3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңнамада белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
39-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
765-бап. Дәлелдемелер
1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген нақты деректер: әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және процестік әрекеттердің хаттамаларымен анықталады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы материалдарды дәлелдемелер ретiнде қарау кезiнде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған деректер пайдаланылуы мүмкiн.
3. Егер нақты деректер іс жүргізуге қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де қағидаларын бұза отырып алынып, нақты деректердiң анықтығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, оның iшiнде:
1) зорлық-зомбылық жасап, қорқытып, алдап, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысатын адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты оған түсiндiрмеу, толық емес немесе дұрыс емес түсiндiру салдарынан туындаған шатасуын пайдаланып;
3) осы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекеттi жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық бiлдiруге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
5) процестік әрекеттi жүргізу тәртiбiн бұза отырып;
6) белгiсiз көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
4. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтынын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiшхаты бойынша белгілейді.
5. Тиiстi бұзушылықтар мен оларға жол берген тұлғалардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда, заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңдық күшi жоқ деп танылады және оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
766-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша:
1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері;
2) осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға;
3) жеке тұлғаның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтірілген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.
767-бап. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары
1. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелері, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған тұлғалардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерiн білдіреді.
2. Өзiне қатысты iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада көрсетіледі, ал қажет болған кезде - сауал қою хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
3. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның түсiнiктемелерi, куәлардың айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны толық толтырғаннан және аталған тұлғаларға осы Кодексте көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіргеннен кейін ғана енгізіледі.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды сақтамаған кезде өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға түсiнiктемелерiнің, куә айғақтарының дәлелдемелер ретінде күші жоқ деп есептеледі және дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін емес.
768-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1. Дәлелдемелердi әкiмшiлiк iс жүргiзудің тараптары және басқа да қатысушылары ұсына алады.
2. Егер ұсынылған дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
769-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi
1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) жалпыға бiрдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, сол бір тұлғалар қатысатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы басқа iстердi қарау кезінде дәлелдеудi қажет етпейдi.
3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар:
1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бiрдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
2) адамның заңды бiлуi;
3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiптік мiндеттерiн бiлуi;
4) олардың болуын растайтын құжатын ұсынбаған және арнаулы даярлықтан өткен немесе бiлiм алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе бiлiмiнiң жоқтығы дәлелдемелерсiз анықталған деп есептеледi.
770-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету
1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi ұсыну мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету iске қатысуына қарамастан, ұйымдардан құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар ұсынуды, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп қарауды талап ету жолымен және өзге де тәсілдермен жүргiзiледi.
771-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда: қамтамасыз етiлуi қажетті дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) берiледi.
772-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптаманы тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың ревизиялау, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың процестік әрекеттер барысында жүргізетін зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы сол бір мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 757-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге де тұлғаларға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған тұлғалардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Судьяның, лауазымды адамның сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда:
1) судьяның, лауазымды адамның тегін, аты-жөнiн, соттың, органның атауын;
2) сараптаманы тағайындау уақытын, орнын;
3) сараптама тағайындау үшін негiздi;
4) сарапшының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауын;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелерді;
6) сарапшының билігіне берiлетiн материалдардың тiзбесiн көрсетедi.
Ұйғарымда сарапшыға оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілгені туралы және оған көрінеу жалған қорытындыны бергені үшін жауаптылық жөнінде ескертілгені туралы жазбалар да болуға тиіс.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы кемiнде екi сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң түрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, түрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыретi шегiнде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшiн жiбергенге дейiн сот сараптамасын тағайындаған судья немесе орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан адамды және жәбiрленушiнi онымен таныстыруға, оларға:
1) сарапшыға қарсылық білдіру немесе сот сараптамасы органын сараптама жүргiзуден шеттету туралы өтiнiшхат мәлiмдеу;
2) өздерi атаған тұлғаларды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерiн сарапшылар ретiнде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргiзуi туралы өтiнiшхат жасау;
3) сарапшы алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелердi нақтылау туралы өтiнiшхат жасау;
4) сараптама жүргiзуге кедергi келтiретiн жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған судьяның немесе органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргiзу кезiнде қатысу, сарапшыға түсiнiктемелер беру;
5) сот сараптамасын тағайындаған судьяға немесе органға (лауазымды адамға) сарапшының қорытындысы не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама келiп түскеннен кейiн онымен танысу, өз ескертулерiн ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтiнiшхаттар мәлiмдеу құқықтарын түсiндiруге мiндеттi.
