1. Орман қорының жерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер және Орман кодекстерімен реттеледі.
2. Жерді орман қоры санатына жатқызу кезінде аумақтың экологиялық жай-күйінің индикаторы ретінде өсімдіктердің жай-күйін экологиялық критерийлер деп есептеген жөн.
3. Орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшін пайдаланылмайтын орман қоры жеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің санатына ауыстырылуы мүмкін.
4. Орман қорының жерін басқа жер санатына ауыстыруға Қазақстан Республикасының орман заңнамасының талаптарына сәйкес орман орналастыру және жерге орналастыру материалдарының негізінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде:
1) бұрын белгіленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану мүмкін болмаған;
2) қоныстар шегі өзгерген;
3) елді мекендердің шекаралары (шектері) өзгерген;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерінің санатына жатқызылған жағдайда жол беріледі.
5. Орман қорының жерін басқа санаттарға ауыстыру кезінде жерді бағалаудың экологиялық критерийлеріне сәйкес жердің жай-күйінің шөпті және сүректі өсімдіктерге әсер етуін көрсететін экологиялық көрсеткіштерді ескерген жөн.
214-бап. Су қорының жерін аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Су қорының жерін аймақтарға бөлу кезінде су объектілерін қорғау және суды ұтымды пайдалану қамтамасыз етіледі.
2. Су қоры жерінің құрамындағы жер учаскелерін жергілікті атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының келісімі бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін және жер учаскесінің негізгі нысаналы мақсатына қайшы келмейтін, жердің ластануы мен тозуына және тиісінше экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтырмайтын басқа да мақсаттар үшін уақытша жер пайдалануға беруі мүмкін.
3. Су қорының жерін басқа жер санатына ауыстыруға, мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарына сәйкес болған кезде:
1) су объектісінің жұмыс істеуі тоқтатылған немесе оның экологиялық және гигиеналық көрсеткіштері едәуір өзгерген;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне жатқызылған;
3) елді мекендердің шекаралары (шектері) экологиялық ахуалдың өзгеруіне әкеп соқтыратындай өзгерген жағдайда жол беріледі.
4. Су қорғау белдеулеріне бөліп берілген жер елді мекендер мен өнеркәсіп жерінің санатына ауыстырылмайды, онда судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметтің арнайы режимі белгіленеді.
215-бап. Босалқы жерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Босалқы жерді аймақтарға бөлу кезінде келеңсіз өзгерістер байқалған алаңдарды және зерттелетін аумақтағы тозу дәрежесі әртүрлі учаскелерді бөлудің кеңістікті әркелкілігі ескеріледі.
2. Экологиялық жүйелердің тозу жылдамдығы елу жылдық байқау қатары бойынша есептеледі. Экожүйелердің тозуын бағалау жерді бағалаудың экологиялық критерийлеріне сәйкес жүргізіледі.
3. Босалқы жер басқа жер санатына одан әрі пайдалану мақсаттарына қарай сол орында санатына ауыстырылатын жердің шекаралары белгіленгеннен кейін ғана ауыстырылуы мүмкін. Босалқы жерді басқа жер санатына ауыстыру кезінде жер учаскесін осындай жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Бұзылған жерді босалқы жер санатынан ауыстыру қалпына келтіру және жердің сапасы мен экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырғаннан кейін мүмкін болады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ядролық қаруды сынау жүргізілген жер учаскелері босалқы жер құрамынан ядролық қаруды сынау зардаптарын жою және кешенді экологиялық тексеру жөніндегі барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындысы болған кезде ғана меншікке немесе жер пайдалануға берілуі мүмкін.
216-бап. Оңтайлы жер пайдалану жөніндегі экологиялық талаптар
1. Оңтайлы жер пайдаланудың негізгі экологиялық талаптары:
1) ұсынылып отырған жердің қайта түлетілуі және жерді қайта бөлу салдарларын ғылыми негіздеу және болжау;
2) барлық санаттағы жердің ұтымды пайдаланылуы мен қорғалуын жоспарлау мен ұйымдастыруда бірыңғай мемлекеттік саясатты негіздеу және іске асыру;
3) жердің нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірісіндегі құнарлы жерді сақтау;
4) экологиялық негізделген жинақы және алаңы жағынан оңтайлы жер учаскелерін қалыптастыру және орналастыру;
5) ауыл шаруашылығы алқаптарын жақсарту, топырақтың құнарлылығын арттыру, тұрақты ландшафттарды күтіп ұстау және жерді қорғау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
6) жерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
7) жерге түгендеу жүргізу және пайдаланылмайтын, ұтымды пайдаланылмайтын, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерді анықтау;
8) жердің өнімділігін арттыру мақсатында және адам денсаулығын сақтау мүддесіне орай ормандардың орта құрау, су қорғау, қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерін сақтау және күшейту;
9) биологиялық әралуандықты сақтау болып табылады.
