55) мемлекеттік бақылау жасау желісі - қоршаған ортада болып жатқан физикалық және химиялық процестерді қадағалауға, оның метрологиялық, климаттық, аэрологиялық, гидрологиялық, гелиогеофизикалық, агрометеорологиялық сипаттамаларын айқындауға арналған қадағалаудың стационарлық және жылжымалы пункттер, зертханалар, орталықтар жүйесі;
56) мемлекеттiк экологиялық бақылау - уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қаулыларының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметi;
57) озонды бұзатын заттар - өз бетінше немесе қоспада болатын, шаруашылық және өзге қызметте пайдаланылатын не осы қызметтің өнімі болып табылатын және озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық зат;
58) озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру - озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін, үнемі түрленуіне немесе компоненттерге бөлінуіне әкелетіндей бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою;
59) озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату - қалпына келтіруге болмайтын озонды бұзатын заттарды қайтадан пайдалану немесе залалсыздандыру мақсатында, оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығару алдында тетіктерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан алынатын озонды бұзатын заттарды жинауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 59-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
59-1) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері - өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның (олардың) орамасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды қамтамасыз ету бойынша өнімді (тауарларды) Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 59-2) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
59-2) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның (олардың) орамасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт - өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның (олардың) орамасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарт негізінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы мен өндірушілердің (импорттаушылардың) арасында жасалатын шарт;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 59-3) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
59-3) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның (олардың) орамасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарт - өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы мен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімді (тауарларды) және оның (олардың) орамасын өндірушілер (импорттаушылар) арасындағы құқықтық қатынастарды реттейтін, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы бекіткен шарт;
2015.17.11. № 407-V ҚР Заңымен 59-4) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
59-4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторы - өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін пайда болған қалдықтарды және оның (олардың) орамасын жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыруды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
60) өндіріс қалдықтары - шикізаттың, материалдардың, өзге де бұйымдар мен өнімдердің өндіріс процесінде түзілген және бастапқы тұтыну қасиетін толық немесе ішінара жоғалтқан қалдықтары;
61) өндiрiс пен тұтынудың орнықты моделi - қайта жаңартылмайтын ресурстарды тұтынуды азайту, қайта жаңартылатын ресурстарды қалпына келтiру және қоршаған ортаның антропогендiк ластануын азайту кезiнде өндiрiстiң өсуiмен сипатталатын әлеуметтiк-экономикалық модель;
62) парниктік газдар - атмосфераның табиғи және (немесе) антропогендік түрде шығатын, жылу беретін инфрақызыл сәулені сіңіретін және (немесе) оның шығу көзі болып табылатын, газ тәрізді құрамдас бөліктері;
63) парниктік газдарды сіңіру бірлігі - парниктік газдардың сіңірілуін есептеу үшін қолданылатын көміртегі бірлігі;
64) парниктік газдарды түгендеу - парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің көлемін айқындау;
65) парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры - парниктік газдар шығарындылары көздерін, олар шығарған шығарындылар мөлшерін, сондай-ақ қондырғы операторы үшін белгіленген шекара шегіндегі парниктік газдар сіңірулері мөлшерін есепке алу жүйесі;
2016.08.04. № 491-V ҚР Заңымен 65-1), 65-2), және 65-3) тармақшалармен толықтырылды
65-1) парниктік газдар шығарындылары мониторингінің жоспары -тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының қолданылу кезеңіне немесе шығарындыларды азайту және парниктік газдарды сіңіруді ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру мерзіміне қондырғы операторы әзірлейтін құжат;
65-2) парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өтеу - Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жүзеге асырылатын, есепті жылдағы парникті газдарды түгендеу туралы есепке сәйкес тиісті кезеңге бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының көміртегі бірліктерін айналымнан жыл сайынғы алып қою (есептен шығару);
