6. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.
7. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды веб-порталда орналастыруға міндетті.
8. Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 3), 6), 22), 23) және 24) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол берілмейді.
9. Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде бірыңғай оператор осы Заңның 15-бабы 5-тармағының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының (бастапқы бағаларының) құпиялылығын қамтамасыз етеді.
10. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, бюджетті (даму жоспарына сәйкес ақшаны), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақшаны немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес ақшаны басқа тапсырыс берушіге қайта бөлуге, сол сияқты мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
11. Тапсырыс беруші не ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 10-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.
12. Мемлекеттік сатып алу процесі, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға жауапты тұлғаларды айқындау тәртібі, сондай-ақ өзге де шарттар осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Бірыңғай ұйымдастырушылар орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды уәкілетті орган бекітетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі (тізбелері) бойынша, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
7-бап. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер
1. Әлеуетті өнім беруші, егер:
1) осы әлеуетті өнім беруші басшыларының, құрылтайшыларының, ірі акционерлерінің және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары, сондай-ақ құрылтайшының өзі, ірі акционер және олармен үлестес тұлғалар өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе ұйымдастырушының өкілі болып табылса;
2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері тапсырыс берушіге не ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де жұмыстар, қызметтер көрсетіп жатса және (немесе) көрсеткен болса, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің қатысуын қоспағанда, мемлекеттік сатып алудың нысанасы құрылыс-монтаждау жұмыстары, техникалық қадағалауды жүзеге асыру және жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтер болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге тапсырыс беруші, бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.
Бұл талап толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарттар бойынша жұмыстарға, сондай-ақ халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес іске асырылатын жобаларға қолданылмайды;
3) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері және олармен үлестес тұлғалар мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміндегі заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;
4) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің басшысы тапсырыс берушімен үлестес заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;
5) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болса;
6) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылатын әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушінің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері болса;
7) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;
8) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның басшысы (басшылары), құрылтайшысы (құрылтайшылары) немесе ірі акционері бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаса;
9) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының), олардың басшысының, құрылтайшысының немесе ірі акционерінің, сондай-ақ олармен үлестес тұлғалардың атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және оларды атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе, өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.
Осы талап осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қолданылмайды;
10) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушісі мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса;
11) әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлескен орындаушы) және (немесе) олардың басшысы, құрылтайшылары (акционерлері) жаппай жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілсе;
12) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның құрылтайшылары (акционерлері) және (немесе) олардың құрылтайшыларының (акционерлерінің) үлестес тұлғалары тіркелген жері салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшор аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлғалар болып табылса;
13) әлеуетті өнім берушіге қатысты бұрын жасалған шарттар бойынша мерзімі өткен және орындалмаған шарттық міндеттемелер бойынша заңды күшіне енген сот шешімі шығарылса, өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.
2. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген шектеулер Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде тұрған әлеуетті өнім берушілерге де қолданылады.
3. Әлеуетті өнім берушінің және әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасының конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір лотқа қатысуға құқығы жоқ.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.
Инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын әлеуетті өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда веб-портал мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін автоматты түрде қабылдамауға тиіс.
5. Өз мүддесінде мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тапсырыс берушінің осындай сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға құқығы жоқ.
6. Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында осы баптың талаптарын бұзушылықтарды анықтай алады.
7. Уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы баптың талаптарын бұзушылық фактісі анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:
1) егер осындай факт шарт жасалғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;
2) егер осындай факт шарт жасалғанға дейін анықталған болса, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.
Бұл ретте осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері хабарламаға қоса берілуге тиіс.
8. Сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлері сақтандыру шартын жасасуға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.
8-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер
1. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласында:
әлеуетті өнім берушілердің;
тапсырыс берушілердің;
шарттардың;
мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың;
шағымдардың;
әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесінің тізілімдерін (бұдан әрі - тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.
Тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Тапсырыс берушілердің тізілімі өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді.
3. Шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан шарттардың тізбесін білдіреді және шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды.
Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 6), 12), 21), 22) және 24) тармақшаларында және 26-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер шарттардың тізіліміне енгізілуге жатпайды.
4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:
1) анық емес ақпаратты берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;
2) жеңімпаз деп айқындалған, шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;
3) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өнім берушілердің;
4) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда тапсырыс беруші шарт бұзылған не шарттың қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарттың талаптарын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, бұған жиынтығында мынадай:
1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;
2) шарттық міндеттемелерді орындау;
3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы талаптарын қанағаттандыратын жағдайлар қосылмайды.
5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және
4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.
Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін уәкілетті орган тапсырыс берушінің әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырады.
Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші соттың осындай шешімін веб-портал арқылы алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін жүгінеді.
6. Осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, әлеуетті өнім беруші өзіне осындай тізілімге енгізілгені туралы мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына өзін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Келісу комиссиясы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім қабылданған жағдайда тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінеді.
Уәкілетті орган келісу комиссиясының шешімін ескере отырып, әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім шығарады.
Келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Уәкілетті орган келісу комиссиясының үлгілік ережесі мен жұмыс тәртібін бекітеді.
7. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және
4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.
8. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы туралы мәліметтерді алып тастауға мыналар негіз болып табылады:
1) осы баптың 7-тармағының бірінші және екінші бөліктерде белгіленген мерзімдердің өтуі;
2) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
3) уәкілетті органның әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы оның жолданымын келісу комиссиясының қарау қорытындылары бойынша қабылдаған шешімі.
9. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
10. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер веб-порталда орналастырылады және төлемақы алынбастан, жалпыға бірдей қолжетімді болуға тиіс.
11. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.
12. Шағымдардың тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің веб-портал арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.
13. Әлеуетті өнім берушілердің тізілімдері, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибелері мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерден алынған әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес веб-порталда қалыптастырылатын электрондық дерекқорды білдіреді.
9-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді қолдану
1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға, тиісінше бейрезиденттер-әлеуетті өнім берушілер орындайтын жұмыстарға, көрсететін қызметтерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда және шарттарда ұлттық режим қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып қоюды белгілеуге құқылы.
3. Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
10-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері
1. Мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) конкурс;
2) аукцион;
3) баға ұсыныстарын сұрату;
4) бір көзден алу;
5) электрондық дүкен арқылы.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері бәсекелестік тәсілдер деп танылады.
3. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу нақты уақыт режимінде веб-порталда жүзеге асырылады, оны өткізуді бірыңғай оператор қамтамасыз етеді.
Тауар аукцион нысанасы болып табылады.
Бұл ретте аукцион әлеуетті өнім берушілердің аукционға қатысуға арналған өтінімдері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен біліктілік талаптарына және аукциондық құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қаралғаннан кейін бір лотпен өткізіледі.
4. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу, егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жылдық көлемі құндық мәнде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге өткізіледі. Бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде біреуінің мөлшері осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделгеннен аз болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.
5. Электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алу жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға өткізіледі.
Электрондық дүкен арқылы тәсілді қолдану мақсатында біртекті тауарларды мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде біреуінің мөлшері осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделгеннен аз болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.
6. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесін қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес айқындайды.
7. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындау кезінде осы баптың 1-тармағында көзделген мемлекеттік сатып алудың бәсекелестік тәсілдері басым таңдау болып табылады.
8. Мемлекеттік сатып алуды осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдермен жүзеге асыру тәртібі, олардың негіздері мен түрлері осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
9. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайыздан үш пайызға дейінгі мөлшерінде енгізіледі.
10. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып айқындалған жағдайда шарт жасасатынына және шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты қамтамасыз етуді (бар болса), демпингке қарсы соманы (бар болса) енгізетініне кепілдік ретіндемемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен өтінімді қамтамасыз етуді енгізеді.
11-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары
1. Әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) мынадай біліктілік талаптары қойылады:
1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін) және азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;
2) қаржылық тұрғыдан орнықты болуы және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салық берешегінің болмауы.
Әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығын веб-портал мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен кірістер, төленген салықтар, негізгі құралдар, еңбекке ақы төлеу қоры жөніндегі мәліметтер негізінде автоматты түрде айқындайды;