16-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты міндеттері
1. Қызметкерлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) заңмен көзделген тәртiп пен мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
5) қызметтік және еңбек тәртібін сақтауға;
6) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Мемлекеттік қызметтің әдеп кодексінің талаптарын сақтауға;
8) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде құқық қорғау қызметiн тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
11) мемлекеттік мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
12) қызметкердің жеке мүддесi өзінің өкiлеттiгімен ұштасатын немесе оған қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тікелей және уәкілетті басшыны дереу хабардар етуге;
13) өзiнiң кәсiптік деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
14) мемлекеттік қызмет мүдделеріне зиян келтіретін жария сөйлеуге жол бермеуге;
15) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергендігі туралы оны берген күні өзінің тікелей басшысына хабарлауға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) қызметкер өз өкілеттіктерін орындау кезеңінде жыл сайын, сондай-ақ құқық қорғау қызметінен теріс себептер бойынша босатылған адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) үш жыл бойы тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
2. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде қойылған міндеттерге сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында көзделген өзге де міндеттер белгіленеді.
3. Қызметкерлер адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, құқық қорғау органдары сол құқықтарды қалпына келтіріп, келтірілген залалды өтеуге, кінәлі қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуды қамтамасыз етуге тиіс.
17-бап. Қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулер
1. Қызметкердің:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесі болуға, партиялар, кәсіптік одақтар қатарында болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіптік мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бірлестіктерді құруға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтердi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсатында пайдалануға;
8) пайдакүнемдiк мақсатта, оның ішінде лауазымды немесе өзге де адамдармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
9) өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлілері, қарындастары, аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын қызметіне тікелей бағынысты лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, қызметкер лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде коммерциялық ұйымдардағы өзінің меншігіндегі акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетін өзге де мүлікті құқық қорғау қызметін өткеру уақытына сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті, бұған өзіне заңды түрде тиесілі ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлік қосылмайды. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
Қызметкердiң сенiмгерлікпен басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар түрінде табыс алуға, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
3. Осы бапта көзделген шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілік осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгіленеді.
18-бап. Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі
Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың туындау және өзгеру ерекшеліктерін және оны жалғастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
19-бап. Қызметкерлердің жауапкершілігі
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
2. Көрінеу заңға қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауапкершiлiктен босатпайды.
Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда, бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Заңға қайшы әрекеттерімен құқық қорғау органына келтірілген материалдық залал үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.
20-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және жетондары
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі.
Жетондар прокуратура органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлеріне берілмейді.
Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатыстылығын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымын және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады.
Қызметкердің қызметтік куәлігі, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлерді, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, оның атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
21-бап. Қызметкерлердің нысанды киімі және айырым белгілері
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қызметкердің өзі қызмет өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне тиесілігін көрсету мақсатында қызметкерлердің арнаулы атақтары, сыныптық шендері немесе біліктілік сыныптары бойынша нысанды киім және айырым белгілері белгіленеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген немесе біліктілік сыныптары белгіленген қызметкерлер нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
3. Нысанды киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі және онымен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тарау. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер, біліктілік сыныптары
22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру
1. Қызметкерлерге мынадай арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:
1) қатардағы құрам:
қатардағы қызметкер;
2) кiшi басшы құрам:
кiшi сержант;
сержант;
аға сержант;
старшина;
3) орта басшы құрам:
кiшi лейтенант;
лейтенант, 3-сыныпты заңгер;
аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер;
капитан, 1-сыныпты заңгер;
4) аға басшы құрам:
майор, кіші кеңесші;
подполковник, кеңесші;
полковник, аға кеңесші;
5) жоғары басшы құрам:
генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-полковник, 1-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
жоғары сыныпты мемлекеттік кеңесші.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер қызметкерлерге біліктiлiгi, білімi, қызметке қатысы, еңбек сiңiрген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескерiле отырып, реттілік тәртібімен дербес берiледi.
3. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан тиісті септікте, олардың қайсысына қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
1) прокуратура органдарына - «әділет»;
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ішкі істер органдарына - «полиция», «әділет», «азаматтық қорғау»;
3) 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) 2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) мемлекеттік фельдъегерлiк қызметке - «фельдъегерлiк қызмет».
4. Қызметте болудың шекті жасына жеткен немесе зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан «отставкадағы» деген сөз қосылады.
5. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттарының қатарына қабылданған азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы атақтар беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұратын азаматқа, ол құқық қорғау органдарындағы басшы құрам лауазымына тағайындалғаннан кейiн, оның өзiнде бар әскери атағынан төмен емес арнаулы атақ немесе сыныптық шен беріледi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар қызметке қайта қабылданған (оқуға түскен) кезде, басқа құқық қорғау органынан iссапарға жiберу тәртiбiмен қабылданған адамдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген адамдар, әскери қызметшілер бұрынғы қызмет орны бойынша берілген немесе белгіленген өздерiнде бар сыныптық шенмен, арнаулы немесе әскери атақпен, біліктілік сыныбымен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады), олар кейіннен жаңа қызмет (оқу) орны бойынша берілетін немесе белгіленетін арнаулы атаққа немесе сыныптық шенге теңестіріледі.
