259-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың салдарын жою
260-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі жекелеген операциялардың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және қамтамасыз ету ерекшеліктері
261-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатында берілген жер қойнауы учаскесінен бас тарту
262-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны қайтарып алу
34-тарау. Кен іздеушілік
263-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия
264-бап. Кен іздеушілікке арналған аумақ
265-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру
266-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияларды берудің басымдығы
267-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияны беруден бас тарту
268-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияның мерзімі
269-бап. Кен іздеушілік учаскесі
270-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензияның мазмұны
271-бап. Кен іздеушілікті жүргізу тәртібі
272-бап. Кен іздеушілікті жүргізу кезіндегі жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
273-бап. Кен іздеушілік жоспары
274-бап. Кен іздеушіліктің салдарын жоюды қамтамасыз ету
275-бап. Кен іздеушілік учаскесінен бас тарту
276-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
35-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
277-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
278-бап. Өтпелі ережелер
ЖАЛПЫ БӨЛІК
І БӨЛІМ. Негізгі ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Кодекс пен жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды қамтитын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарға олар осы Кодекстің нормаларымен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
2-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс жер қойнауын пайдалану режимін, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару мен реттеуді жүзеге асыру тәртібін, жер қойнауы учаскелеріне құқықтардың туындау, оларды жүзеге асыру және тоқтату, жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтық жағдайы мен олардың тиісті операцияларды жүргізу ерекшеліктерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын пайдалану құқығына билік ету мәселелерін және жер қойнауы ресурстарын пайдалануға байланысты басқа да қатынастарды айқындайды.
2. Жерді, су ресурстарын және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тиісті табиғи ресурстарды пайдалану және қорғау режимін айқындайтын Қазақстан Республикасының жер, су және экологиялық заңнамасына сәйкес реттеледі.
3. Мемлекет, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары осы Кодекспен реттелетін қатынастарға қатысушылар болып табылады.
4. Егер осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қатынастарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және олардың міндеттері болады.
3-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі үшін Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері мыналар болып табылады:
1) мемлекеттің жер қойнауына меншік құқығын қорғау;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және қатынастарды реттеу;
3) мемлекеттің, Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтарын сақтау;
4) Қазақстан Республикасы минералдық-шикізаттық базасының өсімі;
5) жер қойнауын пайдалану құқықтарының туындау, оларды жүзеге асыру, өзгерту және тоқтату негіздерін, шарттарын және тәртібін белгілеу;
6) жер қойнауын пайдалануды тұрақты дамыту үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету;
7) жер қойнауын геологиялық зерттеуге және жер қойнауын пайдалануға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
8) жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты нығайту.
4-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының қағидаттары
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану;
2) жер қойнауын пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпараттың қолжетімділігі;
4) жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы;
5) жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы;
6) жер қойнауын пайдалану шарттарының тұрақтылығы.
5-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару
Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы қамтамасыз етіледі.
6-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
Жер қойнауын пайдалану жер қойнауының ластануын болғызбауға және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған шараларды қабылдай отырып, экологиялық қауіпсіз тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
7-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік
1. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпарат қолжетімді болып табылады.
2. Мемлекет мыналарға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі аукциондар, олардың шарттары мен нәтижелері туралы ақпаратқа;
2) мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы шешімдеріне;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлерін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпаратқа;
4) осы Кодекске сәйкес құпия немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес құпия болып танылатын геологиялық ақпаратты қоспағанда, геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
3. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік тәртібі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
4. Мүдделі тұлғалар осы бапқа сәйкес қолжетімділігі қамтамасыз етілетін ашық ақпаратты өтеусіз пайдалануға құқылы.
8-бап. Жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы
Жер қойнауын пайдалану ақылы (өтеулі) болып табылады. Жер қойнауын пайдалану үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу арқылы жүзеге асырылады.
9-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы
Жер қойнауын пайдаланушылар оларға берілген құқықтарды іске асыру және осы Кодексте көзделген міндеттерді орындау кезіндегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың іс-қимыл адалдығы ұйғарылады.
