Қазақстан Республикасының
Заңы
Сыртқы барлау туралы
(2019.18.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2019 жылғы 27 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Сыртқы барлау субъектілері
3-бап. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы заңнамасы
4-бап. Барлау қызметінің міндеттері
5-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің принциптері
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ БАРЛАУ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ЖӘНЕ БАРЛАУ ҚОҒАМДАСТЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
6-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің салалары
7-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы барлау саласындағы өкілеттіктері
8-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің құзыреті
9-бап. Сыртқы барлау органының құзыреті
9-1-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құзыреті
10-бап. Барлау қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары
11-бап. Барлау қызметі туралы мәліметтерді сақтау
12-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің өзара іс-қимылы
12-1-бап. Қазақстан Республикасы барлау қоғамдастығының қызметін ұйымдастырудың жалпы шарттары
13-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің кадрлары
14-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің құқықтық жағдайы
15-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің құқығы
16-бап. Дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолдану шарттары мен шектері
16-1-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің дене күшін қолдануы
16-2-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің арнайы құралдарды қолдануы
16-3-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерінің қару қолдануы және жауынгерлік техниканы пайдалануы
17-бап. Сыртқы барлау органы қызметкерлерiнiң жауаптылығы
18-бап. Сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін адамдар
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Сыртқы барлау органын қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету
20-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін ведомстволық бақылау
21-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің қызметін прокурорлық қадағалау
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен кіріспе өзгертілді (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы Заң Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерінің және Қазақстан Республикасының барлау қоғамдастығына қатысушылардың мәртебесін, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) барлау ақпараты - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынатын және (немесе) пайдаланылатын ақпарат;
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) Қазақстан Республикасының барлау қоғамдастығы - ел басшылығын барлау ақпаратымен және талдамалық бағалаумен қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ белгіленген құзырет шегінде сыртқы барлау субъектілерінің барлау мүмкіндіктерін күшейтуге ықпал ететін іс-шараларға қатысатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының жиынтығы;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы барлауы - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын жария және жария емес барлау, ұйымдастыру және басқару шараларының жүйесі;
3) сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметі - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделеріне орай барлау ақпаратына қол жеткізу, оны өңдеу және пайдалану, сондай-ақ мемлекет жүзеге асыратын шараларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі қызмет.
2-бап. Сыртқы барлау субъектілері
1. Сыртқы барлау субъектілеріне:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - сыртқы барлау органы);
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 6-бабының 2) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жатады.
Құзыретіне барлау қызметін жүзеге асыру кіретін ұлттық қауіпсіздік органдары қызметтерінің, бөлімшелерінің және қызметкерлері санаттарының тізбесін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайды;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) осы Заңның 6-бабының 3) тармақшасында көзделген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары жатады.
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сыртқы барлау субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде барлау қызметін жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сыртқы барлау органы арнаулы мемлекеттік орган болып табылады, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiне жатады, оның нышаны, туы, ведомстволық наградалары мен төсбелгiлерi, нақты және шартты атаулары болады.
3-бап. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
4-бап. Барлау қызметінің міндеттері
Сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметінің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Үкіметін және мемлекеттік органдарын саяси, қаржылық-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда шешімдер қабылдау үшін қажетті барлау ақпаратымен және талдамалық бағалаумен қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
3) елдің экономикалық дамуына және ғылыми-техникалық прогресіне және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
4) барлау ақпаратына қол жеткізу және шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтері мен ұйымдары, террористік және экстремистік ұйымдар, қылмыстық қоғамдастықтар (қылмыстық ұйымдар), сондай-ақ жекелеген адамдар тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне нақты және ықтимал нұқсан келтіруді болғызбауға бағытталған шараларды іске асыру;
5) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де міндеттер болып табылады.