Бұрынғы сыныптық шенде, арнаулы немесе әскери атақта, біліктілік сыныбында болу мерзiмi кезектi арнаулы атақ, сыныптық шен беру немесе біліктілік сыныбын белгілеу үшiн еңбек сiңiрген мерзiмге есептеледi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына жүктелген негiзгi мiндеттер мен функцияларды тiкелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге, сондай-ақ біліктілік сыныптарын белгілеуге құқық беретiн лауазымдар тiзбесiн, өздерінің өкiлеттiктерiне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды; 2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Бұрын «ішкі қызмет аға прапорщигі», «өртке қарсы қызмет аға прапорщигі», «ішкі қызмет прапорщигі», «өртке қарсы қызмет прапорщигі», «әділет аға прапорщигі», «әділет прапорщигі» әскери немесе арнаулы атақтары берілген адамдар осы Заңда көзделген негіздер бойынша өз қызметтерін тоқтатқанға дейін осы атақтарда қызметтерін жалғастыруға құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды
22-1-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерінің біліктілік сыныптары
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері үшін мынадай біліктілік сыныптары мен онда болу мерзімдері белгіленеді:
1) орта басшы құрам:
6-санатты біліктілік сыныбы - бір жыл;
5-санатты біліктілік сыныбы - үш жыл;
4-санатты біліктілік сыныбы - төрт жыл;
2) аға басшы құрам:
3-санатты біліктілік сыныбы - бес жыл;
2-санатты біліктілік сыныбы - жеті жыл;
1-санатты біліктілік сыныбы - болу мерзімі белгіленбейді.
Біліктілік сыныптары белгілеу реттілігіне қарай алғашқы және кезекті болып бөлінеді.
6-санатты біліктілік сыныбы алғашқы біліктілік сыныбы болып табылады.
Кезекті біліктілік сыныптары алдыңғы біліктілік сыныптарында болу мерзімі өткеннен кейін реттілік тәртібімен белгіленеді.
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеп-тексерулер қызметінің қызметкерлеріне кезекті біліктілік сыныптары білімі мен еңбек сіңірген жылдары ескеріліп, біліктілік сыныбында белгіленген еңбек сіңіру мерзімі өткеннен кейін реттілік тәртібімен белгіленеді.
2. Бір құқық қорғау органынан басқасына ауысқан кезде, сондай-ақ бұрын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы бар қызметкерлерге, арнаулы немесе әскери атағы бар әскери қызметшілерге біліктілік сыныптарын немесе сыныптық шендерді, арнаулы немесе әскери атақтарды теңестіру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) орта басшы құрам:
6-санатты біліктілік сыныбы - лейтенант, 3-сыныпты заңгер;
5-санатты біліктілік сыныбы - аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер;
4-санатты біліктілік сыныбы - капитан, 1-сыныпты заңгер;
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) аға басшы құрам:
3-санатты біліктілік сыныбы - майор, кіші кеңесші;
2-санатты біліктілік сыныбы - подполковник, кеңесші;
1-санатты біліктілік сыныбы - полковник, аға кеңесші.
Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар қызметке қайта қабылданған кезде, басқа құқық қорғау органынан іссапарға жіберу тәртібімен қабылданған адамдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген адамдар, әскери қызметшілер біліктілік сыныбы теңестірілгенге дейін бұрынғы қызмет орны бойынша берілген өздерінде бар сыныптық шенмен, арнаулы немесе әскери атақпен лауазымға тағайындалады.
3. Біліктілік сыныбында болу мерзімі қызметкерге тиісті біліктілік сыныбы белгіленген күннен бастап есептеледі. Бұл мерзімге лауазымдарда іс жүзінде қызмет өткерген уақыты, сондай-ақ қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болған кезеңі кіреді. Қызметкерге кезекті біліктілік сыныбын белгілеуге ұсыну негізсіз кідіртілген жағдайда тиісті біліктілік сыныбы алдыңғы біліктілік сыныбында болу мерзімі өткеннен кейін келесі күннен бастап белгіленеді.
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Бірінші біліктілік сыныптарын құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
Орта және аға басшылық құрамның кезекті біліктілік сыныптарын:
1) 4-санатты біліктілік сыныбына дейін қоса алғанда - уәкілетті басшы;
2) 1-санатты біліктілік сыныбына дейін қоса алғанда - құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
23-бап. Бірінші және кезектi арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің тәртібі
1. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берілу ретіне қарай бірінші және кезектi болып бөлiнедi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мыналар:
1) қатардағы құрам үшін - қатардағы қызметкер;
2) кіші басшы құрам үшін - кіші сержант (сержант);
3) орта басшы құрам үшін - кіші лейтенант (лейтенант), 3-сыныпты заңгер бірінші арнаулы атақтар немесе сыныптық шен болып есептеледі.
2. Қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтарын (бірінші және кезектi) уәкілетті басшы бередi.
3. Орта және аға басшы құрамның бірінші арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін құқық қорғау органының басшысы береді.
4. Кiшi лейтенанттың бірінші арнаулы атағы:
1) қатардағы немесе кіші басшы құрам лауазымдарын атқарып жүрген, жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының соңғы курстарында оқитын және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітірген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Лейтенант арнаулы атақтары:
1) кiшi лейтенанттарға - арнаулы атақта еңбек сiңiрудiң осы Заңда белгiленген мерзiмiнің өтуі бойынша, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргендерге - бұл атақта еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан;
2) қатардағы қызметкер мен кiшi басшы құрамның арнаулы атақтары бар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен және жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бiтiрген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
3) жоғары білімi бар және орта немесе аға басшы құрам лауазымдарына тағайындалған адамдарға берiледi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. 3-сыныпты заңгер бірінші сыныптық шені аттестаттаудан өткеннен кейін беріледі.
6. Басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге сәйкес болған жағдайда және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткен соң реттілік тәртібімен берiледi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін:
1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда - уәкілетті басшы;
2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда - құқық қорғау органының басшысы береді.
8. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері Қазақстан Республикасының Президентi белгілейтін лауазымдар тізбесі және тәртіп бойынша беріледi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Бағынысты қызметкердi кезектi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді беруге ұсынуды негiзсiз кешiктiрген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының магистранттары мен докторанттарына, сондай-ақ оқу ақысын бюджет қаражаты есебінен төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқитындарға - оқуға түскеннен кейiн, осы лауазымдар бойынша штаттағы арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге енгiзiлген өзгерістер ескерiлместен, олар оқуға түскенге дейiн атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес тиiстi арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмiнің өтуіне орай; кезектi арнаулы немесе әскери атақтар, сыныптық шендер қызметкерлер оқуды аяқтаған соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша атақтарға сәйкес болған жағдайда - білім беру ұйымдарын, магистратураны, докторантураны бiтiруіне орай берiледi.
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 11-тармақпен толықтырылды
11. Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер білімі мен еңбек сіңірген жылдары ескеріліп, арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңірудің белгіленген мерзімі өткеннен кейін реттілік тәртібімен беріледі.
24-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері
1. Қатардағы және кіші басшы құрамның арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
қатардағы қызметкер атағында - үш ай;
кіші сержант атағында - бір жыл;
сержант атағында - екі жыл;
аға сержант атағында - үш жыл.
Старшина атағында еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
2. Орта және аға басшы құрамның арнаулы атақтарда және сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері:
кіші лейтенант атағында - бір жыл;
лейтенант, 3-сыныпты заңгер атағында - бір жыл;
аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер атағында - үш жыл;
капитан, 1-сыныпты заңгер атағында - төрт жыл;
майор, кіші кеңесші атағында - бес жыл;
подполковник, кеңесші атағында - жеті жыл.
3. Полковник арнаулы атағында, аға кеңесші сыныптық шенінде, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында және сыныптық шендерінде еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
2015.29.10. № 374-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты, сондай-ақ осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеруі және қызметкердің бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болу кезеңі кіреді.
Қызметкерді кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беруге ұсыну негізсіз кешіктірілген жағдайда, тиісті арнаулы атақ немесе сыныптық шен оның алдындағы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі өткеннен кейінгі келесі күннен бастап беріледі.
5. Қатардағы және кіші басшы құрамдағы атағы бар, орта басшы құрам лауазымына тағайындалған қызметкерлер, осы атақта еңбек сіңірген мерзіміне қарамастан, орта басшы құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылады.
6. Кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің осы Заңда көзделмеген қосымша шарттарын енгізуге тыйым салынады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Арнаулы атақтарда, сыныптық шендерде немесе біліктілік сыныптарында еңбек сiңiрген жылдары мерзiмiн тоқтата тұру
1. Қызметкерлерге кезектi арнаулы атақтар, сыныптық шендер немесе біліктілік сыныптары тиiсiнше құқық қорғау органының қарамағында болған кезде лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда, қайта аттестаттау кезiнде атқаратын лауазымына сәйкес келетiнi туралы мәселе шешiлгенге дейiн, тергеуге дейiнгi тексерулер, қылмыстық iс ақтайтын негiздер бойынша тоқтатылғанға дейiн, ақтау үкiмi заңды күшiне енгенге, қызметтiк тергеп-тексеру аяқталғанға дейiн берiлмейдi (белгіленбейді).