4) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды және мониторингтеуді;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды;
6) биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың үлгілік бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді;
7) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын (жұмыс істеуді жүзеге асыру кезінде қосалқы функцияны орындайтын) мамандары мен көмекші персоналының еңбегіне ақы төлеудің үлгілік жүйесін әзірлеуді және бекітуді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен биологиялық қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыруды;
9) биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды;
10) коллекциялық қызметті есепке алуды және мониторингтеуді;
11) референттік (референс-) зерттеулерді жүзеге асыру және жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларын әзірлеуді және бекітуді:
12) патогенді және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыруға, жүргізуге және күтіп-бағуға уәкілеттік берілген ұйымдардың қызметін бюджет қаражатының есебінен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 7) тармақшаларында көзделген функцияларды өсімдіктер карантині жөніндегі және өсімдіктерді қорғау саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырмайды.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген функциялардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың және ғылыми сараптаманың нәтижелері бойынша адамның немесе болашақ ұрпақтардың денсаулығына қауіпті деп танылған биологиялық заттардың есепке алынуын жүргізуді жүзеге асырады.
11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының биологиялық қауіпсіздік саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде:
1) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды және жұмысты ұйымдастырады;
2) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес құрылатын жедел штабтар шеңберінде биологиялық қатерлерді болғызбау және олардың салдарларын жою жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асырады.
12-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұлттық мүдделерін қорғау;
2) Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін, қолайлы фитосанитариялық ахуалын қамтамасыз ету;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибені қолдану.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бағыттары мыналар болып табылады:
1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
2) биологиялық қауіпсіздік саласында мемлекетаралық деңгейде техникалық көмекті тарту және көрсету;
3) халықаралық инновациялық технологияларды ендіру және биологиялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғау жүйесін жаңғырту;
4) патогенді биологиялық агенттер пайдаланылатын және (немесе) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты терроризм актілерін және (немесе) диверсияларды болғызбау және олардың салдарларын жою;
5) Қазақстан Республикасын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мемлекетаралық және халықаралық жүйелеріне және өзге де халықаралық интеграциялық бірлестіктерге интеграциялау, халықаралық ғылыми алмасуға қатысу;
6) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен микроорганизмдер штаммдарын халықаралық депонирлеуге қатысу;
8) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ететін және (немесе) патогенді биологиялық агенттердің әсерінен туындаған халықаралық сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулауға және жоюға қатысу;
9) биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында мемлекетаралық өзара іс-қимыл жасау;
10) патогенді биологиялық агенттердің трансшекаралық орын ауыстыруын реттеу;
11) биологиялық қатерлерді болғызбау мақсатында халықаралық шарттарға сәйкес ақпарат алмасу.
3. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық ашықтық пен басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмаушылыққа негізделген.
3-тарау. БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
13-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы өлшемшарттар мен сыныптамалар
1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу патогенді биологиялық агенттердің патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасына негізделеді:
1) патогендігі I топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың өлім (өлім-жітім) деңгейі жоғары аса қауіпті инфекциялық ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, әдетте, оларға қатысты вакциналар және тиімді терапия құралдары жоқ патогенді биологиялық агенттер;
2) патогендігі II топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын патогенді биологиялық агенттер. Бұл топ:
аса қауіпті инфекциялық ауруларды;
инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды туғызатын патогенді биологиялық агенттер болып бөлінеді;
3) патогендігі III топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын не өсімдіктерге айтарлықтай зиян келтіруге қабілетті, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралуы ең аз деп сипатталатын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын патогенді биологиялық агенттер;
4) патогендігі IV топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын не өсімдіктерге зиян келтіруге қабілетті, әдетте, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралмайтын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын патогенді биологиялық агенттер.
2. Патогендігі ІІ топтағы патогенді биологиялық агенттер болып табылатын микроорганизмдердің аттенуацияланған (әлсіреген) штаммдары патогендігі ІІІ топтағы патогенді биологиялық агенттерге жатады.
