оның бір бөлігіне тыйым салуды қолданады және тыйым салуды қолдану туралы қаулыны мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын тиісті органдарға қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жібереді.
Бұл ретте жылжымайтын мүлікке қатысты тізімдеме жүргізілмейді.
3. Сот орындаушысы кепiлге салынған мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау кезінде сот орындаушысы талап қою талаптарына қарай бүкіл мүлікке немесе мәлімделген талаптың мөлшеріне сәйкес келетін оның бір бөлігіне тыйым салады.
64-бап. Тыйым салынған мүлікті пайдалану тәртібін айқындау
1. Қажет болған жағдайда сот орындаушысы тыйым салынған мүлiкті алып қоюды жүргізуге немесе борышкердің тыйым салынған мүлiкті пайдалану жөніндегі құқықтарын шектеуге құқылы. Шектеудің түрлерін, көлемдері мен мерзімдерін сот орындаушысы әрбір нақты жағдайда осы мүлікке тыйым салудың мақсаттарын, мүліктің ерекшеліктерін, оның меншік иесі немесе қожасы үшін маңызын, шаруашылық, тұрмыстық немесе өзгедей пайдаланылуын және басқа да факторларды ескере отырып айқындайды.
2. Сот орындаушысының мүлiкке билік етуге салған тыйымын бұзу немесе борышкердің тыйым салынған мүлкін пайдалану құқықтарын шектеуді сақтамау атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындамағаны үшін осы Заңда көзделген салдарларға әкеп соғады.
3. Вексельдерге, түбіртектерге, ұсынушының жинақ кітапшаларына, депозиттік және жинақ сертификаттарына, облигацияларға және борышкерге ақша сомасын төлеу міндеттемесі бар өзге де мүлікке тыйым салу кезінде сот орындаушысы алып қою туралы хаттаманы толтыра отырып, аталған мүлікті алып қояды.
65-бап. Бағалы қағаздарға тыйым салу
1. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу олардың тұрған орны бойынша жүргізіледі. Құжатсыз бағалы қағаздарға тыйым салу осы қағаздар иелерінің құқықтарын есепке алу орны бойынша жүргізіледі.
2. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу туралы сот орындаушысы осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен хаттама да жасайды.
3. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынған бағалы қағаздардың жалпы саны, олардың түрі, сәйкестендіру нөмірі, осы бағалы қағаздардың эмитенті туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сәйкестендіруге, сондай-ақ олардың борышкерге тиесілілігін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректер көрсетіледі.
4. Борышкерге тиесілі бағалы қағаздарға тыйым салу борышкердің оларға билік етуіне (сатуға, өз міндеттемелерін немесе үшінші бір адамдардың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде беруге, өзге де түрде ауыртпалық түсіруге) тыйым салуды білдіреді. Өзге де шектеулерді, оның ішінде борышкердің кіріс алуға құқықтарын және бағалы қағаздармен бекітілген басқа да құқықтарын шектеу кезінде сот орындаушысы белгіленген шектеулерді бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда санамалап көрсетуге міндетті.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бағалы қағаздарға тыйым салу:
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) эмитенттің (басқарушы компанияның) оларды өтеу, олар бойынша кірістерді төлеу, оларды өзге бағалы қағаздарға айырбастау, алмастыру немесе орналастырылған акциялардың санын ұлғайту есебінен жарияланған акциялардың санын ұлғайту жөніндегі әрекеттер жасауына, егер мұндай әрекеттер тыйым салынған бағалы қағаздарды шығару шарттарында (инвестициялық пай қорының қағидаларында) көзделсе және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынбаса, кедергі келтірмейді. Бағалы қағаздар бойынша кірістерді төлеуге байланысты әрекеттердің жасалуы туралы эмитент (басқарушы компания, басқарушы) сот орындаушысына дереу хабарлайды;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамада және осы қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген шарттарда және тәртіппен есеп айырысу кезеңі ішінде мүлікке тыйым салу туралы соттың тиісті ұйғарымын алған кезге дейін қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелерді орындауға (немесе барлық есеп айырысуларды, аударымдарды аяқтауға);
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3) орталық депозитарийдің айналыс мерзімі өткен және олар бойынша эмитент оларды өтеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған эмиссиялық бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарынан (қосалқы шоттарынан) есептен шығару бойынша және эмитенттің осы эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын ұстаушылардың осы жеке шоттарына (қосалқы шоттарына) есепке жатқызу бойынша операцияларды жасауына;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-1-бабының талаптарына сәйкес бағалы қағаздардың қайталама нарығында қоғамның дауыс беретін акцияларының тоқсан бес және одан көп пайызын дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен жиынтықта сатып алған тұлғаның акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларын сатып алуды жүргізуіне кедергі келтірмейді.