2-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ РЕСУРСТАРЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
10-бап. Жер қойнауы және оның ресурстары
1. Топырақ қабатынан төмен, ал ол болмаған кезде жер бетінен төмен орналасқан жер қыртысының бөлігі, су айдындары мен ағын сулардың түбі жер қойнауы деп танылады.
2. Осы Кодексте мынадай ресурстарға қатысты жер қойнауының пайдаланылуы реттеледі:
1) пайдалы қазбалар;
2) техногендік минералдық түзілімдер;
3) жер қойнауының кеңістігі.
11-бап. Жер қойнауына меншік
1. Жер қойнауы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет меншігінде болады.
2. Мемлекет осы Кодексте көзделген негіздерде, шарттарда және шектерде жер қойнауын пайдалануға береді.
3. Жеке және заңды тұлғалардың жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзатын іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді. Жер қойнауына мемлекеттік меншікті бұза отырып жасалған мәмілелер маңызсыз мәмілелер болып табылады.
12-бап. Пайдалы қазбалар және олардың сыныпталуы
1. Химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіріс саласында және тікелей немесе қайта өңделгеннен кейін тұтыну саласында пайдалануға мүмкіндік беретін, пайдалы құрауыштары бар табиғи минералдық түзілімдер мен органикалық заттар пайдалы қазбалар болып танылады.
2. Өзінің экономикалық маңызы бойынша және жер қойнауын пайдаланудың тиісті шарттарын белгілеу мақсатында пайдалы қазбалар мынадай топтарға бөлінеді:
1) жерасты сулары;
2) көмірсутекті пайдалы қазбалар (көмірсутектер);
3) пайдалы қатты қазбалар.
3. Мұнай, шикі газ және табиғи битум көмірсутектер деп танылады.
Шикі мұнай, газ конденсаты, сондай-ақ шикі мұнайды тазартқаннан кейін және жанғыш тақтатастарды, мұнай битумды жыныстарды немесе шайырлы құмдарды өңдегеннен кейін алынған көмірсутектер мұнай деп танылады.
Үлес салмағына қарамастан, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде жер қойнауынан сұйық күйінде алынатын, оның ішінде шикі газдан табиғи конденсаттау арқылы түзілген кез келген көмірсутектер шикі мұнай деп танылады.
Үлес салмағына қарамастан, жер қойнауынан қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде алынатын кез келген көмірсутектер, оның ішінде тазартылмаған табиғи, ілеспе, қатпарлы газ, көмiр қабаттарындағы метан, сондай-ақ олардың құрамындағы көмiрсутексіз газдар шикі газ деп танылады.
Мұнайдың құрамында қатталған жағдайларда еріген күйде кездесетін және қысым төмендеген кезде одан бөлініп шығатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы ілеспе газ деп танылады.
Көмір кен орындарынан өндірілген, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде болатын, құрамында метан басым болатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы көмір қабаттарының метаны деп танылады.
Табиғи жағдайда ұңғымалық әдістермен өндіру техникалық жағынан мүмкін емес, жер қойнауында қатты, тұтқыр және тұтқыр-пластикалық күйде жататын, бастапқы көмірсутек негізі бар органикалық текті пайдалы қазбалар табиғи битум деп танылады.
4. Жер қойнауында немесе жер бетінде қатты күйде болатын табиғи минералдық түзілімдер, органикалық заттар мен олардың қоспалары пайдалы қатты қазбалар деп танылады.
Пайдалы қатты қазбалар кендік және кендік емес болып бөлінеді. Саф металдар, қара, түсті, сирек, радиоактивті металдардың және сирек кездесетін жер элементтерінің кендері кендік пайдалы қатты қазбалар деп танылады. Қалған пайдалы қатты қазбалар кендік емес деп танылады.
