12. Егер кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы Кодекстің 193-бабында белгіленген тауарларды шығару мерзімінде, оның ішінде құжаттардың және (немесе) мәліметтердің осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзімдерде ұсынылмауына байланысты аяқталмаған жағдайда, кеден органы декларантқа осы Кодекстің 195-бабына сәйкес тауарлар шығаруды жүргізу мүмкін екендігі туралы хабарлайды.
13. Осы Кодекстің 195-бабына сәйкес тауарларды шығарған кезде кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру осы баптың 14, 15, 16, 17 және 18-тармақтарына сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін аяқталады.
14. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді аяқтау үшін кеден органы сұратқан және осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде ұсынылмаған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді декларант тауарлар шығарылғаннан кейін, осы Кодекстің 397-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, кедендік декларацияның тіркелген күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде ұсынуы мүмкін.
Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді кеден органы сұратылған құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынылған күннен бастап, ал егер мұндай құжаттар және (немесе) мәліметтер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде ұсынылмаса - мұндай мерзім өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей аяқтайды.
15. Егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүргізу үшін негіздерді жоймаса, кеден органы осы баптың 14-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткенге дейін қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде кедендік декларацияда мәлімделген тексерілетін мәліметтердің және (немесе) өзге құжаттардағы мәліметтердің анықтығын және толықтығын анықтау үшін қажетті жазбаша түсініктер сұратуға құқылы. Мұндай қосымша құжаттар және (немесе) мәліметтер, оның ішінде жазбаша түсініктер кеден органы сұрау салуды тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
16. Қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсініктерді ұсыну туралы сұрау салу жіберілген кезде осы баптың 14-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімінің өтуі кеден органы мұндай сұрау салуды тіркеген күннен бастап тоқтатыла тұрады және кеден органы қосымша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсініктерді алған күннен бастап, ал олар ұсынылмаған жағдайда - оларды ұсыну мерзімі өткен күннен бастап қайта басталады.
17. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру не мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ережелерінің сақталуын, оның ішінде тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растамаған және (немесе) кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүргізу үшін негіздерді жоймаған жағдайда, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде осы Кодекстің 183-бабына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.
18. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы баптың 4 және 15-тармақтарына сәйкес кеден органы сұрау салған құжаттар және (немесе) мәліметтер не мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың мүмкін еместігінің және (немесе) олардың болмауының себептерін түсіндіру осы бапта белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, кеден органы өзінде бар ақпараттың негізінде осы Кодекстің 183-бабына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.
19. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталған кезде, егер осы бапқа сәйкес ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер, мұндай тексеру шеңберінде жүргізілген, тауарларды және (немесе) құжаттарды өзге нысандарда кедендік бақылаудың және (немесе) олардың кедендік сараптамасының нәтижелері тексерілетін мәліметтердің анықтығын және (немесе) толықтығын растаған жағдайда, кеден органы декларантқа кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексерудің аяқталғаны туралы және осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағына сәйкес берілген кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді есепке жатқызу (қайтару) мүмкіндігі туралы хабарлайды.
20. Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
411-бап. Кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған және өзге жағдайларда тексеру
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған не осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудың осы нысанын қолданудың өзге жағдайларында тексеруді жүргізу кезінде кеден органы осы Кодекстің 426-бабына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.
Бұл ретте кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап) жіберілген адамның уәжді өтініші негізінде, оның ішінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзартылуы мүмкін. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну ұзартылатын мерзім сұрау салу (талап) жіберілген адамның өтініші негізге алына отырып айқындалады, бірақ құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеру нәтижелері бойынша кеден органы осы Кодекске сәйкес шешім қабылдайды.
Осы бапта көрсетілген тексеруді жүргізу туралы, сондай-ақ осындай тексеру жүргізудің нәтижелері туралы тұлғаны хабардар ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайды.
