Атқару құжатында:
шешім шығарған соттың атауы;
iстiң нөмiрi және шешiм шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешiмнiң заңды күшiне енген күні;
атқару құжаты берiлген күн;
өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күнi, оның тұрғылықты немесе орналасқан жері, оның тұрғылықты жері бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер және жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, іс жүзінде орналасқан жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетiлсе), туған күнi, оның тұрғылықты немесе орналасқан жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, оның жұмыс орны және борышкер жұмыс істейтін заңды тұлғаның банктік деректемелері туралы мәлiметтер (егер iстiң материалдарында бар болса), банктік деректемелер мен жеке сәйкестендiру нөмiрi (егер iстiң материалдарында бар болса) немесе егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, іс жүзінде орналасқан жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi көрсетiлуге тиiс.
Атқару құжатының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi әділет органы бекiтедi.
5. Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушысына орындау үшін жібереді.
Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуге тиіс.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi атқару құжатына қоса беріледі. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.
Егер атқару әртүрлi орындарда жүргiзiлуге тиіс болса не егер шешiм бiрнеше талап қоюшының пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шығарылса, сот өндiрiп алушылардың өтiнiшi бойынша атқару орнын не осы атқару құжаты бойынша орындалуға тиiс шешiмнiң сол бөлiгiн дәл көрсете отырып, бiрнеше атқару құжатын жазып береді.
Сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса береді. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, сот актісінің көшірмесі не оның үзiндi көшірмесі судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында қоса беріледі.
6. Сот процестік құқық мирасқорлығы туралы ұйғарым шығарған жағдайда сот шешімі шығарылғаннан және ол орындауға жіберілгеннен кейін жаңа борышкер көрсетіле отырып, атқару құжаты жазып беріледі.
7. Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешiм шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге не «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген орындау мерзімі өткен соң орындалмау себептерi туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Сот атқарушылық құжатты аумағы бойынша тиісті әділет органына жіберген немесе егер атқарушылық құжат өндіріп алушыға сот шешімінің орындалуы туралы хабарланғанға дейін берілген жағдайда, борышкер өндіріп алушыны хабардар етеді.
8. Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
242-бап. Соттың атқару парағының немесе сот бұйрығының телнұсқасын беруі
1. Атқару парағының немесе сот бұйрығының төлнұсқасы (бұдан әрі - атқару құжаттары) жоғалған жағдайда шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот өндіріп алушының арызы немесе сот орындаушысының ұсынымы, әділет органының өтінішхаты бойынша атқару құжаттарының телнұсқаларын бере алады.
2. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатын орындауға ұсыну үшін белгіленген мерзім өткенге дейін сотқа берілуі мүмкін.
Егер атқару құжаты орындау барысында жоғалған болса және бұл туралы өндіріп алушыға оны орындауға беру үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін белгілі болса, атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатының жоғалғаны туралы өндіріп алушыға белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілуі мүмкін.
3. Сот атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз іске қатысатын адамдарға отырыстың өткізілетін уақыты мен орны хабарлана отырып, сот отырысында қаралады, алайда олардың келмеуі телнұсқаны беру туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды қарау кезінде сот атқару құжатының жоғалғаны туралы дәлелдемелерді тексереді және зерттейді.
5. Соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
243-бап. Дереу орындалуға жататын шешiмдер
Мынадай:
1) алименттер алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақыны, бiрақ үш айдан аспайтын жалақыны алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) денсаулыққа зақым келуден, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянды, бiрақ үш айдан аспайтын зиянды өтеу туралы;
5) ереуiлдi заңсыз деп тану туралы;
6) қаржы ұйымдарын және банк конгломератына бас ұйым ретінде кiретiн және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
7) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремистік немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, оның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы;
8) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;
9) астық қабылдау кәсіпорнын немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу, ұзарту және мерзімінен бұрын аяқтау туралы;
10) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы;
11) борышкерді банкрот деп тану туралы шешiмдер дереу орындалуға тиiс.
244-бап. Соттың шешiмдi дереу орындауға жiберу құқығы
1. Егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешiмдi орындаудағы кiдiрiс өндiрiп алушы үшін елеулi нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе шешiмдi орындау мүмкiн болмайтын болса, сот талап қоюшының өтiніші бойынша шешiмдi дереу орындауға жiбере алады.
2. Шешiмді дереу орындауға жол берілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешiмiнiң күшi жойылған жағдайда шешiмнiң орындалуын бұруды қамтамасыз етудi талап ете алады.
3. Шешiмдi дереу орындауға жіберу туралы мәселе, егер ол шешiм шығарылған кезде шешiлмесе, сот отырысында қаралады. Iске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi сот шешiмiн дереу орындау туралы мәселені шешу үшін кедергi болмайды.
4. Шешiмдi дереу орындау туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Шешiмдi дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым жасау, наразылық білдіру осы ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
245-бап. Шешiмнiң орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындалуға жiберiлмеген шешiмдi орындауды осы Кодекстің 15-тарауының қағидалары бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот атқару парағын аумақ бойынша тиiстi әділет органына орындау үшiн жiбергенге дейiн осы әрекеттердi жүргiзедi.