Құрылыс және өзге де шаруашылық мақсаттарында табиғи күйінде немесе болмашы өңделумен және тазартыла отырып пайдаланылатын және жер қойнауында кең таралған кендік емес пайдалы қатты қазбалар кең таралған болып танылады. Кең таралған пайдалы қатты қазбаларға мыналар: мәрмәрлар, кварциттер, кварцты-далалық шпат жыныстары, граниттер, сиениттер, диориттер, габбро, риолиттер (липариттер), андезиттер, диабаздар, базальттар, вулкандық туфтар, шлактар, пемзалар, вулкандық шынылар және шыны тектес жыныстар, ұсақ жұмыр тастар мен қиыршық тастар, қиыршық тас-құм (құмды-қиыршық тас) қоспалар, құмдар және құмдауықтар, саздақ және саздақты жыныстар (суглинкілер, алевролиттер, аргиллиттер, балшықты тақтатастар), ас тұзы, гипстік жыныстар, мергельдер, әктастар, оның ішінде ұлутастар, бор жыныстары, доломиттер, әктасты-доломит жыныстары, кремний жыныстары (трепелдер, опокалар, диатомиттер), табиғи пигменттер, торфтар, емдік балшықтар жатады.
13-бап. Техногендік минералдық түзілімдер, техногендік минералдық түзілімдерге арналған құқықтар
1. Тау-кен өндіру, тау-кен-қайта өңдеу және энергетикалық өндірістердің пайдалы құрауыштары және (немесе) пайдалы қазбалары бар қалдықтарының шоғыры техногендік минералдық түзілімдер деп танылады.
Тау-кен өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдеріне жер қойнауынан айырып алу процесінде тау-кен жыныстарынан пайдалы қатты қазбаларды бөліп алу нәтижесінде түзілетін пайдалы қатты қазбаларды өндірудің қалдықтары (аршылым, қоршауыш жыныс, шаңдар, кенеусіз (кондициялы емес) кен) жатады.
Тау-кен-қайта өңдеу өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдеріне кен байыту өндірістері (байыту қалдықтары мен шламдары) және (немесе) химиялық-металлургиялық өндірістер қызметі (шлактар, кектер, клинкерлер және металлургиялық қайта жасау қалдықтарының басқа да осыған ұқсас түрлері) нәтижесінде түзілетін қайта өңдеу қалдықтары жатады.
Энергетикалық өндірістердің техногендік минералдық түзілімдеріне өндіруші қондырғылармен электрлік және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде отынның жануы нәтижесінде түзілетін қатты қалдықтар (күлдер, күлшлактар) жатады.
2. Жер қойнауы учаскесі шегінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдер осы учаскеге тиесілі болып табылады.
Пайдаланудағы жер қойнауы учаскесінің шегінен тыс орналасқан химиялық-металлургиялық немесе энергетикалық өндірістер қызметі нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдер аталған өндірістерге тиесілі болып табылады. Осындай техногендік минералдық түзілімдерге меншік құқығы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес осы техногендік минералдық түзілімдердің орналасқан полигоны (полигонының бір бөлігі) жабылатын кезге дейін өндірістердің меншік иесінде сақталады.
3. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінде осы жер қойнауын пайдаланушының қызметі нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдерге меншік құқығы жер қойнауын пайдалану құқығы қолданылатын мерзімде сол жер қойнауын пайдаланушыда сақталады.
Техногендік минералдық түзілімдердің меншік иесі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың ережелерін ескере отырып, өздеріне пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесіндегі қызмет нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдерді иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға құқылы.
Көрсетілген техногендік минералдық түзілімдерді жер қойнауы учаскесінен немесе олар орналасқан полигоннан алып қоймай үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға, осы баптың 2-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалану құқығының немесе тиісінше өндіріске меншік құқығының өтуінен басқа жағдайларда, жол берілмейді.
Пайдаланудағы жер қойнауы учаскесінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдерді үшінші тұлғаларға иеліктен шығарған жағдайда, оларды алып қою жер қойнауын пайдалану құқығының қолданылу кезеңінде жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу (байыту) өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген шектеулерді ескере отырып, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша пайдаланудағы жер қойнауы учаскелері шегінде ғана жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін немесе тиісінше полигон (полигонның бір бөлігі) жабылғаннан кейін жер қойнауы учаскесінде қалдырылған техногендік минералдық түзілімдер жер қойнауы құрамына қосылады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауы құрамына қосылған техногендік минералдық түзілімдерге пайдалы қатты қазбалардың құқықтық режимі қолданылады.