5-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің принциптері
Сыртқы барлау субъектілерінің қызметі мынадай принциптерден тұрады:
1) заңдылық;
2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
3) дара басшылық;
4) жария және жария емес әдістер мен құралдардың үйлесімдігі.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 2-тараудың тақырыбы өзгертілді (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-тарау. Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерінің және барлау қоғамдастығының қызметін ұйымдастыру
6-бап. Сыртқы барлау субъектілері қызметінің салалары
Барлау қызметін өз өкілеттіктері шегінде:
2012.23.04. № 14-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) сыртқы барлау органы:
саяси, қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, әскери-саяси, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда; террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл саласында; Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде шифрлік және радиотехникалық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып шифрленген, құпияландырылған, кодталған және өзге де арнайы байланыс түрлері саласында; Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары:
шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының, қылмыстық қоғамдастықтардың (қылмыстық ұйымдардың) және жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де қызметіне қарсы іс-қимыл саласында;
экстремизмге және террористік қызметке қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ шекаралық саясат және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын, аумақтық сулары (теңіздері) мен континенттік қайраңын күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында;
Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде шифрлік және радиотехникалық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып, шифрланған, құпияланған, кодталған және арнаулы байланыстың өзге де түрлері саласында;
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда; 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары:
әскери, әскери-саяси, әскери-экономикалық және әскери-техникалық салаларда, террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл жасау, радиоэлектрондық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып, шифрланған, құпияланған және арнаулы байланыстың өзге де түрлері салаларында және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі әскери құрамдасының мүдделерін қозғайтын басқа да салаларда жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы барлау саласындағы өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан Республикасы сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметінің негізгі бағыттарын және басымдықтарын айқындайды;
2) сыртқы барлау органын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;
3) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Үкіметіне сыртқы барлау субъектілерін басқа да мемлекеттік органдармен үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау және барлау қызметін жетілдіру жөніндегі мәселелерді қарауға тапсырма береді;
4) сыртқы барлау органының басшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) сыртқы барлау органының ережесін, сондай-ақ оның басшысының ұсынуымен органның құрылымын және жалпы штат санын бекітеді;
6) сыртқы барлау органы басшысының орынбасарларын оның басшысының ұсынуы бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
7) жоғары офицерлік және басқарушы құрамдағы адамдар орналасатын сыртқы барлау органы қызметтерінің тізбесін бекітеді;
2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды; 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 7-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7-1) арнаулы атақтар берілетін сыртқы барлау органының лауазымдары тізбесін бекітеді;
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 7-2) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
7-2) Қазақстан Республикасының барлау қоғамдастығына қатысушылардың тізбесін айқындайды;
8) сыртқы барлау органының қызметін бақылайды, тексеруші органдарды тағайындайды, олардың мақсаттарын, міндеттерін және өкілеттіктерін айқындайды, бақылау нысандары мен оны жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
9) өзі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде сыртқы барлау органы басшысының есебін тыңдайды;
10) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Сыртқы барлау субъектілерінің құзыреті
Сыртқы барлау субъектілерінің құзыретіне мыналар жатады:
1) барлау ақпаратына қол жеткізу, оны жинақтау, талдау, жүйелеу және қорыту, оның негізінде ұсыныстар, бағалау мен болжамдар дайындау;
2) Қазақстан Республикасының аумағында, сол сияқты одан тысқары жерлерде барлау қызметін жүзеге асыру;
3) жасырын көмек көрсетуге келісім берген адамдармен ақы төленбейтін не ақылы негізде жария емес ынтымақтастық орнату;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) сыртқы барлау субъектiлерiнiң әскери қызметшілерін, қызметкерлері мен жұмыскерлерін шифрлау, оның iшiнде осы мақсаттар үшiн өзге де ведомстволық тиесiлiлiктi пайдалана отырып, олардың қызметiн ұйымдастыру жөнiндегi шараларды iске асыру;
5) сыртқы барлау субъектілеріне жасырын көмек көрсететін адамдарды, сыртқы барлау субъектілері бөлімшелерінің, ұйымдарының, үй-жайларының және көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігін шифрлеу жөніндегі шараларды іске асыру;
6) барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін мемлекеттік органдардан және меншік нысанына қарамастан ұйымдардан қажетті ақпарат алу;
7) сыртқы барлау субъектілерінің қауіпсіздігін олардың өз күштерін, құралдары мен ақпараттарын заңға қайшы іс-әрекеттер мен қатерлерден қорғауы арқылы қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
9) радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асыру;
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру тәртібі сыртқы барлау субъектiлерiнiң және сыртқы саясат саласындағы уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін физикалық қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттеледі;
11) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің мемлекеттік құпияларын қорғауды қамтамасыз ету;
12) өзінің қорғалған байланыс жүйесін пайдалану;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың және меншік нысанына қарамастан ұйымдардың ақпараттық жүйелерін және электрондық ақпараттық ресурстарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдері негізінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану;
14) жалпы және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру;
15) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді орындау.
