Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға өндіру кезеңін бекіту туралы өтінішті дайындық кезеңі ішінде береді.
Егер құзыретті органның өтінішті қарауы кезеңінде өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі бойынша барлау кезеңі немесе дайындық кезеңі аяқталса, онда келісімшарт осындай жер қойнауы учаскесіне қатысты - өтінішті қарау кезеңінде, ал осы баптың 12-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда осы баптың 15 - 18-тармақтарында көзделген әрекеттерді жүзеге асыру кезеңінде қосымша қолданылуын жалғастырады. Бұл ретте осындай жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
9. Өндіру учаскесі мен кезеңін немесе тек қана өндіру кезеңін бекіту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру учаскесіне (учаскелерін ) нұсқау;
4) өндіру кезеңінің (кезеңдерінің) ұзақтығы қамтылуға тиіс.
10. Өтінішке қосымша:
1) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, учаскені (учаскелерді) және өндіру кезеңін (кезеңдерін) немесе өндіру кезеңін (кезеңдерін) бекітуді көздейтін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа толықтыру қоса беріледі. Бұл ретте өндіру учаскесін (учаскелерін) бекіту мақсатында келісімшартқа толықтыруда осы Кодекстің 110-бабына сәйкес өндіру учаскесін (учаскелерін) белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс;
119-баптың 10-тармағының 2) тармақшасындағы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін «геологиялық қорлар», «геологиялық қорлардың», «геологиялық қорларға» деген сөздер тиісінше «қорлар», «қорлардың», «қорларға» деген сөздермен ауыстырылды 277-баптың 7-тармағының редакциясында қолданылады
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған геологиялық қорларды есептеу бойынша есеп (есептер);
3) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасы қоса беріледі.
11. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
12. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган мынадай шешімдердің бірін:
1) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өндіру учаскесін және кезеңін немесе тек қана өндіру кезеңін бекіту туралы шешімді;
2) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайда осы бапта көзделген мерзімде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы шешімді;
3) өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тарту туралы шешімді қабылдайды.
13. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес болмаса;
2) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса, өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тартады.
Құзыретті органның өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны тиісінше барлау кезеңі немесе дайындық кезеңі ішінде қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
14. Осы баптың 12-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда құзыретті орган өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекіту туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
15. Осы баптың 12-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда құзыретті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
16. Келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде:
1) өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін, сондай-ақ осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін бекітуді көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыруды жасау туралы;
2) келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды және бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
17. Осы баптың 16-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуді, сондай-ақ осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтыруды жібереді. Бұл ретте, өндіру учаскесін бекіту мақсатында осы Кодекстің 110-бабына сәйкес келісімшартқа толықтыру өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтуға тиіс.
18. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыруды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде мұндай толықтыруға қол қояды және жер қойнауын пайдаланушыға оның қол қойылған бір данасын жібереді.
19. Осы баптың 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының табуға және бағалауға жұмсалған шығындарын өтетуге құқығы бар.
Мұндай өтеуді жаңа жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпаратының негізінде айқындалатын инфляцияны ескере отырып, тиісті шығындардың толық сомасын бір уақытта төлеу тәртібімен жүзеге асырады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және жаңа жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасасқан күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.
Жаңа жер қойнауын пайдаланушы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Өтелетін шығындардың мөлшері туралы жаңа және бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы арасында дау туындаған жағдайда, мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
120-бап. Көмірсутектерді өндіру кезеңін ұзарту
1. Өндіру кезеңін құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қатарынан келетін жиырма бес жылға дейінгі кезеңге ұзартады.
2. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталардан кемінде алты ай бұрын, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталарға дейін жиырма төрт айдан кешіктірмей береді.
3. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутекті барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) нұсқау;
4) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын мерзім қамтылуға тиіс.
4. Өтінішке қосымша:
1) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі ұзартылған жағдайда жер қойнауы учаскесінде орындауға міндеттенетін жұмыстар көлемін, сипатын және орындау мерзімін қамтитын жұмыс бағдарламасы;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған өндіру кезеңінің сұралатын ұзарту мерзімі ішінде кен орнын әзірлеуді көздейтін кен орнын әзірлеудің жобасы қоса беріледі.
5. Егер есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорлары жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, өндіру кезеңін ұзарту кезіндегі келісімшарттың ережелері осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірімен толықтырылуға тиіс.
Егер мұндай кен орнына қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы басқа тұлғаға берілсе, онда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірі қосылады.
6. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап - екі ай ішінде, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша жиырма төрт ай ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган ұзарту туралы шешім қабылдайды немесе мұндай ұзартудан бас тартады.
7. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімнен кеш берілсе;
2) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес болмаса;
3) егер кен орнын әзірлеу жобасында өтініште сұралатын мерзімнен аз мерзімде әзірлеу көзделсе;
4) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса;
5) құзыретті органның келісімшартты ұзартуға ниеті болмаған, оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушының қосылған құны жоғары өнім (неғұрлым жоғары қайта жасалған және қайта өңделген) өндіруді көздейтін индустриялық-инновациялық жобаны не осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделгендерді қоса алғанда, өзге де инвестициялық міндеттемелерді іске асыру бойынша міндеттемелер қабылдау жөнінде онымен келісімге келмеген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартудан бас тартады.