14-бап. Кен орындары және олардың сыныпталуы
1. Өзінің сандық, сапалық және тау-кен-техникалық сипаттамалары бойынша оң экономикалық әсері бар өнеркәсіптік әзірлеме үшін жарамды болуы мүмкін пайдалы қазбаның (пайдалы қазбалардың) табиғи немесе техногендік шоғыры кен орны деп танылады.
2. Пайдалы қазбалар ресурстарының немесе қорларының шамасы және олардың экономикалық маңыздылығы бойынша ірі кен орындары жеке санатқа бөлінеді.
3. Пайдалы қатты қазбалардың мынадай ресурстарды қамтитын кен орындары ірі кен орындары деп танылады:
Пайдалы қазба, өлшем бірлігі | Саны |
Темір кені, млн. т | >100 |
Марганец кені, млн. т | >50 |
Хромит кені, млн. т | >30 |
Мыс, млн. т | >5 |
Қорғасын, млн. т | >5 |
Мырыш, млн. т | >5 |
Бокситтер, млн. т | >50 |
Никель, мың т | >50 |
Вольфрам, мың т | >100 |
Молибден, мың т | >200 |
Алтын, т | >250 |
Кокстелетін көмір, млн. т | >50 |
Энергетикалық көмір, млн. т | >500 |
Қоңыр көмір, млн. т | >500 |
Жанғыш тақтатастар, млн. т | >500 |
Фосфориттер (кен), млн. т | >200 |
Күкірт қышқылды, аралас калий тұздары, млн. т | >100 |
Мынадай геологиялық қорлары бар көмірсутекті кен орындары ірі кен орындары деп танылады:
Пайдалы қазба, өлшем бірлігі | Саны |
Мұнай, млн. т | >100 |
Табиғи газ, млрд. м3 | >50 |
15-бап. Өндірілген пайдалы қазбаларға меншік
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, өндірілген пайдалы қазбалар меншік құқығында жер қойнауын пайдаланушыға (мемлекеттік заңды тұлғаға - шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында) тиесілі.
16-бап. Жер қойнауы кеңістігі
Геотехникалық, геологиялық, экономикалық және экологиялық факторларды ескере отырып, өндірістік, ғылыми немесе өзге де қызмет объектілерін орналастыруға арналған орта ретінде пайдаланылуы мүмкін жер қойнауының үш өлшемдік кеңістіктегі қасиеті жер қойнауы кеңістігі болып табылады.
ІІ БӨЛІМ. Жер қойнауын пайдалану
3-тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығы туралы жалпы ережелер
17-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы ұғымы мен оның мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы осы Кодекспен қамтамасыз етілген, жер қойнауын кәсіпкерлік мақсатта бөліп берілген учаске шегінде белгілі бір мерзім ішінде өтеулі негізде пайдалану мүмкіндігін білдіреді.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы бөлінбейтін заттық құқық болып табылады. Осы Кодекстің ережелері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалану құқығына меншік құқығы туралы нормалар қолданылады, өйткені бұл заттық құқықтың табиғатына қайшы келмейді.
3. Жер қойнауын пайдалану осы Кодексте белгіленген тәртіпте, шарттарда және шектерде жүзеге асырылады.
18-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері болуы мүмкін.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығының иелері бір мезгілде бірнеше тұлға болуы мүмкін. Бұл жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығын иелену ортақ болып табылады. Жер қойнауын пайдалану құқығын ортақ иелену жер қойнауын пайдалану құқығы бір мезгілде екі немесе одан да көп тұлғаға берілген жағдайда немесе жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысуы нәтижесінде туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығын екі немесе одан да көп тұлғаның ортақ иеленуіне осы тұлғалардың әрқайсысының осындай құқықтағы үлестерін айқындай отырып қана жол беріледі.
