Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементтерi мыналар болып табылады:
1) арнайы экономикалық аймақтар, оның iшiнде дербес кластерлiк қор;
2) индустриялық аймақтар;
3) технопарктер;
4) тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлар;
5) технологияларды коммерцияландыру орталықтары;
6) конструкторлық бюролар;
7) технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтары;
8) инновациялық кластерлер.
248-бап. Арнайы экономикалық аймақтар
Арнайы экономикалық аймақ қызметтiң басым түрлерiн жүзеге асыру үшiн арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимi қолданылатын, дәл белгiленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бiр бөлiгiн білдіреді.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшiн осы Кодексте, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген арнайы құқықтық режім қолданылады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бiр бөлiгiнде еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылады. Шегiнде еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақ құру туралы актiсiне сәйкес айқындалады.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Кеден одағының кедендiк аумағының бiр бөлiгi болып табылады.
Еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қолданылады. Еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендiк бақылау аймағы болып табылады.
3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық
шарттармен қамтамасыз етiлетiн құқықтар мен мүдделердi қорғауға кепiлдiк берiледi.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да міндетті төлемдердi төлегеннен кейiн арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтi жүзеге асырудан алынған кірістерін өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.
249-бап. Индустриялық аймақтар
1. Коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен беретiн ауыл шаруашылығына арналмаған жер индустриялық аймақ болып табылады.
2. Индустриялық аймақтар кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:
1) өнеркәсiп саласындағы кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;
2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;
4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
250-бап. Технологиялық парк
1. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты немесе дербес білім беру ұйымы құрған, индустриялық-инновациялық қызметтi iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын, бiрыңғай материалдық-техникалық кешенi бар аумаққа меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде иелiк ететiн заңды тұлға технологиялық парк (бұдан әрi - технопарк) болып табылады.
2. Технопарктер қызметiнiң негiзгi түрi индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жұмыс iстеуiнiң бастапқы кезеңiнде оларға үй-жайлар, жабдықтар беру, бухгалтерлiк есеп жүргiзу, заңдық, ақпараттық және консультациялық қолдау, инвестициялар тарту, жобаларды басқару бойынша қызметтер, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн қажеттi өзге де қызметтер көрсетуді бiлдiретiн технологиялық бизнес-инкубациялау болып табылады. Технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерiн көрсету, сондай-ақ мұндай көрсетілетін қызметтер құнын айқындау қағидаларын индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
251-бап. Акционерлiк инвестициялық қорлар
Қызметiнiң айрықша түрi «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген талаптарға және өзiнiң инвестициялық декларациясына сәйкес осы қоғамның акционерлерi оның акцияларын төлеу үшiн қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесiнде алынған активтердi жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлiк қоғам акционерлiк инвестициялық қор болып табылады.
2. Тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлардың қызметi «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.
252-бап. Технологияларды коммерцияландыру орталығы
1. Жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарларды, процестер мен көрсетiлетiн қызметтердi нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикалық қолдануға байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызметті (технологияларды коммерцияландыруды) жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары оқу орнының немесе дербес бiлiм беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлiмшесi технологияларды коммерцияландыру орталығы болып табылады.
2. Технологияларды коммерцияландыру орталықтары қызметiнiң негiзгi бағыттары: коммерцияландыру үшiн технологияларды iздестiрудi және бағалауды, маркетингтiк зерттеулердi, зияткерлiк меншiктi қорғау саласында консультациялық қызметтер көрсетудi, технологияларды коммерцияландыру стратегиясын әзiрлеудi, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң технологияларды коммерцияландыру саласында шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара iс-қимылын ұйымдастыруды қоса алғанда, бiрақ олармен шектелмей, технологияларды коммерцияландыру жөнiндегi қызметтер кешенiн көрсету болып табылады.
Технологияларды коммерцияландыру орталықтарын әдiснамалық, консультациялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгедей қолдауды технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады.
253-бап. Конструкторлық бюро
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарлар өндiрудi ұйымдастыруда жәрдемдесу үшiн құрылған, материалдық-техникалық кешенге иелiк ететiн заңды тұлға конструкторлық бюро болып табылады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарларды жасауда, оның iшiнде технологиялар трансфертi, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы иемдену, бейiмдеу, әзiрлеу, оны кейiннен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне өтеулi негiзде беру және оның негiзiнде тауарлар өндiрiсiн ұйымдастыру үшiн қажеттi қызметтер көрсету арқылы жәрдемдесу конструкторлық бюролардың негiзгi мiндетi болып табылады.
254-бап. Технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтары
Технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтарын индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi шетелдiк әрiптестермен бiрлесiп iске асыратын жобаларды iске асыруға жәрдем көрсету мақсатында технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты құрады.
Технологиялар трансферті деп индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерінің меншік, иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған тәсілдермен алынған жаңа немесе жетілдірілген технологияларды ендіру процесі түсініледі.
255-бап. Инновациялық кластер
Өзара iс-қимыл жасау және қолда бар мүмкiндiктердi бiрлесiп пайдалану, бiлiм және тәжiрибе алмасу, технологияларды тиiмдi беру, орнықты әрiптестiк байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметтi ынталандыруға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған ғылыми ұйымдардың, бiлiм беру ұйымдарының, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлардың, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бiрлестiгi инновациялық кластер болып табылады.
256-бап. Индустриялық-инновациялық жүйе құралдары
1. Индустриялық-инновациялық жүйенi жоспарлау құралдарына технологиялық болжау және басым тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бiрыңғай картасы жатады.
Технологиялық болжау деп игерілуі мемлекеттің орнықты индустриялық-инновациялық дамуы үшін қажетті шарт болып табылатын технологияларды анықтауға бағытталған талдамалық зерттеулер кешені түсініледі.
Технологиялық болжауды индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган тұрақты негiзде бес жылда кемінде бiр рет қорытындылар шығара отырып жүргiзедi.
Технологиялық болжау индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін технологиялық болжау жүргізу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Технологиялық болжау процесiн технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты шетелдiк және отандық сарапшыларды тарту, сауалнама мен талдамалық зерттеулер жүргiзу, технологиялық болжау қорытындыларын шығару үшiн алынған деректерді жинақтап қорыту және ұсынымдарды қалыптастыру арқылы қамтамасыз етедi.
Технологиялық болжау қорытындылары инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау кезінде, оның ішінде нысаналы технологиялық бағдарламаларды іске асыру кезінде ескеріледі.
Нысаналы технологиялық бағдарлама деп мемлекеттің, кәсіпкерлік субъектілерінің және ғылымның өзара іс-қимылына негізделген кәсіпорындардың (салалардың) технологиялық міндеттерін шешу жөніндегі шаралар кешені түсініледі.
Басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасы Қазақстан Республикасында өндiру үшiн стратегиялық бәсекелестiк артықшылықтарға ие, экономиканың әрбiр басым секторы бойынша айқындалған және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдаудың басымдықтары болып табылатын тауар топтарының, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн бiлдiредi.
2. Индустрияландыру картасы республика деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингiнiң (iске асырылуының) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа индустриялар қалыптастыратын, кластерлерді дамытатын басым секторлардағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-инновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді.
Өңірдің кәсіпкерлігін қолдау картасы өңір деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингiнiң (iске асырылуының) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің басым секторларындағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-иновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді.
3. Инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдау және білімді, оның ішінде технологияларды коммерцияландыру бойынша тарату инновациялық белсенділікті ынталандыру және инновациялық қызметті танымал ету құралдары болып табылады.
Инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдауды технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады және инновациялық белсенділікті ынталандыру, инновациялық қызметті ақпараттық қолдау және танымал ету жөніндегі іс-шараларды ұымдастыруды көздейді.
Технологияларды коммерцияландыруға жәрдемдесу (қолдау):
1) технологиялық кәсіпкерлік саласындағы құзыретті қалыптастыру мен дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және (немесе) өткізу;
2) технологияларды іздестіру жүйесін қалыптастыру және дамыту, оларды сәйкестендіру және оларды нарыққа ілгерілетуге жәрдем көрсету;
3) жобалық менеджерлер институтын дамыту;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдер арқылы жүзеге асырылады.
