12. Комиссия еркін қойма кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлар тізбесін және (немесе) тауарлар санаттарын айқындауға құқылы.
Қазақстан Республикасының аумағында еркін қойма кедендік рәсімі қолданылмайтын шетелдік тауарлардың тізбесін және (немесе) шетелдік тауарлардың санаттарын уәкілетті орган бекітеді.
13. Кеден органы еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың құрамына кіретін (кірген) ретінде сәйкестендіруі мүмкін бөлшектер, тораптар, агрегаттар оларды еркін қойма аумағынан әкету мақсатында еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар ретінде қаралады және оларға қатысты осы Кодекстің ережелері қолданылады.
293-бап. Тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1. Осы Кодекстің 8-бабына сәйкес шетелдік тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады.
2. Еркін қойманың иесі болып табылатын тұлғаға, сондай-ақ өзге де тұлғаларға:
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған тауарларды және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтамай, осы Кодекстің 294-бабы 8-тармағының 1), 3), 4) тармақшаларына сәйкес иеленуге және (немесе) пайдалануға беруге жол берілетін;
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған тауарларға және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты еркін қойманың аумағында осы Кодекстің 294-бабы 1-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген операцияларды жасауға жол берілетін жағдайларда, мұндай тұлғалар еркін қойма кедендік рәсімімен орналастыратын тауарлардың декларанты ретінде әрекет ете алады.
3. Мыналар:
1) осы баптың 5-тармағы және осы Кодекстің 294-бабының 5-тармағы ескеріле отырып, еркін қойманың жұмыс істеу мерзімі ішінде еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың оның аумағына қойылуы және онда болуы;
2) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды осындай кедендік рәсіммен орналастырған декларанттың не осы тарауға сәйкес айқындалған өзге де тұлғалардың пайдалануы;
3) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты осы Кодекстің 294-бабына сәйкес әрекеттерді жасау тауарларды еркін қойма кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары болып табылады.
4. Еркін қойманың жұмыс істеуі тоқтатылған кезде тауарларды еркін қойма кедендік рәсіміне сәйкес пайдаланудың осы баптың 3-тармағында айқындалған шарттары осы Кодекстің 296-бабының 3-тармағына сәйкес осы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін сақталуға тиіс.
5. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты болатын заңды тұлға иесі болып табылатын бірнеше еркін қойманың аумақтарына қойылуы және соларда болуы мүмкін жағдайларда осындай тауарлардың және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың осындай қоймалар арасында орын ауыстыруын, сондай-ақ мұндай жағдайларда кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін және осындай тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу ерекшеліктерін уәкілетті орган бекітеді.
294-бап. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты жасалатын әрекеттер
1. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған тауарларға және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты еркін қойма аумағында мынадай операцияларды жасауға жол беріледі:
1) сақтау;
2) тауарларды тиеу (түсіру) жөніндегі операциялар және сақтауға байланысты өзге де жүк операциялары;
3) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операциялар, сондай-ақ партияларды бөлшектеуді, жөнелтілімдерді қалыптастыруды, сұрыптауды, орауды, қайта орауды, таңбалауды қоса алғанда, тауарларды тасымалдауға (тасуға) және сатуға дайындау жөніндегі әдеттегі операциялар, тауарлық сапаларын жақсарту жөніндегі операциялар;
4) тауарларды қайта өңдеу (өңдеу), тауарларды дайындау (жинауды, бөлшектеуді, монтаждауды, шақтауды қоса алғанда), тауарларды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі, оның ішінде жасау кезінде еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар, тіпті егер тауарларды дайындау (алу) процесінде мұндай шетелдік тауарлар толық немесе ішінара жұмсалса (тұтынылса) және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың құрамында болмаса, тауарларды дайындауға (алуға) қатысатын немесе септігін тигізетін операциялар (бұдан әрі осы тарауда - еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар). Технологиялық процесте көмекші құралдар болып табылатын тауарлар (мысалы, жабдықтар, станоктар, құрал-жабдықтар) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде тауарларды дайындауға (алуға) қатысатын немесе септігін тигізетін шетелдік тауарларға жатқызылмайды;
5) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды, сондай-ақ еркін қойманы пайдалануға және оның жұмыс істеуіне байланысты өзге де операцияларды жасау мақсатында жабдықтарды, машиналарды және агрегаттарды, олардың қосалқы бөлшектерін қолдану (пайдалану);
6) тауарларды еркін қойма аумағында өндірістік мақсаттағы жылжымайтын мүлік объектілерін және көмекші инфрақұрылым объектілерін (бұдан әрі осы тарауда - жылжымайтын мүлік объектілері) салу мақсатында пайдалану;
7) осы Кодекстің 37-бабына сәйкес тауарлар сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеу;
8) қызмет аймағында еркін қойма орналасқан кеден органының рұқсатымен жүзеге асырылатын, еркін қойманы пайдалануға және оның жұмыс істеуіне байланысты өзге де операциялар.