65-3) парниктік газдар шығарындыларының стационарлық көзі - парниктік газдар шығарындыларының орын ауыстырылмайтын көзі немесе пайдаланылуы үшін тіркелген қалыпты қажет ететін парниктік газдар шығарындыларының ауыстырылатын көзі;
66) радиоактивтi қалдықтар - мөлшерi мен жинақталуы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгiленген радиоактивтi заттар үшiн регламенттелген мәндерден асатын радиоактивтi заттарды қамтитын қалдықтар;
67) сараптама объектiсiн iске асыру - жоспарлау алдындағы, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасында көзделген шешiмдерге сәйкес өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердi салу, пайдалану, жою, қызметтер көрсету, бұйымдар мен технологиялардың шаруашылық айналымға түсуi жөнiндегi жұмыстардың басталуы мен жүргізілу барысы, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiнiң қолданысқа енгiзiлуi, сараптама объектiсiнiң өзге де нақты жүзеге асырылуы;
68) сарқынды сулар - өндірістік немесе тұрмыстық мұқтаждықтарға пайдаланылған және бұл ретте олардың бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен қосымша қоспа (кір) қосылған сулар. Атмосфералық жауын-шашын түскен сәтте елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағынан, көшелерге су себу кезінде немесе одан кейін ағатын сулар, пайдалы қазбаларды өндіру кезінде пайда болған сулар да сарқынды сулар болып есептеледі;
69) су объектілері - құрлық бетінің рельефінде және жер қойнауында шоғырланған, шекаралары, көлемі мен су режимі бар сулар;
70) сұйық қалдықтар - сарқынды сулардан басқа сұйық түрдегі кез келген қалдықтар;
71) табиғат пайдаланушы - табиғи ресурстарды пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
72) табиғи объектiлер - шекарасы, көлемi және тiршiлiк режимi бар табиғи объектiлер;
73) табиғи ресурстар - тұтыну құндылығы бар табиғи объектiлер: жер, жер қойнауы, су, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi;
74) табиғи ресурстарды қорғау - табиғи ресурстардың әрбiр түрiн олардың тұтыну қасиеттерiн жоғалтуға әкеп соғатын тиiмсiз пайдаланудан, құрып кетуден, жұтаңданудан қорғауға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесi;
75) табиғи ресурстардың сарқылуы - табиғи ресурстар қорларының сандық және сапалық сипаттамаларының iшiнара немесе толық жоғалуы;
76) таза даму тетігі - парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері жоқ елдер аумағында парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық міндеттемелері бар елдердің заңды тұлғалары қаржыландыратын, парниктік газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру тетігі;
77) тәуелсіз ақпарат беруші - парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласында жобалық тетіктерді есепке алу, мониторингтеу және іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
78) тұрмыстық қатты қалдықтар - қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар;
79) тұтыну қалдықтары - өнімдерді, бұйымдарды және өзге де заттарды тұтыну немесе пайдалану процесінде түзілген қалдықтар, сондай-ақ өзінің бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан тауарлар (өнім);
80) шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптi түрi - нәтижесiнде қоршаған ортаны авариялық ластайтын немесе ластауы мүмкiн жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қызметi;
81) шығарындылар квоталарымен сауда - парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және сіңірудің нарықтық тетігі шеңберінде парниктік газдар шығарындылары квоталарын сатып алу және сату;
82) шығарындыларды азайту бірлігі - бірлесіп жүзеге асыру тетігі шеңберінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірлігі;
83) шығарындылардың сертификатталған азайту бірлігі - таза даму тетігі шеңберінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижесінде алынған көміртегі бірлігі;
84) шығарындыларды ішкі азайту бірлігі - парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және (немесе) сіңірудің ішкі жобаларын іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген, парниктік газдар шығарындыларын азайтудың және (немесе) сіңірудің көлемін айқындау мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі;
85) экологиялық ағарту iсi - қоғамда экологиялық мәдениет негiздерiн қалыптастыру мақсатында экологиялық бiлiмді, қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйi, экологиялық қауiпсiздiк туралы ақпаратты тарату;
86) экологиялық аудит - аудиттелетiн субъектiлердiң шаруашылық және өзге де қызметiн экологиялық тәуекелдердi анықтау мен бағалау және олардың қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiк деңгейiн арттыру жөнiнде ұсынымдар әзiрлеуге бағытталған тәуелсiз тексеру;
