3. Сотталғандардың сейілдеуі камера бойынша күндiзгi уақытта арнайы жабдықталған аумақ бөлiгiнде ашық ауада жүргiзiледi.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде бір сауқат немесе сәлемдеме және бір бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бiр сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
5. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты бес айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде екі сауқат немесе сәлемдеме және екі бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бір жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
6. Жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты жеті айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде үш сауқат немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және үш ұзақ мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы екі сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
23-тарау. КАМЕРАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРДА ҰСТАУМЕН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
146-бап. Сотталғандарды камералық жағдайда ұстау мекемесі
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мекемеге қабылдауды әкімшілік мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Мекемеге келген сотталғандар он бес тәулікке дейiнгi мерзiмге карантин бөлімшесіне орналастырылады. Карантин бөлiмшесінде болған кезеңде сотталған адамның жеке басы зерделенеді, оның психологиялық портреті жасалады, сондай-ақ онымен жұмыс жасау әдістері әзірленеді және оны басқа сотталғандармен ұстау үйлесімділігі айқындалады.
3. Камералар жеке жатын орындарымен, киімге, iшкиiмге және ыдысқа арналған шкафтармен, санитариялық тораппен және қолжуғышпен жабдықталады.
4. Камералардағы сотталғандарға ұзақтығы:
1) қатаң ұстау жағдайларында - бір жарым сағаттық;
2) дағдылы ұстау жағдайларында - төрт сағатқа дейін сейілдеу беріледі.
Сотталғандарды сейілдеуге шығарған кезеңде камераларда тінтулер мен техникалық қарап-тексерулер жүргізіледі.
Сотталғандар сейілдеуде болған уақытта камералар құлыпталады, оларда сотталғандардың болуына жол берілмейді.
Жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері блок бойынша (қабат бойынша), жергілікті учаскелердің бөлек сейілдеу аулаларында жүргізіледі.
Дағдылы және қатаң жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері камералар бойынша сейілдеу камераларында жүргізіледі.
5. Жеңілдетілген және жеңілдікті ұстау жағдайларындағы сотталғандар сағат оннан жиырмаға дейін камерадан тыс жерде бола алады.
6. Сотталғандардың тамақ ішуі камера бойынша, сондай-ақ асханада жүзеге асырылады. Өндірістік аймаққа жұмысқа шығарылатын, сондай-ақ жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда ұсталатын сотталғандар өндірістік объектілердің және тұрғын аймақтың асханаларында тамақ ішеді.
7. Осы баптың бесінші және алтыншы бөліктерінде, сондай-ақ мекемелерде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, камералардың есіктерін ашуға тыйым салынады.
8. Камера бойынша ұстау мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды қадағалау мекемелердегі сотталғандарды қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
147-бап. Камералық ұстаудың негізгі жағдайлары
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сотталғандар камераларға осы Кодекстің 115-бабының бірінші бөлігінде белгіленген тұрғын алаңы нормаларына сәйкес орналастырылады. Әрбір секция душ кабиналарымен жабдықталады.
Сотталғандарды ұстауға арналған камералар санитариялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
2. Сотталғандарды тексеру камера бойынша корпустарда, тексеру карточкалары бойынша жүргізіледі.
3. Сотталғандарға темекі шегуге осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат беріледі.
4. Сотталғандарға тиесілі темекі өнімдері мен сіріңке, оттықтар да сақтау камерасындағы арнайы жабдықталған шкафта (жәшікте) сақталады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Сотталғандардың медицина қызметкерінің қабылдауына (медициналық қарап-тексеруге) алдын ала жазылуы сотталғандардың өтініші бойынша бақылаушылар қызметі кезекшілікті қабылдау-тапсыру және сотталғандарды салыстырып тексеру кезінде жүзеге асырылады.
Сотталған адам емдеуге жатқызылған кезде стационарлық жағдайларда медициналық көмек алу үшін мекемеде орналасқан медициналық ұйымға ауыстырылады. Мекемеде орналасқан медициналық ұйымда медициналық бұйымдар және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандар болмағандықтан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, сотталған адам өзге тиісті медициналық ұйымға емдеуге жатқызылады.
148-бап. Камералық ұстау мекемелерінде сотталғандармен тәрбие жұмысы
1. Камералық ұстау мекемелерінде сотталғандармен тәрбие жұмысы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке тәрбие жұмысы сотталғандар ұсталатын камераларда жүргізіледі.
3. Тәрбие жұмысын топтық және жаппай нысандарда жүргізген кезде камераларда ұсталатын сотталғандар соған арналған үй-жайларда шағын және үлкен топтарға біріктіріледі.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуын ұйымдастыру осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
149-бап. Камералық ұстау жағдайларындағы сотталғандардың еңбегі
1. Сотталғандардың еңбегі арнайы жабдықталған жұмыс камераларында ұйымдастырылады.