2. Тауарларды толық немесе ішінара тұтыну, оның ішінде тауарды дайындау (алу), өндірістік процестерді қамтамасыз ету, еркін қойма аумағында пайдаланылатын жабдықтарды, машиналар мен агрегаттарды күтіп-ұстау және пайдалану процесінде, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерін салу мақсатында жұмсау (тұтыну) кезінде тұтыну фактісі осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес кеден органына ұсынылатын есептілікте көрсетуге жатады.
3. Осы баптың 1-тармағы 1), 2), 3), және 5) тармақшаларында көзделген операцияларды еркін қойма иесінің ғана жасауына жол беріледі.
Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген операцияларды уәкілетті орган белгілейтін шарттарда және тәртіппен еркін қойманың иесінен басқа өзге де тұлғалардың жасауына жол берілетінін белгілеуі мүмкін.
4. Кеден органының рұқсатымен еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойманың аумағынан еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтамай әкетуге мынадай жағдайларда:
1) жабдық немесе еркін қойманың иесі пайдалануға енгізген және қолданатын өзге де негізгі өндірістік құралдар не көрсетілген негізгі өндірістік құралдардың бөлшектері болып табылатын көрсетілген тауарлар жөндеу (күрделі жөндеуді, жаңғыртуды қоспағанда), техникалық қызмет көрсету немесе осындай тауарларды қалыпты (жұмыс) күйінде ұстауға қажетті басқа да операцияларды жасау үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан қалған бөлігіне әкетілетін;
2) көрсетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан қалған бөлігіне оларды техникалық сынау, зерттеу, тестілеу, тексеру жөніндегі, оның ішінде өндірістік процесте көзделген операцияларды жасау үшін, сондай-ақ оларды үлгілер ретінде көрсету үшін әкетілетін;
3) көрсетілген тауарлар Қазақстан Республикасының қалған бөлігіне осындай тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасауға құқығы бар кеден органында еркін қойманың шегінен тыс жердегі еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау жөніндегі кедендік операцияларды жасау үшін әкетілетін;
4) көрсетілген тауарлар осы Кодекстің 293-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, өзге еркін қойманың аумағына қою және сонда болуы үшін әкетілетін жағдайларда жол беріледі.
5. Осы баптың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тауарлар осындай операцияларды жасау мақсаттары мен мән-жайлары негізге алынып, кеден органы белгілеген мерзім өткенге дейін еркін қойманың аумағына кері әкелуге жатады. Кеден органы белгілеген мерзім осы тауарлар декларантының уәжді өтініш жасауы бойынша ұзартылуы мүмкін.
Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы кеден органы белгілеген мерзім өткенге дейін аяқталуға тиіс. Кеден органы белгілеген мерзім осы тауарлар декларантының уәжді өтініш жасауы бойынша ұзартылуы мүмкін.
Осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тауарлар кеден органы белгілеген мерзім өткенге дейін өзге еркін қойманың аумағына қойылуға тиіс. Кеден органы белгілеген мерзім осы тауарлар декларантының уәжді өтініш жасауы бойынша ұзартылуы мүмкін.
6. Кеден органының осы баптың 4-тармағында көрсетілген рұқсатты беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
7. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты осы тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын беруді көздейтін мәмілелердің жасалуы мүмкін. Бұл ретте осы баптың 8-тармағына сәйкес, көрсетілген тауарларды еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтамай беруге жол берілетін жағдайларды қоспағанда, еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен аяқталуға тиіс.
8. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған тауарларды және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтамай:
1) еркін қойманың аумағында құрылыс және (немесе) монтаждау мердігерлік жұмыстарын жүзеге асыратын мердігерге (қосалқы мердігерге) немесе өзге де тұлғаға;
2) оларды тасымалдау үшін тасымалдаушыға;
3) жөндеуді (күрделі жөндеуді, жаңғыртуды қоспағанда), техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және осындай тауарларды қалыпты (жұмыс) күйінде ұстауға қажетті басқа да операцияларды жасайтын тұлғаларға;
4) өндірістік процесте көзделген, осындай тауарларды техникалық сынау, зерттеу, тестілеу, тексеру жөніндегі операцияларды жасайтын, сондай-ақ оларды үлгілер ретінде көрсететін тұлғаларға;
5) осы баптың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда, еркін қойма аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты операцияларды жасайтын тұлғаларға иеленуге және (немесе) пайдалануға беруге жол беріледі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген тұлғаларға тауарларды иеленуге және (немесе) пайдалануға беру еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларантын тауарларды еркін қойма кедендік рәсіміне сәйкес пайдаланудың осы тарауда көзделген шарттарын сақтаудан босатпайды.
295-бап. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларда сәйкестендіру
1. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларда сәйкестендіру мақсатында мынадай тәсілдер:
1) еркін қойма иесінің немесе кеден органының лауазымды адамдарының еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларға мөрлер, мөртаңбалар басуы, цифрлық және басқа да таңбалауды жүргізу;
2) шетелдік тауарлар ауқымында егжей-тегжей сипаттау, суретке түсіру, бейнелеу;
3) шетелдік тауарлардың және шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың алдын ала іріктеп алынған сынамаларын және (немесе) үлгілерін салыстыру;
4) тауарлардағы, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде таңбалауды пайдалану;
5) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың сипаты және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу бойынша жасалатын операциялар негізге алынып, оның ішінде еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаудың технологиялық процесінде пайдалану туралы, сондай-ақ оларды өндіру технологиясы туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді қамтитын ұсынылған құжаттарды зерттеу жолымен немесе еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде кедендік бақылау жүргізу жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.
2. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларда сәйкестендіруді жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
296-бап. Еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау және тоқтату
1. Еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) еркін қойманың жұмыс істеуі тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде еркін қойманың жұмыс істеуі тоқтатылған;
2) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды:
осы Кодекстің 294-бабының 4-тармағында көрсетілген мақсаттарда;
егер осындай тауарлар өзінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтса және олардың сапасы қолдану мақсаттары үшін пайдалануға жарамсыз болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе оларды өзге де тәсілмен жою үшін әкету жағдайларын қоспағанда, осындай тауарлар еркін қойманың аумағынан әкетілген;
3) осы Кодекстің 294-бабының 8-тармағында көрсетілген жағдайларда тауарларды беруді қоспағанда, декларант еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын осы баптың 10-тармағына сәйкес өзге тұлғаға берген жағдайларда аяқталуға тиіс.
2. Еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде тауарлар еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған кезде олардың декларанты болып табылған тұлға тауарлардың декларанты болып әрекет ете алады.
3. Еркін қойманың жұмыс істеуі тоқтатылған кезде еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар орналастырылған еркін қойма аумағындағы кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы баптың 4 және 5-тармақтары ескеріле отырып, осы Кодексте көзделген кедендік рәсіммен орналастыру арқылы аяқталады не осы баптың 7 және 9-тармақтарына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады.
Еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес осы баптың 1-тармағының
1) тармақшасында көрсетілген мерзім өткен соң осы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады, ал тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
4. Тауарларды еркін қойманың аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкету үшін еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы:
1) мыналарды:
табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерден, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған және еркін қойманың аумағынан өзгертілмеген күйде әкетілетін шетелдік тауарларды;
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) және осы Кодекстің 299-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылмаған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен;
2) мыналарды:
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын;
Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларынан дайындалған (алынған) тауарларды;
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) және осы Кодекстің 299-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылған тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
5. Еркін қойманың аумағынан тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы:
1) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерден, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгертілмеген күйде еркін қойманың аумағынан әкетілетін еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды және осы баптың 6-тармағы ескеріле отырып, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды осы Кодекстің 207-бабы 2-тармағының 1), 4), 5), 7), 10), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдермен;
2) мыналарды:
табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерден, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгертілмеген күйде қалған еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын;
еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларынан ғана, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылмаған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары пайдаланылып дайындалған (алынған) тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
6. Егер еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар құрамына ішкі нарықты қорғау шараларының қолданылу аясына жататын шетелдік тауарлар кірсе, осындай тауарлар еркін қойманың аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды осы тауарларда сәйкестендірілсе, осы Кодекстің 207-бабының 2-тармағының 1) және 7) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсіммен орналастырылуы мүмкін.
7. Еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайда, сондай-ақ мынадай жағдайларда:
1) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан және олардың сапасы қолдану мақсаттары үшін пайдалануға жарамсыз болған, оның ішінде қалдықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болған жағдайда еркін қойманың аумағынан әкетіледі немесе көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою үшін еркін қойманың аумағында қалдырылатын жағдайларда кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптаманың көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге тәсілмен жою тәсілі мен орны көрсетілетін қорытындысын беру жолымен айқындалатын және көмілген, залалсыздандырылған, кәдеге жаратылған немесе өзге де тәсілдермен жойылған тауарлардың санына сәйкес келетін еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың бір бөлігіне қатысты еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталады. Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы қорытындыны беру Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы тауарлар авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайларда талап етілмейді. Осындай тауарларға қатысты еркін қойма кедендік рәсімін аяқтау үшін тауарларды авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан қайтарымсыз жоғалту фактісін растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.
Еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою осы тауарларды іс жүзінде көмуге, залалсыздандыруға, кәдеге жаратуға немесе өзге де тәсілмен жоюға қажетті уақыт, оларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою тәсілі мен орны негізге алынып, кеден органы белгілеген мерзімдерде, сондай-ақ көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында осындай мерзімдер болса, онда көрсетілген мерзімдер ескеріле отырып жүргізіледі.
Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты есебінен жүргізіледі.
Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою қызмет аймағында көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою жүргізілетін кеден органы кеден органының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілдерінен құратын комиссияның және декларанттың қатысуымен жүргізіледі. Қажет болған жағдайда еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды бақылауды жүзеге асыратын кеден органы өзге де мемлекеттік органдардың мамандарын және тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
Тауарларды іс жүзінде көмуден, залалсыздандырудан, кәдеге жаратудан немесе өзге де тәсілмен жоюдан кейін мынадай негізгі мәліметтерді:
көмудің, залалсыздандырудың, кәдеге жаратудың немесе өзге де тәсілмен жоюдың күні мен орнын;
еркін қойма кедендік рәсімін мәлімдеген тұлға туралы мәліметті;
көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметті;
көмілген, залалсыздандырылған, кәдеге жаратылған немесе өзге де тәсілмен жойылған тауарлардың атауларын, олардың өлшем бірліктеріндегі санын;
көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою тәсілін;
уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес өзге де мәліметтерді қамтитын, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісі жасалады.
Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісі комиссияның барлық мүшелерінің және қатысушы адамдардың қол қоюымен расталады, үш данада ресімделеді: бірінші данасы кеден органында сақталады; екінші данасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне беріледі; үшінші данасы декларантта қалады.
Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою фактісі фото- және (немесе) бейнетүсірілім қолданыла отырып тіркеледі, оның нәтижелері кеден органында сақталатын көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісіне қоса беріледі.
Еркін қойма кедендік рәсімі осы тармақшаның ережелері ескеріле отырып, тауарларды іс жүзінде көмумен, залалсыздандырумен, кәдеге жаратумен немесе өзге де тәсіл арқылы жоюмен аяқталады;
2) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылған және (немесе) қайтарымсыз жоғалған не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларында табиғи кему салдарынан қайтарымсыз жоғалған және осындай жойылу немесе қайтарымсыз жоғалу фактісін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органы таныған жағдайларда кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады.
Мұндай жағдайда еркін қойма кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
3) еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған, тауарды дайындау (алу) тауарларды дайындауға (алуға) қатысатын немесе септігін тигізетін өндірістік процестерді қамтамасыз ету, еркін қойма аумағында пайдаланылатын, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерін салу мақсатында жабдықтарды, машиналар мен агрегаттарды күтіп ұстау мен пайдалану процесінде қайтарымсыз жоғалған тауарлар толық немесе ішінара жұмсалған (тұтынылған) (өндірістік шығындар) жағдайларда кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады.
Бұл ретте еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар өндірістік шығындар санына сәйкес келетін және еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаудың технологиялық процесіне, сондай-ақ оларды өндіру технологиясына сәйкес айқындалатын бөлігінде осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес кеден органына ұсынылатын есептілікте көрсетілуге жатады.