Қайта өңдеу туралы келісімде көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның (барлық лицензиялардың) қолданылуын тоқтату осы келісімді тоқтатуға алып келеді.
7. Қайта өңдеу туралы келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісуі бойынша қайта өңдеу туралы келісімнің мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
8. Қайта өңдеу туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы осы тарауда реттелмеген жағдайларда қолданылады.
245-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша инвестициялық преференциялар
1. Инвестициялық преференциялар пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес басым инвестициялық жобаға жататын, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасын іске асыруы кезінде беріледі.
2. Инвестициялық преференция жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін, оның ішінде:
1) өндіру және (немесе) қайта өңдеу өндірістерінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыс орындарын ашу және сақтау жөніндегі;
2) қайта өңдеу өндірісін құру, кеңейту және (немесе) жаңғырту жөніндегі;
3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу көлемі мен деңгейі жөніндегі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылатын тұлғаларға шикізат ретінде ішкі нарықта өткізу үшін шығарылатын өнім көлемі жөніндегі;
5) ғылыми-техникалық саланың, қоршаған ортаны қорғау саласының және қолданбалы ғылым саласының мамандарын даярлау бойынша қазақстандық оқу орындарының бағдарламаларын қаржыландыру жөніндегі;
6) әлеуметтік және (немесе) мәдени мақсаттағы объектілерді салуды және (немесе) реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздеуі мүмкін өзара түсіністік қағидаттарында беріледі.
246-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату салдары
Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған ең төмен шығыстары бойынша міндеттемелерін және (немесе) өндіруге арналған лицензия бойынша оқытуды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелерді өзгертуді немесе алып тастауды көздейтін қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату осы келісімді жасасқанға дейін қолданылған лицензияның шарттарын қолдануға алып келеді.
Қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату берілген инвестициялық преференцияларды тоқтатуға да алып келеді.
247-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтар мен міндеттерді басқаға беру
1. Жер қойнауын пайдаланушының қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтары мен міндеттерін көрсетілген келісім жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тиісті ауысуынсыз басқаға беруіне тыйым салынады.
2. Қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы көрсетілген келісім бойынша құқықтар мен міндеттердің міндетті түрде басқаға берілуіне алып келеді.
248-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салу
1. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салуға, көрсетілген келісімді жасасуға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салынбай жол берілмейді.
2. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салу осы келісім бойынша құқықтарға міндетті ауыртпалық салуға алып келеді.
Х БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ, КЕН ІЗДЕУШІЛІК, ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
33-тарау. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар
249-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша оны иеленушінің операциялардың мынадай кіші түрлерінің бірін жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар:
1) жер бетінен бес метр төмен тереңдікте орналастырылған сақтау қоймаларын қоспағанда, мұнай мен газды, газ бен мұнай өнімдерін жерасты сақтау қоймаларын орналастыру және пайдалану;
2) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарын (құрылысжайларын) орналастыру және (немесе) пайдалану;
3) жерасты сулары қорларын жасанды толтыру үшін жер қойнауына суды айдау, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану.
250-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған аумақтар
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қазбалардың кен орны жоқ немесе пайдалы қазбалардың аз мөлшердегі ресурстары бар жер қойнауы учаскесін пайдалануға беріледі.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны:
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, табылған пайдалы қазбалар ресурстары немесе осындай перспективалары бар жер қойнауы учаскелеріне;
5) жерасты шаруашылық-ауыз су учаскелері аумағына беруге тыйым салынады.
251-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат);
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған тиісті жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумаққа нұсқау;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдалану мерзіміне нұсқау;
4) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатына нұсқау.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;
3) жерасты құрылысжай объектісінің сипаттамасын, оны оқшаулау сипаттамасын, тау-кен жыныстарының типін, коллектор қаттарының жерасты тереңдігін және тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектілік коэффициентін, төселетін және жабылатын су тірегінің сипаттамасын, жерасты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, көмудің, қоймаға жинап қою мен ағызудың сапалық және сандық көрсеткіштерін, тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттарын қамтитын, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша геологиялық есеп;
4) өнімнің атауы, ол түзілетін техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты құрауыштардың болуы, өрт қаупі, жарылыс қаупі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен үйлесімділігі, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасы.
4. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
5. Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп өзге тілде де жасалуы мүмкін, аударманың дұрыстығын нотариус куәландырады.
6. Өтінішті беру кезі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және есепке алуға жатады.
7. Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады және:
1) өтініш иесінің (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) атауын;
2) өтініш иесі пайдалануға беруге сұрап отырған жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақ координаттарын;
3) өтініш келіп түскен күн мен уақытты қамтиды.
252-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш пен оған қоса берілетін құжаттарды келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті қарау процесінде өтінішке қоса берілген геологиялық есепке мемлекеттік сараптама жүргізуді ұйымдастырады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия екі ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді. Осы мерзімді жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия қосымша зерттеулер жүргізуге, қажетті материалдар ұсыну мен комиссия мүшелерінің алдын ала ескертулері мен ұсыныстарын жоюға қажетті, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысы жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия беруден бас тартуға негіз болып табылады.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту үшін осы Кодекстің 254-бабы 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көзделген негіздер болмаған кезде, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия оң қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын және жою жоспарын дайындау, сондай-ақ олар бойынша осы тарауда көзделген сараптамалар мен келісу жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Өтініш иесі жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына және жою жоспарына жасалған сараптамалар мен келісудің оң қорытындыларын осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген хабардар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға көрсетілген мерзімді ұзарту қажеттілігін негіздей отырып, осындай ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы мерзімді осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап алты айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер сақталған кезде, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары сараптамаларының оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес күн ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны береді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру жер қойнауын пайдаланушыға облыстың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беруі үшін негіз болып табылады.