Жәбiрленушiлерге сараптама олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жүргiзiледi. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныса, сараптама жүргiзуге жазбаша келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi.
9. Сарапшы (сарапшылар) сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша өзiнiң атынан жасаған, осы Кодекстiң 773-бабының талаптарына сәйкес қорытынды бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажеттiлiгi туындаған кезде қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның түйіндері күмән туғызса немесе сараптама тағайындау және жүргiзу туралы процестік нормалар елеулi түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптамалар тағайындау туралы ұйғарымы уәждi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптамалар жасау тапсырылған кезде алдыңғы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар ұсынылуға тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер оның арнаулы бiлiмiнiң шегiнен тыс не өзiне ұсынылған материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне және оны толықтыру мүмкiн болмайтынына не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы уәжді хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
773-бап. Сарапшы мен маманның қорытындысы және айғақтары
1. Сарапшының қорытындысы - бұл арнаулы ғылыми бiлiмдi пайдалана отырып жүргiзiлген iс материалдарын, оның iшiнде заттай дәлелдемелер мен үлгiлердi зерттеу нәтижелерiне негiзделген, оның алдына жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезiнде қолданған әдiстерi, қойылған сұрақтарға жауаптардың негiздемесi және сарапшының өзінің бастамасымен белгіленген, iс үшiн маңызы бар
мән-жайлар да көрсетiледi.
2. Қорытындыны зерттеулер жүргiзгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан жасайды, оны өзінің (өздерiнiң) қолымен және жеке мөрiмен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргiзген жағдайда, сарапшының қолы аталған органның мөрiмен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сараптаманың жүргiзiлген мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәлiметтер; сараптама жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); сотта көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы өзiнiң ескертiлгенi туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгi; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргiзу кезiнде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсiндiрмелер туралы мәлiметтер; объектiлер; пайдаланылған әдiстемелер көрсетiле отырып, зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негiздемесi мен тұжырымы көрсетiлуге тиiс.
4. Егер осы Кодекстiң 772-бабының он үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердiң барлығына немесе кейбiреуiне жауап беру мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
5. Сарапшының айғақтары - осы Кодекстің 757-бабының талаптарына сәйкес ол ұсынған қорытындыны түсіндіру немесе нақтылау мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында ол хабарлаған мәліметтер.
6. Маманның қорытындысы - бұл әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті лауазымды адам немесе тараптар маманның алдына қойған мәселелер бойынша жазбаша түрде ұсынған пікірі, оларға жауап қайтарылған кезде тиісті зерттеу жүргізу талап етілмейді.
7. Маманның қорытындысы кіріспе, сипаттау бөліктерінен және түйіндерден тұрады. Кіріспе бөлігінде: қорытындының берілген күні, орны, уақыты; арнайы зерттеу жүргiзуді тапсырған лауазымды адам; маман туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi, ғылыми атағы, атқаратын лауазымы) көрсетiлуге тиiс.
Сипаттау бөлігінде маманның алдына қойылған мәселелер, қорытынды беру үшін маманға ұсынылған объектілер, материалдар, құжаттар, зерттеу кезінде қатысқан адамдар қамтылады. Түйіндерде маманның қойылған мәселелерге жауаптары және олардың ғылыми негіздемесі көрсетіледі.
8. Маманның айғақтары - әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында арнаулы білімді талап ететін мән-жайлар туралы ол хабарлаған мәліметтер, сондай-ақ осы Кодекстің 756-бабының талаптарына сәйкес өз пікірін түсіндіру.
9. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен куәландырылған, сарапшының, маманның қорытындысын көрнекiлейтiн материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса берiледi және оның құрамдас бөлiгi болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейiн қалған объектiлер, оның iшiнде үлгiлер де қоса берiлуге тиiс.