246-бап. Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмiн немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту
1. Іс бойынша шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот, сондай-ақ шешім орындалатын жердегі сот өндіріп алушысы мемлекет болып табылатын атқарушылық іс жүргізулер бойынша мемлекеттік сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) тараптардың арызы бойынша, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мән-жайлар туындаса, шешімді орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі, атқарушылық iс жүргiзудегі тараптардың арызы бойынша сот шешімін орындауды кейінге қалдыруы немесе оның мерзімін ұзартуы мүмкін.
2. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша сот олардың арасында жасалған татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге құқылы.
3. Мемлекеттік сот орындаушысының өтінішхаты немесе атқарушылық iс жүргiзудегi тараптардың арызы, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келiсiмі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Iске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi өтінішхатты немесе арызды шешу үшін кедергi болмайды.
Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы арызды, өтінішхатты сот арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Соттың осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген:
осы Кодекстің 238-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру, оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;
осы Кодекстің 177-бабының жетінші бөлігіне сәйкес татуласу келiсiмін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы ұйғарымдарына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
247-бап. Сот шешiмiн орындауды бұру
1. Заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған бірінші сатыдағы сот шешiмiнің, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот қаулысының күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған жағдайда талап қоюшыдан күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiп алынады (шешiмнiң орындалуын бұру).
2. Шешiмнiң орындалуын бұру орындалған сот шешімі толық немесе бір бөлігінде күшін жойған және іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым немесе талапты қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған жағдайда да жүргізіледі.
248-бап. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды қарау
1. Бұрын шығарылған шешім толық немесе бір бөлігінде орындалған іс бойынша жаңа шешiм шығарған сот шешімнің орындалғаны туралы дәлелдемелер ұсынылған кезде жаңа шешімде жауапкердің орындалуды бұру туралы арызын қарайды және шешеді.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындалуды бұру туралы мәселені шешпесе, жауапкер шешiмнің орындалуын бұру туралы арызбен бірінші сатыдағы сотқа жүгінуге құқылы.
3. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Арыз талап қоюшы мен жауапкерді, ал қажет болған кезде, сотқа күші жойылған сот шешімінің орындалуы туралы мәліметтерді табыс етуге тиіс әділет органын да хабарландыра отырып, жеке сот отырысында қаралады.
Көрсетілген тұлғалардың сот отырысына келмеуі орындалуды бұру туралы арызды шешу үшін кедергі болмайды. Сот шешімі орындауда жатқан жағдайда іс жүргізуінде тиісті атқарушылық ісі жатқан сот орындаушысы сот отырысына келуге және оны сотқа ұсынуға міндетті.
4. Шешiмнiң орындалуын бұру туралы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
249-бап. Сот орындаушысының ұсынымдарын қарау
1. Сот орындаушысының ұсынымында атқарушылық іс жүргізу тараптарының деректемелері мен орналасқан жері, оны қозғау күні, атқарушылық құжаттың орындалу барысы туралы мәліметтер, өтініштің негіздері қамтылуға тиіс.
Ұсыным көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген, сондай-ақ сот орындаушысы ұсынымды қайтарып алу туралы арыз берген жағдайда, сот ұсынымды оған қоса берілген құжаттармен қоса қайтарады.
2. Сот орындаушысының ұсынымын судья ол сотқа келіп түскен күннен бастап он күннің ішінде шешеді. Сот борышкерге және өндіріп алушыға сот орындаушысының келіп түскен ұсынымы туралы хабарландырады, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабарландырылған борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды. Судья сот орындаушысының ұсынымын қарап, ұйғарым шығарады, оған шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға бес жұмыс күні ішінде салып жіберіледі.
250-бап. Сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасау
1. Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзу процесіндегi атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі, оның ішінде сауда-саттықты даулау жөніндегі әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) не осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым беруі мүмкiн.
Шағым әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабардар етілмеген өндiрiп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгiлi болған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде аумақтық учаскенің сот орындаушысы қызмет көрсететін аудандық (қалалық) сотқа не жеке сот орындаушысының тіркелген жері бойынша берiледi. Егер сот орындаушысы қызмет көрсететін аумақтық учаске не жеке сот орындаушысы тіркелген жер атқарушылық әрекеттер жасалатын жермен бір елді мекенде болса, шағым атқарушылық әрекеттер жасалатын жер бойынша беріледі.
Жоғары тұрған органдарға және жоғары тұрған лауазымды адамға бағыныштылық тәртiбiмен алдын ала жүгiну сотқа шағым беруге кедергі болмайды.
2. Сот шағымды істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Істі сот талқылауына дайындау осы Кодекстің 165-бабының қағидалары бойынша он жұмыс күні ішінде жүргізіледі, оны ұзартуға жол берілмейді.
Сот өндіріп алушыны, борышкерді және сот орындаушысын сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырады, алайда олардың келмеуі шағымды шешу үшін кедергі болмайды.