Осы тармақшада көрсетілген тұлға акционерлік қоғамның тыйым салынған дауыс беретін акцияларына ақы төлеуге арналған ақшаны қоғамның дауыс беретін акцияларын сатқан акционердің орталық депозитарийде ашылған шотына есепке жазады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 4) тармақшаларының талаптары орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркелетін операцияларға қолданылады. Орталық депозитарий, бағалы қағаздар бойынша кірістерді төлеуге байланысты әрекеттерді қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген әрекеттерді жасау туралы сот орындаушысына олар жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Осы баптың 5-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген операциялар нәтижесінде алынған қаржы құралдары, ақша немесе талап ету құқықтары, егер бұл тыйым салуды қолдану мақсаттарына қайшы келмесе, тыйым салуды қолдану туралы қаулы бойынша тыйым салынған бағалы қағаздар сияқты нақ сол шарттармен тыйым салуда тұрған болып есептеледі. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға қосымша ретінде осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешектің мөлшерін ескере отырып, айырбастау, алмастыру, қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді орындау нәтижесінде алынған қаржы құралдарына (талап ету құқықтарына) тыйым салуды қолдану туралы қаулы шығаруға міндетті.
2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-1. Акционерлік қоғамдар қайта ұйымдастырылған кезде (бірігу, қосылу, бөліну, бөлініп шығу нысанында) қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамдардың акцияларына тыйым салу қайта ұйымдастыру бойынша әрекеттер жасауға кедергі келтірмейді, сондай-ақ орталық депозитарийдің және (немесе) тыйым салынған акциялар бойынша құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушылардың тиісті әрекеттер жасауына кедергі келтірмейді.
Қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамның (қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамдардың) тыйым салудағы акцияларын алғаннан кейін өзіне қосу жүзеге асырылатын немесе акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған акционерлік қоғам бұл жөнінде сот орындаушысына дереу хабарлайды.
Егер бұл тыйым салу мақсаттарына қайшы келмейтін болса, өзіне қосу жүзеге асырылатын немесе акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған акционерлік қоғамның қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамның (қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамдардың) акционерлері арасында орналастырылған акциялары тыйым салу туралы қаулы бойынша бұрын тыйым салынған акциялардың орнына қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамның (қайта ұйымдастырылатын акционерлік қоғамдардың) акциялары сияқты дәл сондай талаптармен тыйым салуда деп есептеледі.
Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға толықтыру ретінде осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешекті ескере отырып, бұрын тыйым салынған акциялардың орнына орналастыру нәтижесінде алынған, өзіне қосу жүзеге асырылатын немесе акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған акционерлік қоғамның акцияларына тыйым салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Егер атқарушылық құжатта борышкердің бағалы қағаздар бойынша кіріс алуға және (немесе) борышкерге тиесілі, тыйым салу қолданылған бағалы қағаздарды өтеу кезінде ақша сомасын алуға құқықтарын шектеу белгіленсе, онда осы бағалы қағаздар бойынша өтеу кезіндегі барлық кірістер және (немесе) ақша сомасы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының деректемелері тиісті атқарушылық құжатта көрсетілген өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына есепке жатқызылуға жатады.
