5. Салық төлеуші (салық агенті) өзі дербес және (немесе) жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты, бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі арқылы салықтық есепке алуды ұйымдастырады және мыналарды:
1) салықтық кезең ішінде салық төлеуші (салық агенті) жүзеге асырған операцияларды салық салу мақсатында есепке алу тәртібі туралы толық және анық ақпараттың қалыптастырылуын;
2) салықтық есептілік нысандарының әрбір жолының таратып жазылуын;
3) салықтық есептіліктің анық жасалуын;
4) салықтық бақылау үшін салық органдарына ақпарат беруді қамтамасыз ету үшін салықтық тіркелімдер түрінде ақпаратты қорыту мен жүйелеу нысандарын айқындайды.
6. Салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі салық төлеуші (салық агенті) осы Кодекстің талаптарын ескере отырып өзі дербес бекіткен құжат - салықтық есепке алу саясатымен белгіленеді.
Салықтық есепке алу саясаты, «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатын қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген есепке алу саясатына жеке бөлім түрінде енгізілуі мүмкін.
7. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық есепке алу саясатын бекітеді.
191-бап. Салықтық есепке алу саясатына қойылатын талаптар
1. Салықтық есепке алу саясатында мынадай ережелер:
1) салық төлеуші (салық агенті) өзі дербес әзірлеген салықтық тіркелімдердің нысандары мен жасалу тәртібі;
2) салықтық есепке алу саясатының сақталуына жауапты адамдардың лауазымдарының атауы;
3) осындай есепке алуды жүргізу жөніндегі міндет осы Кодексте көзделген жағдайларда, бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі;
4) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүзеге асырылған жағдайда, бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі;
5) корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында шығыстарды шегерімдерге жатқызудың, сондай-ақ қосылған құн салығын есепке жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістері;
6) хеджирленетiн операцияларды жүзеге асырған жағдайда хеджирленетін тәуекелдерді айқындау саясаты, хеджирленетін құжаттар және оларға қатысты пайдаланылатын хеджирлеу құралдары, хеджирлеу тиімділігінің дәрежесін бағалау әдістемесі;
7) исламдық бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырған жағдайда исламдық бағалы қағаздар бойынша кірістерді есепке алу саясаты;
8) осы Кодекстiң 271-бабы 2-тармағының ережелерiн ескере отырып, тiркелген активтердiң әрбір кiшi тобы, тобы бойынша амортизация нормалары;
9) қосылған құн салығын төлеушi болып табылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi осы Кодекске сәйкес шот-фактураларды жазып берген жағдайда, осындай құрылымдық бөлiмшелердi сәйкестендiру үшiн шот-фактураларды нөмiрлегенде пайдаланылатын осындай құрылымдық бөлiмшелердiң әрқайсысының коды;
10) шот-фактураларды жазып берген кезде оларды нөмірлеуге қолданылатын цифрлардың ең жоғары саны көзделуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4), 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген тұлғаларға қолданылмайды.
2. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар осы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша бірлескен қызмет жөніндегі салықтық есепке алу саясатын бекітеді.
3. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде салықтық есепке алу саясатында осы баптың 1-тармағының талаптарымен қатар жай серіктестік қатысушыларының және (немесе) оператордың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің әрбір түрі бойынша салықтық міндеттемені орындауының осы Кодекстің 722-бабының 3-тармағына сәйкес таңдап алынған тәсілін қамтуға тиіс.
4. Салықтық есепке алу саясатының мынадай ережелерінің күші кемінде бір күнтізбелік жыл мерзімге қолданылады:
бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі;
корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында шығыстарды шегерімдерге жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістері.
Қосылға құн салығын есепке жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістерінің күші мынадай мерзімге:
осы Кодекстің 407-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында және (немесе) 407-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда - қосылған құн салығын есептеу мақсатында белгіленген кемінде бір салықтық кезеңде;
қалған жағдайларда - кемінде бір күнтізбелік жыл қолданылады.
5. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатына өзгерісті және (немесе) толықтыруды мынадай:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген жаңа салықтық есепке алу саясатын немесе оның жаңа бөлімін бекіту;
2) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген қолданыстағы салықтық есепке алу саясатына немесе қолданыстағы есепке алу саясатының бөліміне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырады.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің):
1) кешенді және тақырыптық тексерулер жүргізу кезеңінде - тексерілетін салықтық кезеңнің;
2) шағымды берудің қалпына келтірілген мерзімін ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзімі кезеңінде шағым жасалатын салықтық кезеңнің;
3) салықтық тексеру жүргізілген салықтық кезеңдер бойынша салықтық есепке алу саясатына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
7. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 259-бабының ережелерін қолдану туралы шешімді өзінің салықтық есепке алу саясатында көрсетуге міндетті.
192-бап. Салықтық есепке алу қағидалары
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алуды жүргізуді осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда есепке жазу әдісі бойынша теңгемен жүзеге асырады.
2. Есепке жазу әдісі операциялар мен өзге де оқиғалардың нәтижелері ақшаны немесе оның баламасын алған немесе төлеген күннен бастап емес, олардың жасалу фактісі бойынша, оның ішінде мүлікті өткізу немесе кіріске алу мақсатында жұмыстар орындалған, қызметтер ұсынылған, тауарлар сатып алушыға немесе оның сенім білдірілген тұлғасына тиеп-жөнелтілген және берілген күннен бастап танылатын есепке алу әдісі болып табылады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша салықтық есепке алу негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындайды және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептейді.
4. Салық салу мақсатында бағамдық айырманы есепке алу, оның ішінде бағамдық айырма сомасын айқындау халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Запастарды есепке алу халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте салық салу мақсатында запастардың құны - сатудың ықтимал таза бағасына дейін есептен шығару және сатудың ықтимал таза бағасының ұлғаюынан туындаған, бұрын есептен шығару жүргізілген запастарға қатысты қалпына келтіру арқылы запастар құнының өзгеруін есепке алмай айқындалады.
193-бап. Есепке алу құжаттамасын жасауға және сақтауға қойылатын талаптар
1. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын қазақ және (немесе) орыс тілдерінде қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде жасайды.
Шет тілдерінде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде салық органы салық төлеушіден (салық агентінен) оларды қазақ немесе орыс тіліне аударуды талап етуге құқылы.
2. Салық төлеуші (салық агенті) есепке алу құжаттамасын электрондық нысанда жасаған кезде салықтық тексеру барысында салық органдарының лауазымды адамдарының талап етуі бойынша электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде тіркелген шот-фактураларды қоспағанда, осындай құжаттаманың көшірмелерін қағаз жеткізгіштерде ұсынуға міндетті.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салық салу объектілеріне немесе салық салуға байланысты объектілерге қатысты есепке алу құжаттамасын салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің әрбір түрі үшін осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін, бірақ кемінде бес жыл сақтайды.
Есепке алу құжаттамасын сақтау мерзімі, егер олар белгілеген сақтау мерзімі осы тармақта белгіленген мерзімінен асып кетсе, осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай есепке алу құжаттамасының негізінде салықтық міндеттеме есептелген кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен басталады.
4. Салық төлеуші І-топтың тіркелген активінің, осы Кодекстің 258, 259 және 260-баптарына сәйкес түзілген амортизацияланатын активтердің жекелеген топтарының, оның ішінде мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген (алынған) тіркелген активтің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын осындай актив бойынша амортизациялық аударымдар есептелген соңғы салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап бес жыл өткенге дейін сақтайды.
Салық төлеуші II, III және IV топтың тіркелген активінің, оның ішінде мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген (алынған) тіркелген активінің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде, бірақ осындай актив тіркелген активтер тобының құндық балансына қосылған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап кемінде бес жыл сақтайды.
5. Салық төлеуші салық салу мақсатында амортизациялауға жатпайтын активтердің құнын растайтын есепке алу құжаттамасын салық төлеушіде амортизациялауға жатпайтын активтің шығып қалуы болған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнен бастап бес жыл бойы сақтайды.
6. Салық төлеушіні қайта ұйымдастырған кезде қайта ұйымдастырылған тұлғаның есепке алу құжаттамасын сақтау жөніндегі міндеттеме оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.