3. Сот шағымды негізді деп танып, сот орындаушысының әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы шешім шығарады және оны жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға не өндіріп алушының немесе борышкердің бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін өзге тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.
Шешімнің көшірмесі аумағы бойынша әділет органдарына жіберіледі.
Егер көрсетілген әрекеттерді тек сот орындаушысы ғана жасауы мүмкін болса, сот шешімде жол берілген бұзушылықтар жойылуға тиіс мерзімді белгілейді.
4. Сот, егер шағым жасалып отырған әрекеттер (әрекетсiздiк) сот орындаушысының өкiлеттiктерi шегiнде заңға сәйкес жасалғанын және борышкер мен өндiрiп алушы құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылмағанын анықтаса, сот шағымды қанағаттандырудан бас тартады.
5. Шешiмнiң орындалғаны туралы сотқа, өндіріп алушыға немесе борышкерге сот белгілеген мерзімде не соттың шешімі алынған күннен бастап бiр айдан кешіктірмейтін мерзiмде хабарлануға тиiс.
6. Сот орындаушысының мүлікті бағалауға байланысты, сондай-ақ мүлікті бағалау туралы есепті қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы әрекетіне осы бапта белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
251-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың құқықтарының қорғалуы
1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу iсiн жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот басқа да тұлғалардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы арыздарын осы Кодекстiң 250-бабында көзделген тәртiппен қарайды. Мұндай арыздар тыйым салынған мүлiктi өткізгенге дейiн берiлуi мүмкiн.
Өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiлігiне байланысты құқық туралы дауды басқа тұлғалар әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе адамға бұл туралы белгілі болған күннен бастап мәлiмдеуі мүмкін. Мұндай талаптарды сот талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарайды.
2. Меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, жалға алу, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңда немесе шартта көзделген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн тұлғалар мүлiкті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қоюлар бере алады.
3. Мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі.
4. Егер сот орындаушысы мүлiкке тыйым салуды тәркiлеуге жататын нәрселер көрсетілмеген, мүлiктi тәркiлеу туралы үкімді, қаулыны орындау шеңберінде жүргiзсе, сотталған адам және мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады.
Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiсті мүлiк мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органда болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берілсе, онда осы мүлiк заттай түрде қайтарылуға жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа көрсетілген сауда ұйымдары және басқа да ұйымдар iске қатысуға тартылады. Егер осы ұйымдар тізімдемеден алып тасталуға тиісті мүлікті сатпаған болса, онда оларға мүлікті заттай түрінде қайтару жөнінде міндет жүктеледі.
5. Судья мүдделi тұлғалардың арызына қарамастан, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайларды анықтап, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде мүлікті тыйым салудан босатуға (тізімдемеден алып тастауға) міндетті.
6. Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк өткізілген немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде талап қоюшыға мүлiктi өткізуден түскен сома өтеледi.
252-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау
1. Заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған уәждер мен негіздер жазылуға тиіс.
2. Соттың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.
3. Сот орындаушысының қаулысын сот материалдар сотқа түскен күні қарауға тиіс.
4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса берілген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді немесе санкция беруден бас тартады.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның қолымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот мөртаңбасын қою арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда судья атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Электрондық құжат нысанында берілген сот орындаушысының қаулысына санкция беруді сот судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тарқан жағдайда судья санкция беруден бас тарту туралы электрондық құжат нысанында уәжді ұйғарым шығарады.
5. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы сот санкциялаған қаулысына осы Кодекстің 250-бабында көзделген қағидалар бойынша шағым жасалуы мүмкін.
Атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
20-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ОРЫНДАУ
253-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына төрелік шешім шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төреші дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса беріледі:
1) төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік шешiмiнiң көшiрмесiн осы төреліктің басшысы растайды, төрелік шешімнің көшiрмесi нақты дауды шешу үшiн нотариатта куәландырылуға тиiс;
2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған төрелік келiсiмнiң төлнұсқасы немесе нотариат растаған көшiрмесi.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелік шешімді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiмді өткiзіп берілген, мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат және растаушы құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
5. Сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арыздың мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Сот өндiрiп алушының төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оны сот отырысында қарау орны мен уақыты туралы борышкерге хабардар етеді. Өндiрiп алушы да оның арызын қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Егер борышкерден сот отырысына келе алмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелік шешімді мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қараудың нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Соттың атқару парағын беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
254-бап. Атқару парағын беру
1. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 241-бабының қағидалары бойынша берiледi.
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған сот ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн.
255-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
1. Сот, егер:
1) өзiне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелік келiсiмнің - тараптар оны көндірген мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай нұқсау болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңдары бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелік шешім төрелік келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының не төрелік келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төреліктің ведомстволығына жатпайтыны салдарының;
төрелік келісім тараптарының біреуін соттың әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп танығанының;
өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенінің немесе төрелікке сот дәлелді деп таныған басқа да себептермен өз түсiніктерiн бере алмағанының;
сол бір тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелік шешім не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғанының;