Аурулардың бастапқы профилактикасы (жаппай және жеке) аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында тіршілік ету үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Аурулардың қайталама профилактикасы аурулардың ерте сатыларында өршуінің және олардың зардаптарының алдын алуға бағытталған.
Аурулардың жалғаспалы профилактикасы өршіп кеткен асқынуды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған.
154-бап. Саламатты өмір салтын қалыптастыру
1. Саламатты өмір салтын қалыптастыру денсаулықты нығайту және өмір салтымен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу жолымен саламатты өмір салтын насихаттауды, дұрыс тамақтануды және аурулардың профилактикасын қамтиды.
2. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті органның үйлестіруімен және әдістемелік басшылығымен басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қамтамасыз етеді.
155-бап. Медициналық қарап-тексеру
1. Медициналық қарап-тексерудің негізгі мақсаты денсаулықты қалыптастыруға және нығайтуға, ауруларды анықтауға және таралуының алдын алуға, оның ішінде кәсіптік аурулардың, уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің, қандай да бір шаруашылық және (немесе) өндірістік қызметті жүзеге асыратын адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Медициналық қарап-тексеру міндетті және профилактикалық болуы мүмкін.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзiмдiк және ауысымалды болып бөлiнедi.
Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексеру кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерін орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жұмысқа тұру немесе оқуға түсу кезінде жүргізіледі.
Мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексеру жұмыс істеушілердің денсаулық жағдайын динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды тараптау мақсатында жүргізіледі.
Ауысымалды міндетті медициналық қарап-тексерулер жеке тұлғада аурудың барын немесе жоғын анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша қабілетсіздігін, шығатын ауысымындағы жұмысқа кәсіптік жарамдылығын айқындау мақсаттарында жүргізіледі.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Міндетті медициналық қарап тексеру өткізілетін зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесін, сондай-ақ осы қарап тексеруді өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті органмен келісу бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексеругежататын қызметкерлердің осындай қарап-тексеруден уақтылы өтуін қамтамасыз етеді.
6. Профилактикалық медициналық қарап-тексеру жаппай және іріктелген болып бөлінеді.
Жаппай профилактикалық медициналық қарап-тексеру ауруларды ерте сатыларында анықтау және аурулардың өршуінің, аурулардың пайда болуына әсер ететін қатер факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында халықтың нысаналы топтарына жаппай әдіспен жүргізіледі.
Іріктеп медициналық қарап-тексеру белгілі бір аурудан зардап шегетін немесе қатер тобына жататын азаматтарды динамикалық байқау, олардың ауруларын емдеу және денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
7. Профилактикалық медициналық қарап-тексеруге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осындай қарап-тексеруді өткізудің тәртібі мен кезеңділігін уәкілетті орган олардың тиімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық тұрғыдан орындылығы туралы дәлелденген ғылыми деректер негізінде белгілейді.
8. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес осындай қарап-тексеруге жататын адамдардың профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтуі үшін жағдай жасайды.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жұмыс берушілер міндетті медициналық қарап-тексеруден өтпеген немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмысқа жарамсыз деп танылған, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтпеген адамдарды жұмысқа жібермеуге тиіс.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу мен жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
11. Міндетті және профилактикалық медициналық қарап-тексерудің уақтылы өткізілуі мен оны уақтылы өтуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, медициналық қызметтер көрсету саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және еңбек жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды.
156-бап. Профилактикалық егуді жүргізу
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге құқылы.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Профилактикалық екпені енгізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды қарап-тексеруді жүргізеді. Медицина қызметкері оған не оның заңды өкіліне профилактикалық екпе, ықтимал жанама әсерлері, олардан бас тарту салдарлары, вакцинадан кейінгі ықтимал асқынулар туралы толық және объективті ақпарат береді.
Жазбаша нысанда берілген келісімнің не бас тартудың болуы профилактикалық екпе жүргізудің шарты болып табылады.
2. Профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, тәртібін, оларды жүргізу мерзімдерін және жоспарлы түрде егілуге жататын халықтың топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялаушы) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.
4. 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
157-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы
1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:
1) мынадай:
саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;
бұқаралық ақпарат құралдары, аурулар профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламалары арқылы халықты хабардар ету;
созылмалы инфекциялық емес аурулардан зардап шегетін адамдарды өзіне-өзі көмек көрсетудің қажетті әдістеріне үйрету жөніндегі денсаулық мектептерін ұйымдастыру жолымен аурулар қатерінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруды;
2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының бекітілген тұрғындардың аурулар қатері факторларына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының - жұмыс істейтіндердің кәсіптік ауруларына жүргізетін мониторингін;
3) мемлекеттік органдардың өз өкілеттігі шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар қатерінің өндірістік факторлары әсерін барынша азайтуды;
4) созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды халыққа медициналық қарап-тексеру жүргізу, оларды дәрігерге ертерек қаралуға уәждеу арқылы анықтауды;
5) азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді, қалпына келтіріп емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;
6) уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес, медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге денсаулық жағдайына байланысты неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.
