4) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған жағдайларда, теріс қорытынды шығарады.
Уәкілетті орган осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша уәжді бас тартуды сарапшылық кеңес қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жазбаша нысанда жібереді.
Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы ұсынысқа бас тарту алу мұндай ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
5. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарылғаннан кейін республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың болжамды құрылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құрады немесе айқындайды, оған Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен осындай индустриялық аймақты орналастыру үшін жер учаскесі беріледі.
6. Тиісті жергілікті атқарушы орган республикалық маңызы бар индустриялық аймақты орналастыруға жер учаскесі берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
7. Осы баптың талаптары осы Заңның 24-бабында көзделген тәртіппен республикалық маңызы бар индустриялық аймақты құру жағдайларына қолданылмайды.
29-бап. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Тиісті жергілікті атқарушы орган шешім қабылдаумен қатар өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын әзірлеп, оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
2. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамасында:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) индустриялық аймақтың жобаларын іріктеу өлшемшарттарының тізбесі;
3) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
4) болжамды қаржылық-экономикалық және әлеуметтік салдарлар;
5) индустриялық аймақтың орналасу схемасы;
6) тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы деректер;
7) әрбір құрамдас бөлінісінде іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің есеп-қисаптары мен тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері;
8) индустриялық аймақ пен оның инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасы қамтылуға тиіс.
3. Жергілікті атқарушы органның өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешімінің жобасы қарау үшін міндетті түрде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің Қоғамдық кеңесіне жіберіледі.
4. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру туралы шешім шығарылғаннан кейін өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың болжамды құрылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құрады немесе айқындайды және Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер учаскесін ресімдейді.
5. Тиісті жергілікті атқарушы орган өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыруға жер учаскесі берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
30-бап. Жекеше индустриялық аймақты құру тәртібі
1. Жекеше индустриялық аймақтарды:
1) жекеше индустриялық аймақ мәртебесі берілетін жер учаскелерінің;
2) осы жер учаскелерінде кәсіпкерлік қызметті олардың аумағында жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым объектілерінің меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрады.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері:
1) индустриялық аймақты құру мақсаттары;
2) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;
3) индустриялық аймақтың болжамды орналасу схемасы қамтылатын жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасын міндетті түрде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келіседі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптардан басқа, ерекше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасы:
ерекше индустриялық аймаққа инвестициялар тарту жоспарын, оның ішінде жобаларды іске асыру кезеңдері мен мерзімдерін;
сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарттары негізінде индустриялық аймақтарды құру және дамыту тәжірибесі бар мемлекеттік емес заңды тұлға тартылған жағдайда әлеуетті басқарушы компаниямен ниеттер хаттамасын;
ерекше индустриялық аймақтың тиісті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысуын қамтиды.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тұжырымдаманы тиісті елді мекеннің бас құрылыс салу жоспарына және Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
4. Жекеше индустриялық аймақты құру тұжырымдамасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісілгеннен кейін жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын жүзеге асыруы үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам нысанындағы заңды тұлғаны тіркеуге немесе айқындауға тиіс.
5. Жекеше индустриялық аймақтардың меншік иелері жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы тіркелген кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде бұл туралы бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлайды.
6. Жекеше индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары осы Заңның 27-бабының 8-тармағына сәйкес индустриялық аймақтардың қатысушыларымен қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасуға тиіс.
31-бап. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту тәртібі
1. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты:
1) республикалық маңызы бар индустриялық аймақтар бойынша - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы уәкілетті органға;
2) өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар бойынша - индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуге мүдделі жеке немесе заңды тұлғалар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына енгізеді.
Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар ресімделгеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бірыңғай үйлестіру орталығын жүргізілген өзгерістер туралы хабардар етеді.
2. Жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес оның меншік иесінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жерге құқық белгілейтін құжаттар ресімделгеннен кейін жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі бірыңғай үйлестіру орталығын жүргізілген өзгерістер туралы хабардар етеді.
3. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысқа:
1) ұсынылатын өзгерістердің негіздемелер мен қаржылық-экономикалық есеп-қисаптарды қамтитын тұжырымдамасы;
2) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қоса беріледі.
4. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертудің орындылығы туралы мәселе мұндай ұсыныс енгізілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралады. Осы мерзім өткен соң мұндай ұсыныстың бастамашысына индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қарау нәтижелері туралы қорытынды жіберіледі.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгертуді мақұлдаған жағдайда, жер учаскесін ресімдеу осындай индустриялық аймақтың тұрған жері бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
6. Жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы шешімді оның меншік иесі қабылдайды.
32-бап. Индустриялық аймақтар аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныстарды қабылдамау үшін негіздер
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс:
1) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
2) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
3) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;
4) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған жағдайларда қабылданбауы мүмкін.
2. Жергілікті атқарушы орган жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту кезінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеуден:
1) индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
2) адамдардың өмірі мен денсаулығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері төнген, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған;
3) жекеше индустриялық аймақ мәртебесін қолдану жоспарланатын жер учаскелеріне өтініш бастамашысының меншік құқықтарының болуын растайтын құқық белгілейтін құжаттар болмаған;
4) жекеше индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерткен кезде аумағында жекеше индустриялық аймақ аумағының бір бөлігін орналастыру жоспарланатын жер учаскесі меншік иесінің (жер пайдаланушының) келісімі болмаған жағдайларда бас тартуы мүмкін.
3. Индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамау индустриялық аймақ аумағының шекараларын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.
33-бап. Индустриялық аймақтардың жұмыс істеу шарттары
1. Республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтар мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде кемінде жиырма жыл мерзімге құрылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген индустриялық аймақтың жұмыс істеу мерзімі жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Индустриялық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына индустриялық аймақтың құрылу мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Басқарушы компания республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушыларына осы Заңға сәйкес қызметті жүзеге асыру туралы шарттардың негізінде жер учаскелерін береді.
Бұл ретте жер учаскелерін индустриялық аймақтың қатысушыларына беру үшін оларды бөлуді индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асырады. Мұндай бөлу кезінде таңдау тәсіліне жол берілмейді.
Жекеше индустриялық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жер учаскесіне уақытша пайдалану (жалдау) құқығы жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына жер учаскесінің меншік иесі айқындайтын мерзімге беріледі.
Жер учаскелері жекеше индустриялық аймақтың қатысушыларына олар мен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы арасында жасалатын, индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартында айқындалған мерзімге беріледі.
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттарға сәйкес басқарушы компания жер учаскесінің индустриялық аймақтың қатысушысының жобасын іске асыру үшін көзделген бөлігін осы жобада айқындалған кезеңдерге сәйкес резервке қоюға міндетті. Бұл ретте өзімен көрсетілген шарт жасалған индустриялық аймақтың қатысушысы жобаны кезең-кезеңмен іске асыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайларды қоспағанда, басқарушы компания осылайша резервке қойылған жер учаскелерін мұндай қатысушының келісуінсіз өзге тұлғаларға бере алмайды немесе өзгеше түрде иеліктен шығара алмайды.
4. Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына мүліктік жалдауға (жалға), сенімгерлік басқаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды толықтыру есебіне берілуі мүмкін.
Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы уақытша пайдалануға берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара түрде бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін индустриялық аймақтың қатысушыларына сенімгерлік басқару немесе мүліктік жалдау (жалға беру) шарттарында көзделген талаптармен мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) бере алады.
5. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құрылатын жер учаскелері бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Индустриялық аймақтың қатысушылары өздеріне берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы. Мұндай объектілерді салу индустриялық аймақтың басқарушы компаниясымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жекеше индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға - индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарттарының негізінде, ал басқарушы компания индустриялық аймақтың қатысушыларына индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының негізінде уақытша пайдалануға (жалға) немесе уақытша өтеусіз пайдалануға береді.
Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы ретінде жекеше индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте жер учаскесінің меншік иесімен жекеше индустриялық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.
Сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарттары негізінде индустриялық аймақтарды құру және дамыту тәжірибесі бар мемлекеттік емес заңды тұлға ерекше индустриялық аймақтың жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын жағдайда, мұндай меншік иесі өзін ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы ретінде айқындауға құқылы.
Ерекше индустриялық аймақтың жер учаскесінің меншік иесі ерекше индустриялық аймақ қатысушысының жобасында көзделген барлық объект пайдалануға берілгеннен кейін жер учаскелерін ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына сатуға құқылы.
7. Осы баптың 6-тармағының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған жекеше индустриялық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.
8. Индустриялық аймақтардың аумағында мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде:
1) мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтердің уақтылы және сапалы ұсынылуын;
2) ұсынылатын мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетілуін қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады.
9. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынуды республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың аумағында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өзге де көрсетілетін қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынуды тиісті индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы жүзеге асыруы мүмкін.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы: энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына телекоммуникациялық көрсетілетін қызметтерді ұсыну.
Ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметі сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 33-1-баппен толықтырылды
33-1-бап. Ерекше индустриялық аймақтардың жұмыс істеуі
1. Осы Заңда белгіленгендерден басқа, ерекше индустриялық аймақтың жұмыс істеу шарттары:
1) ерекше индустриялық аймақтың жер учаскесінің меншік иесі өзін ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы ретінде айқындауға құқылы;
2) ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы ерекше индустриялық аймақтың бөлінетін жер учаскесінің меншік иесі болып табылуы мүмкін екенін көздейді.
Бұл ретте ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы өз қалауы бойынша ерекше индустриялық аймақтың жер учаскелерін сату, мүліктік жалдауға (жалға), сенімгерлік басқаруға беру арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды толықтыру есебінен беруі мүмкін.
2. Сатылған жағдайда жер учаскесі ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына оның кепілін және үшінші тұлғаларға қосалқы жалға берілуін шектей отырып, құрылыс объектісі пайдалануға берілгенге дейінгі уақытқа және осы жер учаскесін құрылыс объектісі пайдалануға берілгеннен кейін сатып алудың айрықша құқығымен мүліктік жалдауға (жалға) беріледі.
Бұл ретте ерекше индустриялық аймақтың жер учаскелерін ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына сату қызметті жүзеге асыру туралы шарттың және жер учаскесін сатып алу-сату шартының талаптарына сәйкес сатылатын жер учаскесін артықшылықпен сатып алу құқығы сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
3. Ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы ерекше индустриялық аймақтың қатысушысы ерекше индустриялық аймақтың аумағында жобаны іске асыру мерзімдерін бірнеше рет бұзған жағдайда, қызметті жүзеге асыру туралы шартта және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған талаптарда және тәртіппен ерекше индустриялық аймақ қатысушысының қызметті жүзеге асыру туралы шартын бұзуға құқылы.
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттарға сәйкес басқарушы компания жер учаскесінің ерекше индустриялық аймақ қатысушысының жобасын іске асыру үшін көзделген бір бөлігін осы жобада айқындалған кезеңдерге сәйкес резервке қоюға міндетті. Бұл ретте көрсетілген шарт жасалған ерекше индустриялық аймақ қатысушысының жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жөніндегі міндеттемелерді тиісінше орындамау жағдайларын қоспағанда, осындай қатысушының келісімінсіз басқарушы компания осылайша резервке қойылған жер учаскелерін өзге тұлғаларға бере алмайды немесе өзгеше түрде иеліктен шығара алмайды.
4. Ерекше индустриялық аймақтың меншік иесі ерекше индустриялық аймақтың ішкі инженерлік инфрақұрылым объектілерін (инженерлік коммуникацияларды) қаржыландыруды, салуды, пайдалануды және оларға қызмет көрсетуді дербес қамтамасыз етеді.
5. Ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқарушы компания алған рұқсаттар мен лицензиялар негізінде өзге де функцияларды, оның ішінде энергиямен жабдықтауды, сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына байланыс қызметтерін ұсынуды жүзеге асырады.
6. Басқарушы компания ерекше индустриялық аймақтың аумағында қатысушылардың қызметіне мониторингті жүзеге асырады.
Ерекше индустриялық аймақтың қызметін жүзеге асыру және жұмыс істеу қағидалары мен тәртібін ерекше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы айқындайды және бекітеді және олар ерекше индустриялық аймақтың қатысушылары үшін міндетті болып табылады.
7. Осы Заңда айқындалған құжаттардың үлгілік нысандары ерекше индустриялық аймақтарға қолданылмайды.
8. Ерекше индустриялық аймақтың меншік иесі ерекше индустриялық аймақтың аумағында мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің жұмысын ұйымдастыруды дербес қамтамасыз етеді.
9. Ерекше индустриялық аймақтың аумағында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады:
1) экологиялық талаптарға және еңбек қауіпсіздігі жағдайларына сай келмейтін өндіріс;
2) қару-жарақ пен оқ-дәрілер (патрондар) шығару, қару-жарақ пен оқ-дәрілер (патрондар) саудасы;
3) ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерін шығару, ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздері саудасы;
4) цемент, цемент клинкерін, көмірден, әктен және гипстен жасалған өнімдер өндіру;
5) барлық қалдық түрлерін қайта өңдеу, ыдырату, жағу, газдандыру, химиялық заттармен өңдеу, түпкілікті және (немесе) уақытша сақтау және (немесе) жер астына көму;
6) мұнай өңдеу зауыттарын, атом электр станцияларын, ядролық қондырғыларды, радиациялық көздерді, пайдаланылып болған ядролық отынды, радиоактивті заттар мен қалдықтарды, сондай-ақ өзге де радиоактивті қалдықтарды сақтауға, кәдеге жаратуға және қайта өңдеуге арналған пункттер мен қондырғыларды орналастыру.
10. Ерекше индустриялық аймақтардың аумағында объектілерді жобалау және салу кезінде жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайтын мердігерлер Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес өрт қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға тиіс.
11. Ерекше индустриялық аймақтардың аумағында объектілерді жобалау және салу кезінде жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайтын мердігерлер Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға тиіс. Экологиялық сараптама Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Ерекше индустриялық аймақтың аумағында біреуден артық басқарушы компанияның жұмыс істеуіне жол берілмейді.
34-бап. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру
1. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады, оны жасасу үшін өтініш беруші республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар үшін жобаларды іріктеу қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес өтініш береді.
2. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы тиісті өңірлік үйлестіру кеңесінің индустриялық аймаққа әлеуетті қатысушыларды жіберу жөнінде оң шешімі болған жағдайда, осындай тұлғалармен қызметті жүзеге асыруға арналған шарттар жасасады.
3. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы:
1) қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі өткен немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған кезде;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
4. Индустриялық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған елеулі талаптарды бұзған жағдайда, республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы қызметті жүзеге асыру туралы шартты бұзады. Индустриялық аймақ қатысушысының міндеттемелерді орындамағаны анықталған кезде арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақ қатысушысының қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны туралы актілер жасалады.