2. Сотталғандардың камералардан тыс еңбегі мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жұмыс басталар алдында және аяқталғаннан кейін сотталғандарға, олардың заттары мен киіміне, сондай-ақ жұмыс камерасына жете тексеру мен тінту жүргізіледі.
4. Жұмыс камералары болмаған кезде еңбек өндірістік аймақтың оқшауланған жергілікті учаскелерінің аумағында ұйымдастырылады.
24-тарау. КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
150-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу тәртібі
1. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеудiң қатаң, дағдылы, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайлары белгiленедi.
2. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде дағдылы жағдайларда жаңадан келген сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудiң қатаң, жеңiлдетiлген немесе жеңiлдiктi жағдайларынан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
3. Дағдылы жағдайларда кемінде алты айын өтегеннен кейін жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жазалауы болмаған және еңбек пен оқуға адал қараған кезде, дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар жеңілдетілген жағдайларға ауыстырылады.
4. Жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылар болып табылатын сотталғандар дағдылы жағдайларға ауыстырылады. Жеңiлдетiлген жағдайларға қайта ауыстыру осы баптың үшінші бөлігінде айқындалатын тәртiппен жүргiзiледi.
5. Дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты, кемінде үш ай жеңілдетілген жағдайларда болған сотталғандар еңбек пен оқуға адал қараған кезде мерзімін өтеу бойынша босатылғанға дейін бір жыл қалғанда жеңілдікті жағдайларға ауыстырылады.
6. Жазасын жеңілдікті жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылар болып табылатын сотталғандар жеңілдетілген жағдайларға ауыстырылады. Жеңілдікті жағдайларға қайта ауыстыру жеңілдетілген жағдайларға қайтарылғаннан кейін кемінде алты ай өткен соң жүргізіледі.
7. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған сотталғандар үштен алты айға дейінгі мерзімге дағдылы, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайлардан қатаң жағдайларға ауыстырылады.
8. Сотталғандарды бір жағдайдан басқасына ауыстыру оқу-тәрбие кеңесінің ұсынуы негізінде мекеме комиссиясының шешімі бойынша жүргізіледі.
Мекеме комиссиясының жұмысына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жұртшылық өкілдері қатыса алады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 9-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Мекеме бастығы жазаны өтеудің тәртібін бұзуды жасау мүмкіндігін жою үшін сотталған адамды уақытша оқшаулау үй-жайына ауыстыру, бірақ қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
Мекеме бастығы болмаған жағдайда, сотталған адамды уақытша оқшаулау үй-жайына ауыстыру туралы шешімді мекеме бастығының кезекші көмекшісі қабылдайды.
Сотталған адамды уақытша оқшаулау үй-жайына ауыстыру туралы қаулы сотталған адамды онда ұстау мүмкіндігі тұрғысынан медициналық куәландырғаннан кейін шығарылады.
Уақытша оқшаулау үй-жайына жабылған сотталған адам екі сағаттық сейілдеу құқығы беріле отырып, ауыстырылғанға дейін оған айқындалған ұстау жағдайларында жазасын өтейді.
Шешімнің көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
151-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Дағдылы жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде сегiз қысқа мерзiмдi және төрт ұзақ мерзімді кездесу алуға;
3) бір жыл ішінде он сауқат немесе сәлемдеме және он бандероль алуға құқылы.
2. Жеңiлдетiлген жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты он бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде жиырма төрт қысқа мерзiмдi және алты ұзақ мерзімді кездесу алуға;
3) бір жыл ішінде он төрт сауқат немесе сәлемдеме және он төрт бандероль алуға құқылы.
Мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен ұзақ мерзімді кездесулер оның шегінен тыс жерде өткiзіледі.
3. Жеңiлдiктi жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар мекеменің шегінен тыс жерде күзетсiз, бiрақ бақылауда және қадағалауда болып, жақсартылған тұрғын үй-жайларда тұрады.
Олар:
1) тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатын шектеусiз жұмсауға;
2) ақшаны пайдалануға;
3) шектеусiз қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзімді кездесулер алуға;
4) саны шектеусіз сауқаттар немесе сәлемдемелер және бандерольдер алуға;
5) азаматтық үлгiдегi киiм мен аяқкиiм пайдалануға құқылы.
4. Қатаң жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар оқудан немесе жұмыстан бос уақытта құлыпталатын камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан сегіз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде алты қысқа мерзiмдi және екi ұзақ мерзімді кездесу алуға;
3) бір жыл ішінде алты сауқат немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға құқылы.
5. Кәмелетке толмаған сотталғандарға, осы Кодекстің 104-бабының үшінші бөлігінде көзделген тыйым салулардан басқа:
1) темекі өнімдерін тұтынуға және сақтауға;
2) жалпы білім беретін ұйымдарда, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өткізілетін сабақтарды дәлелсіз себептермен жіберіп алуға;
3) жалпыға міндетті іс-шараларды дәлелсіз себептермен жіберіп алуға тыйым салынады.
