467-бап. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібі
1. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшы (маман) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына сарапшыда (маманда) қажетті арнайы және (немесе) ғылыми білімдердің болуын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
468-бап. Кедендік сараптаманы жүргізу мерзімі мен тәртібі
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кедендік сараптама жүргізу үшін материалдар мен құжаттарды кедендік сарапшы (сарапшы) қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кедендік сараптама жүргізіледі.
Зерттеудің салыстыру (салыстырмалы) әдістерін қолдануды және әртүрлі ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануды талап ететін, ұзақ уақытты алатын кедендік сараптаманың екі және одан көп объектісіне зерттеу жүргізу кезінде кедендік сараптама мерзімі, егер кедендік сараптама нәтижелері алынғанға дейін тауарларды шығару жүзеге асырылмайтын болса, тауарларды уақытша сақтау мерзімінен аспайтын мерзімге осындай ұзарту мерзімінің себептері көрсетіліп, уәкілетті кеден органы басшысының немесе оны алмастыратын адамның жазбаша рұқсатымен ұзартылады.
2. Кедендік сараптаманы жүргізу мерзімі:
кедендік сарапшының (сарапшының) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы алдында оған қосымша материалдарды, сондай-ақ сынамаларды және (немесе) үлгілерді беру туралы өтінішхаты болған;
кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамынан зерттеулер немесе сынақтар жүргізу барысында кедендік сараптамаға ұсынылған, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына қайтарылуға жататын тауарларды, құжаттарды, сынамаларды немесе үлгілерді елеулі зақымдауға немесе жоюға жазбаша рұқсат алу қажет болған;
кедендік сараптама жүргізуге кіріскен кедендік сарапшы (сарапшы) дәлелді себеппен болмаған (еңбекке уақытша жарамсыздық, іссапар);
уәкілетті кеден органы өзге уәкілетті сараптама ұйымдарына (сарапшыларға) жүгінген;
кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) кедендік сараптама жүргізу үшін тартқан жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Кедендік сараптама жүргізу тоқтатыла тұрған мерзімді, сондай-ақ осындай тоқтата тұрудың тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
3. Уәкілетті кеден органдарының кедендік сараптама жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
469-бап. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы
1. Кедендік сараптама жүргізудің нәтижелері кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысымен ресімделеді.
2. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысында:
1) кедендік сараптама жүргізу орны, оның басталған және аяқталған күні;
2) кедендік сараптама жүргізу үшін негіз;
3) кедендік сараптаманы жүргізген кедендік сарапшының (сарапшының) тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және оның біліктілігі;
4) кедендік сараптама жүргізу кезінде кедендік сарапшының (сарапшының) көрінеу жалған қорытындысын бергені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы кедендік сарапшының (сарапшының) қолтаңбасымен куәландырылған мәліметтер, уәкілетті кеден органының және (немесе) кедендік сараптама жүргізген уәкілетті сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылған;
5) кедендік сарапшының (сарапшының) алдына қойылған мәселелер;
6) кедендік сараптама жүргізу үшін кедендік сарапшыға (сарапшыға) ұсынылған құжаттардың, материалдардың, тауарлар сынамаларының және (немесе) үлгілерінің, алып қойылған құжаттардың немесе сәйкестендіру құралдарының тізбесі;
7) қолданылған әдістер, пайдаланылған аспаптар мен жабдықтар көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері, зерттеулердің нәтижелерін бағалау, қойылған мәселелер бойынша түйіндер және олардың негіздемесі көрсетіледі.
3. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кедендік сарапшы (сарапшы) қол қояды. Егер кедендік сараптама бірнеше кедендік сарапшының (сарапшылардың) қатысуымен жүргізілген болса, кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) барлығы қол қояды. Кедендік сарапшының (сарапшының) қағаз жеткізгіште ресімделген қорытындысы да уәкілетті кеден органының және (немесе) сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылады.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын көрнекілейтін материалдар мен құжаттар осындай қорытындыға қоса беріледі, кедендік сарапшының (сарапшының) қолтаңбасымен, ал егер кедендік сараптама бірнеше кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) қатысуымен жүргізілген болса, бірнеше кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) қолтаңбасымен куәландырылады. Қағаз жеткізгіште ресімделген материалдар мен құжаттар да уәкілетті кеден органының және (немесе) сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылады және осындай қорытындының құрауыш бөлігі болып табылады.
4. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы қағаз жеткізгіште құжат түрінде ресімделген жағдайда, мұндай қорытынды үш данада ресімделеді, оның бірі уәкілетті кеден органында қалады, ал басқалары кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекетте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органдары жүргізген кедендік сараптама нәтижелерін тану жағдайлары мен тәртібін Комиссия айқындайды.
470-бап. Қосымша және қайталама кедендік сараптамалар
1. Бұрын зерттелген тауарларға, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарына қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде кеден органы қосымша кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
Қосымша кедендік сараптама кедендік сараптама жүргізген Қазақстан Республикасының уәкілетті кеден органына не сараптама ұйымына (сарапшысына) тағайындалады.
2. Декларант кедендік, оның ішінде қосымша сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда, кеден органы қайталама кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
Қайталама кедендік сараптама бұрын жүргізілген кедендік сараптама кезінде зерттелген сол тауарларды, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарын зерттеу үшін және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
Қайталама кедендік сараптама кедендік сараптама жүргізген уәкілетті кеден органына немесе сараптама ұйымына, сол сияқты өзге де сараптама ұйымына да тағайындалуы мүмкін.
Қайталама кедендік сараптама жүргізу кедендік, оның ішінде қосымша сараптаманы жүргізген кедендік сарапшыны (сарапшыны) қоспағанда, екі және одан көп кедендік сарапшыдан (сарапшылардан) тұратын комиссияға тапсырылады. Кедендік, оның ішінде қосымша сараптаманы жүргізген кедендік сарапшылар (сарапшылар) қайталама кедендік сараптама жүргізген кезде оған қатысуы және комиссияға қажетті түсіндірмелер беруі мүмкін.
3. Қосымша және қайталама кедендік сараптамаларды жүргізу кезінде кедендік сарапшыға (сарапшыға) міндетті түрде бұрын жүргізілген кедендік сараптаманың нәтижелері ұсынылады.
471-бап. Кедендік сараптаманы жүргізу үшін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, осындай тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарын алып қою
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік сараптаманы жүргізу үшін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алады.
2. Арнайы білімдерді пайдалану және техникалық құралдарды қолдану қажет болған кезде тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуымен жүргізілуі мүмкін. Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуы үшін кеден органының лауазымды адамының уәкілетті кеден органына өтінішхаты негіз болып табылады.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері оларды зерттеу мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттау жөніндегі құжаттарға сәйкес талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде іріктеп алынады.
4. Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуды жүргізу нәтижелері бойынша тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісі жасалады, оның нысанын Комиссия айқындайды.
Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісі үш данада жасалады, оның біреуі декларантқа, ол болмаған жағдайда - егер тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға анықталса, оған, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде тағайындалған пошта байланысы операторына табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
5. Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуды декларанттың қатысуымен, ол болмаған жағдайда - егер тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға анықталса, оның қатысуымен, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен іріктеп алады.
Кеден органының талап етуі бойынша аталған тұлғалар кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде жәрдемдесуге, оның ішінде қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жасауға міндетті.
6. Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға болмаған кезде, осы Кодекстің 413-бабы 6-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, екі куәгердің қатысуымен, ал осы Кодекстің 413-бабы 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен, ал ол болмаған кезде екі куәгердің қатысуымен іріктеп алуы мүмкін.
7. Кеден органы декларантта немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғада тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу нәтижесінде туындаған шығыстарды өтемейді.
8. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптама аяқталғаннан кейін оны жүргізу барысында жұмсалмаған тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері көмілуге, жойылуға немесе кәдеге жаратылуға жататын жағдайларды қоспағанда, декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде - тағайындалған пошта байланысы операторына қайтарады.
Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптаманы жүргізген уәкілетті кеден органынан тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға осындай тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін қайтару туралы хабарлайды.
9. Декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға көрсетілген ақпаратты алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде алмаған тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
10. Кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, сәйкестендіру құралдарына қатысты кедендік сараптаманы жүргізу үшін мұндай құжаттар мен сәйкестендіру құралдарын кеден органдары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен алып қояды. Кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, сәйкестендіру құралдарын алып қою туралы құжаттарды, сәйкестендіру құралдары мен тауарларды алып қою туралы акт жасалады, оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
11. Кедендік сараптама аяқталғаннан кейін кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, сондай-ақ осындай тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарын кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы мұндай құжаттары алып қойылған тұлғаға қайтарады.
Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптаманы жүргізген уәкілетті кеден органынан алып қойылған құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай құжаттар алып қойылған тұлғаға оларды қайтару туралы хабарлайды.
472-бап. Кедендік сарапшының (сарапшының) кедендік сараптаманы жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Кедендік сарапшы (сарапшы) кедендік сараптаманы жүргізу кезінде:
1) кедендік сараптаманы жүргізуге қатысты материалдармен танысуға;
2) уәкілетті кеден органы басшысының келісімімен кедендік сараптаманы жүргізуге басқа да кедендік сарапшыларды тартуға;
3) егер қойылған мәселелер оның құзыретінен тыс болса, материалдарды және құжаттарды, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде кедендік сараптама жүргізуден немесе өзінің құзыретіне кірмейтін мәселелерге жауаптар беруден бас тартуға;
4) кедендік сараптама жүргізу үшін материалдарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша материалдар мен құжаттарды, оның ішінде тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін жазбаша нысанда сұратуға;
5) өзінің арнайы және (немесе) ғылыми білімдері мен құзыретіне сәйкес алдына қойылған мәселелерді нақтылауға;
6) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кеден органдары үшін маңызы бар және олар бойынша мәселелер қойылмаған мән-жайлар туралы тұжырымдар қосуға;
7) жарияланған арнайы және өзге де дереккөздерден ғылыми-техникалық ақпаратты пайдалануға;
8) тауарлардың сынамаларына және (немесе) үлгілеріне өзінің сынақтары мен зерттеулерінің нәтижелерін және (немесе) тауарлардың сынамаларына және (немесе) үлгілеріне басқа зерттеу ұйымдары немесе сараптама ұйымдары жүргізген зерттеу нәтижелерін пайдалануға құқылы.
2. Кедендік сарапшы (сарапшы) кедендік сараптаманы жүргізу кезінде:
1) кедендік сараптамаға қатысты материалдармен танысуға;
2) егер тауарлар сынамаларының және (немесе) үлгілерінің саны оны жүргізуге жеткіліксіз болса, материалдарды, құжаттарды, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кедендік сараптама жүргізуден бас тартуға;
3) зерттеулердің нәтижелерін толық, жан-жақты және объективті түрде бағалау негізінде кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын дайындауға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптаманы жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтерді жария етпеуге және оны үшінші тұлғаларға бермеуге;
5) кедендік сараптама жүргізудің белгіленген мерзімдерін сақтауға міндетті.
3. Кедендік сарапшы (сарапшы) өз міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
473-бап. Кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаның құқықтары
1. Кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға:
1) кедендік сарапшыға (сарапшыға) қосымша сұрақтар қою туралы өтінішхатты олар бойынша кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын алу үшін мәлімдеуге;
2) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органында кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын алуға;
3) кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысуға;
4) қайталама кедендік сараптама жүргізу туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
5) кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті ақпаратты және (немесе) құжаттарды ұсынуға құқылы.
2. Декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаның өтінішхаты қанағаттандырылған жағдайда, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы тиісті шешім қабылдайды.
Өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылған кезде кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы өтінішхат берген тұлғаға бұл туралы бас тартудың себептерін көрсете отырып хабарлайды.
474-бап. Сарапшылық қызмет саласындағы ынтымақтастық
Кедендік сараптамалар жүргізетін уәкілетті кеден органдары бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми және әдістемелік ақпарат алмасу, кедендік сарапшыларды кәсіби даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында сарапшылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдармен және мекемелермен ынтымақтасуға құқылы.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 55-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
55-тарау. ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАҒА ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ
475-бап. Шағым жасау құқығы
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға (бұдан әрі осы тараудың мақсатында - хабарлама) шағым жасау осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Хабарламаға:
1) өзіне қатысты хабарлама шығарылған декларанттың не оның өкілінің;
2) өзіне қатысты хабарлама шығарылған, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның не оның өкілінің шағым жасау құқығы бар.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағында аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес хабарламаға уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
476-бап. Шағым беру тәртібі мен мерзімдері
1. Шағым хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде уәкілетті органға берiледi.
Бұл ретте шағымның көшiрмесi хабарламаны шығарған кеден органына жiберілуге тиiс.