Патогендігі ІІІ топтағы патогенді биологиялық агенттер болып табылатын микроорганизмдердің аттенуацияланған (әлсіреген) штаммдары патогендігі IV топтағы патогенді биологиялық агенттерге жатады.
3. Патогенді биологиялық агенттерді аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатындарға жатқызу өлшемшарттары және патогенді биологиялық агенттердің тізбесі олардың осы бапта көрсетілген патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасы ескеріле отырып, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы ұсынымдары, биологиялық тәуекелдерді бағалау нәтижелері ескеріле отырып қалыптастырылады.
14-бап. Биологиялық тәуекелдерді басқару
1. Биологиялық тәуекелдерді басқару қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен теріс салдарлардың туындау ықтималдығын төмендету мақсатында қолданылады.
2. Биологиялық тәуекелдерді бағалау биологиялық тәуекелдерді басқару элементі болып табылады және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қызметтің әртүрлі салаларында қауіпті биологиялық факторлардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын білдіреді.
3. Биологиялық тәуекелдерді бағалау патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге, инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарына және ықтимал ошақтық аумаққа қатысты жүргізіледі.
Биологиялық тәуекелдерді бағалау сыртқы және ішкі болып бөлінеді.
4. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды мемлекеттік органдар белгіленген құзыреті шегінде жүргізеді.
Биологиялық тәуекелдерге сыртқы бағалау жүргізу үшін мемлекеттік органдар өздерінің ведомстволық бағынысты ұйымдарын тартуға құқылы.
5. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалауды патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі өз қызметіне қатысты жүргізеді.
6. Биологиялық тәуекелдерді бағалау биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі оның ішінде ғылыми-әдістемелік база ескеріле отырып әзірленеді және онда биологиялық тәуекелдерді деңгейлері бойынша сатылау көзделуге тиіс.
7. Биологиялық тәуекелдерді олардың деңгейіне қарай бағалау нәтижелері қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен халықты қорғау және табиғи ортаның жекелеген компоненттерін сақтау үшін жағдайлар қамтамасыз етілетін, биологиялық тәуекелді оның жол берілетін (қолайлы) деңгейіне дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін пайдаланылуға тиіс.
8. Биологиялық тәуекелді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін, сондай-ақ биологиялық тәуекелдерге ішкі бағалауды жүргізу тиімділігін бақылау биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
9. Биологиялық тәуекелдің деңгейіне қарай уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын, орындалуы міндетті талаптарды әзірлейді.
15-бап. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру
1. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процесі құрамында патогенді биологиялық агенттер (ықтимал қауіпті биологиялық заттар) болуы мүмкін заттар мен материалдарды, оның ішінде табиғи ортаның жекелеген компоненттерінен, аса қауіпті инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушылардан (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерінен) іріктеу мен зерттеу арқылы жүзеге асырылатын оларды табуды қамтиды.
2. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны алуға;
2) биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу рәсімінен өтуге;
4) қол жетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға;
5) биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы статистикалық ақпаратты және өзге де есепке алу мен есептік құжаттаманы (ақпаратты) беруге;
6) биологиялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес биологиялық тәуекелдер деңгейін ескере отырып, ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің биологиялық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге;
7) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеудің барлық сатысында олармен қауіпсіз жұмыс істелуін бақылауды жүзеге асыруға;
8) биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға, осы Заңның 10-бабында көрсетілген мемлекеттік органдарға биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жәрдемдесуге;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның, ветеринария, өсімдіктерді қорғау саласындағы, өсімдіктер карантині жөніндегі, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелеріне, ғылым саласындағы уәкілетті органға патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процесіндегі авариялар (төтенше жағдайдың туындауы), жұмыскерлердің инфекциялық ауруларды жұқтыру фактілері туралы дереу хабар беруге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басшыларды, мамандарды және көмекші персоналды мерзімді медициналық қарап-тексеруден және зерттеп-қараудан өткізуді, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды жүргізуді, олардың білімін тексеруді ұйымдастыруға;
11) экспорттық бақылауға жататын патогенді биологиялық агенттерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы импорттау, экспорттау, кері экспорттау не транзиттеу кезінде Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
3. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттерден басқа:
1) патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, даярланған мамандардың болуын қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қолжетімділігі шектеулі режимді қамтамасыз етуге;
3) биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларында айқындалған тәртіппен:
қызметті жүзеге асыру кезінде қолданылатын ақпараттық жүйелерді биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграциялауға;
тиісті тізілімге енгізу үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға, ветеринария, ғылым саласындағы уәкілетті органдарға патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар туралы ақпарат беруге міндетті.
4. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі комиссияның (режимдік комиссияның) қорытындысы негізінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны береді.
5. Аса қауіпті инфекциялық аурулар туғызатын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық холдингке тиесілі өзге де заңды тұлғалар жүзеге асырады.
6. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс-) зерттеулер:
1) диагностикалық күрделі және сараптамалық жағдайларда;
2) аса күрделі жағдайларда зерттеулер жүргізуді қоса алғанда, патогенді биологиялық агенттерді сәйкестендіру мақсатында;
3) жаңадан анықталған патогенді биологиялық агенттерді зерделеу мақсатында;
4) күмәнді немесе даулы жағдайларда сараптамалық қорытынды беру үшін жүзеге асырылады.
7. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс-) зерттеулерді осы қызметке жіберілген ұйымдар референттік (референс-) зерттеулерді жүзеге асыру және жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
8. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы референттік (референс-) зерттеулерді жүзеге асыратын субъектілер ұлттық стандарттарға сәйкес келуге және сапаны сыртқы бағалау жүйесін ендіру және оның жұмыс істеуі жөніндегі ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты, сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтің сапасын сыртқы бағалауды жүзеге асыруға тиіс.
16-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг биологиялық тәуекелдерді басқару элементтері болып табылады және қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде:
1) мыналардың:
патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің;
ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің;
патогендігі I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттердің;
патогендігі І және ІІ топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың тізілімдерін жүргізу;
2) статистикалық ақпаратты және өзге де есепке алу мен есептік құжаттаманы (ақпаратты) жинау және талдау;
3) аумақты, табиғи ортаның жекелеген компоненттерін, аса қауіпті инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды жұқтырғыштар мен тасымалдаушыларды (оның ішінде олардың тіршілік ету өнімдерін), заттар мен материалдарды зерттеп-қарауды жүргізу, халықтың, жануарлардың, өсімдіктердің инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларының туындау себептері мен жағдайларын анықтау;
4) ведомствоаралық ақпарат алмасу;
5) халықаралық ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасу;
6) ашық дереккөздерден алынатын ақпаратты жинау, қорыту және талдау арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу тәртібі, биологиялық қауіпсіздік саласындағы статистикалық ақпараттың және өзге де есепке алу мен есептік құжаттаманың (ақпараттың) түрлері, биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені қалыптастыру және жүргізу тәртібі, сондай-ақ ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және беру тәртібі биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларында айқындалады.
17-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе биологиялық қауіпсіздік саласындағы орталықтандырылған есепке алу және мониторингтеу, биологиялық тәуекелдерді басқару, мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары арасында ақпарат алмасу арқылы жағдайды талдау, биологиялық тәуекелдерді болжау және модельдеу, үйлестірілген және жедел ден қою шараларын тұжырымдау мақсатында құрылады.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым биологиялық қауіпсіздік саласындағы ақпараттандыру объектілері болып табылады.
3. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері қозғалатын салаларда мемлекеттік реттеуді (қызметті) жүзеге асыратын мемлекеттік органдар (олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары), сондай-ақ патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілер биологиялық қауіпсіздік саласындағы ақпараттандыру субъектілері болып табылады.
4. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйе ақпараттандыру субъектілері беретін статистикалық ақпараттың және өзге де есепке алу мен есептік құжаттаманың (ақпараттың) негізінде қалыптастырылады.
5. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйеге келіп түсетін ақпарат біріздендірілген түрде жинақталады және биологиялық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай ұлттық дерекқорды құрады.
6. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйені құруды, жетілдіруді және пайдалануды және онда сақталатын және өңделетін мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың биологиялық қауіпсіздік саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жеке және заңды тұлғалардың:
1) қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғалуға;
2) шет елдерге және Қазақстан Республикасының инфекциялық және (немесе) паразиттік сырқаттанушылық бойынша эндемиялық өңірлеріне жоспарлап баруға байланысты ықтимал биологиялық тәуекелдер және олардың профилактикасы жөніндегі шаралар туралы ақпарат алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық-санитариялық ахуалдар, сондай-ақ қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен халықты қорғауға және табиғи ортаның жекелеген компоненттерін сақтауға, биологиялық қатерлерді болғызбауға бағытталған, қабылданып жатқан шаралар туралы анық және уақтылы ақпарат алуға;
4) биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жеке қорғалуға қойылатын талаптардың орындалуын ескере отырып, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысуға құқығы;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Жеке және заңды тұлғалар:
1) осы Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген мемлекеттік органдардың құзыреттеріне сәйкес оларға патогенді биологиялық агенттерді құқыққа қарсы (санкцияланбаған) пайдаланудың не олармен еркін жұмыс істеудің барлық белгілі болған фактілері туралы хабарлауға;
2) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты көрінеу жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге;
3) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында белгіленген шектеулер қабылданған жағдайда патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа қатысты талаптарды орындауға;
4) басқа жеке және заңды тұлғалардың қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғалу құқықтарының бұзылуына алып келетін әрекеттерді жүзеге асырмауға міндетті.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат және оған қосымша болмаса, патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметке тыйым салынады.
3. Жеке тұлғалар осы баптың 2-тармағында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) тұрған жеріндегі медициналық ұйымдарға инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруға тән белгілермен ұштасатын денсаулық жағдайының нашарлау фактісі бойынша уақтылы жүгінуге;
2) инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруға байланысты медициналық көмекке жүгінген жағдайда осы жүгінудің алдында шетелде және (немесе) Қазақстан Республикасының инфекциялық және (немесе) паразиттік сырқаттанушылық бойынша эндемиялық аумағында болғаны туралы хабарлауға;
3) айналасындағылар үшін қауіп төндіретін инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулар диагностикаланған жағдайда тұрған жеріндегі медициналық ұйымдарға осындай диагностикалаудың алдындағы байланыстар туралы ақпаратты уақтылы хабарлауға міндетті.
19-бап. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика
1. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және эпидемияға қарсы, ветеринариялық, фитосанитариялық іс-шаралар кешенін, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды және биологиялық тәуекелдерді басқаруға, биологиялық қатерлерді болғызбауға және тежеуге бағытталған өзге де шараларды қамтиды.
Мемлекеттік органдар биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық іс-шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы профилактика мынадай:
1) жалпы;
2) биологиялық қатердің көзіне бағытталған;
3) қауіпті биологиялық факторға бағытталған;
4) ауруға бейім организмге бағытталған профилактикалық іс-шараларға бөлінеді.
3. Жалпы профилактикалық іс-шаралар:
1) биологиялық тәуекелдерді мониторингтеу мен талдауды, оның ішінде инфекциялық және (немесе) паразиттік сырқаттанушылықты болжауды, табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің мониторингін, биологиялық қатерлерді бейтараптандыруды немесе олардың деңгейін төмендетуді;
2) тиісті қызметтердің биологиялық қатер көзін анықтауға және оқшаулауға бағытталған іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз етуді, жағдайды басқаруды, жаһандық, өңірлік және жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарлары шеңберінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы ден қою хаттамаларын (сценарийлерін) қалыптастыруды;