Құжаттарды, мәліметтерді және (немесе) жауапты, кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама бойынша алдын ала шешімді кеден органының бөлімшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да кеден органдарына, жоғары тұрған және басқа да мемлекеттік органдарына және (немесе) ұйымдарына, екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, өзге де ұйымдарға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарына сұрау салуларды (талаптарды), кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімді ұсыну жөніндегі сұрау салу (талап) жіберілген күн мен құжаттарды және (немесе) мәліметтерді және (немесе) сұрау салуларға жауаптарды, кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін не өзге де жағдайларда басталған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама бойынша алдын ала шешімге жазбаша қарсылықты алған күн арасындағы уақыт кезеңі көрсетілген мерзімге қосылмайды.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4. Адам осы Кодекстің 21-бабына сәйкес осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде осындай хабарламаға шағым жасауға құқылы.
Бұл ретте тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламамен келіспеген жағдайда, адам осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде осы Кодекстің 47-тарауына сәйкес кеден органына кедендік тексеру жүргізу жөнінде өтініш жасауға құқылы. Адамның кеден органына кедендік тексеру жүргізу жөнінде өтініш жасауы өтінішті қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе кедендік тексеру аяқталғанға дейін осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаның орындалуын тоқтата тұрады.
Кедендік тексеру нәтижелері бойынша шығарылған, тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, осы бапта айқындалған тексеруді жүргізу нәтижелері туралы хабарламаны орындау осы Кодекстің 55-тарауына сәйкес шағым бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
412-бап. Кедендік қарап-тексеру
1. Кедендік қарап-тексеру кедендік бақылау барысында үй-жайларды және аумақтарды кедендік қарап-тексеру нысанында жүргізілетін мұндай қарап-тексеруді қоспағанда, көлік құралдарының жүкжайларын (бөлекжайларын) және тауарлардың қаптамасын ашпай, тексерілетін объектілерді (жеке тұлғалардың багажын қоса алғанда) және олардың бөліктерін бөлшектемей, демонтаждамай, өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзбай тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына және жеке тұлғалардың багажына, жүк тиелетін сыйымдылықтарға, кедендік пломбаларға, мөрлерге және өзге сәйкестендіру құралдарына көзбен қарап-тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік қарап-тексеру оларға қатысты кедендік бақылау жүргізілетін тауарлар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу мақсатында, сондай-ақ тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүкжайларында (бөлекжайларында) кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа да сәйкестендіру құралдарының бар-жоғын тексеру мақсатында жүргізіледі.
Кедендік қарап-тексеруді жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Кедендік қарап-тексеру декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері кедендік қарап-тексеру кезінде қатысуға ниет білдіретін жағдайларды қоспағанда, аталған адамдардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
4. Кедендік қарап-тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын кедендік қарап-тексеру актісін жасау не кеден органына ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарға кедендік қарап-тексерудің жүргізілу фактісі туралы белгі қою арқылы ресімделеді.
Жеке тұлғалардың багажына және (немесе) жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына кедендік қарап-тексеруді жүргізу кезінде кедендік қарап-тексеру актісі, егер оны кеден органдары кедендік операцияларды жасау және (немесе) кедендік бақылауды жүргізу кезінде пайдаланған жағдайда ғана жасалады.
5. Егер кедендік қарап-тексеруді жүргізу нәтижелері тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаның талап етуі бойынша кеден органына ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарға кедендік қарап-тексерудің жүргізілу фактісі туралы белгі қою арқылы ресімделген жағдайда, кеден органының лауазымды адамдары кедендік қарап-тексеру актісін:
1) кедендік қарап-тексеруді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында жүргізген кезде - кедендік қарап-тексеру жүргізілгеннен кейін жұмыс уақытының екі сағатынан кешіктірмей;
2) кедендік қарап-тексеруді өзге орындарда жүргізген кезде - кедендік қарап-тексеру жүргізілген күннен кейінгі жұмыс күні басталған кезден бастап екі сағаттан кешіктірмей жасауға міндетті.
6. Кедендік қарап-тексеру актісі екі данада жасалады, оның біреуі тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаға не оның өкіліне, егер бұл тұлғалар бұзушылық анықталған жағдайда анықталса, немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).