Шағымды беру тәсiлiне қарай:
1) өзi келу тәртібімен - уәкілетті органның шағымды алған күні;
2) пошта арқылы - пошта операторының қабылдау туралы белгiсi қойылған күн уәкілетті органға шағым берген күн болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, уәкілетті орган шағым беруші тұлғаның өтінішхаты бойынша бұл мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
3. Уәкілетті орган шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында өзіне қатысты кедендік тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ шағым берген тұлға басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған жағдайда) еңбекке уақытша жарамсыздығын дәлелді себеп ретінде таниды.
Осы тармақтың ережелері өздеріне қатысты кедендік тексеру жүргізілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымында жоғарыда аталған тұлғалар болмаған кезде оларды алмастыратын адамдардың болуы көзделмейтін, осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға қолданылады.
Бұл ретте шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғалардың еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңін растайтын құжат және шағым берген тұлғаның ұйымдық құрылымын белгілейтін құжат қоса берілуге тиіс.
4. Уәкілетті орган шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатты осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлға шағым мен өтінішхатты осы баптың 3-тармағында аталған тұлғалардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда ғана қанағаттандырады.
5. Уәкілетті органға шағым берген адам осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін оны өзінің жазбаша өтініші негізінде кері қайтарып ала алады.
Шағымды кері қайтарып алу осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім сақталған жағдайда оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.
Осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлға көшпелі кедендік тексеру тағайындалған күннен бастап ол аяқталған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.
477-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шағымға қол қойылған күн;
2) шағым берілетін уәкілетті органның атауы;
3) шағым беруші тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (тұрған жері);
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) хабарлама ұсынған кеден органының атауы;
6) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын мәліметтер;
7) қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесі.
3. Шағымды қарау үшін маңызы бар өзге де мәліметтер шағымда көрсетілуі мүмкін.
4. Шағым берген тұлға не оның өкілі шағымға қол қояды.
5. Шағымға мыналар қоса беріледі:
1) шағым жасалып отырған хабарламаның және кедендік тексеру актісінің көшірмесі;
2) шағым берген тұлға өз талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
3) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
478-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Уәкілетті орган:
1) егер шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат шағымға қоса берілмесе, осы Кодекстің 476-бабында белгіленген шағым жасау мерзімін бұза отырып шағым берілген;
2) шағым осы Кодекстің 477-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) шағымды осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталмаған адам шағым берген;
4) осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған адамның шағымда баяндалған мәселелер бойынша сотқа талап қою арызын берген жағдайларда шағымды қараудан бас тартады.
2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда шағым тiркелген күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағым берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда тұлғаның сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағым берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы мұндай бас тартудың себебiн көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы тұлғаның осы Кодекстiң 476-бабында белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайта беру құқығын жоймайды.
479-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 481-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, шағым бойынша - шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің шағымдары бойынша шағым тіркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарылады.
2. Уәкілетті орган шағымды қарау кезінде осы Кодекстің 418-бабында белгіленген тәртіппен жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.
Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 481-бабында айқындалған тәртіппен ұзартылуы және (немесе) тоқтатыла тұруы мүмкін.
Шағым жасалып отырған мәселелер шегінде шағым қаралады.
Осы Кодекстің 475-бабының 2-тармағында аталған тұлғалар шағымды қарауға өздері тексеру барысында ұсынбаған құжаттарды берген жағдайда, уәкілетті орган мұндай құжаттарды қарау кезінде тағайындалған көшпелі кедендік тексеру барысында олардың анықтығын анықтауға құқылы.
Уәкілетті орган шағымды қарау кезiнде:
1) шағым берген тұлғаға және (немесе) кеден органына шағымда баяндалған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмелерді жазбаша нысанда ұсыну туралы сұрау салулар жіберу;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға мұндай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;
3) шағымда баяндалған мәселелер бойынша шағым берген тұлғамен кездесулер өткізуге;
4) кеден органдарының тексеру жүргізуге қатысқан лауазымды адамдарынан туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
Уәкілетті органның шағымды қарау жөніндегі өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар тұлғаларға қандай да бiр ықпал етуге тыйым салынады.
480-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару
1. Хабарламаға шағымдарды қарау үшін уәкілетті орган Апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Шағымды қарау аяқталған соң уәкілетті орган Апелляциялық комиссияның шешiмін ескере отырып, жазбаша нысанда шешiм шығарады.