4) барлық байланыс қызметін кезектен тыс пайдалану құқығы;
5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңілдікті салық салу.
2. Отбасы мүшелеріне не қайтыс болған еңбек ардагерін жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
13-бап. Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары
Осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу;
2) жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек;
3) жұмыс істеп жүрген кезінде тіркелген емханаларды зейнеткерлікке шыққан кезде де пайдалану құқығы.
14-бап. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары
1. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында санамаланған қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мынадай қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың тұрғынжаймен қамтамасыз етуі;
2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда артықшылықпен қызмет көрсету және ауруханаға кезектен тыс жатқызу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен білікті медициналық көмек алу;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін бірінші кезекте алу;
5) жерленген жерге тегін баруға және кері қайтуға (бірақ үш адамнан аспайды), сондай-ақ әскери қызметші қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде отбасы таңдаған тұрғылықты жеріне тегін жол жүруге құқық;
6) қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшіні тегін жерлеу өзінің соңғы қызмет өткерген орны бойынша жүзеге асырылады (бейбіт уақытта әскери (азаматтық) борышын өтеу кезінде қаза тапқан немесе жалпы аурудан қайтыс болған әскери қызметшінің мәйітін отбасының қалауы бойынша басқа жерлеу (қайта жерлеу) орындарына тасымалдау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Мемлекеттік күзет қызметінің шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін).
2. Ауғанстанда және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде, сондай-ақ әскери міндеттілер жиындарына шақырылған қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерлерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
3. Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан не сол кезеңде жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе ауруға шалдығудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің жұбайларына не асырауында аталған әскери қызметшілердің балалары бар басқа адамдарға жұмыс орнынан балаларымен бірге демалу үшін демалыс үйлері мен пансионаттарға жолдамалармен, сондай-ақ аталған әскери қызметшілердің балалары үшін балаларды сауықтыру мекемелеріне жолдамалармен артықшылықты қамтамасыз ету ұсынылады.
4. Отбасылары осы Заң бойынша әлеуметтік қолдау шараларына құқығы бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алатын генералдардың, адмиралдардың және әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің жұбайларына «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тиісті жеңілдіктерге құқығы өмір бойы сақталады.
15-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру
Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
16-бап. Әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды тоқтата тұру және тоқтату
1. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адам сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазасын өтеу кезеңінде тоқтатыла тұрады.
2. Осы Заңда көзделген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну осы Заңның күші қолданылатын адамдар қайтыс болған күннен бастап тоқтатылады.
17-бап. Жергілікті өкілді органдар мен ұйымдардың құқықтары
Жергілікті өкілді органдар, ұйымдардың басшылары өз құзыреттері шегінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын және емделуге жол жүру (екі жаққа), сондай-ақ ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету бойынша жеңілдіктерді белгілей алады.
18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 6, 45-құжат; № 14, 98-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 925-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; 2018 ж., № 14, 42-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 6 мамыр
№ 322-VІ