413-бап. Кедендік жете тексеру
1. Кедендік жете тексеру тауарлардың қаптамасын, көлік құралдарының жүкжайларын (бөлекжайларын), ыдыстарды, контейнерлерді немесе тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін өзге де орындарды ашумен және (немесе) оларға қолданылған кедендік пломбаларды, мөрлерді немесе өзге сәйкестендіру құралдарын жоюмен, тексерілетін объектілер мен олардың бөліктерін бөлшектеумен, демонтаждаумен немесе өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзумен тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына және жеке тұлғалардың багажына қатысты қарап-тексеру жүргізуді және өзге де әрекеттер жасауды білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік жете тексеру кедендік бақылау жүргізілетін тауарлар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу мақсатында жүргізіледі.
Кедендік жете тексеруді жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Кеден органы декларантты немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаны, егер осы тұлғалар анықталса, хабарламаны алуы фактісін растауға мүмкіндік беретін кез келген тәсілмен кедендік жете тексеруді жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Кедендік жете тексеруді жүргізу уақытын тағайындау кезінде мұндай адамдардың келуінің ақылға қонымды мерзімдері ескеріледі. Бұл ретте декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалардың келуіне арналған мерзімдерде осы Кодекстің 193-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері есепке алынуға тиіс.
4. Осы баптың 6-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде өз бастамалары бойынша қатысуға құқылы.
5. Кеден органының талап етуі бойынша декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және кеден органының лауазымды адамдарына қажетті жәрдем көрсетуге міндетті. Тасымалдаушы арнайы уәкілеттік берген өкіл болмаған кезде көлік құралын басқаратын жеке тұлға осы міндетті атқарушы болып табылады.
6. Декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері болмаған кезде кедендік жете тексеруді кеден органы мынадай:
1) көрсетілген тұлғалар келмеген не мұндай тұлғалар анықталмаған жағдайларда;
2) ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздікке, адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге, қоршаған ортаға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық мәдени игілік объектілерінің сақталуына қауіп төнген және кейінге қалдыруға болмайтын өзге мән-жайлар пайда болған, оның ішінде тауарлар тез тұтанатын заттар, жарылу қауіптілігі бар заттар, жарылғыш, улайтын, қауіпті химиялық және биологиялық заттар, есірткі, психотроптық, қатты әсер ететін, улы, уытты, радиоактивті заттар, ядролық материалдар және басқа да сондай тауарлар болып табылатынын көрсететін белгілері болған, сондай-ақ тауарлар жағымсыз иіс таратқан;
3) тауарлар халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілген;
4) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуді көздейтін кедендік рәсім немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттар бұзыла отырып, олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қалдырылған жағдайларда, жүргізуге құқылы.
7. Кедендік жете тексеру осы баптың 6-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда екі куәгердің қатысуымен, ал осы баптың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен, ал ол болмаған кезде - екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі.
8. Кедендік жете тексеруді жүргізу нәтижелері, осы Кодекстің 401-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, нысанын Комиссия айқындаған кедендік жете тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
9. Кедендік жете тексеру актісінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) кедендік жете тексеруді жүргізген кеден органының лауазымды адамдары және оны жүргізген кезде қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
2) декларанттың немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаның қатысуынсыз кедендік жете тексеруді жүргізу себептері;
3) кедендік жете тексеру нәтижелері;
4) акт нысанында көзделген өзге де мәліметтер.
10. Кедендік жете тексеру актісі екі данада жасалады, олардың біреуі декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға не олардың өкілдеріне, егер бұл тұлғалар бұзушылық анықталған жағдайда анықталса, немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).
414-бап. Жеке кедендік жете тексеру
1. Жеке кедендік жете тексеру жеке тұлғаларға жете тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Жеке кедендік жете тексеру Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін және кедендік бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды өзінде жасырып тұр және ерікті түрде бермей тұр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде, осындай тұлғаларға қатысты ғана жүргізілуі мүмкін.
3. Жеке кедендік жете тексеру осы баптың 2-тармағында көрсетілген жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзі жасырып тұрған тауарларын анықтау мақсатында жүргізіледі және кедендік бақылаудың ерекше нысаны болып табылады.