2. Кәсіпорындар, құрылыстар және өзге де объектілерді орналастыру және пайдалану үшін жер учаскелерін беру аталған объектілер қызметінің экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық салдарларын ескеріп, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды молайтудың және ұтымды пайдаланудың шарттары мен ережелері сақтала отырып жүргізіледі.
3. Ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты емес объектілерді салу мен тұрғызу үшін ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін жарамсыз, топырағының бонитет балы ең төмен жер бөлінуге тиіс.
217-бап. Жерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Табиғат пайдаланушылар жерді пайдалану кезінде:
1) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолдануы, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеуі, қолжетімді озық технологияларды енгізуі;
2) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және құнарлылығының төмендеуіне, сондай-ақ құнарлы қабаттың мүлдем жоғалуын болғызбау үшін оны алу қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатында топырақтың құнарлы қабатын алуға жол бермеуі;
3) қалдықтарды жинақтау мен жоюды олардың құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен айқындалатын жерде жүргізу талаптарын сақтауы тиіс.
2. Табиғат пайдаланушылар пайдалы қазбаларды қазу, геологиялық-барлау, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) иеленіп отырған жер учаскелерін оларды одан әрі мақсатына сай пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2) жердің бүлінуімен байланысты жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатын сылып алуға, сақтауға және пайдалануға;
3) бүлінген жерді қалпына келтіруді жүргізуге міндетті.
3. Бүлінген жерді қалпына келтіру бағытын таңдау кезінде:
1) жер учаскесінің үстіңгі жағының бүліну сипаты;
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;
3) ауданның даму перспективалары және қоршаған ортаны қорғау талаптарын ескере отырып, объектіні орналастырудың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері;
4) қара топырақты жердің таралу және үдемелі ауыл шаруашылығы аймағында бүлінген жердің негізгі көлемін жыртылатын жер алқаптары ретінде қалпына келтіру қажеттігі;
5) кені алынған бос жерде су тоғандарын және аршылған жыныстар мен байытылған қалдықтар үйінділерінде сәндік бақ-парк кешендерін құруды қоса алғанда, елді мекендерге тым жақын орналасқан бүлінген жерді бақ, қосалқы шаруашылықтар және демалыс аймақтары етіп қалпына келтіру қажеттілігі;
6) өндірістік объектінің аумағында жоспарлау жұмыстарын орындау, қажетсіз шұңқырлар мен үйінділерді жою, құрылыс қоқыстарын жинау және жер учаскесін абаттандыру;
7) пайдаланылатын жер учаскесіндегі жыралар мен су шайған жерлерді топырақпен жабу немесе тегістеу;
8) міндетті түрде аумақты көгалдандыру ескерілуге тиіс.
4. Жер учаскелері өнеркәсіптік қалдықтарды орналастыру, көму, жинақтау үшін пайдаланылған жағдайда олар мынадай талаптарға сай келуге:
1) кәдеге жаратылмаған өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге арналған полигондарды жобалаудың, салудың және пайдаланудың санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес келуге;
2) су тоғаны, ауыл шаруашылығы алқаптары, ормандар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жағына 1,5 процент еңісі бар жерлерде сыйымдылықтың түбінен алғанда екі метрден аспайтын ыза суы тұрғанда әлсіз сүзгіш топырағы болуға;
3) елді мекенге қатысты желден ық жақта және жерасты суы ағысының бағыты бойынша төмен орналасуға;
4) тасқын су мен нөсер су басып қалмайтындай жерлерде орналасуға;
5) инженерлік қарсы сүзгі қорғанышы, периметрі бойынша қоршауы мен көгалдандырылуы, қатты жамылғысы бар кірме жолдары болуға;
6) жер учаскесінен шығатын жер үсті және жер асты ағыны ашық су объектілеріне қосылмауға тиіс.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жаңа технологияларды енгізуге, жерді мелиорациялау және топырақтың құнарлығын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға олар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге және өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тыйым салынады.