8. Сот орындаушысы тыйым салынған құжаттық бағалы қағаздарды алып қояды және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы хаттамаға қол қойғыза отырып, осы хаттаманың көшірмесін сақтаушыға сақтауға береді. Сот орындаушысы осы бағалы қағаздарды кастодианға сақтауға беру туралы шешім қабылдай алады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан номиналды ұстаушы айырылған не номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару туралы номиналды ұстаушы шешім қабылдаған жағдайда, бағалы қағаздарды аударуды қоспағанда, тыйым салынған құжатсыз бағалы қағаздар алып қойылмайды және құқықтарды есепке алу үшін басқа номиналды ұстаушыға берілмейді.
Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) кастодиандық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан номиналды ұстаушы айырылған не номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) кастодиандық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны өз еркімен қайтару туралы номиналды ұстаушы шешім қабылдаған жағдайда, тыйым салынған бағалы қағаздарды орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі ұстаушының жеке шотына (қосалқы шотына) аудару жүзеге асырылады.
9-1. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 2013 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды (бұр.ред.қара)
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушының тиісті лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылған жағдайда, номиналды ұстаушы ол туралы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не тоқтатылғандығы туралы хабарлама алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Эмитент (басқарушы компания) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын номиналды ұстаушымен шартты бұзған жағдайда, номиналды ұстаушы ол туралы шарт бұзылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей сот орындаушысына хабарлайды.
12. 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Тыйым салынған бағалы қағаздарды мүліктің және (немесе) мүліктік құқықтардың иесіне беру нысанында өтеген жағдайда сот орындаушысы мұндай мүлікті және (немесе) мүліктік құқықтарды осы Заңда белгіленген тәртіппен өндіріп алады.
14. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салынғаны туралы қаулының көшірмелерін, оны шығарған (жасаған) күннен кейінгі күннен кешіктірмей, атқарушылық іс жүргізу тараптарына, сондай-ақ:
1) бағалы қағаздарды берген адамға (эмиссиялық бағалы қағаздарды қоспағанда);
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) тыйым салынған бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын орталық депозитарийге (номиналды ұстаушыға);
3) егер бағалы қағаздарға тыйым салу осы бағалы қағаздарға бекітілген құқықтарды шектеуден тұратын болса, эмитентке (басқарушы компанияға) жібереді.
15. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулының көшірмесін алған күннен бастап, осы баптың 14-тармағында аталған адамдар:
1) аталған қаулымен борышкердің шектелген құқықтарын іске асыруға бағытталған борышкердің талаптарын орындауға құқылы емес;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2) осы баптың 5-тармағында көрсетілген операцияларды жасауды және мәмілелерді орындауды қоспағанда, сот орындаушысының қаулысында көрсетілген берешектің мөлшерiн ескере отырып, орталық депозитарийдің немесе бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушының шоттарында есепке алынатын немесе сонда болатын борышкердiң қаржы құралдарымен операцияларын дереу тоқтата тұруға мiндеттi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 16-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
16. Номиналды ұстаушының (бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының) клиенттерiне тиесiлi қаржы құралдарын есепке алу жүзеге асырылатын, номиналды ұстаушының (бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының) банктiк, жеке және өзге де шоттарына номиналды ұстаушының (бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының) мiндеттемелерi бойынша тыйым салына алмайды.
66-бап. Борышкер мүлкiнiң тiзiмдемесi
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметтеріне төлейтін шығыстарды өтеуге қажеттi мөлшерде борышкер мүлкiнің тiзiмдемесін жүргізеді. Осы Заңның 55-бабының 5-тармағында көзделген жағдайда, тізімделетін мүліктің құны атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алудың мөлшерiнен асып түсуi мүмкiн. Сот орындаушысының тiзiмдемеге түскен заттарға сүргi сала алады.
2. Мүлiкке тiзiмдеме жасау борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы алдын ала хабардар етілген, борышкер болып табылатын жеке адам немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеме куәгерлердiң қатысуымен жасалады.