2. Жарақаттанудың профилактикасын сектораралық деңгейде мемлекеттік органдар - өз өкілеттіктері шегінде, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
158-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы
1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы:
1) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің зияны, сондай-ақ оларды тұтынудың медициналық-әлеуметтік-құқықтық аспектілері туралы білімді насихаттауды;
2) психикаға белсенді әсер ететін заттар айналысы саласындағы жарнамаға тыйым салуды, психикаға белсенді әсер ететін заттарды әзірлеу, дайындау және пайдалану тәсілдері, әдістері, оларды сатып алу орындары туралы насихаттауға тыйым салуды, сондай-ақ мамандандырылған медициналық басылымдарда құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекусорлар бар дәрілік препараттар үлгілерінің жарнамасын шектеуді;
3) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикасының және мінез-құлқының бұзылушылығы (ауруы) бар қатер тобындағы адамдарды профилактикалық байқауды және есепке алуды;
4) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктен зардап шегуші адамдарды ерікті түрде, жасырын емдеуді;
5) нашақорлықпен ауыратындарды ерікті түрде медициналық-санитариялық оңалтуды қамтиды.
2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасын барлық жеке және заңды тұлғалар өздерінің құқықтары шегінде жүзеге асырады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
159-бап. Темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынудың профилактикасы және оны шектеу
2014.18.06. № 210-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынудың профилактикасы және оны шектеу халықтың денсаулығын қорғауға, темекі, алкоголь өнімдерін сатып алуға құқығы бар адамдар үшін жас мөлшерін шектеуді енгізуге, темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынуға халықтың өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті фактор ретіндегі көзқарасын қалыптастыруға, темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынудың таралуының профилактикасы жөніндегі келісілген іс-шаралар жүргізуге бағытталған.
2. Темекі бұйымдарын:
1) он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына;
2) темекі бұйымының ашық қорабынан немесе бір-бірлеп сатуға;
3) сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық қондырғылар арқылы;
2014.03.07. № 229-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру мен спорт ұйымдарының ғимараттарында және аумақтарында;
5) өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;
6) акциздік таңбалармен немесе есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалаусыз;
7) егер темекі бұйымының қорабында жиырма сигареттен кем болса;
8) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қара
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, құрамының деңгейі туралы және кемінде үш зиянды қосынды - жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтер енгізілмесе сатуға тыйым салынады. Темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, олардың деңгейі және жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтерді орналастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) темекі бұйымының қорабына темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ескерту енгізілмесе;
10) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қараңыз
10) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына он сегіз жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынғаны туралы жазба енгізілмесе;
11) тармақшаның күшіне енетін мерзімін қараңыз
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында «құрамында шайыр аз», «жеңіл», «өте жеңіл» немесе «жұмсақ» деген сөздер не басқаларымен салыстырғанда темекі бұйымы зиянының аз екені туралы жалған әсер қалдыратын және жемістердің, жидектердің, кондитерлік өнімдердің дәмі бар деген ұғымды білдіретін өзге де, оның ішінде шет тілдердегі сөз тіркестері болса;
12) өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінен;
13) басқа да тауарлармен жиынтық құрамда болса;
14) балалар ассортименті тауарларының саудасы жүзеге асырылатын сауда ұйымдарының үй-жайларында сатуға тыйым салынады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Темекі бұйымдарын сату жүзеге асырылатын орындардағы көрнекі жерде мынадай мазмұндағы: «Темекі бұйымдарын он сегіз жасқа дейінгі адамдарға сатуға және олардың сатуына тыйым салынады» деген жазба, сондай-ақ темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы уәкілетті орган бекіткен ескерту орналастырылуға тиіс.
4. Темекі бұйымдарының саудасын жүзеге асыратын адамдар жас шамасы сырт келбетіне қарағанда он сегізден жасырақ көрінетін азаматтарға темекі бұйымдарын сату кезінде:
1) сатып алушының шын мәніндегі жасын анықтау мақсатында жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуін талап етуге;
2) егер жеке басын куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын сатудан бас тартуға міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Темекі бұйымдарын тұтынуға:
1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;
2) денсаулық сақтау ұйымдарында;
3) қоғамдық тамақтану орындарында;
4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;
5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында;
7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;
10) үйлердің кіреберістерінде тыйым салынады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса, осы баптың 5-тармағының 3), 6), 7) тармақшаларында көзделген нормалар қолданылмайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының барлық маркаларында никотиннің және шайырлы заттардың рұқсат етілетін шекті құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы, өткен он екі айда Қазақстан Республикасының аумағында өздері шығарған немесе шығаруды ниет еткен, сатқан немесе өзге де жолдармен таратқан темекі бұйымдарының ингредиенттері туралы есептерді жыл сайын келесі жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынуға міндетті.
9. Темекі бұйымдарын өндіруші, импорттаушы темекі бұйымдарындағы никотиннің, шайырлы заттардың және басқа да зиянды қосындылар - жүйелік улардың, канцерогендік және мутагендік заттардың болуын зерттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаларда өз есебінен жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-тармақ жаңа редакцияда
10. Құрамындағы никотин және шайырлы заттар халықтың санитариялық-эпедемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын, жол берілетін шекті деңгейден асатын темекі бұйымдарын, сондай-ақ оларға қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленбеген темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
11. Темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салынған орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салынғаны туралы белгілер орналастырылуға тиіс.
13-тармақтың күшіне енетін мерзімін қараңыз
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Темекі бұйымының қорабында, темекі бұйымының қаптамасында уәкілетті орган бекіткен темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ескерту болуға және ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) темекі бұйымы қорабының, темекі бұйымы қаптамасының ауданы бойынша әрбір үлкен жағының кемінде қырық пайызын алуға;
2) жылтыр орауыш пленкаға немесе қандай да бір сыртқы орауыш материалға басылмауға;
3) сурет (пиктограмма, графика) және жазулар түрiнде орындалуға тиіс.
2014.18.06. № 210-V ҚР Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14. Бөлшек саудада:
1) алкоголь өнімін жиырма бiр жасқа дейiнгi адамдарға;
2) мейрамханаларда, барлар мен дәмханаларда өткізуді қоспағанда, алкоголь өнімін:
сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін;
этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесімен сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда өткізуге тыйым салынады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 15-тармақпен толықтырылды
15-тармаққа өзгерістерді қараңыз - 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңы (жарияланған күнінен кейін жиырма төрт ай өткен соң қолданысқа еңгізіледі)
15. Темекіні әкелуді, өндіруді, сатуды және таратуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайырымдылық көмек көрсетуіне жол беріледі.
160-бап. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы
1. Темір тапшылығы анемиясы - организмге тамақ өнімдері құрамында темірдің жеткіліксіз түсуіне және онда жеткіліксіз қорытылуына, асқазан-ішек жолдарының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың көбеюіне, темірге деген қажеттіліктің артуына байланысты болатын организмнің патологиялық процесі.
2. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында байытылған тамақ өнімдерінің өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге және айналымының басқа да сатыларындағы қозғалысына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) халықтың нысаналы топтарын құрамында темір бар препараттармен профилактикалық қамтамасыз ету;
3) темір тапшылығы анемиясынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
4) ұнды және өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау) қағидаттарымен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен байытылуға (фортификациялануға) жатады.
Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
161-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы
1. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдік тұз өндірісіне, оларды әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілігі;
2) йод тапшылығы ауруларынан зардап шегетін адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткізуі;
3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнімінің зиянды әсерінің салдарынан денсаулығынан айырылған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарымен жүзеге асырылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ас тұзын, жемдік тұзды және міндетті түрде байытылуға жататын басқа да тамақ өнімдерін йодтау Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
7-Бөлім. донорлық және транспланттау
26-тарау. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы
162-бап. Донорлық, қан, оның компоненттерін және препараттарын дайындау
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін донациялау арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы.
2. Донорлық донорды медициналық куәландыру, одан қан алып дайындау, қанның компоненттерін бөлу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қан мен оның компоненттерін дайындау процесі мыналарды қамтиды:
1) қан донациялау - донор тапсыратын қанды біржолғы бөліп алу;
2) плазма донациялау - қан плазмасын плазмаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
Алынатын плазманы иммундық сипаттамаларына қарай былайша ерекшелеп бөледі:
қан препараттары мен диагностикалық реагенттер өндіру үшін пайдаланылатын, белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар изоиммундық плазма;
құрамында табиғи немесе жасанды түрдегі белгілі бір концентрациядағы өзіндік белок құрылымдары (изоиммундық қарсы денелер) бар, ауруларды қоздырғыштардың белгілі бір түрлеріне нысаналы түрде емдік өзара іс-әрекет жасау қасиеті бар иммундық плазма. Иммундық плазма реципиентке құю немесе қан препараттарын өндіру үшін пайдаланылады;
3) жасушалар донациялау - донор қанының жасушаларын цитаферез әдісімен біржолғы бөліп алу.
4. Қанды дайындау және өңдеу процесінде:
1) қан компоненттері - қанның одан жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлініп алынған құрамдас бөліктері;
2) қан препараттары - қан компоненттерін өңдеу кезінде алынған дәрілік заттар алынады.
5. Қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттері мен препараттарын сақтау, құю қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
163-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар
1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.