6. Радиоактивті және химиялық ластануға ұшыраған жерді пайдаланудың, күзет аймақтарын белгілеудің, осы жерде тұрғын үйлерді, өндірістік, коммерциялық және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді сақтаудың, оларда мелиорациялық және техникалық жұмыстар жүргізудің тәртібі радиациялық және химиялық әсер етудің жол берілетін шекті деңгейлерінің нормативтері ескеріле отырып айқындалады.
7. Жерді қорғау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар:
1) жерді су және жел эрозиясынан, селдерден, су басудан, батпақтанудан, қайта тұзданудан, құрғап кетуден, тығыздалудан, радиоактивті және химиялық заттармен ластанудан, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен қоқыстанудан, ластанудан, оның ішінде биогендік ластанудан, сондай-ақ басқа да теріс әсерлерден сақтау;
2) ауыл шаруашылығы алқаптарын және басқа да жерді бактериялық-паразиттік және карантиндік зиянкестермен және өсімдіктер ауруларымен зақымданудан, арамшөптер, бұталар және шіліктер басып кетуден, жердің жай-күйінің өзге де нашарлану түрлерінен қорғау;
3) ластанудың, оның ішінде биогендік ластанудың және жердің қоқыстануының салдарларын жою;
4) мелиорацияның қол жеткізілген деңгейін сақтау;
5) бүлінген жердің құнарлылығын қалпына келтіру, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру, жерді айналымға уақтылы енгізу;
6) топырақтың құнарлы қабатын кейіннен жердің құнарлылығын қалпына келтіруді жүргізу кезінде пайдалану үшін алу мен сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
8. Елді мекендер жерінде көктайғаққа қарсы күресу үшін ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
32-тарау. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 218-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
218-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегі операцияларды жүргiзу үшiн экологиялық негiз
1. Жобалау құжаттамасына мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн экологиялық негiз болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға барлық жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын ұсынуға міндетті, оған жоспарланатын қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға беру енгізілуге және ол «Қоршаған ортаны қорғау» бөлiмiн қамтуға тиіс.
219-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптар:
1) жер қойнауын Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) кен орнын игерудің арнаулы әдістерін қолдану есебінен жердің үстіңгі қабатын сақтау;
3) жердің техногендік шөлейттенуін болғызбау;
4) барлау, өндіру кезінде, сондай-ақ барлаумен және өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу мен пайдалануға беру кезінде қауіпті техногендік процестердің пайда болуынан сақтандыру шараларын қолдану;
5) жер қойнауын су басудан, өрттен және кен орындарын пайдалану мен қазуды қиындататын басқа да дүлей факторлардан қорғау;
6) жер қойнауының, әсіресе мұнайды, газды немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде ластануын болғызбау;
7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, тоқтату, тоқтатып қою, кен орнын игеру объектілерін консервациялау мен жою жөніндегі белгіленген тәртіпті сақтау;
8) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
9) автомобиль жолдарын салу жұмыстары басталмас бұрын ұтымды схема бойынша, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылауда тармақты тәсілді қоса алғанда басқа да әдістерді пайдалану, ішкі үйінділер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикізатты өндіру мен өңдеудің қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлінетін жердің аумағын азайту;
10) топырақтың жел эрозиясына ұшырауын, аршу жыныстары және өндіріс қалдықтарының құлауын, олардың тотықтануы мен өздігінен жануын болғызбау;
11) сіңірме және тұщы су қабаттарының ластануын болғызбау үшін оларды оқшаулау;
12) жер асты суларының сарқылуын және ластануын болғызбау, оның ішінде жуғыш сұйықтарды дайындағанда уытсыз реагенттерді қолдану;
13) бұрғылау ерітінділерін тазалау және қайталап пайдалану;
14) бұрғылау және жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауіпсіз тәсілмен жою;
15) мұнай кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесінде мұнай кәсіпшілігі сарқынды суларын тазалау және қайтадан пайдалану негізгі экологиялық талаптар болып табылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жерасты сулары минералға қаныққан жер астындағы сутұтқыш белдеулерге сарқынды суларды ағызуды қоспағанда, нормативтiк көрсеткiштерге жеткізіліп тазартылмаған шаруашылық-ауыз су үшін, бальнеологиялық, техникалық қажеттіліктер үшін, ирригация және мал шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын немесе пайдалануға болмайтын, сондай-ақ қосымша ілесіп шыққан карьердің суын арнайы жинақтағыштарға ағызуды қоспағанда, ол үшін заттардың нормативтерін белгілеу талап етілмейтін және су мөлшері тек қана текше метрмен нормаланатын сарқынды суларды жер қойнауына ағызуға тыйым салынады.