3. Мүлiктер тiзiмдемесiне әр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi, бұйымның маркасы және өзге де өлшемдері), әр заттың жеке-жеке бағасы және барлық мүлiктiң құны енгiзiледi.
Тiзiмдемеге оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.
4. Сот орындаушысы тізімдемеге қатысушы маманның қорытындысы бойынша жылжымалы мүлікке тізімдеме жасамауға не маманның қорытындысы бойынша оны сату мүмкін болмаса немесе оны сатудан түскен сома орындау жөніндегі шығыстардан кем болатын болса, оны кейін тізімдемеден алып тастауға құқылы.
67-бап. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасы
1. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасында:
1) хаттама жасалған уақыт пен орны;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) хаттама жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ хаттама жасалған кезде қатысқан адамдардың тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда);
3) соттың немесе атқарушылық құжаты орындалатын басқа да органның атауы;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) өндіріп алушының және борышкердің тектері, аттары және әкелерінің аттары (олар болған жағдайда);
5) мүлікке тізімдеме жасау жүргізілгені туралы сілтеме (тізімдемені кім жүргізді, тізімделген мүліктің жалпы құны);
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) мүлік түрінің сипаты немесе мүліктің және оның сипаттамаларының тізбеленуі;
6) егер заттарға сүргі салу жүргізілген болса, оған сілтеме;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) мүлік сақтауға берілген жеке адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды тұлғаның атауы, егер мүлікті сақтау борышкердің өзіне жүктелмесе, мекенжайлары;
8) борышкерге және басқа да адамдарға сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау тәртібі мен мерзімінің түсіндірілгені, сондай-ақ борышкерге немесе мүлікті сақтаушыға олардың сақтауға берілген мүлікті сақтау жөніндегі міндеттері және оны талан-таражға салғаны, иеліктен шығарғаны немесе жасырғаны үшін жауапкершілігі жөнінде түсіндірілгені туралы белгі;
9) өндіріп алушының, борышкердің, тізімдеме жасау кезінде қатысқан адамдардың ескертпелері мен арыздары және сот орындаушысының солар бойынша өкімдері көрсетілуге тиіс.
2. Мүлікке тізімдеме жасау және тыйым салу хаттамасына сот орындаушысы және оны толтыру кезінде қатысқан адамдар қол қояды.
3-параграф. Мүлікті бағалау және сақтау
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 68-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 68-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
68-бап. Борышкердің мүлкін бағалау
1. Сот орындаушысы мүлікке тыйым салынған және борышкерге мүліктің тиесілі екені анықталған кезден бастап он жұмыс күні ішінде:
бағалаушыны өз бетінше тағайындау;
атқарушылық іс жүргізу тараптарының бірінің ұсынысы бойынша бағалаушыны тағайындау;
атқарушылық іс жүргізу тараптарының біріне борышкердің мүлкін бағалауды жүргізу туралы тапсырма беруі арқылы бағалаушыны тағайындау туралы қаулы шығарады.
Борышкердің тыйым салынған мүлкін бағалау жөніндегі көрсетілетін қызметтің ақысын төлеу атқарушылық іс жүргізу тараптарына жүктеледі және кейіннен борышкердің есебінен өтеледі.
2. Бағалаушыны тағайындау туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмелері атқарушылық іс жүргізу тараптарына оны шығарған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Бағалаумен келіспейтін атқарушылық іс жүргізу тарапы «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілген бағалау бойынша қорытынды алу үшін сараптама кеңесіне өтініш жасай алады не оған Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасай алады. Сараптама кеңесінің теріс қорытындысы не соттың бағалау туралы есепті жарамсыз деп тануы сот орындаушысының жаңа бағалауды тағайындауына негіз болып табылады. Сараптама кеңесі теріс қорытынды берген жағдайда, тапсырыс беруші бағалау туралы есептің сараптамасы үшін жүргізген төлемді бағалау туралы есепті жасаған бағалаушы немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға өтейді.