10. Сарапшының, маманның қорытындысы жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан сот, орган (лауазымды адам) үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда олардың қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
774-бап. Yлгiлердi алу
1. Судья, егер үлгiлердi зерттеудiң iс үшiн маңызы бар болса, оларды, оның iшiнде адамның, жануардың, заттың, заттектің қасиеттерiн бейнелейтiн үлгiлердi алуға құқылы.
2. Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады.
3. Yлгiлердi алу туралы уәждi ұйғарым шығарылады, онда: үлгiлердi алатын тұлға; үлгiлер алынуы тиiс тұлға (ұйым); нақты қандай үлгiлер және қандай санда алынуы тиiс екенi; тұлға өзінен үлгiлердi алу үшiн қашан және кiмге келуi тиiс екенi; үлгiлер алынғаннан кейiн олардың қашан және кiмге ұсынылуға тиiс екенi көрсетiлуге тиіс.
4. Үлгiлердi судьяның жеке өзi алуы, ал қажет болған кезде, егер бұл үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен ұштаспаса және ерекше кәсiптік дағдыны талап етпесе, дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен алынуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алуы мүмкiн.
5. Үлгiлердi алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрiгерде немесе басқа маманда болады.
6. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргiзуi мүмкiн.
7. Yлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшiншi тұлғалардан алынуы мүмкiн.
8. Судья адамды өзiне шақырады, оны үлгiлердi алу туралы ұйғарыммен қолхат ала отырып таныстырады, оған және осы процестік әрекеттерге қатысатын өзге де адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
9. Судья жеке өзi немесе маманның қатысуымен қажеттi әрекеттердi жүргiзедi, үлгiлердi алады, оларды орайды және оларға мөр басады.
10. Үлгiлердi алу нәтижелерi процестік әрекет (сот отырысы) хаттамасында тiркеледi, онда жүргiзiлген ретi сақтала отырып: үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеулер және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздерi сипатталады.
775-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгiлердi алуы
1. Судья өзiнен үлгiлер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке қатысушылардың барлығының құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
2. Дәрiгер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргiзедi және үлгiлердi алады. Үлгiлер оралады және мөр басылады, одан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу процесiнде эксперименттік үлгiлер дайындауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгiлердi дайындау кезiнде қатысуға құқылы, оны өзi жасайтын хаттамада көрсетедi.
5. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.
6. Егер үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, ол ресми құжат жасап, оған процестік әрекетке қатысушылардың барлығы қол қояды және iс материалдарына қосып тігу үшiн судьяға берiледi.
7. Алынған үлгiлер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса беріледi.
776-бап. Үлгiлердi алу кезiнде жеке бас құқықтарын қорғау
Үлгiлердi алу әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз болуға тиiс. Қатты ауыру сезiнуiн тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, онда оның заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.
777-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған не оның iздерi қалған заттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, бұл жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодексте көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
778-бап. Ғылыми-техникалық құралдар
1. Сот, орган (лауазымды адам) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің қатысушылары ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректерді пайдалануға және ұсынуға құқылы.
2. Егер ғылыми-техникалық құралдар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми негізделген болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз етсе;
4) қауіпсіз болса, оларды пайдалануға жол беріледі деп танылады.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда көрсетіледі.
779-бап. Құжаттар
1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар және жеке тұлғалар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге де нысанда тiркелген мәлiметтерді қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, оның ішінде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған компьютерлiк ақпаратты, фото- және кинотүсiрiлiмдерді, дыбыс- және бейнежазбаларды қамтитын материалдар жатқызылуы мүмкiн.
3. Көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі оның төлнұсқалығын тексеру және жеке тұлғаны көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдау жағдайларында ғана іс үшін маңызы бар құжат болып табылады.
4. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
5. Құжаттарда осы Кодекстiң 777-бабында көрсетілген белгiлер болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер болып табылады.
780-бап. Қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру
1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға жатады.
3. Талап етiлетін мәлiметтер талап алынған күннен бастап үш тәулік ішінде жiберiлуге тиiс.