2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі Хатшысының - Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының қызметін бағалауды Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы жүргізеді.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымынан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізу тәртібі мен мерзімдеріне сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.
Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.
7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.
34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау - жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау - қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру - олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды.
35-бап. Көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бір рет ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу нысандарының біреуі ғана және мемлекеттік органның актісінде нақты сіңірген еңбегі көрсетіле отырып, бір рет қана қолданылуы мүмкін.
Көтермелеуді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.
36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы
Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету
1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді.
Осы мемлекеттік органдағы, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар деп неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде - неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік қызметшіге оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде ауысу тәртібімен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша мемлекеттік лауазымға орналасуына жол берілмейді.
38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 42-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.
Орталық мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, облыстық атқарушы органдар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық атқарушы органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының міндеттерін үш айдан аспайтын кезеңге уақытша жүктеуге жол беріледі.
Бұл ретте, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық мемлекеттік лауазым міндеттері жүктелмейді.
Сайланған әкімнің міндеттерін басқа мемлекеттік әкімшілік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай уақытша жүктеу жоғары тұрған әкімнің өкімімен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.
39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы
2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелеріне, халықаралық және өзге де ұйымдарға олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша іссапарға жіберілуі мүмкін.
2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.
40-бап. Мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметке шақырылуы
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41-бап. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау
2020.30.12. № 393-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады.
Мемлекеттік саяси қызметшілерді және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп оларды тиісінше бос немесе уақытша бос мемлекеттік саяси лауазымдарға және «А» корпусының мемлекеттік лауазымдарына не мемлекеттік саяси қызметшілер мен «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына не «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді; 2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Ротация жүргізудің тәртібінде және мерзімдерінде, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттарында және лауазымдарында көзделген жағдайларда ротациядан бас тарту, осы тармақтың алтыншы бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының Президенті өзге шешім қабылдамаса, бір жыл ішінде адамды ротация жүзеге асырылған алдыңғы лауазымға, сондай-ақ ротациядан бас тартуына байланысты лауазымы төмендетілген немесе қызметтен шығарылған лауазымға тағайындауға жол берілмейді.
Басқа елді мекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі, ал қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық міндеттерін атқаруы кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге берілетін ротациялық төлемдердің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес ротациялық төлемдер жүргізіледі.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін өңіраралық ротациялауды үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедектігі бар адам, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) болып табылатын немесе асырауында мүгедектігі бар ата-анасы (ата-аналары) не Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасы (ата-аналары) бар мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге көшуге байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі.
Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
2021.24.05. № 42-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
42-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде азаматтарды жұмысқа қабылдау
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтік қажеттілік жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін азаматтарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.
Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.
«А» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдары бойынша көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына белгіленген арнайы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін адамдар қатарынан жүзеге асырылады.
2. Міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттік орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
7-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП
43-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы
1. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады
Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады.
2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік қызметшілердің өздеріне қатысты мемлекеттік орган қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:
1) бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;
2) бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан жағдайлардың жиынтығы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) - мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Теріс себептермен қызметтен шығаруға алып келетін тәртіптік теріс қылық жасаған адамдарды өз еркімен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау да тәртіптік теріс қылықтар деп танылады.
3. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
2021.24.05. № 42-VII ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
2021.24.05. № 42-VII ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды; 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 4-1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-1) өз қызметін сайлану негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдағы төмен тұрған келесі бос мемлекеттік лауазым болғанда және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
5. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда - қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
7. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
8. Тәртіптік жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;
2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;
3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі.
10. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
45-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері
1. Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.