Пайдалы қазбалармен ілесіп шыққан суды кері ағызу, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптаманың және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалар мен технологиялық регламенттерде көзделген пайдалы қазбалармен ілесіп шыққан суды жер қойнауына кері ағызу сарқынды суларды төгу болып табылмайды.
3. Жер қойнауын пайдаланушы:
1) жұмыстарды жүргізудің халықаралық практикада қабылданған стандарттарға негізделген неғұрлым тиімді әдістері мен технологияларын таңдауға;
2) жер қойнауының ұтымды пайдаланылуын, қызметкерлердің, халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстарды жүргізуге арналған технологиялық схемалар мен жобаларды сақтауға міндетті.
220-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар шаруашылық қызметінің экологиялық жағынан қауіпті түрлері болып табылады және мынадай талаптар сақталған кезде орындалуға тиіс:
1) ұңғымалар мен тау-кен өндіру конструкциялары беріктігі, технологиялылығы және экологиялық қауіпсіздігі жағынан жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау шарттарын қамтамасыз етуге тиіс;
2) дизельді-генератор және дизельді жетегі бар қондырғыларды қолдана отырып, бұрғылау және жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да операциялар кезінде атмосфераға осындай қондырғылардан тазартылмаған газдардың шығарылуы олардың техникалық сипаттамасына және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс;
3) құнарлы жерде және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде жер қойнауын пайдалану жөніндегі құрылыстарды салу кезінде жабдықтарды монтаждауға дайындық жұмыстарын жүргізу процесінде аумақтың құнарлылығын кейіннен қалпына келтіру үшін құнарлы қабат алынады және жеке сақталады;
4) уытты заттардың табиғи объектілерге көшуін болғызбау үшін технологиялық алаңдарды гидрологиялық оқшаулай отырып, жер қойнауын пайдаланудың қалдықтарын ұйымдасқан түрде жинау мен сақтаудың инженерлік жүйесі көзделуге тиіс;
5) ұңғыма құрылысы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда салынған жағдайларда, тек қана ұрасыз технологияны қолдану қажет;
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) мұнай операцияларын жүргізу кезінде күкірттің көлемін азайту және оның қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету жөніндегі шаралар көзделуге тиіс;
6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар кезінде шламдарды кәдеге жарату және бұрғылау процесінде қайтадан пайдалану, қоршаған ортаға қайтару үшін, пайдаланылған бұрғылау ерітінділерін, бұрғылаудан, карьерлерден және шахтадан шыққан сарқынды суды бейтараптандыру жөніндегі жұмыстар белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс;
7) бұрғылау ерітінділерін көмірсутегі (әк-битум, инверт-эмульсия және басқалары) негізінде қолданған кезде ауаның газдануының алдын алу жөніндегі шаралар қолданылуға тиіс;
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) жану мүмкіндігін немесе адамдардың улану ықтималдығын болғызбау мақсатында пирофорлық шөгінділер, шлам мен керн жобаға сәйкес және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органы мен жергілікті атқарушы органдардың келісімі бойынша көміледі;
9) жер қойнауын пайдалану жөніндегі құрылыстарды пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемде орындалған жағдайда жүргізіледі;
10) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар мен жабдықтарды бөлшектеу аяқталғаннан кейін жобалық шешімдерге сәйкес жер учаскесін қалпына келтіру (рекультивациялау) жөніндегі жұмыстар жүргізіледі;
11) жер қойнауын пайдаланушы бұрғылайтын, оның ішінде өздігінен ағып шығатын ұңғымаларды, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымаларды реттегіш құрылғылармен жабдықтауға, консервациялауға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоюға тиіс;
12) қызметі жер асты суы объектілерінің жай-күйіне зиянды әсер ететін немесе зиянды әсер етуі мүмкін жеке және заңды тұлғалар су объектілерінің ластануын және тартылуын болғызбайтын шаралар қабылдауға міндетті;
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13) тармақша өзгертілді
13) ауызсумен және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау мақсатында пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты суы объектілерінің су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге, қорымдар, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) және жерасты суының жай-күйіне әсер ететін басқа да объектілер салуға жол берілмейді;
14) сіңірме ұңғымаларды бұрғылауға қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органының осы ұңғымалар бұрғыланатын ауданда арнайы тексерулер жүргізілгеннен кейін беретін оң қорытындылары болған кезде жол беріледі;
15) өнеркәсіптік, емдік минералды суларды пайдаланғаннан кейін ағызып жіберу Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес жүргізілуге тиіс;
16) ұңғымаларды тоқтатып қою және жою келісімшарттық аумақтар шегінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
17) пайдаланудан шығарылған суды сіңірме ұңғымаларға айдау жүргізілетін ауданда жақын жердегі ұңғымалардағы, бұлақтардағы, құдықтардағы судың сапасына қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілген жоспар бойынша су пайдаланушылардың күшімен жүйелі зертханалық байқаулар ұйымдастырылуға тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде:
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдармен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жерасты су объектілеріне шекті жол берілетін зиянды әсерлердің нормативтерін сақтауға;
2) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өзінің немесе өзге де лабораторияларға ағызылатын сулардың химиялық құрамын анықтауды қамтамасыз етуге;
3) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына ластаушы заттардың авариялық ағызылғаны туралы, сондай-ақ жерасты суларын алудың белгіленген режимінің бұзылуы және оларға суларды ағызу (айдау) объектісі туралы шұғыл ақпаратты беруге міндетті.
3. Мыналарға:
1) құрылыс салуға бөлінген учаскенің шегінен тыс жерлерде өсімдіктерді және топырақ жабынын зақымдауға;
2) жер қойнауын пайдалану қалдықтарын жерүсті су объектілеріне және жер қойнауына төгуге;
3) егер жерасты сулары объектілерінің жай-күйіне әсер етсе немесе әсер ететін болса, жерді сарқынды сумен суландыруға;
4) шаруашылық-ауыз суларын қамтитын қабаттарға ерітінділер мен материалдарды жіберуге;
5) өнеркәсіптік, емдік минералдық және жылу-энергетикалық сарқынды суларды ағызуға арналған сіңірме ұңғымалар шаруашылық ауыз суымен жабдықтау немесе емдік мақсаттарға жарамды немесе сол үшін пайдаланылатын су тұтқыш жиектерді ластайтын көздер болуы мүмкін жағдайларда оларды бұрғылауға;
6) сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймақтарында сіңірме ұңғымалар мен құдықтар орнатуға;
7) құрамында радиоактивті заттары бар, пайдаланудан шығарылған суды сіңірме ұңғымалар мен құдықтарға ағызуға тыйым салынады.
4. Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, сондай-ақ ресурстарының табиғи емдік қасиеттері бар жерасты су объектілерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес санитарлық қорғау аймақтары белгіленеді.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 221-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
221-бап. Жер асты суларын барлау және (немесе) шығару кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер асты суларын өндіруге арналған келісімшарт, сондай-ақ суды арнайы пайдалануға оған қол қойылғанға дейін рұқсат алу қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісіледі.
2. Жер асты сулары кенін игеруді жүзеге асыру негізге алынатын жоба (технологиялық схема) мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілуге тиіс.
3. Табиғат пайдаланушылар барлау және (немесе) су шығару кезінде өз есебінен жерасты сулары кенін игерудің жаңа тәсілдері мен технологиялық схемаларын іздестіру және қолданыстағыларды жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, технологиялық жабдықты, үздіксіз және мерзімді бақылау құралдарын жетілдіруге, жер асты суларының ұтымды пайдаланылуын және оның тартылу мен ластанудан сақталуын, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Келісімшарт талаптарында және суды пайдалануға арнайы рұқсатта көзделмеген мақсатта немесе осы талаптарды бұза отырып жер асты суларының кенін игеруге тыйым салынады.
5. Жер асты суларының кенін барлау мен игеру келісімшарт және суды арнайы пайдалануға арналған рұқсат талаптарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген нормалар мен талаптар сақталып жүзеге асырылуға тиіс.