87) экологиялық бiлiм беру - жеке адамның қоршаған ортаның жай-күйi үшiн экологиялық жауапкершiлiгiн қамтамасыз ететiн бiлiм мен дағды жүйесiн, құндылық бағдарларын, адамгершілік-эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған, жеке адамды тәрбиелеудiң, оқытудың, оның өз бетінше бiлiм алуының және дамуының үздiксiз процесi;
88) экологиялық (жасыл) инвестициялар - бірліктердің белгіленген мөлшерін беруден, Парниктік газдар шығарындаларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарындағы квоталар көлемінің резервін басқарудан алынған қаражатты парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе сіңірілуін арттыруға бағытталған жобаларға, бағдарламаларға және іс-шараларға инвестициялау;
89) экологиялық жүйе (экожүйе) - бiрыңғай функционалдық тұтастық ретiнде өзара іс-әрекет ететін организмдердiң және олар мекендейтiн тіршіліксіз ортаның өзара байланысты жиынтығы;
90) экологиялық қауiп - антропогендiк және табиғи әсерлер ықпалынан, оның iшiнде дүлей зiлзалаларды қоса алғанда, зiлзалалар мен апаттар салдарынан қоршаған ортаның жай-күйi бұзылуының, өзгеруiнiң болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын, жеке адам мен қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерiне қауiп төндiретiн жай-күй;
91) экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсер ету нәтижесiнде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғамның және мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтарының қорғалуының жай-күйi;
92) экологиялық қауiптi объект - салынуы және қызметi адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерiн тигiзуi мүмкiн немесе зиянды әсерiн тигiзетiн шаруашылық объектiсi және өзге де объект;
93) экологиялық қауiптi техника мен жабдық - шаруашылық немесе өзге де қызметте пайдаланылатын және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн тетіктер, машиналар, құрылғылар, аспаптар;
94) экологиялық қауiптi технологиялар - өндiрiс процесiнде жүзеге асырылатын және қоршаған ортаға қауiп төндiретiн шикiзатты, материалды немесе жартылай фабрикатты өңдеу, жасау, олардың жай-күйiн, қасиеттерiн, нысанын өзгерту әдiстерiнiң жиынтығы;
95) экологиялық менеджмент - қоршаған ортаны қорғауды әкiмшiлiк басқару, ол кәсiпорынның экологиялық саясатын әзiрлеуге, енгiзуге, орындауға, талдауға және қолдауға арналған ұйымдастыру құрылымын, жоспарлауды, жауапкершiлiктi, әдiстердi, рәсiмдердi, процестер мен ресурстарды қамтиды;
96) экологиялық мониторинг - қоршаған ортаның жай-күйiн және оған әсер етудi жүйелi түрде қадағалау мен бағалау;
97) экологиялық нормалау - қағидалардың (нормалардың) және олардағы қамтылған қоршаған орта жай-күйiнiң және оған әсер ету дәрежесiнiң сандық және сапалық көрсеткiштерiнің (нормативтерiнің) жүйесi;
98) экологиялық рұқсат - жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат;
99) экологиялық сараптама - көзделiп отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған орта сапасының нормативтерiне және экологиялық талаптарға сәйкестiгiн белгiлеу, сондай-ақ осы қызметтiң қоршаған ортаға тигiзуi мүмкiн қолайсыз әсерлерiнiң және олармен байланысты әлеуметтiк салдарлардың алдын алу мақсатында экологиялық сараптама объектiсiн iске асыруға жол берiлуiн айқындау;
100) экологиялық таза өнiм белгiсi - таңбаланған өнiмнiң экологиялық таза өнiм стандарттарына сәйкестiгiн растайтын тiркелген белгi;
101) экологиялық талаптар - осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi мен нормативтiк-техникалық құжаттарында қамтылған, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына терiс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметтi шектеу және оларға тыйым салу;
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 102) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
102) экологиялық таңбалау - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiгi растаудан өткен өнiмге экологиялық таза өнiм белгiсiн беру;
103) экологиялық тәуекел - белгiлi бiр факторлардың әсері салдарынан қоршаған орта және (немесе) табиғи объектiлер жай-күйiнiң қолайсыз өзгерiстерге ұшырау ықтималдығы;
104) эмиссиялардың техникалық үлестiк нормативтерi - ел экономикасы үшiн қолдануға болатын шығындар кезiнде қоршаған ортаға эмиссияларды нақты техникалық құралдармен қамтамасыз ету мүмкiндiгiн негiзге ала отырып айқындалатын, олардың уақыт бiрлiгiндегі немесе шығарылатын өнiм бiрлiгiндегі немесе басқа да көрсеткiштердегі шамалары;
105) эмиссиялар нормативтерi - қоршаған орта сапасы нормативтерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге жол берiлетiн эмиссиялар көрсеткiштерi.
2-бап. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалары бар өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қоршаған орта объектілерін қорғау мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қатынастар осы Кодексте реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледі.
3-бап. Осы Кодексте реттелетін қатынастар
1. Осы Кодексте Қазақстан Республикасы аумағының шегінде табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру саласындағы қатынастар реттеледі.
2. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеуді және табиғи ресурстарды пайдалану саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негіздерi
Қазақстан Республикасы орнықты дамуының экологиялық негіздері:
1) адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа мемлекеттің қол жеткізуі;
2) қоршаған ортаны қорғау және биоәртүрлілікті сақтау;
3) Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндіруге құқықтарын қамтамасыз ету мен іске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерінде ұлттық мүдделерді қорғау;
4) қазіргі және болашақ ұрпақтардың сұранысын әділ қанағаттандыру;
5) өндіріс пен тұтынудың орнықты үлгілерін дамыту;
6) қоршаған ортаның жай-күйін есепке ала отырып, экологиялық нормалаудың әлеуметтік және экономикалық даму талаптарына сай келуі;
7) әрбір адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жан-жақты қатысуы;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында қабылданатын шаралардың жариялылығын қамтамасыз ету;
9) Жердің экожүйесінің салауатты жай-күйі мен тұтастығын сақтау, қорғау мен қалпына келтіру мақсатындағы жаhандық әріптестік;
10) қоршаған ортаға залал келтіргені үшін жауаптылыққа қатысты халықаралық құқықтың дамуына жәрдемдесу;
11) қоршаған ортаға елеулі залал келтіретін немесе адам денсаулығы үшін зиянды деп есептелетін қызмет пен заттардың кез келген түрлерін басқа мемлекеттерге көшіру мен ауыстыруды тежеу, болдырмау, сондай-ақ қоршаған ортаға елеулі немесе орны толмайтын залал қатері төнген жағдайларда сақтандыру шараларын қолдану болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негізгі принциптерi
Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негізгі принциптері:
1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету;
2) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) экологиялық қатынастарды реттеу кезіндегі экожүйелі көзқарас;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару;
5) қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтіруді болдырмау жөнінде алдын алу шараларының міндеттілігі;
6) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылықтан бұлтартпау;
7) қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу міндеттілігі;
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-1) - 7-4) тармақшалармен толықтырылды
7-1) парниктік газдар шығарындыларын квоталауды;
7-2) парниктік газдарды түгендеуді;
7-3) парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірудің нарықтық тетігін белгілеуді;
7-4) парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің нақты көлемінің мониторингі жүйесін;
8) қоршаған ортаға әсер етудің ақылы болу және оған рұқсат алу тәртібі;
9) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеуші технологияларды қолдану;
10) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар қызметінің өзара әрекеттестігі, үйлесімділігі мен жариялылығы;
11) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаны ластауды болдырмауға, азайтуға және оны жоюға, қалдықтарды кемітуге ынталандыру;
12) экологиялық ақпараттың қолжетімділігі;
13) табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезінде ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету;
14) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының халықаралық құқық принциптерімен және нормаларымен үйлесуі;
15) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіптілігі презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін бағалау міндеттілігі болып табылады.
6-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгi ережелерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялауды;
2) экологиялық нормалауды;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеуді;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманы;
5) экологиялық рұқсаттар беруді;
6) мемлекеттік экологиялық бақылауды;
7) қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеу жүйесін, неғұрлым экологиялық таза технологияларды енгізуді ынталандыруды, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жүйесін;
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-1) - 7-4) тармақшалармен толықтырылды
7-1) парниктік газдар шығарындыларын квоталауды;
7-2) парниктік газдарды түгендеуді;
7-3) парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңірудің нарықтық тетігін белгілеуді;
7-4) парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің нақты көлемінің мониторингі жүйесін;
8) мемлекеттік экологиялық мониторингті;
9) табиғат пайдаланушыларды, қоршаған ортаны ластау көздері мен учаскелерін мемлекеттік есепке алуды;
10) экологиялық білім беру мен ағарту ісін қамтиды.
2. Табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару:
1) табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік жоспарлауды;
2) табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға мемлекеттік бақылау жасауды;
3) табиғи ресурстарды пайдалану құқығына лицензиялар, рұқсаттар беруді және шарттар (келісімшарттар) жасасуды;
4) табиғи ресурстарды қалпына келтіру мен молықтыруды, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуді ұйымдастыруды;
5) табиғи ресурстардың мониторингі мен кадастрларын жүргізуді;
6) табиғи ресурстарды пайдалануға лимиттер белгілеу мен квоталар бөлуді;
7) табиғи ресурстарды пайдалануды, қалпына келтіру мен молықтыруды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды;
8) табиғи ресурстарды қорғауды ұйымдастыруды қамтиды.
7-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектілерi
1. Жер, жер қойнауы, жер үсті және жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсімдіктер; жануарлар дүниесі, тірі организмдердің гендік қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердің озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғалуға тиіс.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері айрықша қорғалуға тиіс.
8-бап. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры
1. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар және реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, білім беру, туризм мен рекреация нысанасы ретінде экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған қоршаған орта объектілерінің жиынтығы.
2. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорын қорғау ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жолымен, сондай-ақ қоршаған ортаның экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды объектілерін пайдалануға тыйым салу мен шектеулер белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
9-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ - ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілерінің және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері.