4-1. Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімінде көрсетілген салықтық берешек сомасын салық төлеушінің (салық агентінің) өтеуі екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осындай салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын қайта бастауы үшін негіз болып табылады.
Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салықтық берешек өтелген күні банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы өкімінің күші жойылғанға дейін қайта бастайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.
Бұл ретте, осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген жағдайда шығарылған банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің күші:
салық органдары осы Кодекстің 96-бабында айқындалған тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны салық төлеуші (салық агенті) орындамаған жағдайда жүзеге асырылатын жоспардан тыс салықтық тексеруді немесе салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламада көрсетілген мәселелер мен салық кезеңдерін қамтитын салықтық тексеруді тағайындау туралы нұсқама табыс етілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жойылады;
салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодекстің 96-бабының 4-1-тармағында көзделген шағымы келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жойылады және көрсетілген шағым қанағаттандырылмаған жағдайда жоғары тұрған салық органының және (немесе) уәкілетті органның жазбаша шешімі шығарылған және (немесе) сот актісі заңды күшіне енген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей қайта басталады.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоты жабылған жағдайда, екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шотының жабылуы туралы хабарламамен бірге тиісті салық органына шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді қайтарады.
Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімде біреуден астам банктік шот көрсетілген кезде екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мұндай өкімді тиісті салық органына банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімде көрсетілген банктік шоттардың соңғысы жабылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей қайтарады.
119-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
1-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 13-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес мынадай:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші салықтық берешекті өтемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші салықтық берешекті өтемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң жүргізіледі.
Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, мыналар:
осы Кодекстің 189-бабында көзделген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге жататын айыппұлдарды төлеу есебіне кейіннен аудару үшiн ақшаны екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға тапсыру;
егер касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қатысты шығарылған болса, екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиенттердің қолма-қол ақшасын беруі жөніндегі операциялардан басқа, кассадағы қолма-қол ақшаның барлық шығыс операциясына қолданылады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша екі данада жасалады, оның бір данасы салық төлеушіге қолын қойғызылып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен табыс етіледі.
2. Салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімі салық төлеушінің (салық агентінің) түсетін қолма-қол ақшаны бюджетке аудару арқылы, қолма-қол ақша түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей бұлжытпай орындауына жатады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) осы баптың талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Салық органы салық төлеуші бюджетке берешекті өтегеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін жояды.
120-бап. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу
1. Салық органы салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеудi осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешімнің негізінде:
1) тармақшаның қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 14-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес мынадай:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агентi) салықтық берешекті өтемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агентi) салықтық берешекті өтемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні өткен соң;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) салықтық мониторингке жататын салық төлеушіні қоспағанда, салық төлеушi (салық агентi) есепке жазылған салықтар және бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұл сомасы туралы, сондай-ақ бюджеттен қайтарылған және қайтаруға расталмаған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы мәліметтер қамтылған тексеру нәтижелерi туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда жүргiзедi.
Бұл ретте салық органы осы тармақшада көрсетілген жағдайда шектеуді салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны жiбермей:
осы Кодекстің 21-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеуші (салық агенті) шағым берген күннен бастап;
Үшінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 14-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
салық төлеуші (салық агенті) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен алып тасталған немесе деңгейлес мониторинг туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күні өткен соң жүргізеді.
2. Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеуді салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда - осы салық төлеушіге (салық агентіне) меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығында тиесілі және (немесе) оның балансында тұрған;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құрал, жылжымайтын мүлікке инвестиция және (немесе) биологиялық актив болып табылатын мүлікке қатысты жүргізеді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Билік етуді шектеуге:
тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
электр, жылу және өзге де энергия түрлері;
сақтау және (немесе) жарамдылық мерзімі бір жылдан аспайтын тамақ өнімдері немесе шикізат жатпайды.
Салық төлеушінің (салық агентінің) қаржы лизингіне берілген (алынған) не кепілге берілген, билік ету шектелген мүлкін салық органының лизинг және (немесе) кепіл шартының қолданысы тоқтатылғанға дейін алып қоюына тыйым салынады.
Салық органы мүлікке билік етуді шектеген күннен бастап және оның күшін жойғанға дейін салық төлеушінің (салық агентінің) шарт талаптарын (шарттың қолданылу мерзімін ұзарту, қосалқы лизинг және (немесе) қайта кепілге қою) өзгертуіне тыйым салынады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері деп пайдаланылуын тоқтату немесе тоқтата тұру елді мекендер мен аумақтардың инженерлік инфрақұрылымы қызметінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін газбен жабдықтау, энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының құрылысжайлары, технологиялық қондырғылары мен агрегаттары түсініледі.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу туралы шешiм уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оны салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетiлген жағдайда - мұндай шешiм шығарылған күнi салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында бар деректер бойынша салықтық берешек сомасына;
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетiлген жағдайда - осы Кодекстiң 21-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеуші (салық агенті) шағым жасайтын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомасына қабылдайды.
5. Мүлiкке билік етудi шектеу туралы шешiм салық төлеушiнің (салық агентiнің) жеке өзіне қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген шешім салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілгенде - пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеуші (салық агенті) белгі қойған күннен бастап;
2) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 14-бабының редакциясында қолданылды
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде - салық органы шешімді веб-қосымшаға жеткізген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеушіге (салық агентіне) қолданылады;
3) осындай шешімді алғанын растайтын қол қоюдан бас тарту немесе тұрған жері бойынша болмау себебіне байланысты табыс ету мүмкін болмаған кезде - осы Кодекстің 70-бабында айқындалған тәртіппен жүргізілген салықтық зерттеп-қарау күнінен бастап табыс етілді деп есептеледі.
6. Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.
7. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.
Салық төлеушіде (салық агентінде) меншік құқығында оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік не мемлекеттік тіркеуге жатқан мүлік болған кезде тізімдеме, бірінші кезекте, осындай мүлікке жүргізіледі.
Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректері негізінде айқындалатын баланстық құны немесе нарықтық құны мүлік тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
8. Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісін жасау кезінде салық органының лауазымды адамдарына танысу үшін мұндай мүлікке меншік және (немесе) оны шаруашылық жүргізу құқығын растайтын құжаттардың, баланстың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынуға міндетті. Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері билік ету шектелген мүлік тізімдеменің актісіне қоса беріледі.
Билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісі екі данада жасалады және оған оны жасаған адам, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) оның лауазымды адамы қол қояды.
Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүліктің, табиғи тозу және (немесе) қалыпты жағдайларда сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу алынғанға дейін өзгермеген қалпында сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Салықтық берешек өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік ету шектелген мүлік өткізілмеген жағдайда, салық органы бастапқы тізімдеме актісінің күшін жою және мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотындағы деректерді ескере отырып, мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы.
9. Салық органы мынадай:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда - осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда - осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда - осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осындай шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды.
10. Салық органы:
1) тізімдеме актісінде көрсетілмеген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлік тізімдемесінің актісі жасалған күннен бастап, осындай актінің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда билік етуді шектеу туралы шешімнің күші жойылған мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап, осындай шешімнің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) уәкілетті заңды тұлға өткізген, оның ішінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұл бойынша берешек есебіне өткізілген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлікті сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап, осындай шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар жібереді.
11. Салық органы осы баптың 6 және 10-тармақтарында белгіленген жағдайларда, тиісті хабарламаларды уәкілетті мемлекеттік органдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді.
14-тарау. САЛЫҚТЫҚ БЕРЕШЕКТІ МӘЖБҮРЛЕП ӨНДІРІП АЛУ ШАРАЛАРЫ
121-бап. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары
1-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 15-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға немесе деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау жағдайларынан басқа, салық органдары салық төлеуші - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
Салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес операторға жүктелген жағдайларда, жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушінің салықтық берешегін өндіріп алу кезінде осы тарауда көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары салық төлеушіге және (немесе) операторға қатысты қолданылады.
2-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
Мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдану басталғанға дейiн тәуекел деңгейлері орташа және жоғары салық төлеушiге, осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жiберiледi.
Салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану салық төлеушіде салықтық берешек түзілген күні немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күні салық төлеуші жатқызылған тәуекел деңгейіне байланысты, осы тарауда көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
3. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен:
1) банктік шоттардағы ақша есебінен;
2) дебиторлар шоттарынан;
3) билік ету шектелген мүлікті өткізу есебінен;
4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде жүргiзiледi.
4. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі өзіне салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші - осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаға мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.
Заңды тұлғада біреуден астам құрылымдық бөлімше болған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғаннан кейін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы мұндай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде банктік шоттардағы ақша есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.
Заңды тұлға салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші - заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.
5. Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мынадай:
1) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда - сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап;
2) салық төлеушіге қатысты оңалту рәсімі қолданылған жағдайда - сот оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап;
3) сот берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіткен жағдайда - соттың осындай келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда - соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының қызметі мәжбүрлеп тоқтатылған жағдайда - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күші жойылуға жатады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмеген салықтық міндеттеме сомасы бойынша және (немесе) сот бекіткен, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілмеген салық төлеушінің салықтық міндеттеме сомасы бойынша салық органы осы тараудың ережелеріне сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
6. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда, салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрмайды.
7. Осы тараудың мақсаты үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған мемлекеттік мекемелердің шоттары банктік шоттарға теңестіріледі, ал бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға теңестіріледі.
8. 2019 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
122-бап. Банктік шоттардағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу
1-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 16-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Салық органы салық төлеушiнің (салық агентінің) банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап жиырма жұмыс күні өткен соң мәжбүрлеу тәртiбiмен өндіріп алады.
Осы тармақтың ережелерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейтiн банктік шоттарға қолданылмайды.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын өндіріп алу, осындай екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақша сомасын қоспағанда, көрсетiлген қарыздың өтелмеген негiзгi борышы мөлшерiнде салық органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.