4. Осы баптың мақсаттары үшін жою жоспарын дайындау, ұсыну және оған сараптама жасау осы Кодекстің 260-бабында көзделген жағдайларда талап етіледі.
253-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды беруге өтініштер келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана қаралады.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағым жасаса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензия беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
254-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса;
4) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
5) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабының 2-тармағында көрсетілген аумақтарда толық немесе ішінара орналасса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келетін болса;
7) өтінішке қоса берілген геологиялық есеп сараптамасының қорытындысына сәйкес өзінің геологиялық және (немесе) геотехникалық сипаттамалары бойынша сұралып отырған жер қойнауы учаскесі өтініште көрсетілген мақсаттарда жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жарамсыз екені белгіленсе;
8) өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары талап етілетін сараптамаларының оң қорытындыларын және келісуін ұсыну мерзімін сақтамаған кезде жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
3. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
255-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың нысаналы мақсаты;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздері.
256-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
Лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Лицензия мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
2. Ұзарту туралы өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға лицензия мерзімі өткенге дейін бір жылдан ерте емес ол бекітетін нысан бойынша беріледі.
Егер ұзарту туралы өтінішті қарау кезеңінде лицензия мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарау кезеңінде қолданылуын жалғастырады. Лицензияның ұзарту мерзімін есептеу алдыңғы мерзім аяқталған күннен кейінгі күннен басталады.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия мерзімі:
1) мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) лицензияның қолданылуын ұзарту туралы өтінішті берудің осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімі бұзылған;
3) лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған жағдайда ұзартуға жатпайды.
257-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану шарттарын айқындайтын жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы жобалау құжаты болып табылады.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы, сондай-ақ оның өзгерістері мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаларға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына немесе тиісінше оның өзгерісіне мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындыларын алған жағдайда ғана жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын жасау жөніндегі нұсқаулықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
258-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияға иеленетін жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жерасты құрылысжайын пайдалану туралы есептерді ұсынуға міндетті.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі барлық жұмыстар құжаттауға жатады. Құжаттамада жер қойнауы учаскесін анық зерттеу және кейіннен игеру үшін қажет жұмыстар сипаттамасын қамтуға тиіс.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) жер қойнауын қауіпті техногендік процестердің пайда болуынан қорғауды;
3) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау және (немесе) көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды ағызу (айдау) кезінде есепке алудың анықтығын;
4) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде алынған барлық бастапқы және қайталама геологиялық ақпараттың анықтығы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
259-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың салдарын жою
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою, осы Кодекстің 260-бабында көзделген салдарды қоспағанда,Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бүлінген жерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
2. Тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтау күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде жоюға кірісуге міндетті. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісі нәтижесінде жер қойнауы учаскесінің аумағында орналастырылған техногендік минералдық түзілімдер лицензия тоқтатылған күннен бастап жер қойнауы құрамына олардың ресурстары ретінде енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 261-бабының ережелеріне сәйкес бас тартқан жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінде салдарды жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және оны жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиядан алып тастағанға дейінгі кезеңде осындай учаскенің бір бөлігін пайдалануға жол берілмейді.
4. Жер қойнауын пайдаланушы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган құрған комиссия, сондай-ақ егер жою жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жою актісіне қол қойғаннан кейін жою аяқталды деп есептеледі.
5. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтау мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
260-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі жекелеген операциялардың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және қамтамасыз ету ерекшеліктері
1. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою осы баптың 3-тармағында көзделген жою жоспарының негізінде әзірленген жою жөніндегі жұмыстар жобасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыру және пайдалану бойынша қызметтің салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензия мерзімі өткенге дейін екі жыл бұрын қамтамасыз етуге міндетті.
Егер жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның қолданылуы өзге негіздер бойынша тоқтатылса, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап сегіз айдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану салдарын жою жоспары лицензия қайтарылып алынған жағдайда жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жөніндегі, тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді жою жөніндегі іс-шаралардың сипаттамасын, сондай-ақ осындай жою жұмыстары құнының болжалды есебін қамтитын құжат болып табылады.
4. Жою жоспары кешенді сараптамаға жатады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы кешенді сараптаманың соңғы оң қорытындысын алған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей жою жөніндегі жұмыстар құнының болжалды есебіне өзгерістер енгізуді қоса алғанда, жою жоспарына өзгерістер енгізуге міндетті.
6. Кешенді сараптаманың оң қорытындысынсыз тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыруға және (немесе) пайдалануға жол берілмейді.
7. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері сақталатын және көмілетін объектілерді орналастыру үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жоспары және жою жөніндегі жұмыстардың құнының болжалды есебі осы Кодекстің 217-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен жасалады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдері объектілерін орналастыру және (немесе) пайдалану үшін жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларға осындай операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді берген жағдайда кірісуге құқылы.
9. Жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай шарттар сақтала отырып, осы Кодексте көзделген кез келген түрде берілуі мүмкін: жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның үштен бір мерзімі ішінде - екінші деңгейдегі банк кепілдігі немесе банктік салым кепілі түрінде қамтамасыз ету жалпы қамтамасыз ету сомасының кемінде қырық пайызын, үштен екі мерзімі ішінде - кемінде алпыс пайызын және қалған кезеңде жүз пайызын құрауға тиіс.