152-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде қолданылатын көтермелеу шаралары
Сотталғандарға жақсы мінез-құлқы, еңбек пен оқуға адал қарағаны, ерікті ұйымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін осы Кодекстің 128-бабында көзделгендермен қатар мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін:
1) қызметкерлердің еріп жүруімен мекеменің шегінен тыс жердегі мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шараларға бару құқығын беру;
2) ата-аналарының немесе жақын туыстарының еріп жүруімен мекеменің шегінен тыс жерге шығу құқығын беру.
153-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде көтермелеу шараларын қолдану ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 152-бабында көзделген көтермелеу шаралары қолданылған сотталғандарға өздеріне тиесілі азаматтық киім беріледі.
2. Түнгі уақытта мәдени-ойын-сауық, спорттық және өзге де іс-шараларға баруға жол берілмейді.
3. Мекеменің шегінен тыс жерге шығу ұзақтығын мекеме бастығы белгілейді, бірақ ол сегіз сағаттан аспауға тиіс.
154-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Кәмелетке толмаған сотталғандардың осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамауы жазаны өтеудің тәртiбiн бұзуы болып табылады.
2. Мыналар бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзуы болып табылады:
1) мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстардан дәлелсіз себептермен бас тарту;
2) алкогольді, есірткі заттарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану;
3) мекеме әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiне қатер төндіру, оларды қорлау, оларға бағынбаушылық, оның iшiнде жазаны өтеу режимін бұзу мақсатында, өзiне қандай да бiр қасақана зақым келтірумен ұштасқан бағынбаушылық;
4) мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін беру (алу), дайындау, сақтау;
5) материалдық немесе өзге де пайда табу мақсатында карта ойнау, сондай-ақ құмар ойындарына қатысу;
6) сот тағайындаған міндетті және мәжбүрлеп емдеуден жалтару;
7) сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау;
8) осы бөліктің 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтарды жасауға бағытталған сотталғандар топтарын ұйымдастыру немесе оларға белсенді түрде қатысу.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сотталғандарға жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін мынадай жазалау шаралары:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) жетпіс екі сағатқа дейінгі мерзімге уақытша оқшаулау үй-жайына жабу қолданылады.
Сотталған адамға қатысты жазалау шараларын қолдану туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
4. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адам, оған қатаң сөгіс түрінде жазалау екі және одан көп рет қолданылған кезде, мекеме бастығының қаулысымен жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады.
5. Кәмелеттік жасқа толған сотталғандарға жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін осы Кодекстің 131 - 134-баптарында көзделген тәртіппен жазалау шаралары қолданылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Сотталғандар уақытша оқшаулау үй-жайынан емдеу-профилактикалық мекемелерге, сондай-ақ медициналық денсаулық сақтау ұйымдарына ауыстырылған жағдайда, олардың көрсетілген емдеу мекемелерінде болу мерзімі жазаны өтеу мерзіміне есептеледі.
155-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде кәмелеттік жасқа толған бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қалдыру
1. Он сегіз жасқа толған, бас бостандығынан айыруға сотталғандар өздерінің келісімімен, бірақ көп дегенде олар жиырма бір жасқа толғанға дейiн мекемеде қалдырылуы мүмкін.
2. Мекемеде қалдырылған сотталғандарға кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған жазаны өтеу жағдайлары, тамақтандыру және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету нормалары қолданылады.
3. Он сегіз жасқа толған сотталғандарды мекемеде қалдыру туралы шешімді сот мекеме бастығының ұсынуының негізінде қабылдайды.
156-бап. Сотталғандарды кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерден басқа мекемелерге ауыстыру
Он сегіз жасқа толған сотталғандар өздерінің келісімімен, сондай-ақ жиырма бір жасқа толған сотталғандар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен сот шешімі бойынша жазасын одан әрi өтеу үшiн орташа қауіпсіз мекемеге ауыстырылады.
157-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
1. Сотталғандарды түзеу және оларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында мекемелерде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, сотталғандардың құқыққа бағынушылық мінез-құлқын, еңбек пен оқуға адал көзқарасын қалыптастыруға, олардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуына, мәдени деңгейін арттыруына бағытталған бірыңғай оқу-тәрбие процесі ұйымдастырылады.
2. Сотталғандармен тәрбие жұмысы жеткіншектерге тән психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер ескеріле отырып, психологиялық-педагогикалық ықпал ету әдістері негізінде жеке, топтық және көпшілік нысандарда жүргізіледі.
3. Сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуы Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысына қамқоршылық кеңестер, сондай-ақ ата-аналар комитеті қатысады.
5-БӨЛІМ. 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6-БӨЛІМ. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ. ЖАЗАСЫН ӨТЕУДЕН БОСАТЫЛҒАН СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨМЕК ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ. ШАРТТЫ ТҮРДЕ СОТТАЛҒАН АДАМДАРДЫ ПРОБАЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
26-тарау. ЖАЗАНЫ ӨТЕУДЕН БОСАТУ
161-бап. Жазаны өтеуден босату негіздері
1. Мыналар жазаны өтеуден босату негiздерi болып табылады:
1) сот үкiмi бойынша тағайындалған жаза мерзiмiн өтеп болу;
2) iс бойынша ақтау үкiмiн шығарумен немесе iс жүргiзудi тоқтатумен сот үкiмiнің күшiн жою;
3) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату;
4) жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiмен ауыстыру;
5) рақымшылық жасау туралы акт;
6) кешiрiм жасау туралы акт;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiткен тiзбеде көзделген, сотталған адамның ауруы;
8) заңда көзделген өзге де негiздер.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мекеме әкімшілігі жаза мерзімін өтеген соң босатылғанға дейін бір ай қалғанда, ал басқа да негіздер бойынша - босатылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жеріндегі пробация қызметіне белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі орындау үшін сот үкімінің көшірмесін жібереді.
Пробация қызметі белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі орындау үшін сот үкімінің көшірмесін алғаннан кейін тиісті мекемеге, сондай-ақ үкім шығарған сотқа хабарлама жібереді.
3. Мекеменің әкімшілігі белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза түрінің мерзімі өтелмеген бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден босатылатын адамнан келген күнінен бастап таңдаған тұрғылықты жеріндегі пробация қызметіне бес күндік мерзімде міндетті түрде келуі туралы қолхат алады.
4. Сотталған адам таңдаған тұрғылықты жеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен бюджет қаражаты есебінен өзі барады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 162-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
162-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босатуға, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруға ұсыну тәртiбi
1. Сотталған адам заңда белгiленген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеген кезде жазаларды орындайтын мекеме немесе орган сотталған адамды жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау үшiн сотқа өтiнiшхат беру құқығының басталғаны туралы бес күндік мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2. Кешiрiм жасау туралы өтінішхатты жазаны орындайтын мекеме немесе орган Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен енгiзедi.
3. Сотталған адамның жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiмен ауыстыру және кешiрiм жасау туралы өтiнiшхатына жазаны орындайтын мекеме немесе орган оның жеке басына, жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқына, еңбек пен оқуға деген көзқарасына мінездеме беретін деректердi қоса бередi.
4. Рақымшылық жасауды қолдану тәртiбiн рақымшылық жасау туралы актiнi шығарған орган айқындайды.
5. Психикасының бұзылуы салдарынан жазаны өтеуден босату туралы ұсынуды сотқа жазаны орындайтын мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсынумен бiр мезгілде медициналық комиссияның қорытындысы және сотталған адамның жеке iсi жіберіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Ауыр сырқатына байланысты жазаны өтеуден босату, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру туралы ұсынуды сотқа жазаны орындайтын мекеменiң немесе органның бастығы енгiзедi. Ұсынумен бiр мезгілде сотқа медициналық комиссияның қорытындысы және сотталған адамның жеке iсi жіберіледі. Ұсынуда сотталған адамның жазасын өтеу кезiндегi мiнез-құлқына мінездеме беретін деректер болуға тиiс.
7. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған жағдайда, жазаны орындайтын орган сотқа оны жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босату туралы ұсыну енгiзедi.
8. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға сотталған әйелдiң жүктiлiгi анықталған жағдайда, жазаны орындайтын орган жүктiлiгiне және босануына байланысты демалыс берілген күннен бастап оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы сотқа ұсыну енгiзедi.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 9-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Мекеме әкімшілігі немесе жазаны орындайтын орган сотталған адам жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiмен ауыстыру туралы өтiнiшхатпен жүгінгеннен кейiн оны он күн iшiнде осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген материалдарды және сотталған адамның жеке iсiн қоса бере отырып, сотқа жiберуге, сондай-ақ осы баптың оныншы бөлігінде көзделген ережелерді сақтай отырып, прокурорды жазбаша нысанда хабардар етуге мiндеттi.
Сотқа материалдар мен прокурорға хабарлама электронды құжат түрінде жіберілуі мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 10-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Жазадан шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхатты қарау кезінде сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жағдайлар болса, сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға не оның жазасының өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жеңіл түрiмен ауыстыруға немесе одан бас тартуға құқылы.
Сот бас тартқан жағдайда, көрсетілген негіздердің кез келгені бойынша өтінішхатты қайта енгізу бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін мүмкін болады. Бұл ретте жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы соттың бас тартуы шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты, сол сияқты соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуы - жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішхатты алты ай мерзім өткенге дейін енгізуге кедергі бола алмайды.