2) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша:
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
осы Кодекстің 213 және 214-баптарында айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрмаған;
жеке тұлғалардан мүлік, көлік құралдары салықтары, жер салығы, бірыңғай жер салығы салынатын объектілерді қоспағанда, меншік құқығында көрсетілетін салықтар салынатын объектілер жоқ;
әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, кедендік төлемдер және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтар бойынша салықтық берешегі жоқ резидент-заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері, қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер жатады.
Осы тармақтың ережелері:
1) осы Кодекске сәйкес салықтық мониторингке жататын;
2) қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
2. Салық органдары жыл сайын:
1) осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін субъектілердің бастапқы тізбесін 1 наурыздан кешіктірмей қалыптастырады;
2) мынадай мәліметтерді:
сәйкестендіру нөмірін (ол болған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірін;
жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не субъектінің атауын;
субъектінің орналасқан жеріндегі салық органының атауын;
кредиторлардың және (немесе) субъект мәжбүрлі түрде таратылған (есептік тіркеуден шығарылған, қызметін тоқтатқан) жағдайда құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын өзге де тұлғалардың өтініштерін (наразылықтарын) қабылдау үшін салық органының мекенжайын көрсете отырып, мәжбүрлі түрде таратылуға жататын субъектілердің қалыптастырылған тізбесін бұқаралық ақпарат құралдарында 1 сәуірден кешіктірмей орналастырады;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) субъектілердің қалыптастырылған тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылғаннан кейін 1 мамырдан кешіктірмей, мәліметтер алу үшін:
екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында айқындалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы;
уәкілетті мемлекеттік органдарға - мүліктің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің бар-жоғы туралы;
тіркеуші органға - Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мәліметтердің болуы (болмауы) туралы сұрау салулар жібереді.
3. Қойылатын наразылықтардың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжаттар қоса берілген, кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштерін (наразылықтарын) салық органдары күнтізбелік жылдың 1 маусымына дейін қабылдайды.
4. Мәжбүрлі түрде таратуға (есептік тіркеуден шығаруға, қызметін тоқтатуға) жататын субъектілердің түпкілікті тізбесі осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтер алынған және кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштері (наразылықтары) болмаған жағдайда күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қалыптастырылады.
5. Салық органдары осы баптың 4-тармағында көрсетілген тізбеге қосылған субъектілерге қатысты мәжбүрлі түрде тарату (есептік тіркеуден шығару, қызметін тоқтату) үшін талап қою арыздарын сотқа күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жібереді.
10-тарау. КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ
94-бап. Камералдық бақылау
1. Салық төлеушi (салық агенті) ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негiзiнде салық органдары жүзеге асыратын бақылау камералдық бақылау болып табылады.
Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес салықтық есептілікті ұсыну және (немесе) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу арқылы салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беру камералдық бақылаудың мақсаты болып табылады.
95-бап. Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдері
1. Камералдық бақылау салық органдарында бар мынадай деректерді:
1) салықтық есептілікті;
2) өзге де мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерін;
3) салық төлеушінің қызметі бойынша әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді;
4) осы Кодексте белгіленген өзге де есептілікті салыстыру арқылы жүргізіледі.
2. Камералдық бақылау осы Кодексте белгіленген осындай кезең үшін салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін тиісті салықтық кезең үшін жүргізіледі.
3. Камералдық бақылау осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жүзеге асырылады.
96-бап. Камералдық бақылау нәтижелерi
1. Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда:
тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша - анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама;
тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша - анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама ресiмделедi.
Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық есептілікте бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде мәлімет үшін жіберіледі.
Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Осы тармақтың ережелері камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған тәуекел дәрежесі елеусіз бұзушылықтарға қолданылмайды және тәуекелдерді басқару жүйесінде ескеріледі.
2. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші (салық агенті) ол тапсырылған (алынған) күннен кейiнгi күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Мыналар:
1) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен
жағдайда - салық төлеушінің (салық агентінің) анықталған бұзушылықтарды:
салық органдарында тіркеу есебіне қою;
анықталған бұзушылықтар жататын салықтық кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну;
салық төлеушінің қосылған құн салығын қайтару туралы талабы бойынша бұрын бюджеттен қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бюджетке төлеу, сондай-ақ салық төлеушіге осындай сомаларды аударған күннен бастап әрбір күн үшін осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде өсімпұл төлеу арқылы жоюы;
2) хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген
жағдайда - осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген салық органына анықталған бұзушылықтар бойынша түсінікті қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынуы салық төлеушінің (салық агентінің) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауы болып танылады.