9-бап. Сыртқы барлау органының құзыреті
Сыртқы барлау органының құзыретіне осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, мыналар да жатады:
1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламенті мен Үкіметіне, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және мемлекеттік ұйымдарына барлау ақпаратын беру;
2) мемлекет басшылығының саяси, әскери-саяси, қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салалардағы саясатын іске асыруға жәрдемдесу;
3) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне сыртқы барлауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
4) сыртқы барлау субъектілерінің барлау қызметін үйлестіру;
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) осы Заңның 12-1-бабында көзделген, Қазақстан Республикасы барлау қоғамдастығы қызметінің шеңберінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
5) Қазақстан Республикасы жасасатын халықаралық шарттарды дайындауға, заң жобалары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық, оның ішінде сыртқы барлау саласындағы міндеттемелерін орындау;
7) жүзеге асырылатын барлау қызметінің стратегиясын және тактикасын әзірлеу;
8) барлау қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және қабылдау;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасу. Сыртқы барлау органының Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен өзара Іс-қимыл жасасу тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады, ал, меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының ұйымдарымен - келісімде белгіленеді;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
9-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарсы барлау қызметін жүзеге асыру;
10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен, құқық қорғау органдарымен, үкіметтік және арнайы байланыс органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен байланыстар орнату, сақтау және дамыту, ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
11) ақпараттық жүйелерді және электрондық ақпараттық ресурстарды, арнаулы техникалық құралдарды, байланыс жүйелерін, арнайы мақсаттағы телекоммуникациялар желілерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы таралып кетуінен қорғау құралдарын, оларды бағдарламалық қамтамасыз етуді, қару-жарақты және жарақтануды әзірлеу, сатып алу, (криптографиялық қорғау құралдарын қоспағанда) жасау, іске қосу және пайдалану, шифрлау және шифрды ашу жұмыстарын ұйымдастыру. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және меншік нысанына қарамастан ұйымдарымен, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен және ұйымдарымен шарттар, келісімшарттар жасасу;
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) оның объектілерінде құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстау, оларды кейіннен құқық қорғау органдарына тапсыру;
13) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, өз объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, жеке және инженерлік-техникалық қорғалуын жүзеге асыру, сондай-ақ оларда жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуді келісу;
2013.16.01. № 71-V ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін арнаулы байланыс түрлерімен жарақтандыру, инженерлік-техникалық қорғалуын, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің техникалық арналар арқылы таралып кетуін болғызбау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
15) жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және жүргізу;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) сыртқы барлау органындағы қызметке немесе жұмысқа қабылдау туралы шешiм қабылдау үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарын iрiктеу, арнайы тексеруден өткiзу, кадрға есепке алынған қызметкерлер мен жұмыскерлерге мемлекеттiк құпияны құрайтын ақпаратқа рұқсат беруді ресiмдеу (қайта ресiмдеу), Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнде, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң оқу орындарында, оның iшiнде арнаулы оқу орындарында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;
17) барлау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, арнаулы оқу құралдарын шығару;
18) ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру, басқа мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер мен білімнің түрлі салаларының мамандарын тарту арқылы өз қызметінің негізгі бағыттарына сәйкес сарапшылық топтарын құру;
19) меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік және өзге де техникалық құралдарын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын және басқа да үй-жайларын, көлік құралдары мен өзге де мүліктерін шарт негізінде пайдалану;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20) бөлiмшелердiң, объектiлердiң, үй-жайлардың, көлiк құралдарының, қызметкерлер мен жұмыскерлердің, жасырын жәрдем көрсететiн адамдардың ведомстволық тиесiлiгiн шифрлайтын құжаттарды, өзге де әдiстер мен құралдарды пайдалану;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 20-1) тармақшамен толықтырылды
20-1) қызметкерлердің және сыртқы барлау органына жасырын көмек көрсететін адамдардың жеке басын, бөлімшелердің, объектілердің, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін шифрлау мақсатында, оларды дайындау және (немесе) ресімдеу тәртібін сыртқы барлау органының басшысы айқындайтын басқа мемлекеттік органдардың, сондай-ақ меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың құжаттарын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде пайдалану үшін дайындау және ресімдеу.
Осы тармақшада көзделген мақсаттарда мемлекеттік органдарға және меншік нысандарына қарамастан ұйымдарға құжаттардың және қызметтік куәліктердің бланкілерін, оларды толтыру үлгілерін сыртқы барлау органына беру туралы орындалуға міндетті сұрау салулар жіберу;
2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен 20-2) тармақшамен толықтырылды
20-2) сыртқы барлау органы басшысының немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адамның жедел-қызметтік жұмыс материалдарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жария сипат берілгенге дейін оларға қолжетімділікті шектеуді қамтамасыз ететін өкімдік қызметі арқылы барлау және өзге де жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде, осы қызметтің нәтижелері көрсетілетін материалдарды іске асыру кезінде астыртын әрекет етуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпарат көздерін құпиясыздандыруға жол бермеу жөнінде қажетті шаралар қолдану;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) қызметкерлер мен жұмыскерлерді iссапарға, оның iшiнде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге жiберу;
22) Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде штаттан тыс жедел қызметкерлер ретінде тарту;
23) жеке және заңды тұлғаларды зерделеу мен тексеруден кейін оларға өз объектілерін қорғау және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға рұқсат беруді жүзеге асыру;
24) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзінің объектілері мен үй-жайларын қорғауды қамтамасыз ету үшін қаруды, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану;
25) мемлекет берген және республикалық меншікке жататын мүлік есебінен қалыптастырылған, оралымды басқару құқығындағы оқшауланған мүлкінің болуы;
26) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және саяси баспана беру туралы мәселелерді шешуге қатысу;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 27) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
27) арнайы мұрағатты, жедел есептерді, анықтамалық, ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстарды құру және пайдалану;
28) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді орындау.
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды; 2014.07.04. № 185-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-1-бап жаңа редакцияда
9-1-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құзыреті
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының құзыретіне, осы Заңның 9-бабының 2) - 4), 7), 9-1), 10), 14), 16), 20-1), 20-2) және 26) тармақшаларын қоспағанда, осы Заңның 8-бабында көзделген ережелерден басқа, 9-бабының ережелері жатады.
10-бап. Барлау қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Барлау қызметі процесінде сыртқы барлау субъектілері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жария және жария емес әдістер мен құралдарды пайдаланады.