194-бап. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу қағидалары
1. Бөлек салықтық есепке алу - жалпыға бірдей белгіленгенге қарағанда осы Кодекспен өзге салық салу шарттары көзделген, мынадай бөлінетін санаттар:
қызметтің түрі немесе түрлерінің жиынтығы;
жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт;
рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, суландырылған, шағын дебитті және игерілген санаттарға жатқызылған кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі);
сенімгерлік басқару шарты немесе сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдай;
бірлескен қызмет туралы шарт;
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу жөніндегі айналым;
кірістің түрі;
құрылыс объектісі бойынша жеке салықтардың белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алу болып табылады.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу шарттарына қарағанда өзге салық салу шарттарына салықтың сомасын азайту, салық салудан босату, арнаулы салық режимiн қолдану да жатады.
Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодекспен бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі талаптар белгіленген бөлінетін санаттар бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді біріктіруге құқылы емес.
2. Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте көзделген жағдайларда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды:
бірлескен қызмет туралы шарт бойынша бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі;
сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлік басқарушы жүргізуге міндетті.
3. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық салуға жататын кірістер пайда болған кезде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режиміндегі салықтық міндеттемелерден жеке жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін, оның ішінде жалпы кірістер мен шығыстар түрлерінің тізбесін, осындай кірістер мен шығыстарды осы Кодекспен салық салудың әртүрлі шарттары белгіленген бөлінетін санаттар мен өзге де қызмет арасында бөлу әдістерін өзі дербес белгілейді.
5. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 723-бабында айқындалған тәртіппен келісімшарттан тыс қызметтен жеке келісімшарттық қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
6. Туынды қаржы құралдарымен операциялар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға (келісімшарттық қызметке) жатпайды.
7. Салық төлеушілер (салық агенттері) бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сәйкес және осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып, есепке алу құжаттамасы деректерінің негізінде жүргізеді.
8. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде:
1) өзге қызметтен жеке әрбір бөлінетін санат бойынша - осы Кодекспен бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленген салықтарды есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;
2) тұтастай бүкіл қызмет бойынша - осы Кодекспен бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) мыналарды:
корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;
жеке табыс салығы бойынша декларацияны;
осы тармақтың 6) тармақшасында көзделген жағдайда, қосылған құн салығы бойынша декларацияны қоспағанда, тұтастай бүкіл қызмет бойынша - салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды;
4) мыналарды:
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимi қолданылатын кіріс түрлері бойынша - оңайлатылған декларацияны;
тіркелген шегерім пайдаланыла отырып, арнаулы салық режимi қолданылатын кіріс түрлері бойынша - тіркелген шегерімі бар декларацияны;
шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимi қолданылатын қызметтен түсетін кірістер бойынша - бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияны;
кірістің өзге түрлері бойынша - корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны жеке ұсынуды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) тұтастай бүкіл қызмет бойынша корпоративтік немесе жеке табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны және осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілмеген жағдайларда әрбір бөлінетін санат бойынша оған тиісті қосымшаларды ұсынуды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6) мыналар:
осы Кодекстің 411-бабында көзделген қызмет бойынша;
өзге де қызмет жөнінде қосылған құн салығы бойынша жеке декларацияны ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
195-бап. Корпоративтік табыс салығы бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің жалпы қағидаттары
1. Осы баптың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1) жалпы кірістер мен шығыстар - бөлінетін санат бойынша қызметті және өзге қызметті жүзеге асырумен бір мезгілде байланысты болатын және олардың арасында бөлуге жататын жалпы тіркелген активтер бойынша кірістер мен шығыстарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар;
2) жалпы тіркелген активтер - бөлінетін санат бойынша қызметті және өзге қызметті жүзеге асырумен бір мезгілде байланысты болатын және оларды пайдаланудың өзіндік ерекшелігіне қарай нақты бөлінетін санатпен немесе өзге қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы жоқ тіркелген активтер;
3) жанама кірістер мен шығыстар - есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар, оның ішінде бірнеше бөлінетін санатпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар және осындай санаттар арасында ғана бөлінуге жататын тіркелген активтер бойынша кірістер мен шығыстар;
4) жанама тіркелген активтер - пайдаланудың өзіндік ерекшелігіне қарай бірнеше бөлінетін санатпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтер;
5) тікелей кірістер мен шығыстар - нақты бөлінетін санатпен немесе өзге қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар тіркелген активтер бойынша кірістер мен шығыстарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңдегі кірістер мен шығыстар.
2. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу мақсатында салық төлеушінің барлық кірісі мен шығысы тікелей, жанама және жалпы болып бөлінеді.
Салық төлеуші (салық агенті) кірістер мен шығыстарды тікелей, жанама және жалпы деп сыныптауды қызметтің өзіндік ерекшелігін негізге ала отырып, өзі дербес жүзеге асырады.
Тікелей кірістер мен шығыстар тікелей себеп-салдарлық байланысы бар бөлінетін санатқа немесе өзге қызметке ғана толық көлемде жатқызылуға тиіс.
Жалпы кірістер мен шығыстар бөлінетін санат пен өзге қызмет арасында бөлуге жатады және себеп-салдарлық байланысы бар сол бөлінетін санат пен өзге қызметтің кірістері мен шығыстарына тиісті үлесте жатады.
Жанама кірістер мен шығыстар бөлінетін санаттар арасында ғана бөлінуге жатады және себеп-салдарлық байланысы бар сол санаттың кірістері мен шығыстарына тиісті үлесте жатады.
Жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлу осы баптың 4-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес және осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3. Жалпы және жанама тіркелген активтер бойынша бөлінетін санат пен өзге қызмет арасында бөлуге - салық төлеуші осы тіркелген активтер бойынша шеккен шығыстар, оның ішінде амортизация бойынша шығыстар және бұдан кейінгі шығыстар жатады.
Сыйақылар бойынша жалпы және жанама шығыстар бойынша - осы Кодекстің 246-бабына сәйкес айқындалған, осындай сыйақылар бойынша шегерімнің жалпы сомасы бөлінуге жатады.
Егер бағамдық айырма тікелей себеп-салдарлық байланыс бойынша салық төлеушінің бөлінетін санатына және өзге қызметіне жатқызылмайтын болса, салықтық кезеңде оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі немесе теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуі түрінде алынған қорытынды (сальдоланған) нәтиже бағамдық айырма бойынша бөлуге жатады.
Жалпы немесе жанама шығыстар ретінде шегерімдерге жатқызылуға тиіс салықтар оларға тиісті салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер бөлінбей, осы баптың 4-тармағында белгіленген әдістерге сәйкес бөлуге жатады.
4. Салық төлеуші (салық агенті) әрбір бөлінетін санат пен өзге қызмет үшін жалпы және жанама кірістер мен шығыстарды бөлуді салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше әдісі негізінде, қызметтің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, оның ішінде:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық кезеңде алған тікелей кірістердің жалпы сомасындағы, әрбір бөлінетін санат пен өзге қызметке келетін тікелей кірістердің үлес салмағы бойынша;
2) салық төлеуші (салық агенті) салықтық кезеңде жұмсаған тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы, әрбір бөлінетін санатқа және өзге қызметке келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша;
3) мына баптардың бірі бойынша шеккен шығыстардың үлес салмағы бойынша - салық төлеуші (салық агенті) салықтық кезеңде жұмсаған осы бап бойынша шығыстардың жалпы сомасындағы, әрбір бөлінетін санат пен өзге қызметке келетін тікелей өндірістік шығыстар, еңбекке ақы төлеу қоры немесе тіркелген активтердің құны бойынша;
4) салық төлеуші (салық агенті) жұмыскерлердің жалпы орташа тізімдік санына бөлінетін санат пен өзге қызмет бойынша қызметке қатысатын жұмыскерлердің орташа тізімдік санының үлес салмағы бойынша;
5) өзге де әдістерді ескере отырып, өзі дербес жүргізеді.
Жалпы және жанама кірістер мен шығыстардың әр түріне қатысты оларды бөлудің салық төлеуші (салық агенті) айқындайтын саналуан әдістері қолданылуы мүмкін.