Түсінікте:
салық төлеушінің (салық агентінің) түсінікке қол қойған күні;
түсінікті ұсынған адамның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не тұлғаның толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі;
камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген салық органының атауы;
түсінік ұсынылатын хабарламаның нөмірі мен күні;
түсінікті ұсынған адамның келіспеуіне негіздер және дәлелдемелер болып табылатын мән-жайлар көрсетілуге тиіс.
Егер түсінікте түсінікті ұсынған адамның келіспеуіне негіз ретінде дәлелдемелерді растау ретінде құжаттар көрсетілетін болса, онда салықтық есептіліктен басқа, түсінікте көрсетілген құжаттардың көшірмелері түсінікке міндетті түрде қоса беріледі.
Түсінікті ұсыну арқылы хабарламаны орындау шеңберінде өзге де құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
3. Салық төлеуші осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген түсінікті камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған мынадай:
1) мыналар:
жазып берілуі бойынша әрекетті (әрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның және (немесе) өзге құжаттың негізінде;
заңды күшіне енген сот шешімің негізінде жарамсыз деп танылған мәмілелер бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу және қосылған құн салығын есепке жатқызу кезіндегі;
2) заңды күшіне енген сот шешімінде белгіленген, басшысының және (немесе) құрылтайшысының (қатысушысының) мұндай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу кезіндегі;
3) мыналар:
заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен және (немесе) дара кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша;
заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу кезіндегі бұзушылықтар бойынша ұсынуға құқылы емес.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Хабарлама орындалмаған деп танылған жағдайда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешiм шығарады және оны салық төлеушiге мынадай тәсілдерінің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы;
2) электрондық тәсілмен веб-қосымшаға немесе пайдаланушының «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетіне жібереді;
3) оны салық төлеушіге қолын қойдыра отырып табыс етеді.
Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген шешім салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:
1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілгенде - салық төлеуші (салық агенті) пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгі қойған күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. Бұл ретте пошта немесе өзге де байланыс ұйымы мұндай шешімді пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуге тиіс;
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде:
салық органы шешімді веб-қосымшаға жеткізген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
Бұл тәсіл осы Кодекстің 86-бабында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген салық төлеушіге қолданылады;
шешім пайдаланушының «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетіне жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
Бұл тәсіл «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген салық төлеушіге қолданылады;
3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жіберілгенде - оны келу тәртібімен алған күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешім табыс етілген (алынған) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеушінің (салық агентінің) оған жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауы жүргізіледі.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымның көшірмесін осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешімді жіберген салық органына жіберуге тиіс.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-2-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-2. Осы баптың 4-1-тармағында белгіленген мерзім дәлелді себеппен өткізіп алынған жағдайда, шағымды қарайтын салық органы және (немесе) уәкілетті орган бұл мерзімді шағым беретін салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішхаты бойынша қалпына келтіреді.
Шағымды қарайтын салық органы шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешім жіберілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған кезде) еңбекке уақытша қабілетсіздігін дәлелді себеп ретінде таниды.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешім жіберілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда көрсетілген адамдар болмаған уақытта оларды алмастыратын адамдардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың еңбекке уақытша қабілетсіздігін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.
Салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда, шағымды қарайтын салық органы және (немесе) уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын қанағаттандырады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-3. Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру ол осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешімге шағым берген кезде:
1) жоғары тұрған салық органы және (немесе) уәкілетті орган шағымды қабылдаған күннен бастап жоғары тұрған салық органының және (немесе) уәкілетті органның жазбаша шешімі шығарылғанға дейін;
2) сот шағымды (арызды) іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін жүзеге асырылмайды.
5. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа шағым берілген кезде камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімінің өтуі:
1) жоғары тұрған салық органы және (немесе) уәкілетті орган шағымды қабылдаған күннен бастап - жоғары тұрған салық органының және (немесе) уәкілетті органның жазбаша шешімі шығарылғанға дейін;
2) сот шағымды (өтінішті) іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап - сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
Бұл ретте, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған, осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда, салық төлеуші заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы.
6. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау осы Кодекстің 118-бабына сәйкес салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға алып келеді.
7. Осы Кодекстің 59-бабының 6-тармағына және 66-бабының 7-тармағына сәйкес жүргізілетін камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды жасайды.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген қорытындыны жасау күні камералдық бақылаудың аяқталған күні болып табылады.
11-тарау. САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕНІҢ, ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ, АЙЫППҰЛДАР МЕН ӨСІМПҰЛДЫ АУДАРУ БОЙЫНША МІНДЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫН ЕСЕПКЕ АЛУ
97-бап. Жалпы ережелер
1. Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, айыппұлдар мен өсімпұлдың есептелген, есепке жазылған, төленген сомаларын есепке алуды салық органдары салық төлеушінің жеке шотын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Салық төлеушінің жеке шоты ұлттық валютада жүргізіледі.