Осы тармақтың 1) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның өндіру кезеңін ұзартудан бас тартуы өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
8. Өндіру кезеңін ұзарту өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша ғана жүргізіледі.
9. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгі келісімшартқа сәйкес келсе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өндіру кезеңін ұзартуды және жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 4-тармағында 1) тармақшасында көрсетілген және келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін жұмыс бағдарламасын орындау жөніндегі міндетін көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалады.
10. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутекті барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келмесе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде көмірсутектерді өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт жасалады.
11. Егер келісімшарт шеңберінде көмірсутектерді өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленсе, онда өндіру кезеңі ұзартылған кезде келісімшарт талаптары Қазақстан Республикасының осындай ұзарту күніне қолданыста болатын заңнамасына сәйкес келтірілуге тиіс.
18-тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру шарттары
121-бап. Көмірсутектерді барлаудың және өндірудің жалпы шарттары
1. Коллектор-жыныста және өткізбейтін жыныстар жапқыштарында түзілген тұтқыштағы көмірсутектердің табиғи оқшау жинақталуын қамтитын жер қойнауының бір бөлігі көмірсутектер жатыны деп танылады.
2. Есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған бірыңғай құрылымдық элементпен бақыланатын және жергілікті бір алаңда орналасқан, бір немесе бірнеше тұтқыштарға жататын кенжатын немесе кенжатындар жиынтығы көмірсутектер кен орны деп танылады.
3. Ұңғымадан көмірсутектердің ағымын құжатпен растау арқылы алу, оның ішінде қабатты сынағышпен сынамалау жүргізген кезде және (немесе) мұнай-газдың мол болуына коллектор-жынысты зертханалық зерттеу кезінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде растаған жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) ашылуы табу болып табылады.
4. Көмірсутектер кенжатындарын іздеустірмен және бағалаумен байланысты, олардың сынамалап пайдаланылуын қоса алғандағы жұмыстар кешені көмірсутектерді барлау деп танылады.
5. Көмірсутектер кенжатындарын табу, олардың болжамдық ресурстарын айқындау, алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау және одан арғы геологиялық барлау жұмыстарын негіздеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар іздестіру жұмыстары деп танылады.
6. Табылған кенжатынды контурлау және бағалау, өнеркәсіптік санаттар бойынша қорларды есептеу және оларды өнеркәсіптік әзірлеуге тарту орындылығын бағалау мақсатында жүргізілетін жұмыстар бағалау жұмыстары деп танылады.
7. Қабаттар мен кенжатынның, кен орнын әзірлеу жобасын жасау үшін ұңғымаларды кешенді геологиялық-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеудің геологиялық-кәсіпшілік сипаты туралы қолда бар ақпаратты нақтылау және қосымша ақпарат алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар сынамалап пайдалану деп танылады. Сынамалап пайдалану ұңғымалар мен көмірсутектерді өндіруді зерттеу мақсаттарында уақытша пайдалануды көздейді.
8. Жер қойнауынан көмірсутектерді жердің бетіне шығарумен байланысты жұмыстар кешені көмірсутектерді өндіру деп танылады.
9. Көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауының жекелеген учаскелерін пайдалану ұлттық қауіпсіздікті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
10. Елді мекендердің, қала маңындағы аймақтардың, өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінің аумақтарында көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалануға, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға нұқсан келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.
11. Сынамалап пайдалануды қоса алғанда, іздестіру және бағалау жұмыстарын, сондай-ақ көмірсутектер кен орындарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларында белгіленеді.
12. Көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде мәміле жасау күніне қалыптасқан қолданатын бағадан аспайтын баға бойынша, көмірсутектерді сатып алуға басқа тұлғалар алдында Қазақстан Республикасының басым құқығы болады.
Жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде қолданатын көмірсутектер бағасы туралы ақпарат болмаған жағдайда, көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, көмірсутектерді мемлекеттің сатып алуы бойынша мәміле жасалған күнге әлемдік нарықта қалыптасқан бағадан аспайтын баға қолданылады.
Сатып алынатын көмірсутектердің шекті көлемі және төлем түрі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалады.
13. Қазақстан Республикасының көмірсутектерді сатып алуға арналған басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
14. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесіне) ауыртпалық салу, сондай-ақ осы Кодексте тыйым салынбаған, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлға тікелей немесе жанама бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салу осы Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен берілетін құзыретті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
15. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге қойып алынған қарызды жер қойнауын пайдалану не жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген Қазақстан Республикасының аумағында кейіннен қайта бөлу ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушының өзі немесе жарғылық капиталында жер қойнауын пайдаланушының жүз пайыз қатысу үлесі бар еншілес ұйым пайдалануға тиіс.
16. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесі бастапқыда кемінде елу пайызды құрауға тиіс.
Оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесінің көрсетілген мөлшері кейіннен жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарт бойынша қабылдайтын шешімдерге ұлттық компания өз бақылауын сақтаған жағдайда төмендетілуі мүмкін.
17. Ұңғымаларды пайдалану, оның ішінде барлау кезіңде пайдалану және геологиялық-техникалық іс-шараларды орындау құжаттандыруға жатады. Құжаттаманы жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі аяқталғанға дейін сақтайды.
122-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, көмірсутектерді барлау және өңдеу кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану
1. Мыналар:
1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;
2) жоғарғы технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық жағынан тиімді пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау көмірсутектерді барлау мен өңдеуді жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын, ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы болып түсініледі.
2. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау:
1) халықтың өмірін және денсаулығын қорғауға;
2) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге;
3) жер сілкінуді, көшкінді, су басуды, топырақтың шөгуін болдырмау мақсатында жер қойнауының үстіңгі бөліктерінің энергетикалық жай-күйінің қасиеттерін сақтауға;
4) су объектілерінің табиғи жай-күйін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық жүйелерді және басқа да іс-шараларды қамтиды.
3. Мыналар:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін көмірсутектер, кен орындары мен жер қойнауы учаскелері қорларының ауқымы мен құрылымын дұрыс бағалау үшін жер қойнауын алдын ала геологиялық зерттеудің толықтығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) жер қойнауынан пайдалы қазбалар алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) қорларды және өндірілген көмірсутектерді, ілеспе құрауыштарды анық есепке алуды жүргізу;
5) су жинау алаңдарында және ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын жерасты сулары жинақталған жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
6) көмірсутектерді немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;
7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскелерін консервациялаудың, сондай-ақ жекелеген технологиялық объектілерді жою мен консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;
8) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
9) шикі газды маңызды стратегиялық энергия көздерін не мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат ресурстарын алу және қоршаған ортаға залалды барынша азайту мақсатында қайта өңдеу арқылы оны барынша пайдалану көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектердің кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және жер қойнауын қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.
5. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша осы Кодекске сәйкес белгіленген талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен айқындайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінің аумағындағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды балансқа қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.
7. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының жай-күйіне мониторинг жүргізуді және кен орындарын әзірлеуге бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
123-бап. Көмірсутектерді барлау шарттары
1. Іздестіру және бағалау жұмыстары барлау жұмыстарының жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушы барлау кезеңінде және осы Кодексте белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлау аумағында көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстардың кез келген түрін жүргізуге құқылы.
3. Көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстар жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген әдістермен және тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
4. Көмірсутектерді барлау кезінде барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген ұңғымаларды бұрғылауға жол беріледі.
5. Жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) әрбір ашылуы кезінде жер қойнауын пайдаланушы осылай ашылған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға табуда растау туралы өтінішті жібереді.
6. Табуды растау туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) ашық кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) орналасқан жеріне нұсқау қамтылуға тиіс.
7. Өтінішке табудың мынадай құжаттамалық растаулардың кем дегенде біреуі:
1) жер қойнауын пайдаланушының ұңғымадан көмірсутектер ағынын алғанын, оның ішінде оны қабаттарды сынағышпен сынамалау жүргізген кездегі құжаттамалық растау;
2) кемінде отыз пайыз коэффициентті мұнаймен немесе газбен қаныққанын растайтын жыныс-коллекторын зертханалық зерттеудің тиісті түрде ресімделген нәтижелері қоса беріледі.
8. Өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растау туралы шешім қабылдайды немесе растаудан бас тартады.
9. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растаудан:
1) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) қоса берілген табуды құжаттамалық растау болмаған немесе анық болмаған жағдайда бас тартады.
10. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның табуды растаудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
11. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растаған күннен бастап бір ай ішінде бұл туралы құзыретті органды жазбаша хабардар етуге және бағалау бойынша жұмыстарды жүргізуді көздейтін барлау жұмыстары жобасына толықтыруларды әзірлеуді бастауға міндетті.
12. Барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) барлау жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылатын техникалық құралдардың зерттелетін жер қойнауын пайдалану объектісіне сәйкес оңтайлы болуын;
2) жұмыстың барлық егжей-тегжейлерін, алынған зерттеу деректері мен нәтижелерінің геологиялық құжаттамада уақтылы және анық көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
13. Барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған сынамалап пайдалану жобасына сәйкес табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалануды жүргізуге құқығы бар.
Сынамалап пайдаланудың ұзақтығы үш жылдан аспауға тиіс.
14. Жер қойнауын пайдаланушы өзінің технологиялық қажеттіліктеріне тұтынылатын немесе осы Кодекс талаптарына сәйкес жағылатын көмірсутектерді қоспағанда, өзіне тиесілі, барлау кезеңінде өндірілген көмірсутектерді толық көлемде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына беруге міндетті.