Технологияларды коммерцияландыруда индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жәрдемдi осы Кодекстің 264-бабына сәйкес технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты көрсетедi.
4. Мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметті қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектілері жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылу тиімділігін бағалау индустриялық-инновациялық жүйені талдау құралы болып табылады.
Мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерi жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн бағалау әдiстемесiн мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
3-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау
257-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау шаралары
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау шаралары Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған ерекшелiктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалады.
Мемлекеттiк қолдау түрлерi мен деңгейi Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау шараларына:
1) қоса қаржыландырумен бірге алғанда, жобаларды қаржыландыру, лизингтiк қаржыландыру;
2) қарыздар бойынша кепiлдiк мiндеттемелер және кепiлдiмелер ұсыну;
3) қаржы институттары арқылы кредит беру;
4) қаржы институттары беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау;
5) жарғылық капиталдарға инвестицияларды жүзеге асыру;
6) кепiлдендiрiлген тапсырыс;
7) инновациялық гранттар беру;
8) бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету;
9) инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
10) жер учаскелерiн және жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру;
11) iшкi нарықта қолдау;
12) шетелдiк инвестицияларды тарту;
13) отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын дамыту және ілгерілету;
14) еңбек өнімділігін арттыруды және аумақтық кластерлерді дамытуды қолдау;
15) қаржы-экономикалық сауықтыру шеңберінде берешекті қайта құрылымдау жатады.
3. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптік кешенiнде қызметтi жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау осы Кодекске және «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
4. Арнайы экономикалық аймақтарда қызметтi жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн дамытуды ынталандыру «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.
5. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметiн ынталандыру осы Кодексте айқындалады.
6. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган, өзге де мемлекеттiк органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау шараларын қарау, келiсу және ұсыну кезiнде мынадай өлшемшарттардың бiрiн:
1) инновациялық - экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ескере отырып, жаңа немесе жетiлдiрiлген өндiрiстердi, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi жасау арқылы қызметтiң экономикалық тиiмдiлiгiн арттыруға бағыттылықты;
2) бәсекеге қабiлеттiлiк - қол жеткiзiлетiн нәтиженiң оны алуға
кеткен шығындарға қатысы ретiнде айқындалатын, қол жеткiзiлетiн экономикалық және әлеуметтiк тиiмдiлiк деңгейiнде көрiнетiн ұқсас индустриялық-инновациялық жобалармен салыстырғандағы артықшылықты;
3) ауқымдылық - Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту үшiн индустриялық-инновациялық жобаны іске асырудың маңыздылығын басшылыққа алуға міндетті.
258-бап. Қоса қаржыландырумен бірге алғанда, жобаларды қаржыландыру, лизингтiк қаржыландыру
1. Қоса қаржыландырумен бірге алғанда, жобаларды қаржыландыруды, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн орта және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге арналған лизингтiк қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын басқа да ұлттық даму институттары жүзеге асырады.
2. Қоса қаржыландырумен бірге алғанда, қаржыландыру жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобаларды жасау үшiн жүзеге асырылады.
3. Лизингтiк қаржыландыру индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне он жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
4. Қоса қаржыландырумен бірге алғанда, жобаларды қаржыландырудың, лизингтiк қаржыландырудың шарттары мен тетiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
259-бап. Қарыздар бойынша кепiлдiк мiндеттемелер және кепiлдемелер ұсыну
1. Қарыздар бойынша кепiлдiк мiндеттемелердi және кепiлдемелердi ұсынуды Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қаржы агентi индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне берiлетiн екiншi деңгейдегi банктердiң қарыздары бойынша жүзеге асырады.
2. Қарыздар бойынша кепiлдiк мiндеттемелердi және кепiлдемелердi ұсынудың шарттары мен тетiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
260-бап. Қаржы институттары арқылы кредит беру
1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қаржы агентiнің қаржы институттарында қаражатты шартты түрде орналастыруы арқылы жүзеге асырылады.