Жалпы және (немесе) жанама кірістер мен шығыстарды неғұрлым дәл бөлу үшін жоғарыда көрсетілген әдістердің бірін қолдану нәтижесінде алынған үлес салмақтың мәнін салық төлеуші (салық агенті) жүзден бір (0,01%) үлеске дейін пайызбен айқындайды.
Егер салықтық есепке алу саясатында жалпы кірістер мен шығыстарды бөлу әдісі белгіленбесе, онда салық органдары салықтық тексеруді жүргізу барысында осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген әдіс негізінде осындай кірістер мен шығыстарды бөлуді жүзеге асырады.
5. Салық төлеушінің қызметі бойынша тұтастай корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде қандай да бір бөлінетін санат бойынша шеккен залалдар ескерілмейді, салық төлеушінің оларды осы Кодекстің 300-бабының ережелерін ескере отырып, кейінгі салықтық кезеңдерде осындай бөлінетін санат бойынша қызметтен алған кірістердің есебінен ғана өтеуге құқығы болады.
196-бап. Қаржы лизингі
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ лизинг нысанасын қайталама лизингке не қосалқы лизингке беру қаржы лизингі болып табылады.
2. Егер лизинг шартында лизинг алушының қаржы лизингінің мерзімін ұзарту құқығы айқындалса, онда қаржы лизингінің мерзімі іс жүзінде ұзарту жүзеге асырылған мерзім ескеріле отырып айқындалады.
3. Лизинг алушының лизинг шарты негізінде алуына жататын лизинг нысанасы қаржы лизингі бойынша берілетін мүлік болып табылады.
Салықтық есепке алу мақсаты үшін лизинг алушы лизинг нысанасын сатып алушы ретінде қаралады.
Лизинг шарты негізінде айқындалатын лизинг нысанасының құны лизинг нысанасы берілетін (алынатын) құн болып табылады. Егер лизинг шартында лизинг нысанасы берілетін (алуға жататын) құн жеке бөлініп көрсетілмесе, онда қосылған құн салығын қоспағанда, көрсетілген құн лизингтің бүкiл кезеңінде төлеуге жататын барлық лизингтік төлемдер сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық есепке алу мақсаты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лизинг шартына сәйкес келмейтін мүліктік жалдау шарты бойынша мүлікті беру қызметтерді көрсету ретінде, ал қосылған құн салығын қоспағанда, төлеуге жататын жалға беру төлемдері, тиісінше, көрсетілген қызметтер үшін төлемақы ретінде қаралады.
197-бап. Салықтық жеңілдіктерді қолдану мақсаттары үшін мүлікті қаржы лизингіне беру шарттары
1. Осы Кодекстің 288-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 398-бабын, 427-бабының 6-тармағын және 428-бабының 6-тармағын қолдану мақсаттары үшін мүлікті қаржы лизингіне беру осы бапта көзделген шарттарға сәйкес келуге тиіс.
2. Егер осы тармақта және осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үш жылдан астам мерзімге жасалған лизинг шарты бойынша мүлікті беру, егер ол мынадай шарттардың біріне сай келсе:
1) мүлікті лизинг алушының меншігіне беру және (немесе) лизинг алушыға тіркелген баға бойынша мүлікті сатып алу құқығын беру лизинг шартында айқындалса;
2) қаржы лизингінің мерзімі қаржы лизингі бойынша берілетін мүліктің пайдалы қызмет ету мерзімінің 75 пайызынан асып кетсе;
3) қаржы лизингінің бүкіл мерзімінде лизингтік төлемдердің ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингі бойынша берілетін мүлік құнының 90 пайызынан асып кетсе, қаржы лизингі болып табылады.
Қайталама лизинг деп лизинг шарты (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - бастапқы лизинг шарты) тоқтатылған, бұзылған не лизинг нысаналары санының өзгеруіне байланысты ол өзгертілген жағдайда, лизинг берушінің меншігінде қалған лизинг нысаналарын басқа лизинг алушыға (лизинг алушыларға) лизингке беру танылады, бұл ретте бір мезгілде мынадай талаптар сақталуы:
бастапқы лизинг шартын бұзу, тоқтату не өзгерту күні мен қайталама лизинг шартын (шарттарын) жасасу күні осы Кодекстің 423-бабында белгіленген бір салықтық кезеңге дәл келуі;