4. Жеке кедендік жете тексеру кеден органы басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың шешімі бойынша немесе кеден органы бөлімшесі (кеден бекеті, бақылау-өткізу пункті) басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы бөлімшесі басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың шешімі бойынша жүргізіледі.
Көрсетілген шешім жазбаша нысанда ресімделеді.
5. Жеке кедендік жете тексеруді өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді.
Үй-жайға осы бапта көрсетілген тұлғалардан басқа жеке тұлғалардың кіруіне және басқа жеке тұлғалардың жеке кедендік жете тексерудің жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс.
Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарауды, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып, медицина қызметкері ғана жүргізеді.
Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз жеке тұлғаға жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде оның заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары не қамқоршылары) немесе оны алып жүретін адамдар қатысуға міндетті.
6. Жеке кедендік жете тексеру басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаны жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезіндегі оның құқықтарымен таныстыруға, сондай-ақ оған Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды өз еркімен беруін ұсынуға міндетті.
Жеке тұлғаның жеке кедендік жете тексеру жүргізу туралы шешіммен танысу фактісін осы жеке тұлға мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге тиісті жазба жасау арқылы куәландырады. Жеке тұлға мұндай жазба жасаудан бас тартқан жағдайда, жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге осындай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімді жариялаған кеден органының уәкілетті лауазымды адамының және жеке кедендік жете тексеру жүргізу кезінде қатысатын куәгерлердің қолдарымен куәландырылатын тиісті белгі қойылады.
7. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамының әрекеттері өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге және осы жеке тұлғаның денсаулығына зиян және мүлкіне залал келтірмеуге тиіс.
8. Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның:
1) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу басталғанға дейін жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және оны жүргізу тәртібімен танысуға;
2) өз құқықтарымен және міндеттерімен танысуға;
3) түсініктемелер беруге және өтінішхаттарды мәлімдеуге;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзі жасырып отырған тауарларды өз еркімен беруге;
5) жеке кедендік жете тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамының жеке кедендік жете тексеруді жүргізу актісіне міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
6) ана тілін және аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
7) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы акт жасалып болған соң онымен танысуға және оған жазбаша нысанда мәлімдемелер жасауға;
8) жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарының әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға құқығы бар.
9. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында өзіне қатысты осы тексеру жүргізілетін жеке тұлға және оның заңды өкілі жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамының заңды талаптарын орындауға міндетті.
10. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын жеке кедендік жете тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
Көрсетілген акт жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында не ол аяқталғаннан кейін бір сағат ішінде жасалуға тиіс.
11. Жеке кедендік жете тексеру актісіне жеке кедендік жете тексеруді жүргізген кеден органының лауазымды адамы, өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлға немесе оның заңды өкілі немесе онымен бірге жүретін адам, куәгерлер, ал өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарау жүргізілген кезде - медицина қызметкері де қолдарын қояды.
12. Жеке кедендік жете тексеру актісі екі данада жасалады, олардың біреуі өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаға, оның заңды өкіліне немесе онымен бірге жүретін адамға ол жасалғаннан кейін дереу табыс етіледі.
415-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру
1. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру үй-жайлар мен аумақтарға, сондай-ақ көрсетілген орындардағы тауарларға және (немесе) құжаттарға көзбен қарап-тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру қарап тексерілетін үй-жайларда немесе аумақтарда кедендік бақылау объектілері болып табылатын тауарлардың және (немесе) құжаттардың болуын немесе болмауын тексеру мақсатында, сондай-ақ осындай тауарлар және (немесе) құжаттар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу және тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүкжайларында (бөлекжайларында) кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа сәйкестендіру құралдарының бар-жоғын тексеру мақсатында жүргізіледі.
3. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді кеден органдары жеке тауарларын сақтау қоймалары, уақытша сақтау қоймалары, кеден қоймалары, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың тауарларды уақытша сақтауына арналған немесе пайдаланылатын құрылыстардың, үй-жайлардың (үй-жай бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың (ашық алаңдар бөліктерінің) осы Кодекстің 165-бабының 3-тармағына, 503, 510, 517 және 524-баптарына және 532-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында жүргізуі мүмкін.