2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 12-2-баппен толықтырылды
12-2-бап. Инновациялық кластер
1. Инновациялық кластер инфрақұрылымының элементтері:
1) Университет;
2) Университеттің мектептері мен ғылыми орталықтары;
3) ғылым жөніндегі орталық офис;
4) коммерцияландыру офисі;
5) тәжірибелік-эксперименттік цех;
6) келісімшарттық зерттеулер орталығы;
7) бизнес-инкубатор;
8) ғылыми парк;
9) технологиялық парк болып табылады.
2. Инновациялық кластерге қатысушыларға мынадай санаттардың бірі беріледі:
1) инноватор;
2) инновациялық компания;
3) жоғары технологиялық компания;
4) зерттеу орталығы.
3. «Инноватор» санаты мынадай шарттарға сай келетін өтінім берушіге беріледі:
1) өтінім беруші жеке тұлға болып табылады;
2) өтінім беруші ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырады және коммерцияландыру офисінің, тәжірибелік-эксперименттік цехтың базасындағы ғылыми зерттеулердің, ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың алынған нәтижелерін коммерцияландыру процесіне қатысушы болып табылады;
3) өтінім берушінің қызметі технологиялар трансфертіне, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижесі болып табылатын жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасауға және (немесе) ілгерілетуге бағытталады.
4. «Инновациялық компания» санаты мынадай шарттарға сай келетін өтінім берушіге беріледі:
1) өтінім беруші заңды тұлға немесе заңды тұлғаның, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаның филиалы, өкілдігі болып табылады;
2) өтінім беруші бизнес-инкубатордың, технологиялық парктің, ғылыми парктің, келісімшарттық зерттеулер орталығының базасындағы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру процесіне қатысушы болып табылады;
3) өтінім берушінің қызметі технологиялар трансфертіне, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижесі болып табылатын жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасауға және (немесе) ілгерілетуге бағытталады.
5. «Жоғары технологиялық компания» санаты мынадай шарттарға сай келетін өтінім берушіге беріледі:
1) өтінім беруші заңды тұлға болып табылады;
2) өтінім беруші ғылыми паркке қатысушы болып табылады және оның қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, жоғары технологиялық өнім өндіру жөніндегі қызмет түрлерінің тізбесіне кіретін өнімді өндіруге бағытталады.
6. «Зерттеу орталығы» санаты мынадай шарттарға сай келетін өтінім берушіге беріледі:
1) өтінім беруші заңды тұлға немесе заңды тұлғаның, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаның филиалы, өкілдігі болып табылады;
2) өтінім беруші ғылыми паркке қатысушы болып табылады және ғылыми-зерттеу қызметін және тәжірибелік-конструкторлық қызметті жүзеге асырады.
7. Инновациялық кластерге қатысушыны іріктеу, оған мәртебе беру және одан айыру қағидаларын, сондай-ақ инновациялық кластер қызметінің тәртібін Университеттің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
8. Университет және оның ұйымдары инновациялық кластерге қатысушыларға Университеттің қамқоршылық кеңесі айқындайтын тәртіппен қолдау шараларын ұсынады.
Университет және оның ұйымдары инновациялық кластерге қатысушыларға ұсынатын қолдау шараларына:
1) инновациялық кластерге қатысушылардың жобаларын қоса қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды және гранттық қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру;
2) инновациялық кластерге қатысушылардың жарғылық капиталдарына инвестицияларды жүзеге асыру;
3) инновациялық кластерге қатысушыларды білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету;
4) инновациялық кластерге қатысушыларға ғылыми жобаларға тапсырыстар орналастыру;
5) инновациялық кластерге қатысушыларды қажетті үй-жайлармен қамтамасыз ету;
6) инновациялық кластерге қатысушыларға Университеттің және оның ұйымдарының зертханалық жабдығына, сондай-ақ Университеттің кітапхана қорларына рұқсат беру;
7) Университеттің қамқоршылық кеңесі айқындайтын өзге де қолдау шаралары жатады.
13-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде құрылтайшы Университетті және Зияткерлік мектептерді, оның ішінде жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы құру туралы шешім қабылдайды.
3. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларын қабылдағанға дейін аталған ұйымдар олардың құрылтайшылары бекіткен жарғылар негізінде жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 19-ы.
№ 394-IV ҚРЗ