2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды жасау, жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобаларды жасау, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тұрып қалған өндірістерді қаржы-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшiн олар өзiнiң жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкiн, оның iшiнде ақша ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жүзеге асырылады.
3. Қаржы институттары арқылы кредит берудің шарттары мен тетiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
261-бап. Қаржы институттары беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау
1. Қаржы институттары беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды жасау, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобаларды жасау, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістерді қаржы-экономикалық сауықтыру, инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшiн, олар өзiнiң жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкiн, оның iшiнде ақша ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жүзеге асырылады.
Айналым қаражатын толтыруға қаржы институттары беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау жүзеге асырылмайды.
2. Қаржы институттары индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi эмиссиялайтын облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялауды Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қаржы агентi индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн жүзеге асырады.
3. Қаржы институттары беретiн кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялаудың шарттары мен тетiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
262-бап. Жарғылық капиталдарға инвестицияларды жүзеге асыру
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарына инвестицияларды индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын ұлттық даму институттары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары индустриялық-инновациялық жоба мынадай шарттарға:
1) еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға және экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыруды қамтамасыз етуге;
2) мәнi индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын ұлттық даму институттарының инвестициялық саясатын регламенттейтiн iшкi құжаттарда айқындалатын болжамдық экономикалық және қаржылық өлшемдер бойынша тартымдылыққа;
3) технологиялық әлеуетті арттыруға бағытталуына, өндiрiс және көрсетiлетiн қызметтер сапасын арттыруға және көлемiн өсіруге, шикiзат пен материалдарды қайта өңдеудi тереңдетуге, жоғары технологиялы өнiмдi шығаруға сәйкес келген кезде жүзеге асырады.
Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын ұлттық даму институттарының инвестициялық қызметiнiң нәтижелерi барлық индустриялық-инновациялық жобалар бойынша инвестициялық кіріс негiзiнде айқындалады.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау саласындағы ұлттық даму институты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің жарғылық капиталдарына инвестицияларды мынадай:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін индустриялық-инновациялық жобалар өзін-өзі ақтау және (немесе) төмен рентабельділігі мерзімдерінің капиталды қажетсіну және (немесе) ұзақтығы;
2) экономиканың басым секторларындағы индустриялық-инновациялық жобалардың әлеуметтік маңыздылығы жағдайларында жүзеге асырылуы мүмкін.
263-бап. Кепiлдік берiлген тапсырыс
1. Технологиялық меморандумдарды индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган ұлттық басқарушы холдингтермен, ұлттық холдингтермен, ұлттық компаниялармен және олармен үлестес заңды тұлғалармен жасайды және сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердiң тiзбесiн айқындайды.
2. Жасалған технологиялық меморандумдардың негiзiнде ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi беруге индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен шарттар жасасу арқылы кепiлдік берiлген тапсырысты орналастырады. Көрсетiлген шарттардың талаптары бағаны, сапаны, қолжетiмдiлiктi, тасымалдау шарттарын қоса алғанда, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың коммерциялық мүдделерiне сай келуге тиiс және Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмеуге тиiс.
3. Кепiлдік берілген тапсырыс «Акционерлiк қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен үлгiлiк қағидалар негiзiнде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорына енгiзiлген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi барлық әлеуеттi берушілер арасында сатып алу рәсiмдерiн ұйымдастыру арқылы орналастырылады.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқоры отандық тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң және оларды берушiлердiң тiзбесiн білдіреді.
264-бап. Инновациялық гранттар беру
1. Инновациялық грант деп инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыру үшін оларға өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты түсініледі.
Инновациялық гранттар беруді технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Инновациялық гранттар индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруды қоса қаржыландыру арқылы беріледі.
3. Инновациялық гранттар:
1) технологияларды коммерцияландыруға;
2) салаларды технологиялық дамытуға;
3) кәсіпорындарды технологиялық дамытуға беріледі.