4. Мыналар:
салық төлеуші салықтық есептілікте;
салық органдары - осы Кодекстің 493, 514 және 532-баптарында белгіленген жағдайларда, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде;
уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодексте көзделген негіздер бойынша айқындаған сома (оның ішінде ұлғайтылуға немесе азайтылуға жататын сома) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген сомасы болып табылады.
5. Салық органы:
салықтық тексерудің нәтижелері бойынша;
салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары бойынша;
5-тармақтың төртінші абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
деңгейлес мониторинг нәтижелері бойынша;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және оның аумақтық органдарының осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуы бойынша тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша ұсынған мәліметтері негізінде айқындаған салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің сомасы (оның ішінде ұлғайтылуға немесе азайтылуға жататын сома) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомасы болып табылады.
6. Осы баптың 4 және 5-тармақтарын қолдану мақсатында есепке жатқызылатын қосылған құн салығының есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі де қосылған құн салығының сомасын азайту болып табылады.
7. Салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептеледі.
8. Салық төлеушінің салықтық өтініші бойынша салық органдары салық төлеушінің жеке шотынан салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, айыппұлдардың, өсімпұлдың барлық немесе жекелеген түрі бойынша бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы үзінді-көшірмені мұндай өтінішті салық органы тіркеген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде береді.
98-бап. Салықтар және бюджетке төленетiн төлемдер, әлеуметтiк төлемдер бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргiзу
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) талап етуі бойынша салық органы бір жұмыс күні ішінде салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер бойынша есеп-қисаптарды салыстырып тексеру жүргізеді.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) деректері мен салық органы деректерінің арасында алшақтықтар болған жағдайда, алшақтықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық органы мен салық төлеуші (салық агенті) туындаған алшақтықтарды жою бойынша шаралар қабылдайды. Қажет болған жағдайда салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотына түзетулер енгізіледі.
99-бап. Қаулыны орындаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты айыппұл төлеу бойынша міндеттеменің тоқтатылуы
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қаулыны орындаудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты орындалуы мүмкін емес, салық салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы бойынша айыппұл сомасы салық органының шешімі негізінде осындай шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотынан салық органының есептен шығаруына жатады.
100-бап. Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәлiметтердi беру тәртiбi
1. Салық органы есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді беру туралы сұрау салу негізінде осындай мәліметтерді:
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) тіркеуші органға - сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) басқа мемлекеттік органдарға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында берілуі көзделген тұлғаларға, салық төлеушіге - сұрау салу келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерге сұрау салу және оларды осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларға беру электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Есебі салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастырылады.
3. Заңды тұлға таратылған немесе шетелдік заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі) қызметiн тоқтатқан жағдайда, есебі салық органында жүргізілетін берешектің осындай тұлғаларда жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер осы Кодекстің 58, 59 және 60-баптарында белгіленген шарттар сақталған кезде беріледі.
4. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуі кезінде есебі салық органында жүргізілетін берешектің осындай тұлғаларда жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезде беріледі.
1-параграф. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару
101-бап. Жалпы ережелер
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу күніне салықтың (қосылған құн салығын қоспағанда), бюджетке төленетін төлемнің аталған түрі, өсімпұл бойынша бюджетке төленген (өндіріп алынған) (есепке жатқызылғанды және қайтарылғанды шегергенде) және есептелген, есепке жазылған (азайтылғанды шегергенде) сомалары арасындағы оң айырма салықтың (қосылған құн салығын қоспағанда), бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасы болып табылады.
Алдыңғы салықтық кезеңдердегі қосылған құн салығы бойынша есеп-қисаптар ескеріле отырып, салықтық кезеңде бюджетке төленген (өндіріп алынған) (есепке жатқызылғанды және қайтарылғанды шегергенде) және есептелген, есепке жазылған (азайтылғанды шегергенде) қосылған құн салығының сомалары арасындағы оң айырма артық төленген (өндіріп алынған) қосылған құн салығы сомасы болып табылады.
Тіркеу алымдарының, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды, радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттарды, азаматтық авиация саласындағы сертификаттарды беру үшін алынатын алымдардың, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақының, мемлекеттік баждың төленген сомалары - жүзеге асырылуы үшін осындай төлемдерді төлеу талап етілетін әрекеттерді жасамауы (оның ішінде, салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін әрекеттер жасаудан бас тартуы нәтижесінде) фактісін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым растаған жағдайда, артық төленген болып танылады.