Жер қойнауын пайдалану құқығын ортақ иеленуге Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының жалпы үлестік меншік қатынастарын реттейтін нормалары қолданылады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдалану құқығының иесі бір ғана тұлға болуы мүмкін.
3. Осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысуы мүмкін.
19-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының объектісі ретіндегі жер қойнауы учаскесі
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекске сәйкес пайдалануға берілетін, белгілі бір кеңістікті шекаралары бар жер қойнауының геометрияланған бөлігі жер қойнауы учаскесі деп танылады.
Жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары жер бетінде тұйық контурларды (шекараларды) қалыптастыратын географиялық координаттары бар нүктелері (жер қойнауының аумағы) мен үстіңгі және төменгі кеңістік шекараларын қалыптастыратын тереңдік арасындағы тікелей сызықтан шығатын шартты жазықтықтардан құрылады.
Жер қойнауы учаскесінің үстіңгі кеңістік шекаралары - топырақ қабатынан төмен, ал ол болмаған кезде жер бетінен және (немесе) су айдындары, су ағындары түбінен төмен орналасады. Жер қойнауы учаскесінің төменгі кеңістік шекаралары геологиялық зерттеу және игеру үшін қолжетімді тереңдікте орналасады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауы учаскесінің үстіңгі және (немесе) төменгі кеңістік шекаралары өзге де тереңдікте орналасуы мүмкін.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пайдалы қазбаларды барлау (барлау учаскесі) жөніндегі операцияларды және геологиялық зерттеу (геологиялық зерттеу учаскесі) жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесінің аумағын сәйкестендіру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы шартты түрде, әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде бір минутқа тең болатын блоктарға бөлінеді. Жиырма бес блок әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде бес минутқа тең болатын блоктардың кіші секциясын құрайды. Жүз блок әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде он минутқа тең болатын блоктар секциясын құрайды.
Әрбір блоктың және блоктардың кіші секциясының және секциясының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган беретін өздерін сәйкестендіруші координаттары мен жеке кодтары болады. Барлау учаскесінің (барлау аумағы) немесе геологиялық зерттеу учаскесінің (геологиялық зерттеу аумағы) аумағы бір немесе одан көп блоктардан тұруы мүмкін. Егер аталған аумақ екі немесе одан да көп блоктан тұратын болса, осы аумақтағы әрбір блоктың оның ең болмағанда басқа бір блогымен ортақ жағы болуға тиіс.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, барлау немесе геологиялық зерттеу аумағы блоктың бір бөлігін (толық емес блокты) қамтуы мүмкін. Егер көрсетілген аумақ екі және одан көп толық емес блоктардан тұрса, әрбір мұндай блоктың ең болмағанда осы аумақтың басқа бір толық немесе толық емес блогымен ортақ жағы болуға тиіс.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі (өндіру учаскесі), кен іздеушілік (кен іздеушілік учаскесі) пен жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі (жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесі) операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесі аумағының сыртқы шекаралары тіктөртбұрышты құрауға тиіс. Егер табиғи ерекшеліктер немесе өзге жер қойнауы учаскесінің шекаралары тиісті өндіру учаскесі, кен іздеушілік учаскесі немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесі аумағының сыртқы шекараларын тіктөртбұрыш формасында анықтауға мүмкіндік бермесе, мұндай жер қойнауы учаскесінің аумағы төртбұрыш формасында болуы мүмкін, оның ең болмағанда қарама-қарсы екі жағы бір-біріне параллель болуға тиіс.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, өндіру учаскесінің аумағы көпбұрыш формасында болуы мүмкін.
20-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының туындау және оны алу негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы мыналардың:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың негізінде туындайды.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы;
3) түрленуді не мұрагерлікті қоспағанда, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорлық тәртібімен жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы жағдайларында алынады.
21-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату негіздері
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген негіздер болмаса, ешкімді жер қойнауын пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуының тоқтатылуымен қоса тоқтатылады.